ҚЫТАЙ ЖАЗБАЛАРЫНДАҒЫ ҚАЛИБЕК ХАКIМ ТҰЛҒАСЫ

ҚЫТАЙ ЖАЗБАЛАРЫНДАҒЫ ҚАЛИБЕК ХАКIМ ТҰЛҒАСЫ

ҚЫТАЙ ЖАЗБАЛАРЫНДАҒЫ ҚАЛИБЕК ХАКIМ ТҰЛҒАСЫ
ашық дереккөзі

Қалибек Хакiм туралы сөз болғанда әркiм әртүрлi көзқарас айтады. Жүйеден Қалибек Хакiмнiң туып өскен мекенi, ат жалын тартып мiнiп, азамат болған жерi — географиялық атауда Шығыс Түркiстан аталып кеткен Шыңжаң жағы ол кiсiге қалай қарайды деген сауалдың туындауы әбден мүмкiн. Оспан, Қалибек сынды тұлғаларға жеңiл-желпi баға беру немесе олардың саяси iс-қимылының тарихтан алар орнын тұрақтандыру бiрден асығыс жасалған шешiм болар едi. Әсiресе, Оспан бастаған ұлт-азаттық қозғалысының бiр жағында Кеңес Одағы, бiр жағында АҚШ сынды iрi елдердiң жатуымен бiрге Қытай және Монғол елдерiнiң мүддесi — мәселенiң түйiнiн одан әрi шиеленiстiре түскенi белгiлi.

Дегенмен, мұндай тұлғаларды Қытай жағы қанша даттағанымен, кейде сол қаралаудан ерлiк пен елдiктiң шынайы бейнесi де көрiнiп отырады. Ендеше, осы жағынан Қалибек Хакiм тұлғасына тағы бiр қайырыла кеткенiмiз артық болмас. Арғы бетте таныстырылған Қалибек Хакiмнiң өмiр жолына келер болсақ, онда мынадай жолдар бар: "Қалибек Райымбекұлы (1908-1981) қазақ Орта жүзiнiң Керей тайпасының Жәнтекей руының Барқы атасынан тараған. 1908 жылы Барлық тауында дүниеге келген. Оқу жасына толған соң, Сауан ауданындағы бастауыш, орта мектепте оқыған, оқу тауысқан соң сол жерде оқытушы болған. Үш аймақ төңкерiсi басталған соң, партизандар қосынының бастығы, Сауан ауданының әкiмi болған. 1946 жылы Үш аймақ пен Гоминдаң арасында жасалған бiтiмнен кейiн Үш аймақ үкiметiмен арадағы қатынасын үзiп, Гоминдаңның қолтығына енген. Шыңжаң бейбiт жолмен азат болғаннан кейiн 1951 жылдың соңында шетелге қашып кетiп, 1981 жылы қарашада Түркияда науқастан қайтыс болады." (Жақып Жүнiсұлы, "Iленiң тарих-шежiресi" 179-бет, Iле халық баспасы, 2007 ж.) (Шын мәнiнде Қалибек Хакiм 1986 жылы қарашада қайтыс болған — Ж.Ш)

Мiне, бұл — бүгiнгi Шыңжаң жағдайындағы Қалибек Хакiм өмiрiне жасалған қысқаша дерек. Десе де, бұл өмiр-деректiң "Тарихи тұлғалар" айдарымен берiлгенiне қарағанда, қаншама "банды, бүлiкшi, қашқын" атанса да, Қалибек (Хакiм) Райымбекұлы қытай қазақтары тарихындағы көрнектi тұлға ретiнде қағазға түсiп отыр. Мейлi Коммунистiк партия, мейлi Гоминдаң партиясы болсын, әркiм өз ұпайын түгендеген тарихи кiтаптарының болашақтық жауабын уақыт айтатынын да бiлгенiмiз жөн.

