Жаңалықтар

"МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ КҮНI" ҚАШАН БОЛАДЫ?

ашық дереккөзі

"МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ КҮНI" ҚАШАН БОЛАДЫ?

1989 жылы 22-қыркүйекте қазақ тiлi мемлекеттiк мәртебе алғаны баршамызға аян. Сондықтан да, бүгiнде ел болып атаулы күндi тойлау мерекесi өткiзiлетiнi де белгiлi.

Өткен сенбiде Алматы қаласының Тiлдердi дамыту басқармасы Қазақстан халқы тiлдерi күнi мерекесiне орай, "Ана тiлiм — ардағым" атты тiл фестивалiн өткiздi. Фестивальға Алматы қаласының әкiмi, аудан әкiмдерi мен орынбасарлары, тiл жанашырлары, қоғам қайраткерлерi, Қазақстан кiшi халықтар Ассамблеясы өкiлдерi қатысып, эстрадалық ән орындаушылар өз өнерлерiн көрсеттi.

Аталмыш шараның мақсаты — Қазақстан Республикасы "Тiл туралы" Заңының орындалуы және тiл саясатын насихаттау, ағымдағы жыл бойы өткiзiлген конкурстар мен байқауларды қорытындылау. Осы фестиваль шеңберiнде мемлекеттiк тiл және басқа тiлдердi дамыту бойынша жарық көрген оқулықтар мен электронды бағдарламалар, тiлдескiштер, әртүрлi сала бойынша сөздiктердiң және т.б. көрмелерi ұйымдастырылды. Сонымен қатар, фестиваль қарсаңында өткiзiлген Оралхан Бөкей атындағы "Көркемсөз оқу шеберлерi" жеңiмпаздары, "Мемлекеттiк тiл — менiң тiлiм" байқауы мен "Тiлдарын — 2008" қалалық олимпиада жүлдегерлерi марапатталды. Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов қаламызда жаңадан құрылған Алатау ауданының әкiмiне мемлекеттiк тiлдi сапалы үйретуге арналған мультимедиялық кабинеттiң кiлтiн табыстады.

Салиқалы сараппен сараласаңыз, бәрi жылдағы көрiнiс, әдеттегi қайталау. Науқан сайын өткiзiлетiн конкурстар мен байқаулардың жеңiмпаздарының жыл өткен сайын саны еселенгенiмен, мемлекеттiк тiлдi қолдану аясы әлi де тар шеңберде қалып отыр. Сөз жүзiнде айтылып, шын мәнiнде жүйелi нәтижеге қол жетпейдi. Мұның бiрнеше себебi бар: қамкөңiлдiлiк, самарқаулық… тағысын тағы толып жатқан проблемалар. Тiптi, "Қазақстан халқы тiлдерi күнi" емес, "Қазақстан халқының мемлекеттiк тiлi күнi" деп атаудың өзiне жалтақтық танытамыз. Неге? Бұл жөнiнде де ойланатын кез келдi.

Жадыра Нармаханова