“МАҚСАТ — ҚАЗАҚТЫҢ ТIЛI МЕН ӘДЕТ-ҒҰРПЫН САҚТАП ҚАЛУ” дейдi өзбекстандық қандастарымыз

“МАҚСАТ — ҚАЗАҚТЫҢ ТIЛI МЕН ӘДЕТ-ҒҰРПЫН САҚТАП ҚАЛУ” дейдi өзбекстандық қандастарымыз

“МАҚСАТ — ҚАЗАҚТЫҢ ТIЛI МЕН ӘДЕТ-ҒҰРПЫН САҚТАП ҚАЛУ” дейдi өзбекстандық қандастарымыз
ашық дереккөзі

Қазақ диаспорасының Қытайдан кейiнгi ең iрi шоғыры Өзбекстанда орналасқаны белгiлi. Өзбекстан мемлекеттiк статистикалық мекемесi ұсынған ресми дерек көздерi бойынша, онда 1,3 миллион қандасымыз тұрады. Ал, бейресми мәлiметтер Өзбекстандағы қазақтардың санын бұдан екi есеге артық етiп көрсетедi.

Өткен аптада Дүниежүзi қазақтары қауымдастығында Өзбекстан қазақ мәдени орталығының қызметкерлерi қонақта болды. Жақында қазақ ақпарат құралдарында "Өзбекстандағы қазақ-мәдени орталығы жабылып қалған екен" деген қауесет тарағандығы белгiлi. Қонақтар ең бiрiншi бұл ақпараттың жалған екендiгiн паш еттi. Дәл осы әңгiме тарап жатқан тұста, Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының басшысы мен мекен-жайы ауысқан екен. Өзбекстандағы қазақ-мәдени орталығының төрағасы Марат Үкiбаев бұл қызметке араласа бастағанына 2 айдың жүзi болғандығын айтады.

Өзбекстан iргемiзде тұрса да, Қазақ елiмен бiр шаңырақта 70 жыл бiрге жасаса да, мәңгiлiк тату көршi болу туралы келiсiмге қол қойса да, көп жағдайда Қазақстанмен санаса бермейтiндiгiн уақыт көрсетiп келедi. Оған себеп ретiнде екi ел арасындағы шекарада жиi орын алатын кикiлжiңдердi көлденең тартсақ та жеткiлiктi. Сондай-ақ, Өзбекстан президентi Ислам ака Каримов бiздiң Елбасының Орталық Азия елдерi одағы туралы ұсынысын қолдамайтындығын айтып шарт кеткендiгi бар. Ал, ең бастысы, ондағы қазақ диаспорасының жағдайының күрделi сипат алып бара жатқандығы. Жақында "Хабар" арнасынан Өзбекстандағы қазақ театрының 10 жылдығы туралы ақпаратты көзiм шалып қалды. Онда Ташкенттегi қазақ театрының мұң-мұқтажы сөз етiлiп, жалғыз өнер ошағының республикалық дәрежеге қол жеткiзе алмай отырғандығы айтылды. Республикалық дәрежесi болмағаннан кейiн, театрдың күйi де келiсiп тұрмаған көрiнедi.

Өзбекстанда Кеңес Одағы тұсында 1000-ға жуық қазақ мектебi бар болатын. Қазiр ресми дерек көздерi ондағы қазақ мектептерiнiң саны 540-қа дейiн азайғандығын айтады. Марат Үкiбаев бастаған Өзбекстан қазақтарының өкiлдерi ондағы ендiгi бiр проблема өзбек мектептерiнiң 9 жылдық бiлiм беру стандартына көшкендiгi. 9-сыныптан кейiн оқушы колледж немесе лицейге түсетiн болады. Бұл да еуростандарттың бiр түрi. Бұндай жағдайда Өзбекстандағы қазақ мектебiнiң 300 мыңдай түлегiнiң жағдайы мүшкiл болмақ. Себебi, колледж немесе лицейлердiң барлығы тек өзбек тiлiнде бiлiм беретiн болады. Марат Үкiбаев қазақ мектептерi де елдегi бiлiм стандартына орай 2-3 жылдың iшiнде 9 жылдық бiлiм беруге көшетiндiгiн айтады. Қазiр қазақ мәдени орталығының араласуымен 40-тай мектептiң 9 жылдық бiлiм жүйесiне көшуi бiрнеше жылға шегерiлген. Ендiгi мақсат — қазақ тiлiнде колледждер мен лицейлердiң өмiрге келуiне атсалысу. Болмағанда өзбек тiлiндегi колледждердiң iшiнен қазақ бөлiмдерiн ашуға қол жеткiзу.

