Жаңалықтар

ЭМО-ЖАСТАР ҚАПТАДЫ...

ашық дереккөзі

ЭМО-ЖАСТАР ҚАПТАДЫ...

Дiнсiз, тексiз ұрпаққа тыйым бар ма?

Бүгiнгi күнi қала көшелерiнде киген киiмiмен, жүрiс-тұрысымен ерекшеленiп тұратын жасөспiрiмдердi жиi кездестiремiз. Олар өмiрден түңiлгенiн, қоғамда оларға деген махаббаттың жетiспеушiлiгiн көрсету үшiн, жүздерiн жартылай ұзын кекiлмен жауып, қара киiм киiп жүредi. "Эмо" аталып жүрген бұл жастардың басты мақсаты — ел назарын өздерiне аударып, қоғамда бар екендiктерiн сездiру. Бұл жастарды көргендер олардың келешегiне көп көңiл бөлмей, "жай ғана жастардың "модасы" деп қарауы да мүмкiн. Алайда, олай емес. Сондықтан, "эмо дегенiмiз кiмдер, олар қашан пайда болды, қоғамға олардан қауiп бар ма?" деген сауалдарға жауап iздеп көрсек.

Эмо-кид. Бұл кiм дейсiз ғой? Эмо (emo) — эмоция, сезiм, көңiл-күй; кид — бала, нәресте. Екеуiн қосқанда пәктiк пен тазалықтың жұптасуы жымдасып тұр. Бұл эмолықтардың өздерiне берген атауы. Астарында қоршаған ортаны сәбилерше сезiнiп, көрсете бiлетiн адам деген тұжырым жатыр. Олар әдеттегi адамдардай емес, бәрiн жүрегiне жақын қабылдайды. Мәселен, дүкенде жақсы көретiн кәмпиттерi таусылып қалды делiк, эмо үшiн сол күн қайғы-қасiретке, жылауға толы күн болады-мыс. Егер, жақын досымен сөзге келiп қалса, бұл жылау айдан жылға ұласатын көрiнедi. Махаббатта бiрiн-бiрi құлай сүйсе, Ромео мен Джульетта секiлдi қабiрге бiрге кiруге дайын. Тiптi, эмолықтар арасында қол тамырларын кесiп, өздерiн өлiмге қиюшылық та жиi орын алады.

Эмолықтар жаңбырлы күнi жылап жүргендi ұнатады. Себебi, жүздерiн жастарымен қоса, жаңбыр суы шайып, "әдемi" сезiмге бөлейдi. Мұндай күндерi олар кiл қара түстi киiмдер кисе, көңiл-күйлерi орнығып, қуанышқа бөленгенде — қараға күлгiн-қызғылт, сондай-ақ, өзге де көзге түсетiн ашық түстердi араластыруға тырысады. Үнемi рок музыкаға елiтiп жүру де эмолықтарға тән қасиет. Негiзiнен эмо тарихы да музыкамен тiкелей байланысты. 1985 жылдары өзгелерге ұқсамайтын ерекше әуездерде ойнай бастаған вашингтондық топты жұрт "Эмо" деп атаған. Бұл әуездер бiр тыңдағанда сол кездегi панктерге ұқсағанымен, онда вокал мен лириканы эмоциямен орындау басым болған. Эмо да басқа музыкалық стильдер секiлдi өзгерiстерге ұшырады. Бүгiнде эмолықтардың әнұранына айналған музыкалық стиль — рок. Олар әр кеш сайын қолдарына гитара ұстап, билеп, ән салады. Дәл қазiргi таңда Батыста жеткiншектердiң 25%-ы эмолардың қатарын толықтырыпты. Бiздiң елiмiзде әзiрге мұндай пайыздық көрсеткiш анықталған жоқ. Қазақстанда 90-жылдардың екiншi жартысынан бастап пайда болған эмолықтар өздерiне негiзгi ақпарларды интернет сайттарынан алғанын айтады. Бiз мұны эмо өкiлi болып табылатын Эрик есiмдi жасөспiрiммен әңгiме барысында аңғардық.

— Эрик, сен эмолардың қатарына қалай қосылдың?

— Эмоның қатарына қосылмайсың, эмо болып туыласың. Эмо — ол еркiндiк. Сезiмiңдi ешкiмнен жасырмайсың. Киiм кию ерекшелiгiң де сақталады.

— Жасың нешеде?

— Он алтыда.

— Эмолықтардың жас ерекшелiктерi қандай?

— Мен танитындар он үш жастан басталады.

— Қазақша бiлесiң, ұлтың қазақ па?

— Иә.

— Эмолықтарды буддизм дiнiмен байланыстырады…

— Мен ешқандай дiн ұстанбаймын. Мен эмомын.

— Сендердi жылауық дейдi…

— Жылағанның несi айып?!

— Достарың көп пе?

— Интернетте. Эмолардың көбiсi бiр-бiрiмен интернет арқылы байланысады.

— Хоббиiң бар ма?

— Гитарада ойнау.

— Эмолар өз-өзiне жиi қол жұмсайды екен. Неге?

— Сенi ешкiм түсiнгiсi келмесе, неге қол жұмсамайсың?! Үлкендер бiз туралы мүлдем ойламайды, оларға бiз жоқ болсақ та бәрiбiр.

— Сыртқы кейпiң ерекшелеу. Кешiр, адамдар сенi гомосексуалистермен шатастырып алмай ма?

— Менi ме? Мен оларға ұқсаймын ба?!

— Иә.

Ол күлдi. Түсiнiксiз, соңынан жылай бастады. Жүрегiмдi үрей биледi. Тезiрек жанынан кетiп қалуға тырыстым. Цирктегi әртiстерге көбiрек ұқсайтын түрiнен мүсәпiрлiк байқалады. Мен аяғымды шапшаң басуға тырыстым. Өйткенi, одан ыңыранған дыбыстар шыға бастады…

Мамандардың айтуынша, эмолықтар өздерiн керексiз сезiнiп, болмашы нәрседен қателiк iздейтiн көрiнедi. Сондықтан, ата-ана баласының рухани әлемiне көп көңiл бөлуi тиiс екен.

Эмо — ауыл жастарының арасында кездеспейдi. Оның басты себебi — интернеттiң ауылдық жерлерде кең қанат жаймауынан. Әрi, көп балалы отбасыларда жеке бас мүддесi айтыла бермейдi. Ал, қалада керiсiнше, "бiреудiң жалғызымын, тұңғышымын, кенжесiмен" деген менмендiк эмо-сезiмге жетелейдi.

Жұмыс басты ата-аналар балаларының компьютер алдында немен шұғылданып отырғанынан бейхабар. Бұрындары компьютерлiк ойындар бала санасын улап жатыр десек, қазiр түрлi интернет сайттары жасөспiрiмдерiмiздiң санасын да, сыртқы тұлғасын да Батысқа елiктiрiп барады. Мiне, ұлттық тәрбиеден алшақтаудың қазаққа берген жемiсi.

Мұндай бiр басының ғана қамын ойлайтын ұрпақтан болашақта игiлiк күтудiң өзi әбестiк. Көршiмiз Ресей секiлдi бұл проблеманы бiз де басты назарға алуымыз керек шығар. Жуырда Ресей Думасында өз-өзiне қол жұмсаушылықты насихаттайтын елiктеушi-эмолықтарға қарсы заң қабылдау туралы мәселе көтерiлген болатын. Бiзге де бала және жасөспiрiмдер туралы заң жобасын жасау қажет. Аурудың алдын алмаса, асқынатынын ескермесе болмас.

Жадыра НАРМАХАНОВА