Жаңалықтар

ӘЛЕМДIК УРАН САУДАСЫ ЖАҢА САТЫҒА КӨТЕРIЛЕДI

ашық дереккөзі

ӘЛЕМДIК УРАН САУДАСЫ ЖАҢА САТЫҒА КӨТЕРIЛЕДI

"Қазатомөнеркәсiп" ұлттық атом компаниясы өзiнiң келешектегi атқаратын жобалары мен мақсаттарын Үкiметке берген есебiнде тәптiштеп баяндап берген-дi. Iле-шала "Уран өндiрiсiнiң өзектi мәселелерi" деген тақырыпта бесiншi халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференциясын ұйымдастырған компания мен оның еншiлес кәсiпорны саналатын Жоғары технологиялар институты елiмiзге алыс-жақын шетелден атом, энергетика саласында өзiндiк қолтаңбасы бар компания басшыларын тағы бiр рет тоғыстырды.

V Халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция жер шарының барлық құрлықтарында атом энергетикасын дамытуға деген қарқынды қызығушылық туындап отырған "ядролық ренессанс" кезеңiнде өткiзiлiп отыр. Қазiр әрбiр елдiң экономикалық алаңында қарқын алып келе жатқан табиғи уран тапшылығы, конверсия және байыту қызметi, отын құрамаларын шығару, сенiмдi және қауiпсiз атом стансаларының құрылысы сынды ауқымды мәселелердi бiр елдiң өзi шеше алмайтыны анық. Сондықтан да жаһандық энергия тапшылығының алдын алу үшiн, ядролық отын айналымының барлық тармақтарын дамыту мәселелерiн халықаралық ауқымда бiрлесiп шешу керек. Бұл конференцияны өткiзудегi қажеттiлiк әлемдiк ядролық компаниялардың ғылыми-техникалық iзденiстегi өз күштерiн бiрiктiруге деген ұмтылысы, сондай-ақ елiмiздiң iрi уран өндiрушiлердiң бiрi ретiнде, әлемдiк қауымдастық алдындағы жауапкершiлiгiнен туындады. "Ядролық-отын айналымының технологиялары мен проблемалары", "Уран өндiрiсiнiң және уран өнiмiн алудың технологиялары", "Атом өнеркәсiбiне арналған сирек элементтер өндiрiсiнiң технологиялары", "Атом энергетикасы және реактор құрылысы", т.б. көтеретiн проблемасы ауқымды тақырыптар аясында өрбiген пiкiрталас Қазақстанда уранды сатуда сауда алаңын дайындауға шақырды. Бұл сауда алаңында уранды бәсекелестiк бағамен сатуға және сатып алуға болады деген сөз. Сарапшылардың айтуынша, радиоактивтi металдың қазiргi құны нарықтағы бағамен бәсекелесе алмай отыр. Бұл жобаны басқосуға жиналған әлемнiң көптеген елдерi бiрауыздан қолдады. Өйткенi, "Уран биржасы" өнiмнiң бағасын нақты анықтауға мүмкiндiк беретiнi айтпаса да түсiнiктi.

"Қазатомөнеркәсiп" ҰАК" АҚ президентi Мұхтар Жәкiшевтiң айтуынша, уранның нарықтық бағасы деген түсiнiк енгiзу үшiн арнайы сауда алаңы құрылу керек. Егер сауда алаңы пайда болса, джуниордың (уран өндiрушi жас компания) да болуы заңды, алайда, оның қайда барып сауда жасайтыны белгiсiз. "Ал жаңа сауда алаңына қатысам деушiлерге сауда коммерциялық емес, инвестициялық келiсiмшарт бойынша жүргiзiледi. Уран өндiруде тәжiрибесi аз компания уранның орнына акция алады. Бiр акция – уранның бiр келiсiне шақ келедi. Мұндағы басты ерекшелiк акция уранмен кепiлдендiрiлген. Сондықтан бұл құнды қағаздарды стансаларға сатып алу тиiмдi, себебi, мың акция иеленгенде сенiң мың келi ураның бар екенiн бiлесiң" дейдi.

Дегенмен, дәл қазiр сауда алаңы қайда өтетiнi белгiсiз. Алайда, қазiрдiң өзiнде металдың нарықтық бағасы оны сатып алған компания акциясының құнына байланысты болатыны анық. Себебi, құрылымның жарғылық капиталында уран бар. Сарапшылар болса, бұл ұзақ мерзiмдi, нарыққа қаржы институттарын тартуды талап ететiн жоба дейдi. Қазiрдiң өзiнде инвесторлар бұл сауда алаңына қатысуға қызығушылық бiлдiрiп отырғаны қуантады. Сол сияқты Қазақстан жаңа атом электр стансасының құрылысын жоспарлап отыр. Қазiр болашақ атом стансасына алғашқы реакторды орнату жобасы талқылану үстiнде. Алдын-ала болжам бойынша бұл референттi блок елiмiздiң қуат тапшылығын өтейтiндей көлемде болмақ. Оның құрылысына елiмiз жағынан 18 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Дәл осы қаржы көлемiнде Ресей де инвестиция құятын көрiнедi.

