Жаңалықтар

Хасан ОРАЛТАЙ: БIЗГЕ ЖЕТПЕЙТIНI — ҰЛТТЫҚ САНА

ашық дереккөзі

Хасан ОРАЛТАЙ: БIЗГЕ ЖЕТПЕЙТIНI — ҰЛТТЫҚ САНА

(Егей теңiзiндегi әңгiме)

Жаздың жанға жайлы күндерiнде сапар сәтi түсiп, Түркияның Станбул, Анкара, Измир қалаларында болып қайтқан едiм. Осы орайда Измирдiң Өздере деген жерiнде жаздық демалыста жатқан Хасан Оралтай ағамызға арнайы сәлемдесе бардым. Жергiлiктi салт бойынша Егей теңiзiне шомылуға ұсыныс еткен ағамыз әңгiме-дүкенiн қыздырып, көп сырларға қандырды. Сондағы әңгiмемiздiң бiреуi биыл 100 жасқа толып отырған Қалибек Хакiм жайында болып едi. Ендi сол әңгiмемен өздерiңiздi ортақтастырудың орайы келiп отыр.

— Хасан аға, Қалибек Хакiм жайында айтар болсақ, ол – сiзге әке ретiнде емес, Алаштың ардагерi ретiнде танылған тұлға. Ең әуелi Қалибек Хакiмнiң өмiрi жайында қысқаша айтып кетсеңiз екен?

— Қалибек Хакiм 1908 жылы қазiргi Қытай мемлекетi құрамындағы Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Әкесiнiң аты — Райымбек, шешесiнiң аты — Жаңыл. 1935 жылы Еренқабырға бөктерiндегi Сауан жерiне барып қоныстанған. Қалибек Хакiм сол жылдардан кейiнгi елiнiң ұлт азаттығын алу үшiн орыс пен қытайға қарсы соғысқан. Такламакан шөлiнен өтiп, Гималай тауынан асып, Қытай Қарулы күштерiмен 7 рет кескiлескен соғыс өткiзiп, 1951 жылы 26 қыркүйек күнi Үндiстан шекарасынан өтiп, баспана алған. 1954 жылы 29 шiлдеде Үндiстаннан Түркияға барып қоныстанған. 1986 жылы 16 қарашада Түркияның Салиқылы қаласында қайтыс болған. Оның 77 жылдық өмiр жолы туралы "Елiм-айлап өткен өмiр" деп аталатын бiрiншi басылымы 1999 жылы Түркияның Стамбул қаласында, екiншi басылымы 2005 жылы Алматыда қазақ тiлiнде шыққан кiтабымда егжей-тегжейлi баяндалған.

— Ұлтшылдық бiрi — зор ұлтшылдық, үстем ұлттың бұратана халыққа үстемдiк жүргiзуi болса, екiншiсi ұсақ ұлттың өзiн қорғауынан көрiнетiндiгiн айтқаныңыз есiмiзде. Бұл жағынан Қалибек Хакiмдi баласы тұрғысынан емес, қазақ азаматы тұрғысынан қалай бағалайсыз?

— Иә, ұлтшылдықтың баршаға айқын екi түрi бар. Бiрi — ұлы державалар ұстанған шовинистiк ұлтшылдық. Екiншiсi — кiшiгiрiм мемлекеттердiң қорғану ұлтшылдығы. Мәселен, кезiндегi патшалық ақ, кешегi кеңестiк Ресейдiң және бұрынғы гоминдаңдық қытай мен қазiргi коммунистiк партия әкiмшiлiгi астындағы қазақ сияқты шағын халықтарға қолданған саясаты шовинистiк ұлтшылдық саясат. Олардың бұрынғы, соңғы, қазiргi басшылары нағыз ұлтшылдар. Сондықтан олар өздерiн ұлы орыс халқы, ұлы хан халқы деп дәрiптей отырып, әкiмшiлдiк билiгi астындағы шағын халықтарды орыстандыру, қытайландыру саясатын өзгертпей жалғастырады. Ал сол елдердiң отаршылдық әкiмшiлiгi астындағы қазақтар секiлдi шағын халықтар, ана тiлiнен, ұлттық ерекшелiктерiмен туған жерiнен жұрдай болып түбегейлi түрде ассимиляцияланбау үшiн тырысады. Оны әкiмшiлiк етушi жаңағы ұлы держава мемлекеттердiң санасыз сойыл соғарлары ұнатпайды. Сол үшiн кезiнде Мәскеулiк және Алматылық "Правда" газеттерi мен Пекиндiк "Рынмын Рыбау" газеттерi Қалибек Хакiмдi ұлтшыл, пантүрiкшiл деп шабуылдаған болатын.

— Қалибек Хакiм өз ұлтына не iстеп бердi немесе ұрпаққа қандай ұлағатымен танылды?

