АҒАЛАРДЫҢ АЛАҚАНЫ
АҒАЛАРДЫҢ АЛАҚАНЫ
Көрнектi ғалым Рахымжан Елешұлы Елешевтiң аты-жөнi кешегi Одақ деген алып елден тысқары мемлекеттерге де танымал. Ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының, Ресей Ауылшаруашылығы ғылымдары академиясының, Халықаралық Аграрлық бiлiмдер академиясының академигi, Д. Н. Прянишников атындағы КСРО Мемлекеттiк сыйлығының және А. И. Бараев атындағы ҚР Мемлекеттiк сыйлығының иегерi, "ҚР ғылымға еңбек сiңiрген қайраткер" құрметтi атақтарын алған Р. Е. Елешев Агробиология және экология ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақ Ұлттық аграрлық университетi Агрохимия және топырақтану кафедрасының меңгерушiсi болып қызмет етедi. Ұзақ жылдар бойғы ғылым мен бiлiмге сiңiрген еңбегi үшiн өңiрiне "Құрмет" орденiн, әлденеше медаль таққан үлкен абырой иесi – ғалым ағаның сона-а-ау балалық шақтан басталатын әңгiмесiн ынты-шынтыммен құлақ қойып тыңдап отырмын.
* * *
Бастауыш мектептi қазақша бiтiрген Рахаң одан ары қарай оқуын орысша жалғастырыпты. Әрине, қатты қиналған. Өйткенi, алыс шалғайда, ауа райын бақылайтын бiр үйден басқа орысы жоқ жерде өскен жасөспiрiмнiң жағдайы белгiлi. Бiрақ, қалай дегенде де, бiлемiн деген кiм-кiм де – бiледi, үйренемiн деген – үйренедi. Келе-келе Рахымжан алымдылығының, алғырлығы мен өршiл мiнезiнiң арқасында өзiмен бiр сыныптағы мықтылардың бәрiн қуып жеттi.
– Бұл ең әуелi өзiмдi бiлiмге баулыған ұстаздарымның еңбегi, – дейдi. – Ә дегенде Дүйсенғали Сейiтов деген өте бiр ғажап жан оқытты. Жай ғана жақсы ұстаз емес, өңiрiнде "Ленин" орденi бар әйгiлi ұстаз едi. Бүкiл қазақ жақсы бiлетiн майдангер ақын, ғалым Сағынғали Сейiтовтың әкесi.
Алтын ұядан аттанар жылдың көктемiнде аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Мұхамедқали Ғайсин кабинетiне шақыртты. Сөйтсе, Москвадан оқуға бiр бала сұратқан хат келiптi. Оқу болғанда қандай! Екiнiң бiрi бара бермейтiн, барса түсе алмайтын Халық¬аралық қатынастар институты. "Оны бiтiрсең, шет елдерде жұмыс iстейсiң, елшi боласың" – дедi ұстаздары. "Айна¬лайын, осыған өзiңдi жiберудi ұйғардық. Барады ғой деп аудандық атқару комитетiнiң арнайы шешiмiн шығартып та қойдық" – дедi бiрiншi хатшы.
– Барамын! – дедiм кiдiрместен. – Бiрақ, үлкендер айтатындай, маңдайдағы тағдырдың жазуы басқа екен, бара алмадым…
Иә, "неге?" дейсiз ғой, құрметтi оқырман. Ендеше оның да сырын баяндай өтейiк. Мұхит мектебiнiң бетке ұстары болған Рахымжанды мектеп бiтiрер кезде Алтын медальға ұсынған. Сол үшiн ерекше сын саналатын математика, орыс тiлi пәндерiнен тапсырған жазба жұмыстарын облыс орталығына жiбередi екен. Арнайы комиссия қарауынан өтiп, лайық деп тапса ғана Алтын медаль берiледi. Жауап әнi келедi, мiне келедi деп жүргенде уақыт сынаптай сырғып өте бередi. Күте-күте төзiмi таусылған ол шiлденiң 21-i күнi талқаны мен құртын, азын-аулақ киiмiн сандықшаға салып алып жолға шығады. Оралмен екi аралық 250 шақырымдай жер. Шаршап-шалдығып жеткенiнен не пайда, облыстық оқу бөлiмiндегiлер: "Шырағым, сенiң жұмысыңа рецензия әлi келген жоқ" – дейдi. Өстiп жүргенде шiлденiң 24-i болады. Барса, кешегi кiсiлер: "Айналайын, сенiң жұмысыңды пединституттың бiр мұғалiмi алған едi", – дейдi.
