Жаңалықтар

ҚИМАС АСЫЛ ДОСЫМ -АЙ...

ашық дереккөзі

ҚИМАС АСЫЛ ДОСЫМ -АЙ...

Түн жарымы ауып қалған кез едi. Үйдегi бала-шағалар жатып, ересектерi жатуға ендi жиналып жатқан-ды. Ал, мен керектi бiр қағазымды таба алмай көне бiр пәпкiлерiмдi қопарыстырып, өз-өзiмнен әбiгерге түсiп отырғам. Кенет телефон безiлдеп қоя бердi. Беймезгiл уақытта телефон шалып тұрған кiм екен, шамасы шұғыл шаруасы болған-ау, деп тұтқаны құлағыма тостым. "Темiрхан, бұл Төлеген ағаң ғой" дейдi. Дауысы бiр түрлi қарлығып, құмығып естiлетiндей. "Қай Төлеген?" "Төлеген Жұмабеков, Сайлаубектiң ағасы". Көңiлiмде ештеңе жоқ мен: "Ассалаумағалейкум, Төке, Қалдарыңыз қалай? Жайшылық па?" деп жатырмын. Төлеген ағаның дауысы қатты қамығып естiлдi: "Жайшылық болмай тұр ғой. Әлгiнде ғана есiттiк, Сайлаубек пен Сәнжарбек авариядан қайтыс болды". "Құдай-ау, не дейдi! Төке-ау, не айтып тұрсыз?!. Қалай?.. Қай жерде?.." Одан әрi не айтып, не қойғанымды бiлмеймiн. Тұла бойым қорғасындай ауырлап, буын-буынымнан әл кетiп, қапелiмде орнымнан тұра алмай, отырдым да қалдым…

… Сонан кейiн Сайлаубектiң үйiне бардық. Қос арысынан айырылған Зибагүл естiген жұрттың төбе құйқасын шымырлатып аңырап отыр. Қанша өзiн өзi ұстайын десе де, Төлеген ағаның көзiнен де ыстық жас ыршып-ыршып кетедi. Барлас, Жалғас, Қайраттарда өң-түс жоқ. Сең соққандай сергелдең қалде. Олардың әрқайсысын бауырыма басып, ұзақ егiлдiм. Олар да бүкiл шерi мен шеменiн ақтарғандай еңкiлдеп жылайды. Келесi күнi үйiнде бiр түнетiп, екеуiн де Жазушылар Одағынан ақтық сапарға шығарып салдық. Жазушылар Одағының алдында өткен қаралы жиынға халық көп жиналды. Ол қаралы жиында маған да сөз берiлдi. Бұл жерде сол сөзiмдi келтiре кеткендi жөн көрiп отырмын. "Қайран, асыл досым Сайлаубек! Сен де, мiне, бәрiмiздi ойда жоқта опындырып, өмiрден озып барасың! Құдай-ау, мына тiрлiкте сен туралы қоштасу сөз айтамын деп ойлаппын ба?! Мұз шайнап, от жалағандай болып тұрмын! Сен екеумiз осыдан 42 жыл бұрын, яғни, 1965 жылы, күздiң осындай бiр сарыала мезгiлiнде танысып-табысып едiк. Содан берi, тiптi, бiр-бiрiмiзден алыста жүрген шақтарда да, жан-жұбымыз ажыраған емес. 42 жыл бойы арамыздан қыл өтпейтiн дос болдық. 42 жыл бойы бiздi жалғастырып тұрған мың тiнiмiздiң бiр тiнi де үзiлмептi. Үзiлмек түгiлi не сетiнеп, не селкеу тартпапты. Тiптi, кейбiр жағдайларға деген көз қарасымыз әртүрлi бола тұра, бiр-бiрiмiздi кiнәраттап, бiр-бiрiмiзге ренжiп көрмеппiз. Аумалы-төкпелi мына заманда жамандық көрсем де, жақсылық көрсем де, алдымен сен жететiн едiң. Алған бетiңнен қайтпайтын бiрбеткей едiң. Ешкiмнiң сыртынан бықсып сөз айтпайтынсың. Айтатыныңды бетiне шыжғырып тұрып айтатынсың. Қаншама аңқылдап, ақтарылып жүрсең де, сыр шашпайтын берiк болатынсың. Сенiң осы мiнезiңе риза болған мен "Құлыптаулы қара сейфiм-ай" дейтiн едiм. Сен өз ғұмырыңда қыруар еңбек бiтiрдiң. Қазақ сынының айбарын асырып, мәртебесiн көтеруге үлкен үлес қостың. Қазақ сынының көкейкестi, ең түйткiлдi, түйiндi мәселелерiне батыл барып, iргелi-iргелi қаламгерлер, аса iрi тұлғалар Тәкен Әлiмқұлов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Әбiш Кекiлбаев, Асқар Сүлейменовтердiң шығармашылығына