Жаңалықтар

БIЗГЕ АДАМ КАПИТАЛЫ ҚАЖЕТ

ашық дереккөзі

БIЗГЕ АДАМ КАПИТАЛЫ ҚАЖЕТ

Алматыда Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрiнiң қатысуымен оралмандар мәселесi талқыланды

Өткен аптаның басында Астанада көпшiлiк талқысына ұсынылған "Нұрлы көш" бағдарламасын талқылау iсi апта соңында Алматыда жалғасын тапты. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығында Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының I орынбасары Талғат Мамашев, Алматыдағы түрлi қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкiлдерi, оралмандар бас қосқан жиын болып өттi.

ШЕКАРА АЙМАҚТАРДЫ ЕЛСIЗ ҚАЛДЫРМАУ КЕРЕК

Бұл жиында "Нұрлы көш" бағдарламасын жиналғандарға таныстырған Еңбек және халықтың әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев iшкi-сыртқы көшi-қон проблемасына өзi дендей араласа бастағандығын танытты. Жасыратыны жоқ, бұған дейiн көшi-қон мәселесi осы министрлiктiң құрамындағы Көшi-қон және демография комитетiнiң деңгейiнде ғана қаралатын да, бұрынғы Еңбек және халықтың қорғау министрлерi бұл салаға бас ауыртып жатпайтын. Көшi-қон тiзгiнiн мықтап қолға алған Бердiбек Сапарбаев ең әуелi оралман мәселесiнде қордаланған проблемалардың барлығын айтты. Мәселен, шеттен келген оралмандардың тiркелу, көшi-қон квотасын алу сияқты мәселелерi күн өткен сайын күрделенiп келе жатқандығын жеткiздi. "Нұрлы көш" бағдарламасын жасау барысында министр Израйльге арнайы сапар шегiп, олардың отандастарын қабылдау тәжiрибесiн зерттегендiгiн айтады. Бұл ретте Израйльдiң көңiлге түйер iс-тәжiрибелерi мол екендiгiн жеткiзген министр, олар ең әуелi қоныс аударуға ниеттi адамды атамекенiне келгенiнше зерттеп, зерделеп, қайда жiберетiнiн, қандай жұмыс беруге болатындығын, қандай мамандықтар бойынша курстан өткiзу керектiгiн айқындап қоятындығын сөз еттi. Израйльде әуежайдан түскен әрбiр қандасының қолына бiр бума пакет ұсынылады. Онда ақпараттық нұсқаулық бар. Сондай-ақ, әуежай мен вокзалдарда анықтама телефондары жұмыс iстейдi. Егер, сiз сол мемлекетке жаңа келiп тұрсаңыз, қайда баруды бiлмесеңiз осы телефондардың көмегiне жүгiнуге болады. Олар сiзге қандай мекен-жайға, қай мекемеге баруыңызға болатындығы жайында кеңес бередi. Оралмандардың құжат жинау iсi де бюрократиялық кедергiлерге жиi ұшырап, азаматтық алу былай тұрсын, тiркелудiң өзi мұңға айналған бүгiнгi заманда министр өте оңды бастама көтерiп отырғандығын айтты. Ол — шекарадан өткен кезде тiркеуге алу мәселесi және Оңтүстiк, Батыс өңiрлерде жылжымалы пункттер ашып, әр шаңырақты аралап, тiркелуiне жағдай туғызу. Қазiр оралмандар мемлекеттiк көшi-қон квотасына қол жеткiзу үшiн алыс аудандардан облыс орталықтарына сабылады. Егер, құжаттары толық болмаса, облыс орталығы мен ауыл арасына бiрнеше рет қатынауға тура келедi. Демек, құжат мәселесiн реттеуде жеңiлдiктер туғызудың оралманға қаншалықты көмек көрсететiнi айтпаса да түсiнiктi.

Бас қосуға жиналғандар "Нұрлы көш" бағдарламасын талқылаудан гөрi, бүгiнге дейiн шешiмiн таппай қордаланып қалған мәселелер жайында ой қозғауға көбiрек көңiл аударды. Мәселен, Қырғызстаннан келген зейнеткер Игiсiнов Сағынбек оралмандарға зейнетақының орнына ең төменгi жәрдемақы төленетiндiгiн айтып, зейнетақыны теңгерiп беруiн сұрады. Ал, Өзбекстаннан келген бiр ана баласының дипломы Өзбекстан ЖОО-ныкi болғандықтан, жұмысқа орналаса алмай жүргендiгiн тiлге тиек етсе, Қытайдан келген бiр қария ауылда шабындық жерлердiң бәрi иелi болып кеткендiктен, оралмандар жерсiз қалғандығын айтты. Ал, "Ұлт тағдыры", "Желтоқсан ақиқаты", "Аллажар" секiлдi қоғамдық ұйым басшылары көшi-қон процесiнiң стратегиялық маңызына тоқтала отырып, қазақтарды солтүстiк өңiрлерде көбейту, олардың Кеденнен өтуiндегi қолдан жасалып жатқан кедергiлердi болдырмау, елiмiздегi шетелдiк еңбек мигранттарының миллиондаған қаржыны шетке шығарып жатқандығын сөз етiп, ұлттық қауiпсiздiк мәселесiн бекемдеуге мән беру қажеттiгiне тоқталды. Ал, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы Дәулетбек Тоқтасын шеттен оқу iздеп келген қазақ жастарының жатақхана тимей сандалып жүргендiгiн айта отырып, Алматыда 680 баланың барар жер басар тауы болмай қиналып жүргендiгiн жеткiздi. Ол бейiмдеу орталықтарында осы балалардың уақытша тұруына жағдай жасалса, деген ой айтты. Сондай-ақ, ол Үрiмжiдегi Қазақстан елшiлiгiнде сол жақтан берi келуге ниеттi қазақтарға виза беру мәселесiнiң де күн өткен сайын ұзаққа созылып бара жатқандығын жеткiздi.