Не керек, әлгi кiсi алған да, бiр қиын жағдай болды ма, кiм бiлсiн, тартпасына салып кетiп қалған. Осыны естiгенде көзiнен жас ақты. Оны көрiп аяп кеткен шығар, облыстық оқу бөлiмiндегiлер зыр жүгiрiп, жұмысты басқа бiр мұғалiмге қайта тапсырып "өте жақсы" деген баға алды. Алтын медаль қолға тидi, бiрақ, кеш едi. Мәскеу шiлденiң жиырмасына дейiн ғана құжаттар қабылдайды деп бәрiн шектеп қойған, ендi барудың жөнi жоқ едi.
Не iстеу керек? Шынын айтқанда, Оралда қалуға көңiлi соқпады. Өрекпiген көңiлi Алматыға қарай тартты да тұрды. Вокзалға барды. Жүргiншi өте көп, поезға билет жоқ. Қой, не болса да iлiгейiн деп ана жолсерiкке бiр, мына вагонына бiр жүгiрiп, жалынып жүрiп, мiндi-ау! Терлеп-тепшiп, ысынап-пысынап 30-ы күнi, әйтеуiр жеттi.
Алатаудың баурайындағы арман қалаға келуiн келдi. Ендi қай оқуға барады? Осы кезде ойына Тау-кен институтында оқитын жерлес жiгiт оралды. Қысқы каникулға келгенде көрген, киiмi ұнаған. Оның үстiне берiлетiн стипендиясы да басқа жоғары оқу орындарына қарағанда көп екен. Алтын медальмен барғандарды ешқандай сынақсыз қабылдайтынын бiледi. Бiрден сонда тартты. Жұрттың соңы боп құжаттарын өткiзiп, жатақханадан да орын алды.
Сөйтiп, келесi күнi мезгiлiнен бұрын студент атанған жиырма қыз-жiгiтпен бiрге институттың жөндеу жұмысына шықты. Тамыздың 2-сi күнi:
– Елешев, сенi декан шақырып жатыр, – дедi әдемiше келген бiр қыз. Ол бiрден жетiп барды. Күнi кеше ғана күлiп жүрген кiсiнiң түрi сұсты.
– Қарағым, сенiң құжаттарың дұрыс емес екен. Алған анықтамаң жарамайды, – дейдi ай маңдайынан бiр қойғандай болып.
– Ағай, неге жарамайды? Мен оны аудандық емханадағы дәрiгерлердiң тексеруiнен өтiп алдым ғой! – дедi даусы жарықшақтана шығып.
– Айналайын, комиссия жарамайды дедi, ендеше жарамайды! – дедi декан да айтар сөзiн шегелеп. – Бар, құжаттарыңды ал…
"Құжаттарыңды ал" десе, ала салатын ол ма?! Жоқ, ол оған көнбейдi. Өйткенi, жүрегi ақ ағалары мен апайлары: "Өтiрiк айтпа, шыншыл бол, ақиқат үшiн күресе бiл!" деп үйреткен. Шыр-шыр етiп анда барды, мында барды… Бос әурешiлiк. "Бiздiң ауданның дәрiгерлерiне сенбесеңiздер, онда өздерiңiздiң медкомиссиядан-ақ өтейiн" дедi. Барды, қаралды. Ойпырмай десейшi, "көзiң нашар, жарамайды" дейдi ондағылар мiз бақпай…
– Мiне, содан берi не заман өттi, сол оқуға қабылданған талайлар, құдай бiледi, көздерiне операция жасатқан шығар. Ал, мен… мен әл-әзiрге шағымданып көрген пенде емеспiн, – дейдi Рахаң ойлы кейiпке ауысып.
