ГҮЛ ТIЛI МӘҢГI СӨЙЛЕЙДI
ГҮЛ ТIЛI МӘҢГI СӨЙЛЕЙДI
Жақында ғылыми-танымдық, көпшiлiк "Гүлстан" журналы және "Гүлзар" қоғамдық бiрлестiгiнiң ұйымдастыруымен "Гүл дастан" атты жыр сағаты болып өттi. Сәрсенбiнiң сәттi күнi өткiзiлген бұл жыр кешiнiң елiмiздiң көгалдандыру саласында алатын маңызы зор болды. Жыр сағатына танымал ақындар арнайы шақырылды. Олардың әсем жырлары ауласында 1000-ға жуық өсiмдiктер шоғырланған саялы бақ "Гүлстанның" гүлзар бағында жырланды.
Жыр сағаты гүл алқабындағы жанға сая, жасыл әлем арнайы безендiрiлген 12 түрлi дизайнды таныстырумен басталды. Жаны жырмен тербетiлген азаматтарға "Гүлстан" тобының 11оқушысы, ЮНЕСКО, "Халықаралық ландшафт — 2007" көрмесiнiң дипломанттары, Дарынды балаларға арналған №173 физика — математика гимназиясының оқушылары Шәкәрiм Әлiпбек, Назерке Құлжабай, Мәди Әлiпбек, Мағжан Медетұлы, Қымбат және Риза Жүнiсовалар экскурсия жүргiздi. Аталған жыр кешiнiң басты мақсаты — елiмiзге ақындардың жүрекжарды өлеңдерi арқылы гүл мәдениетiн насихаттау, туған табиғатты қорғау, экологиялық таным — бағдарды көтеру, көгалдандыру саласында кетiп жатқан кемшiлiктердi халыққа жыр түйiндерi арқылы жеткiзу.
Жыр сағатының шымылдығын елiмiздегi ғылыми-танымдық, көпшiлiк "Гүлстан" журналының бас редакторы, "Гүлзар" қоғамдық ұйымының құрылтайшысы Гөзел Құлжабаева ашты. "Әр ауланың гүлденгенi — мемлекеттiң гүлденгенi" деген ұлы ұстанымды насихаттай келе, бұл жыр сағатының ел тарихында елеулi орны бар салтанатты, көгалдандыру саласына қосар үлесi мол, ертеңгi ұрпаққа жеткiзер ұлағаты бар кеш екендiгiн салиқалы сөз, әдемi шеберлiкпен жеткiзiп, ақындар мүшәйрасын ары қарай жүргiзудi Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, "Гүлстан" журналы редакция алқасының мүшесi, 300 гүлдiң қазақша атын тауып, оларға арнап өлең жазған Қазақстанның зиялы аға буын ақыны Оразақын Асқарға тапсырды.
"Гүлстан" журналының алғашқы жариялануына атсалысып, өз үлесiн молынан қосқан, әлi күнге дейiн журналдың жанашыры болып келе жатқан, қазақтың танымал ақыны Күләш Ахметова өз лебiзiн, сұлулыққа деген iңкәр сезiмiн көрiктi шеберлiкпен жеткiзе бiлдi. Бұл жыр кешiнде сонымен қатар, журналдың жанашыры, жазушы, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Шәрбану Бейсенованың айтқан ыстық ықыласы ерекше болды. Жыр сағатына елiмiздiң елеулi, халқымыздың қалаулы ақындары Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Сәкен Иманасов, Күләш Ахметова, Исраил Сапарбай, Оразақын Асқар, Шөмiшбай Сариев, Темiрше Сарыбай, Базарбай Иса, Рафаэл Ниязбек, Серiк Қапшықбай, Нұртас Исабай , Ләззат Игiсiн, Танакөз Iлиясова сынды ақындарымызбен қоса, 40 ақын және бұқаралық ақпарат өкiлдерi жиналды.
Нұрлы да, жырлы күн тiлi,
Сырлы да, жырлы түн тiлi,
Шаттықтың тiлi, мұң тiлi,
Шындықтың талмас шын тiлi,
Гүл тiлi мәңгi сөйлесiн! — деп ақын Базарбай Исаев жырла¬ғандай, бұл жыр кешi — "Гүлстанның" алғашқы жыр сағаты, оның тек бастамасы ғана. "Гүлстанның" келешегi алда, айтары әлi көп. Гүл тiлi мәңгi сөйлейдi.
Жеңiсгүл Махамбетжанқызы,
ҚазҰУ-дiң студентi