— Бұл мәселенi Қазақстан және Өзбекстан бiлiм министрлерiмен бiрлесе отырып шешуiмiз керек, — дейдi Марат Үкiбаев.

1992 жылдан бiлiм беру стандарттарының өзгеруiне орай, Өзбекстандағы қазақ мектептерi үшiн Қазақстанда басылатын оқулықтардың жарамсыз болып қалғандығы белгiлi. Қазақстан Бiлiм министрлiгi шеттегi қазақ диаспораларына арналған мектептер үшiн, тегiн оқулық таратып келгендiгi мәлiм. Бiрақ, бұл оқулықтардың iшiнен "Ана тiлi", "Қазақ тiлi", "Қазақ әдебиетi" секiлдi оқулықтары ғана оқытуға жарамды. "Өзбек тiлi", "Өзбекстан тарихы", "Өзбек әдебиетi" секiлдi оқулықтар ондағы қазақ мектептерi үшiн өзiнде басылып шығарылады. Марат Үкiбаев Өзбекстан Бiлiм министрлiгi тарапынан қазақ мектептерiне арналып 8 мың оқулықтың басылып шыққандығын айтады. Бұл оқулықтар қазақ мәдени орталығы арқылы таратылып жатыр екен.

Бүгiнде Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының 9 облыс, 50-дей ауданда филиалдары ашылған. Орталық жанынан 13 ақылдастар кеңесi құрылған.

— Мақсат — халқымыздың мәдениетiн, ғұрып-әдетiн, тiлiн сақтап қалу. Жастарды оқыту, Қазақстанның мүмкiншiлiгiн пайдаланып, олардың осында жоғары бiлiм алуына көмектесу. Түрлi байқаулар мен айтыстар өткiзу, конкурстар ұйымдастыру, — дейдi олар.

Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасының I-орынбасары Талғат Мамашев әлемнiң 32 мемлекетiнде қазақ мәдени орталығы барлығын айтады. Тек Ресейдiң өзiнде 22 қазақ мәдени орталығы тiркелген. Қазiр олардың жетеуi бiрiгiп, федеральды деңгейде Ұлттық мәдени автономия ретiнде жұмыс iстей бастады. Қытайда қазақ мәдени орталығы деген ресми тiркелген қоғам болмаса да, Қазақ мәдениетi, тiл-ғылымы деген қоғам бар екен. Қазақтар қауымдастығы осы қоғам арқылы байланыс жасайды. Еуропаның 10 елiндегi қазақтар өзара келiсiп қазақ мәдени орталығының үйлестiру кеңесiн құрған. Сондай-ақ, Моңғолия, Қырғызстан, Иран, Түркiменстан, т.б. мемлекеттердiң қазақ мәдени орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Қазақтар қауымдастығы шетелдегi қазақ диаспораларына қолдан келгенше, мәдени-рухани көмектер көрсетiп келедi. Мәселен, Еуропа мен Ресейдегi қазақтар үшiн қазақ тiлiн үйренудiң компьютерлiк бағдарламасы жасалынып, қазақ мәдени орталықтарына жеткiзiлген. Қытайдағы қазақтарға арнап төте жазумен қазақ тiлiн оқып-үйренудiң жетiлдiрмесi атты компакт-дискiлер таратылды. Қазақша-түрiкше тiлашар жарық көрiп, Түркия мен Еуропа қазағының қолына тидi. Қауымдастық жанынан "Алтын бесiк" және "Туған тiл" журналдары шығады. Сондай-ақ, "Атажұрт" баспасы шетелдегi қазақ қаламгерлерiн атамекендегi оқырманға танытуды басты мақсат етiп келедi. Қазiр "Қазақтар" атты веб-сат жұмыс iстейдi.