тұтас кiтаптар, қомақты эсселер, салиқалы сын мақалалар арнадың. Ол еңбектердiң қай-қайсысы да әдебиетiмiздiң айшықты беттерiнде ұзақ өмiр сүретiнiне бiз кәмiл сенiмдiмiз. Қайран, Сайлаубек досым-ай! Сенiң ендi арқа-жарқа боп, аңқылдап-жарқылдап; дүбiлiс, дүбiр тудырып; айналаңды дүйiм бiр жұрт көшiп жатқандай етiп жiберетiн саңқылдаған даусыңның ендi естiлмейтiнi өкiнiштi. Сенiң ендi тiгiлген үйдей боп отыратын мол денеңдi көре алмайтынымыз өкiнiштi. "Әлi айтамын, жазамын" деген қаншама жоспарларың бар едi. Солардың орындалмай қалғаны өкiнiштi. Қайран Сайлаубек! Мен үшiн сенiң мына өмiрдегi орның опырайып, үңiрейiп қалды. Ол орынды ендi ешкiм де толтыра алмайды. Ең өкiнiштiсi, Сайлаубек айналайыным-ау, өзiң жаныңдай жақсы көретiн кенжең, бәрiмiз де болашағынан үлкен үмiт күтетiн Сәнжарбегiң де өзiңмен бiрге о дүниеге кеткенi болып тұр. Олай дейтiнiм, бiздер, оның iшiнде сен де, мен де бармыз, не болғанда да, мына өмiрдiң ащысын да, тұщысын да, қызығын да, шыжығын да азды-көптi көрiп үлгердiк қой. Ал Сәнжарбекжанның он екiде бiр гүлi ашылмаған едi ғой. Көктей солды ғой жас түлек! Қайтесiң, осындай ауыр қаза үстiнде де Алла Тағала пендесiнiң шүкiршiлiк етуiн қалайды. Олай болса, шүкiр, ғұмыр бойы сенiң қасың мен қабағыңа қарап, айтқан сөздерiңнiң бәрiн бұйрық пен жарлықтай қабылдап, бұлжытпай орындаған адал да, асыл жарың Зибагүл, алтын асықтай ұлдарың Барлас, Жалғас, Қайрат пен немерелерiң бiрге тумаса да, саған туған ағаңдай қамқор болған Төлеген ағаң бастаған аға, iнi, қарындастарың қалды. Шүкiр! Әдебиеттен ойып тұрып алған ерек орның қалды. Шүкiр! Жабыққанда жан-жүрегiнiң лебiмен дем берген достарың қалды. Шүкiр! Басқа не айтамыз. Бақұл болыңдар, асыл дос Сайлаубек, қимас перзент Сәнжарбек!" Қаралы жиында менен басқа да Сайлаубектiң ұстаздары,үзеңгiлес достары, жүректерi күйреп-күйзелгендей боп, егiлiп тұрып сөз сөйледi. Сонан кейiн мәңгiлiк мекен Кенсайға апарып, екеуiн Жер-ананың құшағына бердiк. "Жатқан жерлерiң жәннатта болсын" деп топырақ салдық. Әруақтарыңа бағыштап аят оқылды. Егiлiп, езiлiп тұрып, қош айтыстық. Бiрақ сол кезде бiз әлi ол аварияның қалай болғанын бiлмейтiн едiк. Әркiм әртүрлi айтады, әртүрлi қисын келтiредi. Тiптi, мен өзiм алғашқыда Сайлаубектiң аяқ астынан Астанаға жол тартқанын түсiнбей, дал болдым. Өйткенi, бiз бiр күн ғана бұрын жұмыста бiрге болдық. Әншейiнде бiрер сағатқа сұранып немесе айтып кететiн ол Астана жайында бiр ауыз сөз қозғамаған. Сөйтсем, Зибагүлдiң айтуынша, жолға шығу мәселесi шұғыл түрде шешiлiптi. Осында, Алматыда iссапармен жүрген Сәнжарбек қайтар кезi жақындағанда, машина сатып алады. Ал, Сайлаубек баласын ұзақ жолға жалғыз жiбергiсi келмей, онымен бiрге Астанаға дейiн барып, келесi күнi керi қайтпақ болады. Әйтеуiр, не керек, ертеңiне ертелеп жолға шығады. Сонымен… Алматы-Астана трассасының 270-шi шақырымында машина апатқа ұшырайды. Апат қалай болды? Неден болды? Мiне, осы сұрақтарға әлi күнге жауап жоқ. Тағы да машина өзi жүрiп келе жатқан жағына емес, трассаның қарсы бет жағына аударылған. Оған не себеп? Екеуi де аударылған жерде ұзақ уақыт бойы жатып қалған. Құдай-ау, трасса үстi ағылып жатқан машина