Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ТIЛI ИНТЕРНЕТТIҢ ТАСАСЫНДА ҚАЛМАУЫ ҮШIН...

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ТIЛI ИНТЕРНЕТТIҢ ТАСАСЫНДА ҚАЛМАУЫ ҮШIН...

Жасыратыны жоқ, қазiр бұқаралық ақпарат құралдарының соңғы үлгiсi – интернетте қазақ тiлi әлi ақсап тұр. Ғаламтор жүйесiнде мемлекеттiк тiлде ашылып жатқан сайттар мен блоктарды толыққанды қазақша сауатты деп айтуға болмайды. Алысқа бармай-ақ қояйық, Үкiмет, түрлi министрлiк, қала, облыс басшыларының сайтына үңiлсек, қазақшасы ресми тiлдiң көлеңкесiнде қалып қояды. Тiптi, мұндағы күнделiктi енгiзiлiп отырған ақпараттарға көз жүгiртсеңiз, қазақшасы ескiрiп, орыс тiлiндегiсi сағат сайын жаңарып отыратынына қайран боласың.

Жақында Халықаралық "Қазақ тiлi" қоғамының ұйымдастыруымен "Интернет кеңiстiгiндегi қазақ тiлi" атты дөңгелек үстел болып өттi. Қазақ тiлiнiң жанашыры ретiнде әрдайым тiл туралы басқосуларға мұрындық болып жүрген Өмiрзақ Айтбайұлы бастаған үркердей топ бұл жолы да жанды мәселеге тағы бiр айналып соқты. Шыны керек, бүгiнде ғаламтор кеңiстiгiнде орыстiлдi сайттардың өмiршеңдiгi байқалады. Тiптi, компьютердiң бүге-шiгесiн бiлетiн көзi қарақты оқырман өзiне қажеттi кез келген ақпаратты осы орыстiлдi сайттардан алып жатады. Неге? Бұл деген елiмiзде әлi күнге қазақтiлдiлердiң интернет желiсiн қолданбайтындығын аңғарта ма, әлде, мемлекеттiк тiлге мүсiркей қарайтындығын бiлдiре ме? Мүмкiн, бiзде қазақтiлдi сайт жасайтын бiлiмдi азаматтар жоқ шығар. Бәлкiм, қаржы жағы қолбайлау болар. Қалай десек те, бұл кезек күттiрмейтiн мәселе. "Интернет кеңiстiгiндегi қазақ тiлi" деп айдар тағылған жиынның мақсаты да сол, қазақ тiлiн дамытуда ақпараттық технологияларды пайдалануға, Интернет кеңiстiгiнде қазақ тiлiндегi ақпараттық ресурстарды көбейтуге, осы орайда туындайтын кедергiлер мен қиыншылықтарға жұрттың назарын аудару. Сол арқылы компьютерлiк бағдарламалардың қазақша нұсқаларының мемлекеттiк мекемелерде, бiлiм ұяларында және жалпы халық арасында пайдаланылу мүмкiндiктерiне шолу жасау қаралды. Әсiресе, қазақ тiлiндегi бағдарламалардың жарыққа әкелiп, оның мемлекеттiк мекемелерде қолдану аясының қаншалықты екендiгiн айыра бiлу керек. Ол үшiн ақпараттық технология саласында отандық және шетелдiк тәжiрибелерге сүйену де артықтық етпейдi.

Қазiргi кезде ғаламтор жүйесiнде қазаққа жақын сайт көп емес. Соның бiрi "Қазақ" интернет сайты. "Қазақ интернетi" ҚБ-нiң директоры Iзгiлiк Набиев жасаған "Қазақ тiлiндегi электрондық ақапарат кеңiстiгiнiң жай-күйi" атты баяндамаға сүйенсек, бүгiнде қазақ тiлiнде сайт көбейiп келедi екен. Жеке сайт ашу да көп қаражатты қажет етпейдi. Мәселен, сонау Кореяда оқып-тоқыған екi жiгiттiң "Мәссаған" сайтын ашып, жастарды бiр тудың астына бiрлiкке шақырып отырғандығын айтпауға болмас. Жаңа буын өкiлдерiнiң бұл iсiне қолдау, қолпаштау керек-ақ. Ал блоктық жүйенiң даму қарқыны ендi жанданып келедi. Соңғы жылдарға қарағанда сайттың iшiнен орын тепкен блоктық жүйеге кiретiндер күрт көбейген. Кез келген тақырыпта пiкiрталас өрбiтуге лайық азамат осы блок арқылы ойын ашық бiлдiре алатын мүмкiндiкке ие болды.