Сөйтсе, иә, сөйтсе мәселе көзде емес екен. Институт бойынша медалистерге шектеулi орын бөлiнген. Содан ең соңында әрең келiп құжат тапсырған ол алдымен ысырылыпты. Солай болғанын Рахаң кейiн, бертiнде ғана бiлiп жүр ғой…
Ал, оған дейiн… Оған дейiн дейсiз бе, не болсын, тек қана мақтау сөздер естiп, маңдайы жарқ-жұрқ етiп өмiрдiң өрiне қарай екпiндеп ұмтылған балаң жiгiттiң салы суға кеттi. Өмiрiнде тұңғыш рет "әдiлетсiздiк" деген жауыз иттiң жүректi дал-дұл етiп, жаралайтынын жандүниесiмен сезiндi. Шын жылады. Барар жер, басар тауы жоқ боп далада қалған соң, жыламай қайтсiн?.. Сонымен басы салбырап, iшiнде тары мен талқаны, құрт салынған кiшкене сандықшасын қисая көтерiп көшеге шықты. Ойында ауыл. "Олар қалай қарсы алады? Масқара болдым-ау", – дейдi. Оқудан жолым болмай, қайтып келдiм дегенге сенбейдi. "Сонда сенiң Алтын медаль алғаныңнан не пайда?" дейдi-ау… Өстiп, өзiмен-өзi iштей арпалысып, бұрынғы Ленин даңғылымен төмен түсiп келедi. Бiр шетi қазiргi Панфилов саябағына тiрелгенде, қиып өтпей-ақ, ел жүрiп жатқан көшемен жүрейiн деп солға бұрылды. Аяғын iлбiп басып келе жатқанда, сол жағындағы ғимаратқа көзi түстi. Оқу орнына ұқсайды. "Бұл қай институт болды екен?" деп маңдайшаға қарағанда, "Қазақтың Абай атындағы Мемлекеттiк педагогикалық институты" деген жазуына көзi түстi. "Қап, неге осында келмедiм екен?" деген өкiнiш iшiн тiлiп өттi. Себебi, бiр кездерi мұғалiм болуды да армандаған. Өйткенi, мұғалiм қай жерде де қадiрлi мамандық қой.
– Сондағы тұрысым дәл осы кезге дейiн көз алдымда, – деп еске алады Рахаң. – Бұтымда қара шаравар шалбар. Кеудемде вильветка костюм. Сол уақыттағы киiмнiң түрi осы едi ғой…
Институт ғимаратының алдында Рахымжанның аяғы байланып жүре алмай тұрғанда, iштен ақ кительдi екi кiсi әңгiмелесiп қатар шығады. Анадай жерде қаңтарылып күтiп тұрған ақ "Волганың" жанына барып тағы да әңгiмелерiн жалғастырады. Содан бiреуiнiң көзi түсiп кетiп:
– Әй, не қып жүрген баласың? – дейдi жұлып алғандай.
– Абитуриентпiн, ағай, – дейдi бұл даусы күмiлжiп.
– Қайдағы абитуриент? Қай жердiң абитуриентiсiң? Дәу де болса, сен өзi бiрiншi емтиханнан құлап қалған бала болдың ғой, – дейдi әлгi кiсi.
– Жоқ, құлаған жоқпын. Мен – медалистпiн.
– Медалистпiн дейсiң бе? Ондайлар ешбiр емтихансыз қабылданбаушы ма едi?..
– Менi де сөйткен, ағай. Бiрақ, бүгiн…
– "Бiрақ" дейсiң, сонда бүгiн не болды? Соны жөндеп айтсайшы. Өзi, қайдан келген баласың?
– Қаратөбеден.
– Қаратөбеден?.. Сонда сен Оралдың арғы жағынан, Ғарифолланың ауылынан келдiң бе?.. Қаратөбе соның ауылы емес пе?
– Иә, ағай, сол кiсiнiң ауылы…
– Ғарифолланың ауылынан келсең, сенiң мұнда кiмiң бар?
– Ешкiм жоқ… – деген кезде даусы дiрiлдеп, көзiне iркiлiп жас кептелдi.
– Онда, сен бала, берi жақындашы. Медалист деген қағазыңды көрейiк, қане, берi кел, – деген соң iшi жылып, бiр жағы бұл кiсiлер бекер адам болмады ғой деген ой қанаттандырып, сандықшасын асығыс ашып жетiп келдi. Құжаттарын ұсынды. – Комиссия не дейдi?
– "Медициналық анықтамаң дұрыс емес" дейдi. "Көзiң дұрыс көрмейдi" дейдi. Бiрақ, менiң көзiм жақсы, ағай…
– Әй, оңбағандар-ай, ә! Қияннан арман қуып келген сенiң обалыңа қалған екен ғой, – дедi күйiнiп. – Ендi не iстейсiң? Осылай кете бересiң бе? Мүмкiн, мына бiздiң институтта оқырсың.
– Кешiгiп қалдым ғой, ағай. Ендi менi қабылдай ма? – дедi бiр үмiт, бiр күдiктiң қыспағында шырмалып.
– Жоқ, сен өзi оқығың келе ме? – дедi жүзiне iзгiлiк нұры ұялаған үлкен кiсi.
– Оқығым келедi. Оқимын! – дедi осыны жұлып айтпаса айнып қалатындай сезiнiп.