ғой. Ол машиналардағы адамдардың бәрi де жол жиегiнде жайрап жатқан жандарды, қирап жатқан машинаны сөз жоқ көрдi ғой. Солардың қай-қайсысы да тиiстi орындарға дер кезiнде хабар беруге болады ғой. Әлде, хабар берiлсе де, тиiстi орындар не шабандық, не салғырттық танытты ма? Әлде… Әлде… Әйтеуiр, ойлансаң-ақ самсап шыға келетiн сан сұрақтың түбiне жете алмайсың. Ең сұмдығы, Сәнжарбектiң қалтасындағы ұялы телефоны мен сексен мыңдай теңгесiн әлдекiмдер алып кетiптi. Кiмнiң алғаны белгiсiз. Анық бiлмегеннен кейiн, мынау шығар деп болжам айтудың өзi де күнә. Өлiп жатқан адамды да тонайтын қандай зұлым, қандай қаскөй, қандай қатыгез заманда өмiр сүрiп жатырмыз, Құдай-ау! Осындай сұмдықтарды көре-көре немесе ести-ести кейде мына өмiрден мүлде шығынып, қос қолыңды төбеңе қойып, безiп кеткiң келедi… II 

Сайлаубек пен менi, әлгiнде айтып өткенiмдей, сарыала күздiң тамылжып тұрған бiр күнiнде, маған әрi ағайын, әрi ауылдас болып келетiн Балтакестi Өтебеков деген жiгiт таныстырып едi. Мен ол кезде республикадағы жоғары оқу орындарының қара шаңырағы болып саналатын Абай атындағы педагогикалық институттың екiншi курсында оқып жүргем. Ал, Сайлаубектердiң ҚазМУ-дың бiрiншi курсына ендi түскен беттерi. Ол кезде бәрiмiздiң де сымға тартқандай талдырмаш, тарамыс кезiмiз.

Сайлаубек екеумiз танысқан бойда табысып кеттiк деуге болады. Бiрден-ақ ежелгi сыралғы достай емен-жарқын әңгiме-дүкен құрып, өзiмiз де, сөзiмiз де жарасқандай боп, ешқандай тосырқамай да, бiр-бiрiмiзге тосын мiнез көрсетпей де, тiзе қосып, қатар жүрiп кеттiк. Ә, дегеннен бiр-бiрiмiздi жақын тартып, бiр-бiрiмiзге құлай жығылғанымыз сонша, ендi ол маған жерлес десе жерлес, ағайын десе ағайын, Балтакестiден де жиi келетiн болды. Мен де жиi-жиi iздеп барамын. Сол кездесулерде әңгiмемiз махаббат, қыз-қырқыннан гөрi, әдебиетке көбiрек ойысып кете беретiн. О бастан-ақ қазақ әдебиетiн жақсы оқып-бiлiп келген ол, көп ұзамай, орыс, шетел әдебиетi туралы да жиi-жиi айтатын болды. Әсiресе, оған бұл тұста жақын нағашы боп келетiн Асқар Сүлейменовтiң әсер-ықпалы көп тидi деуге болады. Ол кезде Асқар Сүлейменовтiң есiмi зиялы қауым арасында, әсiресе, жастар арасында үлкен құрметпен аталатын. Оның бiлiмпаздығы, шешендiгi, қайтпас қайсарлығы ауыздан ауызға аңыз болып тарайтын. Әлi есiмде, Сайлаубек екеуiмiз 1966 жылы Қазақстан жазушыларының кезектi құрылтайына қатыстық. Әрине, оған бiз сияқтыларды кiргiзе салмайды. Өйткенi, Жазушылар одағының мүшесi емеспiз. Мен Жұмекен ағадан, ал, ол Асқар ағасынан бiр-бiр шақыру қағазын қолға түсiргенбiз. Сонымен кiрдiк. Құрылтай жүрiп жатыр. Төрде Мәскеуден, Одақтас республикалардан келген атақтары жер жаратын небiр жақсылар мен жайсаңдар отыр. Жазушылардың бiрiнен соң бiрi шығып сөйлеуде. Байқаймыз, көбiсi бiрiн бiрi қайталайды. Алдымен, коммунистiк партияның көрегендiгi мен кемеңгерлiгiн мақтайды. Социалистiк реализмдi әспеттейдi. Буржуазиялық қоғамды түкке алғысыз етiп, буржуазиялық реализмнiң итсiлiкпесiн шығарады. Социализмнiң мәртебесi мен мерейiн асыратын жарқын шығармалар беру керектiгiн айтады. Жаттанды. Әуелде желпiнiп кiрген Сайлаубек екеуiмiз әрi-берiден кейiн жалыға бастадық. Бiр