Бүгiнде Өзбекстанда қазақ тiлiнде "Нұрлы жол" республикалық газетi жарық көредi. Қазақ-мәдени орталығының үнiн шығару да алдағы мақсаттың бiрi. Өзбек телевидениесiнде қазақ тiлiнде "Дидар" бағдарламасы аптасына екi рет, 20-30 минут хабар таратады. Әрi аптасына бiр рет радио хабармен жүздесудiң мүмкiндiгi бар. Қазақстандағы барлық телеарналар Өзбекстанда көрсетiледi. Қазақ тiлiндегi газет-журналдардың жазылуына шек қойылмайды. Алайда олардың жазылу құны жоғары болғандықтан, таралымы да тым аздық ететiн көрiнедi.

Өзбекстан қазақтары мектеп түлектерiн Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқуына мүмкiндiк жасауды өтiндi. Ал, Қауымдастық өкiлдерi биылғы жылы шетел диаспора өкiлдерiн арнайы дайындық курстарына қабылдау мәселесi кейiнге шегерiлгендiгiн айтады. Бейжiң Олимпиадасы Үрiмжiдегi Қазақстан елшiлiгiнде қытайлық қазақ балаларының визасының кешеуiлдеуiне әсер етiптi. Өйткенi, дайындық курстарына оқуға ниет бiлдiрушiлердiң көбi осы Қытайдағы қандастарымыз көрiнедi. Биыл дайындық курстарына 1,5 мың бала қабылдау жоспарланған. Соның 300-i Түркiстандағы Қазақ-түрiк университетiнiң Кентаудағы филиалында оқиды. Дайындық курсына оқуға ниеттенген балалардың саны 1,5 мыңнан аспаса, емтихансыз қабылданады. Ал, егер бұл межеден асып кетсе, емтихан қабылданып, сұрыптаудан өтетiн болады. Дайындық курстарына қабылдау мерзiмiнiң қазанның 15-iне дейiн созылғандығы Өзбекстан қазақтары үшiн жағымды жаңалық болды. Олар оқуға ниеттi балаларды iргесiндегi Түркiстан қаласына жiберудi қолға алатындықтарын айтты. Қазiр елiмiздiң 16 ЖОО-нында дайындық курстары жұмыс iстейдi. Бiр жыл арнайы дайындық факультетiн оқыған шетелдiк қандастарымыз келесi жыл жергiлiктi түлектермен бiрге кешендi тестiлеуге қатысады. Қазақ диаспорасы өкiлдерiне арналған 2% оқу гранты бар. Бұл қазақ диаспорасы өкiлдерiнiң қаншалықты сұранысын қанағаттандыратыны беймәлiм. Дегенмен, елеусiз қалдырмағанына тәуба деймiз.

Өзбекстанда қазақ мектептерiмен қоса ұлттық мектептер қатарына — орыс, тәжiк және кәрiс тiлiндегi мектептер жатады екен. Өзбекстандағы Оңтүстiк Корея елшiлiгi және кәрiс ұлтының лауазымы жоғары шенеунiгiнiң немесе қалталы байының жолы Өзбекстанға түссе, кәрiс мектептерiне арнайы соғып, олардың материалдық техникалық базасын нығайтуға үлес қосады екен. Ал, қазақ шенеунiктерi мен олигархтары Өзбекстандағы қазақ мектебiне ат басын бұру былай тұрсын, онда қазақ мектебi барынан да бейхабар жүретiн көрiнедi. Бұны бiзге аты-жөнiн айтудан бас тартқан тағы бiр өзбекстанық қандасымыз жеткiздi.

Қазақстанға Өзбекстанның Қарақалпақ автономиясынан қазақтардың көптеп қоныс аударып жатқаны мәлiм. Ал, Марат Үкiбаевтың айтуынша Ташкент маңындағы қазақтар әзiрге жылы орнын суытқысы жоқ.

— Өйткенi, — дейдi ол, — бiз ата-бабамыздың байырғы мекенiнде отырмыз. ешқайдан көшiп келген жоқпыз. Сол себептi де, көшiп кетуге пейiл емеспiз.

— Ұрпақтарыңыздың өзбектенiп кетуiнен қорықпайсыз ба? — деген сауалымызға:

— Жоқ, бiздiң iстеп жатқан тiрлiгiмiздiң барлығы осы ұрпақ қамы, келешек балаларымыздың өз ана тiлiн, ата-салтын ұмытпауының қамы, — деген жауап бердi.

Есен БАЙНҰР