– Оқысаң… – дедi де, жанындағы кiсiге бетiн бұрды. – Сен мына баламен ертең жақсылап сөйлес. Бұның өзi де қай факультетке баратынын түнi бойы асықпай ойлансын.
Әлгiндегi ауыр сәттен арылтып, ойламаған жерде бақыттың шамшырағын жаққан кiсi– әйгiлi Мәлiк Ғабдуллин едi. Рахаң оның есiмiн ауылда жүргенде-ақ өте жақсы бiлетiн. Ұлы Отан соғысының қаһарманы, Кеңестер Одағының Батыры, үлкен әдебиетшi-ғалым.
– Мәлiк аға өзiм ауласында тұрған ҚазПИ-дiң ректоры екен. Ал, менi тапсырған адамы – Жәукен Амантаев деген тарихшы-ғалым, профессор екен, – дейдi Рахымжан Елешұлы. – Мәселенi келесi күнге қалдырмай-ақ шешiп тастағым келiп:
– Ағай, химия-биология факультетiне түсейiн. Онда да орыс бөлiмiнде оқимын, – дедiм.
– Дұрыс, айналайын, оқимын деген талапшыл балаға орын табылады. Ал, ендi қазiр қайда бармақсың?
– Бiлмеймiн…
– Қой, онда баланы далада қалдырамыз ба, жатақханаға орналастыру керек, – деп едi, Жәукен аға жедел басып вахтада отырған кiсiге кеттi. Артынша iштен екеуi қатар шықты. – Айналайын, мына кiсi сенi ертiп апарып жатақханаға орналастырады. Ертең маған өзiң келiп жолығарсың.
Ол келесi күнi бiрден есiгiнде "Ректор" деген жазуы бар қабылдау бөлмесiне барды. Мәлiк аға өзiнде екен, еш кiдiрiссiз iшке ендi.
– Бүгiннен бастап бiздiң институттың студентiсiң. Жиырма күндей жөндеу, сырлау жұмыстарына қатысасыңдар, – дедi.
– Алыстан келдiм ғой, аға. Қалтамдағы ақшам да бiтiп қалды, – дедi бұл именшектеп. Мәлiк аға не деген қарапайым, кiсiлiгi қисапсыз мол жан едi, жылы жымиып:
– Ауыл баласысың ғой, айналайын. Абайлап жүр, – деп шынайы жанашыр кiсiнiң сөзiн айтып, қалтасынан отыз сом ақша алып бердi. Ол уақытта бұл үлкен ақша болатын.
Одан кейiнгi студенттiк жылдардың әрбiр күнi iзденiспен өттi. Кiл өңкей "беске" оқыды. "Лениндiк стипендиат" болды. Үмiт артқан ұстаздары ғылыми жұмыспен шұғылдануға да баулыды. Таңдаған тақырыбы бойынша студенттердiң Бүкiлодақтық ғылыми конференциясына екi рет қатысып қайтты. Соның бiрi – Қазан қаласында, екiншiсi Мәскеуде өткен конференция. Мектеп қабырғасында жүргенде араласқан қоғамдық жұмыстары студенттiк жылдарда оны тiптi ширата түстi. Суретi институттың мақтаулылары санатында iлулi тұрды. Ерте тұрады, кеш жатады. Ойына алған жұмыстың бәрiне үлгередi. Мұндай жастарға көрсетiлер құрмет-сыйдың да жөнi бөлек қой. Рахымжан жоғары оқу орнын бiтiрер жылы студент-жастардың Мәскеуде өткен Бүкiлдүниежүзiлiк фестивалiне қатысты.
– Бұл менiң жастық шағымның қайталанбайтын жарқын белестерi емес пе, – дейдi Рахаң.
* * *
Әңгiме ауанына қарай халқымыздың даңқын асырған Мәлiк Ғабдуллин ағамызға қайта оралдық.
– Бiз үшiншi курсты бiтiрер жылы ол кiсi басқа жұмысқа ауысып кеттi. Орнына Толыбеков Серғазы Исмамбетұлы келдi, – деп ҚазПИ-дiң тарихында өзiндiк орны бар ректор жөнiнде де жылы лебiзiн бiлдiрдi. – Серғазы Исмамбетұлы да бiлiмге құштар, келешегiне арманшылдықпен асығатын жастарға ыстық құшағын ашатын бiтiмi бөлек жан боп шықты. Менi институттың қыз-қыз қайнаған қоғамдық iстерiне аямай жектi.