кезде сөз Асқар Сүлейменовке берiлдi. Мен Асқар ағамыздың терең бiлiмдi, аузымен құс тiстеген жүйрiк шешен екенiн сонда көрдiм. Ол ондаған жылдар бойы сананы сартап, талғамды таптаурын етiп келген, қатып-семiп қалған сiрескен схемалар мен қасаң стандарттардың быт-шытын шығарып сөйледi. Ол мiнбеден түскеннен кейiн, жиналысты жүргiзiп отырған төраға оған қатқыл дауыспен зекiгендей болып, ескерту жасады. Асекеңнiң таймас қайсар мiнездi адам екенiн сонда көрдiк. Жөнсiз жасалынған ескертуге қарсылық ретiнде Асекең және Әбiш Кекiлбаев, Алтыншаш Жағанова үшеуi құрылтайды тастап шығып кеттi. Сол күнi Сайлаубектiң нағашысы үшiн мақтанғанын көрсеңiз. Шынында да, ол мақтанса мақтанатындай-ақ оқиға едi. Мiне, сол Асекең Сайлаубектi көп баулыды. Ол тәрбиенiң ықпал-әсерi, Сайлаубек арқылы маған да тиiп жатты. Асекеңнiң айтуымен ол мынадай-мынадай жазушылардың мынадай-мынадай шығармаларын оқып жатырмын дейдi. Жалпы менiң бойымда, ол қаншалықты жақсы, қаншалықты жаман, оны бiлмеймiн, бiреуден қалмайын деген ұмтылушылық, бүгiнгi тiлмен айтқанда, бәсекелестiк қабiлет қатты дамыған. Содан ба, мен де Сайлаубектен қалмайын деп дәл iргемiздегi Пушкин кiтапханасына жиi-жиi барып, кiтап дүкендерiн жиi-жиi аралайтын болдым. Жалпы мен өз өмiрiмде, бағыма орай, көп оқитын, көп iзденетiн адамдарға жақын жүрдiм. Бұл тұрғыда маған Жұмекең, Әбiш ағаларымның, кейiнiрек Сайымжан ағамның ықпалдары көп тидi. Олардың қай-қайсысы да бiлiмдерi ауқымды азаматтар болды. Бұл қатарға мен Сайлаубектi де қосар едiм. Сайлаубек, сөз жоқ, Асқар Сүлейменов ағасына көп елiктедi, тек елiктеп қана қоймай, одан бойына көп қасиеттердi сiңiре де бiлдi. Ең алдымен, оның Асекеңнен алғаны, қай нәрсеге де, белгiлi бiр шығармаға болсын, айналада болып жатқан құбылыстарға болсын, адамдар арасындағы қарым-қатынастарға болсын, жұрттың айтуымен жығыла кетпей, өз көзқарасы болу керектiгiн қалыптастырды дер едiм. Алғашқы жылдары, басқаны былай қойғанда, оның күнделiктi өмiр сүру жүйесiнен де, тiптi, сөйлеу мәнерiнен де Асқар Сүлейменовтiң әдетi мен салты көрiнiп тұрушы едi. Мәселен, ол да күйлердiң пластинкаларын жинап, соларды ұзақ уақыт бойы тыңдап отыратын.Шахматты да жақсы меңгерiп алды. Небiр күрделi дебюттердi жатқа бiлетiн. Әрине, о бастағы бұл балаң елiктеулер, жалаң елiктеу ғана болып қалған жоқ. Олардың бәрi Сайлаубек бойына терең тамыр салып, бара-бара оның да әдетi мен салтына айналып, оны бұрынғыдан да байыта түстi деп ойлаймын. Жанында жүрген адамның жан- дүниесiнiң бай болуы, дүние-танымының кең болуы, бiле бiлсең, ол да бiр Алла тағаланың басыңа берген бағы ғой. Кезiнде мектептi күмiс медальмен үздiк бiтiрген Сайлаубек университеттi де жақсы тәмамдады. Жақсы тәмамдап қана қоймай, аспирантурасына түстi. Қорғайтын тақырыбын да бекiтiп алды. Бiрақ ол бiр күнi нiлдей бұзылды да, ғылыми жұмыспен айналысқысы келмейтiнiн айтып, аспирантураны тастады да кеттi. Сонан кейiн, ол таза сыншылық жолға түстi. Әрине, сыншы болу үшiн талант-таралғы, қабiлет-қарыммен бiрге, жан-жақты үлкен бiлiм керектiгi бесенеден белгiлi болса керек. Ғалым деген, не болғанда да, көбiне-көп белгiлi бiр тақырып аясында ғана қалып