Шыңжаңда өткен белгiлi ағартушы ғалым Қабимолда Мәнжiбаев та "Кешiрмелерiм" атты естелiгiнде Қалибектi көзiмен көргенiн тiлге тиек етедi. Онда да Қалибек тұлғасы жай, қарапайым адам бейнесiнде емес, ел ортасында айбарлы тұлға ретiнде суреттелген. "Бiз Сауанға дәл түсте келдiк те, тұп-тура Қалибек Хакiмнiң үйiне тарттық. Хакiмнiң үйiнде Шәуешектiң (Тарбағатай) Уәлиi, Қасым Ахұн, Мұқаш молда, Қалдыбай, Телмұхамметтер қонақта екен. Қалибектiң Қасен деген баласы ауладан шығып: "Қонақтар тараған соң қабылдайды, аттарыңызды мен жайғастырып қояйын, өздерiңiз мына үйде дем алыңыздар" — дедi де, қайтып кеттi. Сол Қасен қазiр "Азаттық" радиостанциясының қазақ редакциясында бастық. Ол "Оралтай" деген атпен танымал болған адам.

Бiз Қалибекпен түстен кейiнгi сағат 5 мөлшерiнде кезiктiк. Ол құс төсектiң үстiнде, қос жастыққа басын қойып, шалқасынан жатыр екен. Қасында тоқалы — Қадиша… Қолымызда оқу-ағарту меңгермесi Сәйпиден Әзезидiң қолы қойылып, мөр басылған қағаз бар едi. Орнымнан тұрып соны қос қолдап ұсындым. Қағазға көз жүгiрттi де, маған алая қарап: "Бiз Үрiмжiнi танымаймыз, Құлжадағы Шығыс Түркiстан үкiметiн танимыз, жолдарыңа түс!" — дедi.

1947 жылы Қалибек Шарқидан бет бұрғаннан бастап "Сәуле" ұйымы Шарқиға қарсы үгiт-насихат таратты. Үгiт қағазын 1947 жылы күзге жақын Қалибектiң (Оразбай жеткiзген) талабы бойынша Нығмет жазып шыққан. Марқұм Таухан екеумiз таспаға түсiргенбiз. Оны Құтыбидегi Оразбайға мен апарып бердiм. Үгiт қағаздың басында:

"Ел қайда, дiнiң қайда, ерiң қайда?

Бостандық-еркiндiктен жылт қайда?

Құл болдық, қожайындар қодыраңдап,

Ал, елiм, өзiң тұрып қару сайла!"

— деген бiр шумақ өлең бар болатын. Қалған мазмұндары негiзiнен Шарқи үкiметi — орыстардың қолшоқпары, дiндi уақыттық желеу еткенмен ақыры оны жоғалтады, елдiң мал-мүлiк жинауына ерiк бермейдi. Бұл Қызыл үкiметтiң (Совет үкiметiн айтпақшы) ежелгi әдiсi. Нағыз еркiндiгiмiз, дiнiмiз үшiн аттанысқа келiп, қолға қару алып, "қызылдастыруға" қарсы тұрайық дейтiн сөздер едi" — ("Iле тарихи материалдары" 14 сан, 100 бет.)

Аталған жазба бүгiнгi Қытай қоғамында жарияланып отырғандықтан, Қалибектiң iсiн оң демесi бесенеден белгiлi. Дегенмен, Кеңес Одағының "қуыршағына" айналған Шығыс Түркiстан үкiметiнiң бағытының дұрыс еместiгiн сезген Қалибек Хакiмнiң ендiгi жерде бiр жағынан Шығыс Түркiстан үкiметiне, екiншi жағынан оларға дем берiп отырған қызылдарға қарсы шыққандығы айқын көрiнiп тұр. Әрi осыдан бастап Оспан батырмен ниеттес болғандығы, бiр мезет күрестiң стратегиялық қажетi үшiн гоминдаңшылдармен бiрiккенi тiлге тиек етiледi. Осы мәселеге келгенде Оспанның: "Кезiнде Жапонға қарсы жүру үшiн қытай қызыл коммунистерi де Гоминдаңмен уақыттық одақ құрған. Ал, бiз бiр мезет Гоминдаңмен одақтасып, АҚШ-тың көмегiне қол созсақ, оның несi айып?!" — деген сөзiнiң тегiн айтылмағаны еске оралады.