Мәлiк аға да, Серғали аға да жатақханадан шықпайтын. Мәселен, Мәлiк ағаны айтамын, менiң мүмкiндiгiм болмай жатса, жатақханаға барып, студенттермен шахмат ойнап жүретiн, – дейдi Рахаң. – Әзiлдесiп сөйлегендi ұнататын, күлiп жүргендi жаны қалайтын кiсi студенттердiң көбiнiң аты-жөнiн бiлетiн. "Өй, әке-шешең бар ма?" деп сұрайтын. "Қашанғы жалғыз жүресiң, үйленбейсiң бе? Егер көнбей жүрген қызың болса, аты-жөнiн айтып қой, әдейi барып өзiңнiң жақсы жiгiт екенiңдi жеткiзейiн" дейтiн. Бүгiнде сондай ректорлар бар ма? Әй, қайдам… Жатақханаға жылына бiр рет бара қалса, қоңыраулатып, шулатып, нөкерлетiп, шеп құрып барады. Олардың баруы да, қайтуы да – таусылмайтын жыр. Өйткенi, ректор мен студенттердiң арасы бөлiнiп қалған. Мәлiк ағаларға келсек, студенттермен бiрге тiрлiк кештi. Сол үшiн әрбiр бөлмеге кiруге тырысатын. Әр студентпен жаны жадырай әңгiмелесiп, шахмат ойнауында да сондай сыр жатыр. Содан түнгi он бiрге дейiн бiздiң арамызда болып бiр-ақ кететiн. Есiгi әрдайым ашық болатын. Кiм кiремiн, қашан кiрiп жағдай айтамын десе де еркi.
Ал, ендi мықты болсаңыз бүгiнгi ректорларға кiрiп көрiңiзшi! Жүрек керек. Онда да жүрегiңiз түктi болу керек. Себебi, тура есiгi алдында аузынан от шашқан хатшы қыз отырады. Оның өзi – бiр ректор!..
* * *
"Кiшiнi арқасынан қақ. Үлкендi сыйла. Қинасаң, өзiңдi ғана қина. Үлкендiктiң белгiсi – кешiре бiлу", – дейдi пәлсапашы Қадыр ақын.
Кешiре бiлу – кiсiлiктiң белгiсi.
1961 жылы институт жолдамасымен Алматы ауылшаруашылығы институтына ұстаздық қызметке келген Рахымжан Елешұлының табан аудармай еңбек еткенiне биыл – қырық жетi жыл толады. Қатардағы ұстаздықтан өстi, ғылым докторы атанды, профессорлық мәртебеге ие болды. Үлкен факультеттi басқарды, ректордың орынбасары, бiрiншi орынбасары қызметтерiн абыроймен атқарды. Сонда жүрiп көңiлi кең кiсi ғұмырлы болатынын ұға түстi.
– Институтқа жұмысқа келгеннен кейiн танысқан, араласқан Елубай Базылұлы Тайбековпен де, Бопан Әмiрханқызы Ермековамен де үш қайнаса сорпам қосылмайтын. Алайда, сол кiсiлер осы баланың көзiнде от, жүрегiнде шоқ бар екен. Түбi осыдан халқымызға қызмет ететiн, елiмiздiң мерейiн өсiретiн азамат шығады-ау, деген шығар. Әйтеуiр, арқамнан қағып, қажет кезiнде демеп, желеп-жебеген. Жас адам кемшiлiксiз болушы ма едi, соның бәрiне кең көзбен қарап, менi де кемелдендiрдi. Мен ол кiсiлердi қалай ғана ұмытайын?! – дейдi Рахаң.
Айтуынша, есiмi елге белгiлi үлкен ғалым болған Бопан Әмiрханқызы Рахаңды туған ұлындай көрiптi. Ауыл шаруашылығы министрiнiң бiрiншi орынбасары боп қызмет еткен iнiсi Мүслiм Әмiрханұлына айтып, "Келiншегi Тұрғанай да институтта ұстаз, ол да ғылыми жұмыспен айналысады, оған жатақхананың жайы келе ме?" деп, ертерек екi бөлмелi пәтер алуларына ықпал етедi. Осыдан соң ол Ермековтер әулетiмен тiптi етене бола түседi.