қояды. Оны бiз бүгiнгi таңда да жиi көрiп жүрмiз. Әсiлi, Сайлаубек осыны ерте түсiнген болу керек. Оның бастамай жатып, ғылыммен тез қоштасуына осы жағдай себеп болды ма деп ойлаймын. Оның үстiне, Сайлаубек те, бәрiмiз сияқты тұрмыс тапшылығын көрудей-ақ көрдi. Пәтерден соң пәтер жалдап, әлдекiмдерге тәуелдi болып, күркешiктерде де отырды. Бiрақ, Құдай оңдап, күндердiң күнiнде ол қазiргi әкiмдiк тұрған жердiң маңынан туған туыстарының көмегiмен, құрқылтайдың ұясындай ғана жер үй сатып алды. Үш-төрт адам зорға сиятын тап-тар үй. Бiрақ өз үйi! Дүниеге балалар да келе бастады. Ал оларды аспиранттың стипендиясымен асырай алмайсың ғой. Оларды тек қызмет iстеп жүрiп қана дұрыс жетiлдiруiң мүмкiн. Мiне, бұл тұрмыстық фактор да Сайлаубектiң ғылымнан қол үзуiне себепкер болса керек. Сөздiң ретi келiп тұрғанда айта кетейiн, Сайлаубек пен Зибагүл екеуi төрт ұл сүйдi. Екеуi де бала тәрбиесiне аса мұқият, аса тыңғылықты қарады. Екеуi де оларға талап қойғыш болып шықты. Балаларының жүрiп-тұруын, қандай кiтап оқу керек, қай уақытта сабақ оқу керек, әйтеуiр, бәрiн-бәрiн белгiлеп, солардың орындалуын қатаң қадағалайтын. Ал бұлар¬дың бәрi адамнан қаншама күш-қуатты, қаншама қайрат-жiгердi қажет ететiнi кiм-кiмге де белгiлi болса керек. Сайлаубек пен Зибагүл бойынан сол ерiк-жiгер мен қайрат-қуат табыла бiлдi. Олар сол төккен тер мен берген қуаттың жемiсiн де көрдi. Барлық баласы мектептi алтын, күмiс медальдармен бiтiрiп, жоғары оқу орындарына еш қиналмастан өз күштерiмен түсiп кеттi. Сайлаубек оларды оқуға түсiру үшiн адам да iздеген жоқ, ол адамға беретiн қаржы да iздеген жоқ. Балалары оқуға түскенде, жууға ғана шығынданғаны болмаса, басқаға басын ауыртпады, жүгiрiп табанын тоздырмады. Қазiр ол балаларының бәрi сан салада қызмет iстеп жүр. Сайлаубекке құдай Зибагүлдей асыл жар бердi. Зибагүл Сайлаубектiң де қасы мен қабағына қарап, келiмдi-кетiмдi қонақтарға да қызметiн көрсетiп, төрт баланың да жағдайын жасап, оның үстiне, өзi де ғұмыр бойы жұмыс iстеп, бiр тыным таппайтын. Бұл үймен қанашама қарым-қатынаста жүрген бiз Зибагүлдiң бiр рет не ренжiп, не қабақ шытып, тымырайып отырғанын көрмеппiз. Ол – Сайлаубектiң шын мәнiндегi жан жары, Құдай қосқан қосағы болды! "Достың достығы басына iс түскенде бiлiнедi" деген тап рас. Ол кезде Сайлаубектiң қай жерде жұмыс iстеп жүргенi дәл қазiр есiмде жоқ, әйтеуiр мен қазақ телевидениесiнде жүргем. Бiр күнi әкең қатаң жатыр дегеннен кейiн буынып-түйiнiп, әйел бала-шағаларыммен ауылға кеттiм. Анам бiр жыл бұрын қайтыс болып кеткен. Төсек тартып жатып қалған әкеме қарайтын жан жоқ. Содан әкемдi төрт ай күтiп, ақтық сапарға шығарып сап, Алматыға қайта келсем, менi жұмысқа кешiктi деп қызметiмнен босатып жiберiптi. Бұл өмiрдiң әкең өлiп қалса да қайырылып қарамайтын қайырымсыз қаталдығын сонда алғаш бiлдiм! Содан далада қалдым. Вокзалға барып жүк түсiрдiм, ет комбинатының тоңазытқыш цехында жүкшi болдым. "Малая станица" деген мекенде ақ амур дейтiн балық өсiретiн көлшiктер бар екен, сонда жұмысшы болдым. Қолым қалт еткенде, редакция¬ларды аралап, жұмыс iздеймiн. Бәрiн дерлiк әлденеше рет адақтап шықтым деуге болады. Бiрақ бiрде бiреуi табалдырығынан