Жаңалықтар

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ТӨЛЕМ КАРТАСЫ ДYНИЕГЕ КЕЛДI

ашық дереккөзі

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ТӨЛЕМ КАРТАСЫ ДYНИЕГЕ КЕЛДI

Қазкоммерцбанк 2008 жылдың 1- қыркүйегiндегi жағдай бойынша 1 миллионнан астам халықаралық төлем карталарын шығарды. Оның iшiнде 700 мың картаның Go!Card бонустық қосымшасы бар. Банк эквайринг нарығында өзiнiң үздiк позициясын сақтап отырған сияқты.

Эквайрингтiк қызмет 4,7 мыңнан астам сауда және қызмет көрсету орындарында жүзеге асырылуда. 7,5 мыңдай ПОС — терминал, 877 бонкамат қойылған. 141 бонкаматтың қолма-қол ақша енгiзу функциясы бар. Дәл осындай көрсеткiштерiмен бүгiнгi таңда алдынғы қатарлы Қазақстандық банктердiң бiрi болып отырған Қазкоммерцбанк тағы да жақсы жаңалығымен қуантты. "Құс Жолы" қайырымдылық қоры және Visa халықаралық төлем жүйесi "Перiште" жобасы аясында Қазақстандағы бiрiншi қайырымдылық төлем картасын шығарғандары туралы хабарлады.

"Перiште" жобасының мақсаты — елiмiздiң шалғай аудандарында жаңа туған нәрестелердiң өмiрiн сақтап қалуды көздейдi. "Құс Жолы" қайырымдылық қорының атқарушы директоры Марина Буханцованың айтуынша, жаңа картаны пайдаланудың жылдық ақысы Қазкоммерцбанктiң пайдасына емес, тiкелей "Құс Жолы" қайырымдылық қорына түседi. Ал қор түскен қаражатты республиканың перзентханаларына қажеттi медициналық жабдықтарды сатып алуға жұмсайды. "Перiштенiң" алғашқы жобасы — Алматы облысының Iле ауданының емханасы болмақ. "Емхананың перзентхана бөлiмi қазiргi заман талаптарына мүлдем сай емес. Сондықтан қажеттi жабдықтарды талап етедi. Ал аудандағы туу өсiмi 200 пайызды құрайды. Мысалы бiр УЗИ апаратының өзi 6 миллион тенгеден астам қаражатпен бағаланады", — дейдi Iле ауданы емханасының бас дәрiгерi Бақытгүл Тұрсынмұратова. "Перiште" жобасының арқасында кувез, емдеу палатасына қажеттi транспортты инкуватор, жаңа туған нәрестенiң анатомиясы мен физиялогиясын ескеретiн өзiндiк ерекшелiгi бар өкпенi жасанды жолмен желдету аппараты, ультрадыбыстық диагностика аппараты орнатылады. Келешекте "Перiште" жобасы елiмiздiң басқа да аймақтарында жүргiзiледi. "Бiз әрбiр Қазақстан азаматына өз елiнiң әлеуметтiк қиыншылықтарын шешуде өз үлесiн қосуға көмектесетiн заманауи және ыңғайлы төлем құралын ұсынғанымызға қуаныштымыз. Жоба қайырымдылық дәстүрiн қайта жандандыратынына сенiмдiмiз", — дейдi Александр Калита, ТМД елдерiндегi VISA — ның аймақтық менеджерi. Жаңа қайырымдылық картасын пайдаланушы интернет порталының көмегiмен немесе Қазкомның кез-келген бөлiмшесiнде "Құс Жолы" қорының басқа да қайырымдылық акцияларына қосымша ақшалай көмек аудара алады. Карта иесi Қазақстанның болашақ ұрпағының денсаулығын сақтауға өз үлесiн қосып, нәрестенiң өзiндiк перiштесi болады деп барлығыңызды бiрлiкке, жанашырлық пен көмекке шақырады. Игi iстердiң иелерiне сәттiлiк тiлеп, игiлiгiн көрейiк, ағайын!

Манар ӘЛИЕВА