Жоғарыдағы келтiрiлген үзiндiлерден бiз Қалибек Хакiмнiң әу баста өзi сенген Шығыс Түркiстан үкiметiнiң шынайы бет-бейнесiн таныған соң, онан бет бұрып, оның артында тұрған кеңестiк коммунистердiң қызылдастыру саясатына бiрден қарсы шыққандығын көре аламыз. Ендiгi жерде Оспан және Қалибек бұл күресте ортақ мақсатқа келе отырып, өлiспей берiспейтiн күн кешедi. Бiрi өзiнiң туған жерiн қызғыштай қорып, басын бәйгеге тiксе, ендi бiрi қанатының астына паналаған елiн қорғап, еркiндiк жолын таңдады. Бұл тұрғыдан қарағанда, Қалибек Хакiм Шығыс Түркiстан үкiметi деген атауды желеу еткен аталмыш "үш аймақшылдарға" да, Кеңестер одағының зұлым саясатына да қарсы болды. Әсiресе, Кеңестер одағынан арнайы тәрбие алған Ахметжан Ысқақбек, Дәлелхан секiлдi тұлғалардың бастауындағы "қуыршақ" үкiметтiң кеңес одағының уақыттық ойыны екенiн бiлдi. Сөйтiп, Оспан мен Қалибектiң досынан жауы көбейдi. Ағылшын жазушысы Гофедей Iлияс айтқандай: "Оспан батыр егер бұдан 5-6 ғасыр бұрын дүниеге келгенде аталары Мөңке, Шыңғыс, Темiрлан деңгейлес ұлы қолбасшы болар едi." Амал не, тұс-тұсынан анталаған жау орай бермедi. Десе де, олар қол қусырып тұрмады. Аттың жалы, түйенiң қомында арын ақ шүберекке түйiп, күрестi жалғастырды. Олардың iс-қимылын "бүлiкке" балаған "үш аймақтың" да үрейi ұшты. Бұл туралы "Шыңжаңның үш аймақ төңкерiсi тарихы" (Ұлттар баспасы, 2000 жыл) атты кiтаптың 340-бетiнде: "Оспан, Қалибек, Жаужап (монғол) бүлiгi арт-артынан туылғандықтан, үш аймақтың жағдайы күннен-күнге ушығып, мүшкiл халге кiрiптар болды… Ұлттық армия әскери күшiнiң жеткiлiксiздiгi тұтас үш аймақ үкiметiне ауыр қатер төндiрдi" — деп жазады. Оспан, Қалибек бастаған ұлт-азаттық қозғалысының әдiлеттi жақтаушылардан екенiнiң дәлелi болса керек, көп бөлiм халық солар жағында болып, олардың iс-әрекетi өзгелерге ерекше үрей тудырып отырған.

Қалибек Хакiмнiң ендiгi хикаясына тоқталғанда Қытай жазбалары мынадай сыр шертедi:

"1951 жылы қаңтарда батыс солтүстiк әскери районы 1,2,3,4-корпустарының әрқайсысынан бiр бөлiмнен шығарып, 3-корпустың командирi Хуан Шинтиңнiң бiртұтас қолбасшылығында Құсайын, Қалибек бандыларын бiрлiкте аластауға бұйрық бередi. Шыңжаң әскери районының Чарқылықта тұратын 6-дивизиясының атты әскерлер полкi де аластауға қатынасады. Қалибек азаттық армиясының қудалауында, малын айдап, ел бар жерлерден айналып өтiп, 3 ай жүрiп Тибетке келедi. Тибеттiктердi жол бастауға жалдайды. Жол бойы азаттық армиясының 7 реткi қоршауына ұшырайды. Тек Қалибектiң туыс-туғандарынан 42 адам оққа ұшады, 22 адам ыстан өледi, 9 адам iз-түзсiз жоғалып кетедi. Ол қашып, Тибеттегi Кашмирге ең жақын қыстақ Радакқа барып, сол жердегi ел басыларына қонағасы берiп күтедi және тибеттiктерге бiр мылтық тарту етедi. Тибеттiктер ұн, шай берiп, еруге қару қайтарады. Сондай-ақ, шекараға баратын жолды көрсетiп бередi. 27-қыркүйек күнi Қалибек 90 адамды бастап Қытай-Үндiстан шекарасындағы Бангулу районына барып, Таулидоуладағы Үндiстан әскерлерiнiң қолтығына кiредi. Оларға қыруар алтын-күмiс, қазына мүлiк бергеннен кейiн ғана шекарадан өтуге рұқсат алады. Қалибек бандылары Радакқа барғаннан кейiн Үндiстан жақ олардың қаруын тапсырып алады. (Шыңжаң қазақтарының қоныс аудару тарихы", 1993-жыл. "Шыңжаң университетi" баспасынан – қытайшасы, 1999 жылы Бейжiңдегi "Ұлттар" баспасынан – қазақшасы жарық көрген).