– Өз басым сол кiсiлермен жанаса жүрiп, жаны жайсаң, қазағы үшiн шыбын жаны шырқыраған ағалардың бiразымен таныс-бiлiс болдым. Лениннiң арнайы қабылдауына қатысып, қазақ жерiн бөлуге араласқан Әлiмхан Ермекұлы Ермековтiң классик-жазушыларымыз Ғабит Мүсiрепов, Сәбит Мұқанов, қазақ мәдениетi мен өнерiне ерекше үлес қосқан Iлияс Омаров, Қанабек Байсейiтов және басқа да аты мәшһүр ағалармен дидарлас болған дастарқан басында бiрге отырып, шайларын әпергенiмдi, қолдарына сүлгi ұсынғанымды зор мақтаныш сезiммен еске аламын. Мiне, осы ағалардың ет асататын жақсы дәстүрi бар болатын. Бұл өздерiнiң шығарғаны емес, бұрынғылардан қалған жоралғы, iзгi ниет. Бiздi iнi тұтты, бала көрдi. Бүгiнде мен де шау тарттым. Мен де ретiне қарай үлкен ағалардан көргенiмдi қайталағым келедi-ақ. Бiрақ, қасиет қонған ағалардың бiрiндей де бола алмайды екенмiн. Өйткенi, олар – жеке-дара едi! Нар тұлға едi! Әрқайсысы сол қайталанбас тұлға күйiнде көз алдымда қалып қойды, – дейдi тағы да әдемi естелiктiң шетiн шығарып.
Әңгiме – Әлiмхан ағаға байланысты. Бүгiнгi ұрпақ үшiн аңыз көрiнетiн ағамен қатар отырып, әдептi әңгiмесiн ұйып тыңдаған кiсiнiң әсерi бөлек қой.
– Әлiмхан Ермекұлы – түрменiң тозағынан өткен, қисапсыз қиындық¬тарды бастан кешкен кiсi. Түрiнде әркiм аңғара бермейтiн, көкiрек көзi ашық жандар ғана сезетiн таңғажайып құпия сыр бар едi. Санасына селкеу түспеген, сағы сынбаған, ойы мұқалмаған бейнесiне қараған сайын, "Шiркiн-ай, мен де осы кiсiдей болсам!" деушi едiм. Жүзi аппақ, үстiне киген украинның ұлттық үлгiсiндегi ақ жейдесi өзiне әдемi жарасып, ажарын аша түсетiн. Айтқандарында артық сөз жоқ, – дейдi тамсанып.
Мiне, сондағы Әлiмхан ағаның өз аузынан естiген әңгiмесi.
– Түрмеде жатыр едiм, – дейдi. – Бiр күнi түрме бастығы барактарды аралап, менiң тұсыма келгенде ұзақ кiдiрдi. "Қолыңнан не келедi?" деп сұрады. "Мен – математикпiн. Есебiңдi шығарып бере аламын" дедiм. Соны естiп, бұрылып кеттi. Келесi күнi өзiне шақырып алып: "Сен бухгалтер болып жұмыс iстей аласың ба?" деп сұрады. "Неге бола алмаймын, боламын!" дедiм. Сөйтiп, түрмеде бiр ай бухгалтер болып жұмыс атқардым. Көп ұзамай құрылыс жұмыстары басталды. Бухгалтердiң бүкiл жұмысы қаржымен байланысты. Ол жағын тап-тұйнақтай етiп жүрген соң, "Бұдан кейiн құрылыс жұмысын өзiң басқарасың" дедi. Өзiң түрмеде жүрсең, ерiк-күшiң жоқ болса, келiспегенде қайда барарсың? Сонымен мен "бухгалтер, тире строитель" болдым. Сөйтiп, мен абақтыда жатып та елiме қызмет еттiм. Халқыма пайдам тиiп жатыр ғой дедiм. Осы ойдың жүрегiме орныққаны сондай, ауыр да азапты күндерiмдi ұмытып кеткендей едiм. Осы сенiм менi сақтады, жаным да, тәнiм де сау күйiнде алып шықты…
"Әлiмхан ағаның әңгiмесiн естiп отырып түсiнiк, пайымың да өзгерер едi, – дейдi өзi. – "Апырмай, көңiлiнде қылаудай қиқым, бұзық пиғыл болмаса да темiр тордың iшiне тықты, соттады, "тескентау" асырды. Соның өзiнде елiн, елiнiң ертеңiн есiнен бiр сәт те шығармайды. Не деген ғажап болмыс! Не деген отаншыл сезiм!" деп қайран қалатынбыз.
Ал, Ленинмен болған кездесу туралы әңгiмеге келгенде жүзi одан бетер нұрланып кететiн.
– "Мынадай ұлан-ғайыр өңiрдi қазақтар қалай игередi? Оған мүмкiндiктерiң жете ме?" – деген Владимир Ильичтiң сөзiн ары қарай, – "Как вы можете освоить, разве в состоянии вы этого удержать?" деп, өз сөзiмен де әңгiмелейтiн едi.
