Жаңалықтар

"ӘУРЕЛЕҢ" СIЗДIҢ ФИЛЬМIҢIЗ, ҚАЗАҚЫ КӨРЕРМЕН!

ашық дереккөзі

"ӘУРЕЛЕҢ" СIЗДIҢ ФИЛЬМIҢIЗ, ҚАЗАҚЫ КӨРЕРМЕН!

Қазiргi таңда қарапайым халықтың: "Экраннан "Қыз-Жiбек", "Тақиялы перiште", "Менiң атым Қожа" секiлдi фильмдердi iздеймiз" деген мұңы жиi айтылатыны жасырын емес. Бертiнде түсiрiлген "Қыз жылаған" да, елдi жарнамасымен елең еткiзген "Көшпендiлер" де халықтық сұранысқа ие бола қоймады. Оның да себептерi айтылып, жазылып жүр. Алайда, басты сыншы халық: "Қазақфильм" халық үшiн емес, фестиваль, байқау үшiн ғана кино түсiредi" дейдi. Жөн сөз. Қазақтың фильмдерi шетелдiк кино фестивальдерден жүлделi қайтқанымен, бұқара көкейiндегiсiн дөп баса алмай жүрген жайы бар.

Мiне, осы олқылықтың орнын толтыру үшiн жақында "Қазақфильм" киностудиясы жазушы Нұрғали Ораздың әңгiмелерiнiң желiсi негiзiнде "Әурелең" атты лирикалық комедияның түсiру жұмысын аяқтаған болатын. "Әурелеңнiң" тұсаукесер көрсетiлiмi биылғы жылы Астанада өткен 5-шi "Еуразия" кино фестивалiнде байқаудан тыс көрсетiлген-дi. Фильмнiң қоюшы режиссерi Сәбит Құрманбеков бұған дейiн қысқа метражды "Трасса" атты фильмiмен белгiлi. Ол фильм "Шәкен жұлдыздары" фестивлiнде қысқа метражды фильмдер арасында жүлдегерлер қатарынан көрiнген болатын. "Әурелең" бұл оның толық метражды алғашқы фильмi болса да, кәсiби деңгейдегi режиссерлiк еңбектiң жемiсi айқын аңғарылып тұр. Фильм әу бастан-ақ көрермендi өзiне баурап алады. Өйткенi, авторлық баяндау тәсiлi көрермендi экранда бiр қызықтың болатындығына сендiредi. Ол қызық бiз бен сiздiң балалық шағымыз өткен, һәм өтiп жатқан қазақы ауылда өрбидi. Саңлақ актер Нұржұман Ықтымбаев басты рөлдегi кейiпкер – бұрынғы әкiм, бүгiнгi кiтапханашының бейнесiн нанымды сомдайды. Бойында имандылығы, еңбекқорлығы, болашақ ұрпаққа деген қамқорлығы ұштасып, тоғысқан кейiпкер – нағыз қазақтың ел ағасына тән мiнезiмен дараланып, көрерменнiң ыстық ықыласына бөленерi сөзсiз. Сондай-ақ, фильмге қазақтың белгiлi, дарынды әртiстерiнiң көпшiлiгi атсалысқан. Атап айтқанда, Лидия Кәденова, Ғазиза Әбдiнәбиева, Байғали Есенәлиев, Тамара Қосыбаева, Есболған Өтеулинов, Шынар Жанысбекова, Нәзгүл Қарабалина, Ержан Түсiпов секiлдi әртiстер фильмдегi образдар жиынтығын бiр-бiрiне ұқсамастай етiп, ерекшелендiре түскен. Кино сыншысы Бауыржан Нөгербектiң айтуынша, "Әурелең" – нағыз халықтық фильм. Ол фильмнiң болашақта қалың бұқараның ыстық ықыласына бөленетiндiгiне сенiмдi. Фильмдi көргенде бүгiнгi күннiң қат-қабат проблемасын бiр сәтке ұмытып, таза қазақы мiнезiмiзбен, қалжыңымызбен қайта табысасыз. Мұнда қазақ ауылы тұрмыстың тауқыметi үшiн жыламайды, олар бәрiн де кешiрiмшiлдiгiмен, аңғалдығымен жеңе бiледi. Десек те, фильмде ақ пен қараның, жақсы мен жаманның, күнгей мен көлеңкенiң аражiгiн түстеп, түгендеп көрсетпесе де көрерменнiң көкейкөзi шындықты шамалап, бағалап отырады. Бұл фильм авторларының ең басты жетiстiгi. Олар қазақтың күлдiрiп отырып, жылататын, жылатып отырып күлдiретiн, терең ойға қалдыратын халық екенiн сәттi көрсете бiлдi. Фильмнiң "Әурелең" аталатын себебiн де, фильмдi көргесiн бiрден түсiнесiң. Мемлекеттiк теларналарда таяуда көрсетiледi деп жоспарланып отырған фильмдi көрермендер өздерi тамашалап, бағасын бере жатар. Бiр анығы "Әурелең" – таза халықтық фильм. Ол нағыз қазақ ауылын көрсете бiлген сiздiң фильмiңiз, қазақы көрермен! Олай болса, бiздiң де ауыл экранға шығатын күн жеттi.   Жадыра НАРМАХАНОВА