— Отаршылдық әкiмшiлiк астында арпалыспен өткен Қалибек Хакiм өз ұлты үшiн iстеудi армандаған iстерiнiң көбiн жүзеге асыра алған жоқ. Оның iзiне түскен орыс-қытай әскерлерiмен соғыса отырып, бiр бөлiм елдi бастап Манас-Сауаннан шығып, Қаратау-Көклiктi басыл, Такламакан шөлiнен өтiп, Түркияға барып қоныстанып, жетi рет қажыға баруы шынында оңай өмiр емес. Әсiресе, халықтың түп мүддесiне, ұлтының болашағына көлеңке түсiретiн немесе оны құртып жоғалтуға ұрынған зор ұлтшылдыққа, зұлымдыққа қарсы тұра бiлдi. Коммунистiк жүйенiң тұзақтарын баспай, елiнiң ертеңiне нұрлы жарық iздедi. Ұлттың ұжданын, елiнiң намысын жат табанға бастырмау жолында күрестi. Оның бәрiн қазiр бiрден айтып беру мүмкiн емес. Оның кейбiр деректерi менiң "Елiм-айлап өткен өмiр" атты естелiгiмде бар.

— Бүгiнгi қазақтарға не жетiспейдi, бiз оның бостығын немен толықтырамыз?

— Аллаға шүкiр, бүгiнгi қазақтарда кешегiмен салыстырғанда бәрi бар. Жетiспей, толықтанбай тұрған, бүгiнгi отаршылдық езгi, ауыр зұлмат зомбылық қалыптастырған жасқаншақтық пен ұлттық сана-сезiмнiң аздығы. Оны толықтауға тырысатын шаралар бар. Оның ең бастысы қазақ жастарының Мағжан Жұмабаев армандаған "Мен жастарға сенемiн" дегенiндей жастарды тәрбиелеп жетiстiруге мықтап кiрiсуi дер едiм.

— Қалибек Хакiм жайында жазылған қандай еңбектер бар?

— Түрлi тiлде жазылған бiрқатар кiтаптар баршылық. (бiр бөлiмiн www. AlibekHakim.com; Kazakhaber.com сайттарынан көруге болады.) Шетел басылымдарын айтпаған күннiң өзiнде қазақ тiлiнде шыққан "Қилы заман, қиын күндер" (2000 ж. Алматы), "Алтайдан ауған ел" (2000 ж. Алматы), "Елiм-айлап өткен өмiр" (2005 ж. Алматы), "Қытайдағы қазақтар", Ж.Сәмитұлы "Сергелдең" (2004 ж.) "Қытайдағы қазақтар" (Ж.Шәкенұлы), "Оспан батыр" (2007 ж.) кiтаптарында Қалибек Хакiмнiң iс-қимылдары немесе өмiр-дерегi секiлдi мағлұматтар бар.

Бұдан сырт Қазақстандық басылымдардан "Егемен Қазақстан", "Қазақ әдебиетi", "Түркiстан", "Жас қазақ", "Шалқар", "Парасат", "Бiлiм және еңбек" секiлдi газет-журналдар әртүрлi мақалалар жариялап келедi.

— 2008 жылы Қалибек Хакiмнiң туғанына 100 жыл толыпты. Мерейтойдың аталу шарасы қалай болып жатыр?

— Қалибек Хакiмнiң менiң әкем екенi рас, бiрақ ол халықтың қара лағы болған адам ғой. Осы тұрғыдан алғанда мен "әкемнiң мерейтойын неге атамайсыңдар?" деп жүгiрiп жүрсем, ол халыққа деген, ел басқаруға араласып жүрген азаматтарға деген сенiмнiң аздығынан болар едi. Десе де, Аллаға шүкiр, Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған, Бекболат Тiлеухан секiлдi елдiң мұң-зарын жоқтап, ұлттық рухты көтеруге ұмтылып жүрген азаматтар бұл мәселенi қолға алып жатқанын естiп қуанып жатырмын. Осыған қарағанда "Елiм-айлап" өткен Қалибек Хакiмнiң жоқтаушылары да бар сияқты. Ұлттың ұжданды ұлдары етiгiмен су емес, қан кешiп елi үшiн күрескен ерлерге жоқшы болып, ертеңгi ұрпаққа ұлт рухының асыл қасиеттерiн жеткiзiп жатса неге қуанбасқа?! Басталған iс әрине, аяқсыз қалмайды деп ойлаймын.

Демек, қазақ елiнiң қасиеттi қара шаңырағында бiр үлкен тойдың күтiп тұрғаны жасырын емес.

— Әңгiмеңiзге рахмет, елi үшiн күрескен ерлердiң рухы жасай берсiн!

Әңгiмелескен Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,

Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы

"Атажұрт" баспа орталығының бас редакторы