Сонда мен: "Мы не удержать не имеем право, потому что нам каждый кусок земли кровью и потом оставили наши деды и прадеды. Это мы сохраним, и наш народ в состоянии, Владимир Ильич, сохранить эту границу" – дедiм"…
Алаштың арыстары айтқан ойды әрiге ұластырып, жүзеге асыру – әрбiр қазақтың парызы. Рахаң да солай дейдi, тiптi тереңдете өрбiтедi.
– Әлiмхан ағаның сөзi – қазақтың ұраны болу керек, – дейдi. – Ата-баба аруағына бас иетiннiң бәрi айтуға тиiс сөз бұл! Бiлектiң күшi, найзаның ұшымен қорғалған жердi қасиет тұтпаған қазақ – қазақ емес! Әрбiр тасы, әрбiр шөкiм топырағы тұнған тарих екенiн, қадiрiн бiле тұра, оны көздiң қарашығындай сақтамау – күнә!
Келешек ұрпақтарымыздың алдында кiнәлi болмай, бабалар мұралыққа қалдырған қасиеттi жердiң, елдiң тұтастығы үшiн күресуiмiз қажет. Топырағының азып-тозып кетпеуi үшiн бiз секiлдi ғалымдар аянбай еңбектенуге тиiс. Мысалы, өз басым елiмiздiң байлығын сақтауға, жерiнiң құнарын кетiрмеуге, халқымыздың халықтық мiнезiн жоғалтпауға, мемлекетiмiздiң экономикалық қуатын көтеруге аз да болса үлес қоса алсам, онда мен азаматтық борышымды, перзенттiк парызымды өтедiм деп бiлемiн. Бұл менiң Әлiмхан Ермеков сынды асыл тектi ағадан алған өмiрлiк тәлiмiм.
* * *
"Зиялы дегенiмiз – өз ұлтының мұңы мен мұқтажын сезiне отырып, халқын ешнәрсеге сатпай, қорғай бiлетiн азамат", – деп анықтама берiптi қазақ ұлты үшiн ақырғы сәтiне дейiн алысқан, алған жолынан айнымаған Мұстафа Шоқай. Бүгiнде "зиялы – зиялы ма, жоқ зиянды ма?" деген сауал жиi-жиi алдымыздан көлбеңдейдi. Халқының қиналған, ауыр сәтiнде болыса алсаң, бұл – батырлығың. Қиналып тұрған сын сағатта болыспай-ақ, үндемей қалу да ерлiк екенiн, адамгершiлiкке жататынын 1986 жылдың Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде айқын ұқтық. Үлкен жерде отырып: "Алаңға барған, көшеге шыққан жастардың кез-келгенiн буындырсам, қолым қалтырамас едi!" дегендердi де ұшыраттық. Бiрақ, бәрiн уақыт өз орнына қойды. Ондайлар қазағының, халқының бетiне қарай алмай күйбiжiктеп, тайсақтайтын күйге түстi. Араларында намыссыз, арсыздары да аз емес екен. Оны да көрдiк.
Халыққа қарсы жасалған қасiрет те ешқашан ескiрмейдi екен.
– Алаңда атойлаған жастарға қарсы жазалау науқаны етек алды. Бiздiң бiраз студенттерiмiз қармаққа iлiгiптi, – дейдi Рахаң. – Тiптi қанша екенiне дейiн жадымда. Ректорымыз Борис Петрович Шах бiздi шақырып алды да:
– Әлгiнде ғана обкомнан 187-сiн де оқудан шығарыңдар деген тапсырма берiлдi. Оны орындамауға қақымыз жоқ, бәрiн де оқудан қуу керек, – дедi. Мен ғылым жағын басқаратын проректор едiм.
– Жоқ, өз басым бұған келiспеймiн! – деп өре тұрдым.
– Неге келiспейсiз? – дедi ректор.
– Келiспейтiнiм, осының бәрi оқудан қуып шығатындай қылмыскер емес шығар. Сол себептi әрбiрiмен жеке-жеке сөйлесейiк, кiм екенiн бiлейiк. Не iстеп, не қойғандарын өздерiнен ауызба-ауыз сұрайық, – дедiм.
– Олар көп қой. Берiлген тапсырма өте шұғыл. Бiзге, "Не iстеп, не қойғандарың жөнiнде тезiрек есеп берiңдер" деп дiгерлеп жатыр.
– Жоқ, Борис Петрович, бiз солай етуге тиiспiз. Бұл жерде адам тағдыры туралы мәселе боп отыр, – деп қасарысып бақтым. Сол кезде арамыздан менi құптаушылар табылды.
