Жаңалықтар

"ЖҰЛДЫЗДЫ АЯЛДАМА" ШАҚЫРАДЫ!

ашық дереккөзі

"ЖҰЛДЫЗДЫ АЯЛДАМА" ШАҚЫРАДЫ!

Рас, қазiр елiмiздiң эстрадалық сахнасында жауыннан кейiнгi саңырауқұлақтай бiр-бiрiне жанрлық және пiшiнi жағынан ұқсас түрлi шоу-концерттер көбейiп кеттi. Әрине, мұндай "қойылымдардың" нағыз қазақы қоңыр дауысқа тұнып тұрған әншi мен тыңдарманын жасандылықпен тамсандырып жүрген әншiсымақтарды ажыратуға септiгiн тигiзетiнi анық. Ол үшiн кез келген ұйымдастырушы өз концертiнде өнер көрсететiн әншiлерге тек қана шынайы дауыспен ән салуына қолқа салу керек шығар. Алайда, бұл жүйеге бiз бүгiн келмесек те, түптiң-түбiнде келетiнiз анық дейдi бiз тiлдескен «ТАРБАҒАТАЙ» продюсерлiк орталығының директоры Берiк Жақашбаев.

Қазақ эстрадасының шоу-бизнесiнде жарнамасы жер жарған концерттер жиi өткiзiлсе де, "Жұлдызды аялдама" концерттiк бағдарламасының орны ерекше. Биыл екiншi мәрте өткiзiлгелi отырған әдемi ән кешi қазан айының 10-шы жұлдызында Алатаудың баурайын думанға бөлемек. Концерттiк бағдарламаны ұйымдастырушы "ТАРБАҒАТАЙ" продюсерлiк орталығының директоры Берiк Қажымұқанұлының айтуынша, биылғы "Жұлдызды аялдамада" ерекшелiк пен тың жаңалық басым. "Әрине, әрбiр iстi бастағанда кемшiлiксiз болмайтыны белгiлi, дегенмен, "Үйрен де жирен" демекшi, бiз өткеннен сабақ ала отырып, аз-кем олқылықтардың орнын толтыруға күш салып жатырмыз" дейдi. Атап айтсақ, бұл жолы ұйымдастырушы топ әуелi концерттiң көрерменге жетуi жағына аса көңiл бөлiп, берiлу пiшiнiн де түрлендiрмекшi. Яғни, концерт халықты анадайдан "менмұндалап" шақырып тұруы үшiн оның қалыптасқан қолтаңбасы (логотипi) да соншалықты тартымды, жүрекке жылы леп себетiндей баурап алуы тиiс. Сол себептен, жаңа қырынан көрiнетiн биылғы "Жұлдызды аялдама" басқа концерттерге қарағанда тыңнан түрен салмақшы.

Ал бағдарламаның шығу тарихына тоқталсақ, мынадай. Берiк Қажымұқанұлы 2004 жылы "Авторадиода" қазақтiлдi әншiлерден сұхбат алатын хабарда бiр жыл бойы жүргiзушi болып жұмыс iстейдi. Кейiннен қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтерудi алдына мақсат етiп қойған Берiк орыстiлдi атпен шығып жүрген бағдарламаны "Жұлдызды аялдама" деп өзгертедi. Мiне, сол кезде ұйымдастырушылық қабiлетi мол Берiктiң ойына бағдарлама аясында қазақтiлдi әншiлердiң басын бiр арнаға тоғыстыратын "Жұлдызды аялдама" концертiн өткiзу идеясы сарт ете қалады. Оның үстiне радиода қазақ тiлiнде тұщымды бағдарламалар мен салиқалы сұхбаттың аздығына күйiнген ол Республика сарайына жұлдыздарды жинап, радиобағдарламадан шыққан концерт ретiнде өткiзуге бел буады. Алайда, Берiк радиодан басқа салаға ауысып кетсе де, бұл ойы еш маза бермей, тыным таптырмады. Сөйтiп, Жастар саясатын дамыту мемлекеттiк қорындағы жiгiттермен кездесiп, әкiмдiктiң қолдауымен алғашқы концерттi өткiзуге тәуекел жасады. "Әрине, бұл концерттен пайда табайын дегенiм жоқ. Керiсiнше, көп қаржы құйылды. Тек ұйымдастырушылық шараларының өзiне қумақты ақша салдық. Себебi, қазiр жарнаманың бағасы қымбат" дейдi Берiк. "Әр концерттiң өзiндiк орны бар. Сондықтан да, халықтың көкейiнде басқаға ұқсамайтындай бiр ерекшелiкпен iз қалдырсақ деген ойымыз да жоқ емес. Жаңалыққа жанықұштар тыңдарман дыбыстың таза шығуына, әншiнiң киiну өнерiне, сахнаның безендiрiлуiне, тiптi, камераға түсiрiлуiне де көп мән бередi. Жасыратыны жоқ, осы жағынан алғанда бiзде көбiнесе стиль жетiспей жатады. Тыңдарманның да көкiрегi ояу, көзi ашық екенiн ескерсек, келешекте әншi мен әншiнiң шапанын киiп жүргендер оңай-ақ екiге бөлiнетiнi анық" дегендi айтады "ТАРБАҒАТАЙ" продюсерлiк орталығының директоры Берiк Жақашбаев.

Концерттiң бiр ерекшелiгi, биыл әнсүйер қауым он шақты қазақ әншiсiмен қатар дәл осындай он шақты орыстiлдi әншiнiң өнерiн тамашалайды. Олар: Тоқтар мен Бейбiт, Нұржан Қалжанов, Асқар Жүнiсбеков, Баян Нұрмышева, "Ұлытау" тобы, Қыдырәлi Болман, Қайрат Нұртас, Марат Имашев, Жеңiс Сейдоллаұлы, Жұбаныш Жексенұлы, "FM", "Томирис", "Табу" "Арнау", Болат Құсайынов, т.б. қатысатын болады. "Мақсат – қазақтiлдi мен орыстiлдi әндердiң тыңдау диапозонын анықтау әрi келешекте халықтың сүйiктi бағдарламасына айналдыру. Өйткенi, алғашқы кезде мұндай концерттiк бағдарлама болған жоқ. Бiр айта кетерлiгi, бұдан кейiн "Жұлдызды кеш", "Келесi аялдама" деген тiркестерден тұратын бағдарламалар көбейiп кеттi" дейдi продюсер.

Ал концертке Өзбекстан эстрадасының жарық жұлдызының бiрi Шахзода бас қонақ ретiнде келiп, республика сахнасында ән шырқамақ. Естерiңiзге сала кетейiк, концерт бағдарламасы аясында билет негiзiнде ұтыс ойындары ойналады деп күтiлуде.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