аттатпақ түгiлi, маңынан жүргiзбейдi. Мiне, осындай моральдық жағынан күйзелтiп, тұрмыстық жағынан жаншып жiберетiн қиындықта жүрген кезiмде менiмен бiрер адам ғана қатысты. Менi бiрер адам ғана iздедi. Соның бiрi, тiптi, бiрегейi – Сайлаубек айналайын болды. Қай жерге көшiп кетсем де, қай жерде қолымды күс, иығымды жара етiп, қан сорпам шығып, жұмыс iстеп жүрсем де, әйтеуiр, ол менi тауып алатын. Әңгiмесiн айтатын, қабаржып жүрген көңiлiмдi көтеретiн, әдебиетте болып жатқан қылт еткен жаңалықты жеткiзетiн, кейде ол кезде Зибагүлдiң елiнен келiп тұратын майы сорғалаған қайаз деген балықты қағазға орап алып кеп, сыраханаға алып кететiн. Әйтеуiр, Сайлаубек сол бiр жаным жүдеу тартып, шаршап жүрген жылдары қасымнан табылды. Күндердiң күнiнде бiрде бiр редакция менi табалдырығынан аттатпай қойғаннан кейiн, бала-шағамды шұбыртып, Маңғыстау қайдасың деп тартып отырдым. Ол кезде Маңғыстаудың атағы жер жарып, дүниенi дүңкiлдетiп тұрған кезi. Тек барсаң болды, ақшаны күреп тауып, қапшыққа сала беретiндей сөздер айтылады. Жаспын ғой, сол сөздерге қатты елiккен болуым керек. Әбден тұрмыс қажытып, дiңкелеп жүрген адам ондай сөздерге елiкпей қайтсiн! Жиған-терген аз-мұз кiтабымды Сайлаубек пен Дүйсенбектiң үйiне теңдей бөлiп, аманат етiп қалдырдым да, жолға шықтым. Иiнi келiп тұрғанда, айта кетейiн, менi Маңғыстауға ешқандай да романтика емес, тұрмыс айдап барды. Сол кеткеннен мен ол жақта 25 жыл жүрдiм… Бұл жерде де менiң айтайын дегенiм, алыста қиян шет, қиыр өлкеде жүрсем де, айналайын Сайлаубек тағы да жанымнан табылды. Яғни, үздiксiз хабарласып тұрды. Бiрде бiр хабарын үзген жоқ. Бiршама уақыттан кейiн, ол "Қазақ әдебиетi" газетiне ауысты да, менiмен хабарласуын бұрынғысынан да үдетiп жiбердi. Сөйтiп жүргенде, күндердiң бiр күнiнде аса бiр құрмет тұтып, сыйлайтын ақын ағам менiң шығармашылығым туралы "Қазақ әдебиетiнiң" бетiнде қатал мақала жариялады. Әрине, ол мақаланың, бiлген адамға, пайдалы, құлақ қояр жақтары аз емес. Бiрақ ол мақаладағы құрылған жүйе, яғни, менiң кемшiлiгiмдi тым қазбалап, жерге тыққандай етiп тұқыртып сөйлегенi жаныма қатты батты. Мен ол мақала шыққанға дейiн көлемдi сын мақала түгiлi, рицензия жазып көрмеген екем. Амал жоқ, өз позициямды қорғауым керек болды. Сайлаубекке хабарластым. Ол "жазам десең өзiң бiл, Шер-ағаңа (Шерхан ағамыз бас редактор) ұсынып көрейiн" дедi. Қарсы мақаламды жаздым да жiбердiм. Әдеби сындағы тұңғыш мақалам болса да, жаман шықпаған сияқты. Көп ұзамай, ол мақала жарқ ете қалсын. Сол мақаладан кейiн-ақ өлеңмен бiрге сын жанрын да қатар алып жүретiн болдым. Сын мақалалар кiтабым жарық та көрiп үлгердi. Бүгiнде ойлаймын, егер, сол тұста Сайлаубек "Қазақ әдебиетiнде" жұмыс iстеп жүрмегенде, ол мақала жарық көрер ме едi, көрмес пе едi деп. Ал, ол мақала жарық көрмесе, менiң одан әрi қарай сын жанрына бара қоюым екiталай едi. Яғни, менiң сынға баруыма, әдебиеттiң қыры мен сырына одан сайын қанығып, оның проблемаларын талқылауға қатысуыма Сайлаубек бiрден бiр ықпал еттi деп ойлаймын. Сайлаубектiң сыншы болып әбден қалыптасқан кезi де, жұртқа кеңiнен танылған тұсы да сол "Қазақ әдебиетi" газетiнде жұмыс iстеп жүрген