Ал, "Бимаш" компаниясының лингвист-маманы Сәбит Дүйсебаев Интернеттегi мемлекеттiк тiл порталының қызметi, оның жұмыс iстеу тәртiбi мен онда қамтылған ақпараттық ресурстар туралы егжей-тегжейлi әңгiмелеп бердi. Оның пiкiрiне сүйенсек, Тiл комитетiнiң қолдауымен ашылған вебпорталдың бүгiнгi таңдағы жұмысы аз емес екен. Тiлдi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы аясында жүзеге асырылған шаруалар қазақ тiлiнiң интернеттен орын алуына себепкер болды. Әрине, кемшiн тұстар кездесiп жатқанмен, жоқ нәрседен бар жасап, бастаған iске қолдау көрсетудiң өзi аса қажет-ақ.

Сонымен, Қазақ тiлiнде қандай бағдарламалық өнiмдер бар? Олардың мүмкiндiгi қандай? Мемлекеттiк тiлдi үйрету процесiне, iс-қағаздарын жүргiзудi ендiруге әсерi бар ма? Қазақ тiлiндегi компьютерлiк бағдарламалырды ендiруде қандай қиыншылықтар туындайды?

Талайдан берi интернеттегi қазақ тiлiнiң аясын кеңейтуге атсалысып жүрген Анар Айтжанова зерттеу материалдарымен, бiрқатар тұжырымымен келiптi. Айталық, "техникалық жағынан интернетте қолдану мәселесi жоқ. 2007 жылдан бастап барлық ресурстар қазақ тiлiн қолдануға мүмкiндiк беретiн utf-8 кодировкасын қолданады. Интернет iшiнде қазақша сайт саны өскенiмен, ақпарат толық¬тығы жағынан нашар болып тұр. Қысқасы, қазақ тiлiнде керек ақпаратты интернеттен таппайсың; интернетке шығатын адамдар арасында қазақтiлдi оқырмандардың салмақ үлесi аз" дей келе, ұтымды ұсыныстарды да тiлге тиек еттi. "Елiмiздегi кiтапханалар қазақ тiлiндегi кiтаптарды интернетте мiндеттi түрде тегiн жарияласын. Неге десеңiз, қазiргi технологияның жетiстiктерi интернетте кез келген кiтапты pdf форматында жариялауға мүмкiндiк бередi. Сол сияқты AWARD — 2008 интернет байқауында қазақ тiлiндегi сайттарға жеке байқау жариялау керек. Теледидардан "Ақпараттық технология" атты мультимедиялық сабақтар өткiзiлсе, оған қажеттi құралды өзiмiз жасайтын едiк. Егер де Халықаралық "Қазақ тiлi" қоғамының арнайы серверi болса, қазақ тұлғаларының туындыларын жинауға, қазақ тiлiнде бар шығарманы топтастыруға болар едi" — дейдi Айна Айтжанова.

Рас, қазақтiлдi сайттарға бөлек байқау жарияланса, сайттар арасында өзара бәсеке пайда болатыны заңдылық. Алтыншы рет өтiп жатқан Award-2008 байқауына қатысушы қазақ тiлдi сайттардың саны биыл екi есеге көбейген. Сайыс қоржынына келiп түскен 1007 өтiнiштiң 219-ы қазақ тiлдi сайттардың үлесiнде. Ұйымдастырушылар алқасы бұл мемлекеттiк тiлдегi порталдардың алға iлгерiлегенiн көрсетедi деп отыр. Ал қазақтiлдi 219 сайттың көпшiлiгi "Корпоративтi" және "Жүйелiк қызметтерге" қатысты сайттар. Байқау 4 кезеңнен тұрады. Әрине, байқауға бұлардың бәрi қатыстырылмайды. 1 маусым мен 15 қыркүйек аралығында өткен бiрiншi кезеңде талапқа сай келмеген 100-ге жуық сайт керi қайтарылған. Дәл қазiр алғашқы сыннан мүдiрмей өткендерi екiншi кезеңде бақ сынамақ. Award-2008 ұлттық интернет-жүлденi ұйымдастырушылар бұл шара отандық сайттардың деңгейiн көтерiп, дарынды мамандарды анықтауға септiгiн тигiзедi деген сенiмде. Байқау қазанның 31-iнде тәмамдалып, жүлдегерлер 15 аталым бойынша марапатталатын болады.

Қысқасы, "Интернеттегi қазақ тiлi" басқосуына жиналған тiл жанашырлары орысты қазақ етемiз деп неге арамтер боламыз, одан да өз қандастарымызды қазақ тiлiнде сөйлеуге тартуымыз керек. Өйткенi, интернет — әрбiр адамның жеке ақпарат құралы. Сондықтан да ешкiмге жалтақтамай қазақ тiлдi сайттардың көптеп ашылуына қолдау жасау қажет екендiгiне баса назар аударуға шақырды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