"Қазатомөнеркәсiп" ҰАК президентi Мұхтар Жәкiшев: "2030 жылдарға қарай көмiрсутектi энергетиканың жалпы үлес салмағының төмендейтiнi анық. Көмiр энергетикасы үлесiн сақтау үшiн де қазiргi өндiрiлетiн 1000 ГВт 2,3 миллиард тонна көмiрге 3,8 миллиард тонна қосымша өнiм өндiрудi қажет етедi. Бұл орындалуы қиын, әрi экологиялық жағынан аса тиiмсiз", — дейдi. Еуропадағы гидростансалар үлкен су қоймаларын талап ететiндiктен, сол Еуропаның өзiнде стансаларды салу мүмкiн болмайды. "Осы мәселелердi ескерсек, ядролық энергияның үлесi сөзсiз артатынын сеземiз, тiптi бұл жағдай қазiрдiң өзiнде сезiлуде. Алдағы уақытта әлем бойынша 464 атом реакторы салынбақ. Сондай-ақ 2015 жылға дейiн дүниежүзiнде 74 атом электр стансасы iске қосылады", — дейдi "Қазатомөнеркәсiп" басшысы.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан 2009 жылдың өзiнде уран өндiрiсiнiң көлемi жағынан әлемде бiрiншi орынға шығуы әбден мүмкiн. Мәселен, "Қазатомөнеркәсiп" ұлттық атом компаниясының мәлiметтерiне қарағанда, ағымдағы жылы республикадағы уран кен орындарында бiрнеше кенiш iске қосылады. Олар жылдық қуаты 300 тонналық Қайнар учаскесi, 1000 тонналық Батыс Мыңқұдық, 3 мың тонналық Қорасан-1 және 750 тонналық Иiркөл, 2 мың тонналық Ыңғай, 2 мың тонналық Оңтүстiк Ыңғай (өнеркәсiптiк өндiрiске 2009 жылы шығады) кенiштерi. Бiр айта кетерлiгi сол, "Қазатомөнеркәсiп" ҰАК (51 пайыз) Францияның "Арева" корпорациясысымен (49 пайыз) бiрiгiп, ядролық-отын циклындағы түпкi өнiм саналатын жылу бөлгiш құрамалар (жылдық қуаты 1200 тонна) шығаратын атом энергетикасы мен индустриясы бағытында халықаралық ғылыми орталық құрылатынын жеткiздi. Демек, француздық үлгiдегi реакторлар үшiн өндiрiстiк қуаты 400 тонналық бiрегей желi жұмыс iстеп, оған қажеттi отын түймелерiн "Қазатомөнеркәсiп" компаниясы жеткiзiп беретiн болады. 170 млн. АҚШ доллары көзделiп отырған бұл жоба 2014 жылы iске қосылуы мүмкiн. Нәтижесiнде Қазақстандағы уран өндiрiсiнiң көлемi жыл соңына 9 мың тоннадан асып жығылатын болса, 2009 жылы осындай қуатты отын түрiн өндiру 12 мың 826 тоннаны құрамақшы. Ал әлем елдерi бойынша уран өндiрiсiнiң көшбасшылары болып табылатын Канада келесi жылы 11мың 100 тонна, Австралия 9 мың 430 тонна уран өндiрмекшi. Алла сәтiн салса, Қазақстан уран өндiрушi елдердi басып озып, алғашқы орынға көтерiлуi мүмкiн. Демек, атом стансаларының көбеюiне қарағанда, 2015 жылдары уранға деген сұраныс арта түседi десе де, бiрқатар сарапшылар 2015-2016 жылдарға қарай әлемде табиғи уран тапшылығы орын алуы мүмкiндiгi туралы болжам жасайды.

Үш күн барысында әлемнiң сегiз елi, атап айтқанда Ресей, Жапония, Франция, Чех Республикасы, Германия, Австарлия, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжiкстаннан келген осы салаға тiкелей қатысы бар мамандар уран өнеркәсiбiндегi инновациялық жаңа жобалар, минералды шикiзат базасын дамыту стратегиясы, уран өндiрiсi мен оны қайта өңдеу iсiнде озық технологияларды игеру бағдарламаларын қалыптастыру және жүзеге асыру, ядролық-отын айналымының мәселелерiн талқыға салды. Қоршаған ортаны қорғау, уран өндiрiсiнiң қауiпсiздiгi, бiлiктi мамандар дайындығы сияқты ядролық кешеннiң сәттi дамуын қамтамасыз ететiн күн тәртiбiндегi мәселелер де назардан тыс қалған жоқ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