жылдары деп бiлемiн. Ол жылдар – "Қазақ әдебиетi" газетiнiң де сын жанрының өркендеуiне айрықша көңiл бөлген жылдар едi. Әрине, ең алдымен, басшыға байланысты ғой. Дәлiрек айтсақ, қай жерде редактор болса да, сол жердiң бағын ашатын Шер-ағаңның iскерлiгiнiң арқасы. Солай бола тұра, сол газет бетiнде қазақ сынының беделi мен мерейiн көтеруде бел буып, бiлек сыбанып жұмыс iстеген Сайлаубектiң де еңбегiн жоққа шығаруға болмайды. Сол жылдары "Қазақ әдебиетi" газетiнiң бетiнде, әсiресе, қазақ сынының маңдайы жарқырап ашылуына Сайлаубектiң де еңбегi зор деп бiлемiн. Жаныңды түсiнетiн, не нәрсенi де айтқызбай-ақ қасы-қабағыңнан ұғатын жақын доспен бiрге жұмыс iстеген қандай жақсы! Жұмыста не болмайды. Бiрде күн шыққандай қуансаң, ендi бiрде бұлт басқандай ренжисiң. Ондайда жақын досың қуанышыңмен де, ренiшiңмен де бөлiсiп отырады. Бiр-бiрiңдi жебейсiң, бiр-бiрiңе демеу боласың. Несiн айтасың, бiз бұрынғыдан да жақындаса түстiк. Бәрiмiз жақсы бiлемiз, 2002 жылы Қазақстан жазушыларының кезектi құрылтайы болды. Жазушылар одағының бiрiншi хатшылығына бiраз жұрт қолдау көрсетемiз дегеннен кейiн, мен де кандидатурамды ұсындым. Өтпей қалдым. Несiн жасырам, құлап қалған оңай ма, күйреп, күйзелiп кетпесем де, жанымның жабырқап қалғаны рас. Сегiз ай, сегiз күн жұмыссыз үйде жаттым. "Жұмыссыз ұзақ жатып қалдың ғой" дегендерге, "Құлағанда да қатты құлаған екенмiн, жамбасымды әлi алалмай жатырмын" деп әзiлдейтiнмiн. Кейiннен "Ақиқат" журналына бас редактор болып тағайындалдым. Көп ұзамай, неге екенi белгiсiз, Сайлаубек те Жазушылар Одағынан кетiп, "Қазақ әдебиетiнде" жұмыс iстеп жүрген. Бiр күнi ол: "Темке, бұрынғыдай емес, мына жер маған, жас келiп қалғаннан кейiн бе, ауырлау болып жүр, егер, мүмкiндiк болып жатса, сен жаққа ойыссам қайтедi" дедi. Көп ұзамай, күтпеген жерден бiр орынның да орайы келе қалғаны. Әрине, бұл әңгiменiң бәрiн тәптiштеп айтып отырған себебiм, негiзгi айтылар сөзiмiз жұртқа неғұрлым түсiнiктi болсын деген ниеттен туып отыр. Менiң туған күнiме, жыл сайын, бала-шағамнан басқа, тек Сайлаубек пен Зибагүл ғана келетiн. Алматыға көшiп келгелi, олардың келмей қалған кезi болған емес. Сол дәстүрмен екеуi әдеттегiдей гүлдерiн құшақтап келе қалды. Дастарқан басына жайғастық. Өткен-кеткендi айтып, әңгiме-дүкен құрдық. Несiн жасырам, ащы судан да алып қойып отырмыз. Бой қызды, ой кеңiдi, тiл шешiлдi. Бiр кезде неге екенiн бiлмеймiн, Сайлаубекке төтесiнен: "Сен осы өткен сайлауда кiмге дауыс бердiң, маған ба, әлде Нұрланға ма?" дегенiм. Сайлаубек ешқандай мүдiрместен: "Нұрланға дауыс бердiм" дедi. Сайлаубек өзiн де, өзгенi де алдау дегендi бiлмейтiн. Досты алдау, қанша ауыр болса да, ол үшiн күнә болып саналатын. Әрине, шындығын айтты. Мен ренжiп қалдым. Пендешiлiкпен артықтау сөздер де айтып жiберген болуым керек. Ол сөздерiм Сайлаубектiң көңiлiне тидi ме, тимедi ме, бiлмеймiн, өйткенi, ол ештеңе дей қойған жоқ, тек Зибагүлдiң қабағын шытып отырып қалғаны есiмде. Ертеңiне екеумiз де жұмысқа бардық, бiрақ арамызда түк болмағандай, кешегi әңгiменi қайта қозғап, бықсытқан жоқпыз. Бiраз уақыт өткеннен кейiн, тiлiмнiң тағы да қыши қойғаны бар емес пе: "Сайлаубек, байқаймын, осы