Аталған деректер Қалибек Хакiм өмiрiнiң ең тайталасқан, қиын-қыстау кезеңдерi болып, жауып тұрған оққа қарамай, ақыл мен қайратты қатарынан iске салып қияметтен жол тауып шыққандығын дәлелдейдi. Тiптi, басынан бақайшығына дейiн қаруланған Қытай қызыл армиясының 7 реткi қоршап жоюына тап болса да, құрып-жоғалмаған ерлiгi кiсiнi қайран қалдырады. Басқа тарихи деректер емес, Қытай тарапынан жарияланып отырған материалдар болғандықтан өзiн зор көрсетуге әбес елдiң жау ретiнде көрсеткен адамының қарсылықтар мен қақтығыстарды елең құрлы көрмей, Үндiстан жерiне өтiп кетуi, әрине, үлкен ерлiк саналады.

Бiр қызығы, қызыл армия оларды құртып-жоюдан гөрi өздерiнiң аман қалғанына шүкiршiлiк ететiн көрiнедi. Қытай тiлiнде жарық көрген "Жорық жолында есте қалған оқиғалар" атты соғысқа қатысқан әскерлердiң естелiктер жинағында мынадай жолдар бар:

"1951 жылы 9-ақпан күнi түскi сағат 12 шамасында екi бағыттағы армия бiрлесiп, жоспар бойынша тағы да екiге бөлiнедi. Бiр бөлiмi үздiксiз жорық жасап Тибетке қарай әрекет етiп, Қалибек тобына соққы берiп, тағы бiр бөлiм әскери күш шығысқа қарай беттеп, Циңхай, Гансу өңiрiндегi әскери күшiмiзбен Хайзыдан бiрлесiп, Аннан жазығындағы қашқын бандыларға (қазақ көшi) соққы беретiн болды. Тибет бағытында жорық жасаған әскери күштер өте қиын әрi машақатты басынан өткiздi. Асқар тауларды асып, небiр қиыншылықты жеңiп, Қалибек тобымен өте ауыр әрi қиянкескi соғыс жасады. Осы реткi соғыста арттан келетiн көмектiң кешiгуi, келмеуi тау-тас жағдайын жақсы бiлмеушiлiк, көп шығынға ұшыратты, Қалибек тобының соңынан қууды амалсыз тоқтатты. Арттан келетiн көмек күштiң жетпеуi зардапты мейлiнше ұлғайтты. Егер осы Қалибекпен жүргiзiлген қиянкескi соғыстан кейiн 3-армия бiр полк әскер мен азық-түлiк жәрдем бермеген болса, Тибет бағытында Қалибекпен соғысқан әрi ауыр соққы жеген тiрiлердiң өзiнiң қалған күнi қаран болып, бүкiлдей қырылып қалар едi. Осы жорықта ең ауыр шайқас — Қалибекпен шайқас едi. Бұл шайқастан кейiн бандыларды жою жорығына шыққан осы армия "Қаһарман әскери күш" деген сыйлықпен сыйланды."

Мiне, бұл үзiндiлер Қалибек Хакiмнiң әлдебiреулердiң айтқанындай оп-оңай "қашып кетпегенiн" көрсетедi.

Жалпылай алғанда, Қалибек Хакiм бейнесiн қаралап көрсетуге тырысатын қытай жазбаларының қай-қайсысы болмасын оның көлеңкелi бетiн ашамыз деп батырлық пен биiктiк келбетiн барынша көрнектiлендiргендерiн өздерi де сезбесе керек.

Тарих қатпарының терең қойнауынан шұбыра шыққан көкжалдар арасында Қалибек Хакiмнiң де бейнесi бар. Ол қай қоғамда, қай елде жазылса да алтын әрiппен айшықталар iрi тұлғалардың бiреуi. Әрине қытай жазбалары да бұл пiкiрден "кет әрi" емес екенiн аталған дәлелдер айғақтаса керек. Ұлт рухын жоғалтпау үшiн "малым жанымның, жаным арымның садағасы" деп, жанын аузына тiстеп, от пен суды кешiп өтiп, ұрпаққа ұлағаттылықты аманаттаған Қалибек Хакiм – қазақ тарихындағы қанды көштiң бел ортасындағы ұлт қаһарманы. «Ерлерiн ардақтаған елдiң ертеңi жарық болады!» десек, ұлт ұлдарын ардақтай бiлейiк, ағайын!

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