– Сөйтейiк, обал боп жүрмесiн, – дедi олар да.
Сонымен, түстен кейiн, сағат үштер шамасында кiрiсiп, келесi күнi таңғы жетi жарымда әзер бiтiрдiк. 187 қыз-жiгiттiң бәрi көз алдымыздан өттi. Бәрiн арашалай алсақ қандай жақсы болар едi. Бiрақ, өкiнiштiсi, қанша тырыссақ та, оның ретiн келтiре алмадық. Жоғарыдан түскен қатал талап бойынша, Абай мен Фурманов көшесiнен ары өткендердiң бәрi де жауапқа тартылуға тиiс. Кiм болса ол болсын, қалай оқыса олай оқысын – оқудан шығу керек! Ауылдың балалары аңғал ғой, солардың аузына "Сен Құрманғазы мен Фурманов көшесiнен әрi аспай жүрдiң ғой, алаңда болған жоқсың" деп сөз саламыз. Бұл ойымызды бiрi түсiнсе, бiрi түсiнбейдi. "Жоқ, ағай, мен алаңда болдым. Бiрақ ештеңе iстеген жоқпын" дейдi. Ештеңе iстемесең iстеме, алаңда болдың ба – бiттi, қылмыскерсiң, кеңестiк саясатқа, партияның шешiмiне қарсысың дейдi. Бiз осындай қасiреттi де бастан кешкенбiз…
Имансыздардың қашан да құлағы түрiк, сөзi ұзын келмей ме. Алдына келген әрбiр қазақ баласына проректордың жаны ашып, иненiң ұшында отырғандай күй кешуi әлдекiмдердiң көңiлiне күдiк ұялатты. Солардың бiрi сыбырлап қойған болу керек, екi-үш күннен кейiн Рахымжан Елешұлын мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң Шекота деген полковнигi тергеуге шақырды. Таңертең ондар шамасында барғаннан түннiң бiр уағына дейiн қабылдамай сарылтты. Кiрген бетте, ай-шай жоқ:
– Ұйымдастырушылардың бiрi шығарсың, бәлкiм. Әйтпесе, неге студенттерге "подсказ" бересiң? – дедi шүйiлiп.
– Кеше ғана мектеп бiтiрген бiрiншi курстың балалары не бiледi? Олар әрбiрден кейiн Алматыға үйренiп те болған жоқ. Әлде машина өртегенiн, қолына қару алып әлдекiмдердi сабағанын көрсететiн айғақ материалыңыз бар ма? – дедi бұл.
Кейiн, көтерiлiстiң жиырма жылдығы қарсаңында, Рахаң сол бiр қасiреттi күндер жөнiнде "Жас алаш" газетiне жазды да. Сонда, "Рахым аға, бiзге туған әкемiздей арашашы болдыңыз ғой!" деген желтоқсаншы қыз-жiгiттердiң сөздерiн де тiлге тиек еттi. Кезiнде қолұшын бере алмай, нақақтан қуғын көрiп, оқудан шығарылған студенттердiң денi кейiнiрек оқуға қайта қабылданып, ойдағыдай бiтiрiп шыққанын, түрменiң тар қапасынан ақталып оралған Уызбек Есiркеповтiң өзi оқыған бiлiм ордасында ұстаздық етiп, ғылыммен айналысып жүргенiн елге жеткiздi.
– "Елу-алпыс балаға арнап берген сабақтан алты миллион қазақты алаламай iстеп отырған iсiмдi артығырақ көремiн" – деген екен Ахмет Байтұрсынов. Ғұлама Ахаңның алаламай атқарған iсi – айтқан сөздерi, артында қалдырған рухани мұралары, – дейдi академик Рахымжан Елешұлы. – Мен де аудиториямен шектелмей, iс iстейiн деп күллi қазақ оқитын басылымдарға мақала жазамын. Тәуелсiздiктiң қадiрiне жетейiк, туымызды тiктейiк деймiн. Елдi сүйетiн, елдiң ертеңi үшiн қасық қаны қалғанша күресетiн, еңбек ететiн ұрпақ тәрбиелейiк деймiн.
Бiз өмiрiнiң бiр белесi туралы ғана толғанған академик Рахымжан Елешұлы Елешевтiң ағалар дәстүрiне адалдығы туралы дүниемiздi осы сөзiмен тәмамдағанды жөн көрдiк. Өйткенi, елдiң ертеңiн ойлаған, халқының қамын жеген жаны iзгi кiсiнiң бар бiтiм-болмысы осыған сыйып тұрғандай көрiндi…
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