Нұрлан екеуiңнiң араларың салқын тартып қалғандай. Не боп қалып едi?" дедiм. Ол: "Ештеңе де болған жоқ. Оның тек менi маған емес, сiзге дауыс бердi деп, iштей өкпелеп, күдiктенiп жүруi мүмкiн. Ал, мен кiмге дауыс бергенiмдi өткен жолы өзiңiзге айтқам. Құдайды да, өзiмдi де, өзгенi де алдай алмаймын ғой. Шыным сол. Басқаша, Нұрланмен сөзге келген емеспiз" дедi. Мен бұл әңгiменi бүге-шiгесiне дейiн қалдырмай айтып отырған себебiм, Нұрлан мен туралы не десе о десiн, о дүниелiк болып кеткен адамның соңынан пендешiлiк жасап, ғайбат сөз айтпасын деп айтып отырмын… Мен ендi бұл жерде Сайлаубектiң адами тiршiлiктегi бiрер ерекшелiктерi туралы да айта кеткендi де жөн көрiп отырмын. Сайлаубек, әдетте, сырт көзге салдыр-салақтау болып көрiнгенмен, жұмысқа келгенде, аса мұқият едi. Бiр iсiнен де шашау таппайтынсың. Бәрi орын орнында хатталып, қатарласып тұра қалатын. Мен оның бiр де бiр рет қойын қалтасына телефон-блакнот салып жүргенiн көрген емеспiн. Жады өте берiк едi. Бейне бiр анықтама бюросы сияқты едi. Қаншама автобустардың нөмiрлерi мен маршрутын сұрасам болды, жатқа айтатын. Бұдан үш-төрт жыл бұрын, бiрер рет қана телефон шалған адамның телефон нөмiрiн ойланбастан айтып беретiн. Шетелдiң болсын, өзiмiздiң болсын, жазушылар шығармаларындағы өзiне ұнаған абзацтарды түйдек-түйдегiмен соғатын. Бiрақ ол қабiлетiн көрсетiп, бiлгiшсiнiп көзге түсе бермейiн дейтiн болуы керек, кез келген жерге килiктiре бермейтiн. Орайы мен оңтайы келгенде ғана айтатын. Бұл жерде тағы да айтпауға болмайтын нәрсе, Сайлаубектiң кiтапханасы дер едiм. Сайлаубектiң кiтапханасы — мен бiлетiн кiтапханалардың iшiндегi бай кiтапханалардың бiрi. Тағы да бiр тектi емес, әр тектi: музыка, өнер, философия, архитектура, тарих, әдебиет боса-болмасын, әйтеуiр, бәрi қамтылған. Сайлаубектiң дүниетанымының кеңдiгi содан болса керек. Ол ғұмыр бойы кiтап жинап өттi. Кiтапханасын кез келген адамға көрсетпек түгiлi, табалдырығынан аттатпайтын. Тiптi, балаларының өзiне рұқсатты сирек беретiн. Ал, бiрақ маған келгенде, кең жайлау едi. Маңғыстаудан келген сайын, кiтапханасында жататынмын. Көңiлi жақын бiреулер керек кiтабын таба алмай, ақырында Сайлаубекке кеп: "Сенде ол кiтап бар ғой, шамалы уақытқа бере тұршы, қарап шыққан бойда керi қайтарып берем", — деп қиылып сұрап қоймаса, кiтапты берсе де, қолхат жаздырып алып қана беретiн. Бiрде оның осы мiнезiн айтып күлiп отырғанбыз. "Ойбай, Темке-ау, несiне күлесiз, ондай қолхатты сiз де жазғансыз" дегенi. "Қой, Сайлаубек, мен сенен ешқандай кiтап алған емеспiн" дедiм. "Бұдан жиырма бес жыл бұрын француз ақыны Аполлинердi алғансыз, қолхатыңыз үйде тұр, сенбесеңiз ертең әкеп көрсетейiн" дедi. Ертеңiне әбден сарғайып кеткен бiр қағазды әкеп тұр. "Мiне, қолхатыңыз". Бүктеуiн жазып ашып қарасам, шынында да, менiң қолхатым. "Түу, саған дауа жоқ екен" дедiм… Сайлаубек туралы айта берсем, сөз көп. Құбылып тұрған бұл өмiрде қуансам да, ренжiсем де алдымен көз алдыма Сайлаубек келедi. Ондайда сырлас та мұңдас досымды аңсап, жападан жалғыз қалғандай боп, iштей мүжiлiп, iштей егiлiп, үн-түнсiз отырып қалам. Қимас асыл досым-ай, орның бөлек екен ғой.   Темiрхан МЕДЕТБЕК