Демек, көшi-қон процесiн реттеу тек Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң құзырындағы ғана мәселе емес. Бұл министрлiк үйлестiрушi орган, ал оның оңтайлы сипат алуына Iшкi iстер министрлiгi (тiркеу және азаматтық берудi оңтайландыру); Бiлiм және ғылым министрлiгi; Сыртқы iстер министрлiгi; Қаржы министрлiгi; Мәдениет және ақпарат министрлiгi; Экономика министрлiгi, т.б. құзырлы органдар атсалысуы керек. Сонда ғана көшi-қон мәселесi жүйеленетiн болады.

Осы мәселенiң барлығын тыңдаған Бердiбек Сапарбаев әрбiр проблеманы сарапқа салып, жауап беруге тырысты.

Мәселен:

— Қытай мен Қазақстан арасында арнайы мемлекеттiк көшi-қон келiсiмiнiң жоқтығы себептi, ол жақтан келген зейнеткерлерге Қазақстанның ең төменгi зейнетақысын тағайындау мәселесi мүмкiн болмай отыр. Бiз осы көшi-қон келiсiмiне қол жеткiзу үшiн арнайы құжатымызды жасап, Қытайға жiбердiк. Бiрақ, өкiнiшке қарай, ол жақтан бұл мәселеге орай жауап болмай отыр. Жақында әлгi келiсiм-шарттың жауабын сұрап, тағы хат жолдадық. Дәл осындай жағдай Қырғызстанға да байланысты, — дедi зейнетақы мәселесiне орай.

Қазiр Шымкент қаласында, Оңтүстiк Қазақстан облысының Ақсукент ауданында, Қарағанды, Ақтау қалаларында бейiмдеу орталықтары бар екен. Министр бейiмдеу орталықтарының кешендi түрде жұмыс iстеуi қажеттiгiн айтады.

— Бейiмдеу орталықтары баспана табылғанша, бас сауғалайтын мекен ғана болмауы керек. Ол жерде оқыту курстары, заңдық-құқықтық ақпараттар, тiл үйрету, жазу үйрету курстары болуы тиiс. Шетелден келген қандасымыз бiрнеше айдың iшiнде бейiмдеу орталығынан бүгiнгi заманға сай бейiмделген адам ретiнде шығатындай болуы керек, — деген ол, жер телiмдерiн беру мәселесi жергiлiктi әкiмшiлiктерге келiп тiрелетiндiгiн айтты.

— Жер телiмдерiн беру мәселесiн бiз жергiлiктi әкiмшiлiктермен бiрлесе отырып шешуiмiз керек. Алайда, қазiр оңтүстiк облыстарда, Алматы мен Астана қалаларының маңайынан жер бөлiп беру мәселесi қиындап барады. Сондай-ақ, шекараларға арнап қоныстандыру мәселесi бүгiнгi "Нұрлы көш" бағдарламасының жобасына енгiзiлген. Қазiр мысал ретiнде Қостанай облысы алынып отыр. Сол секiлдi шекарада бос қалған өңiрлердi адамдарға толтыру мәселесi көзделуде. Өйткенi, бұл ұлттық қауiпсiздiк шарасы. Егер, шекара аймақтар қаңырап бос қалса ол бiздiң егемендiгiне нұқсанын тигiзедi. Сол себептi де, iшкi көшi-қонды да, сыртқы көшi-қонды да осылай үйлестiру керек, — дейдi министр мырза.

"ЕРIККЕННЕН ЕҢБЕК КҮШIН ШАҚЫРЫП ОТЫРҒАН ЖОҚПЫЗ ҒОЙ"

Дөңгелек үстелге қатысқан тарих ғылымының докторы, профессор Нәбижан Мұхамедханұлы былтыр 1 жылдың iшiнде еңбек мигранттары есебiнде 100 мың адамның тiркелгендiгiн айта отырып, шеттегi қазақ ағайындардың интеллектуальды күшiн пайдалану жағының кемшiн түсiп жатқандығын айтты. Мысал ретiнде, Нәбижан Мұхаметханұлы Қытайда iрi маман ретiнде танылған, мамандығы физик Нұрлан Сейдахмет деген адамды Жапония аттай қалап шақырып алғандығын айтады. Алайда, қандасымыз Жапонияны емес, Қазақстанды таңдап атамекенiне оралған екен. Әлi күнге дейiн не көшi-қон квотасына қол жеткiзе алмаған, не қызметке орналаспаған, әрi-сәрi күй кешiп жүрген көрiнедi.

Министр осы орайда өзiнiң қол астындағы Көшi-қон және демография комитетiнiң қызметкерлерiнiң атына бiраз сын айтты.

— Бiздiң комитетте болсын, облыстық көшi-қон басқармаларында болсын бюрократтар отыр. Қаны жоқ, жаны ашымайды. Егер, солардың жаны ашыса, Нұрланның қолынан өздерi жетелеп жүрiп, барлық жағдайын жасап берер едi. Нұрлан сияқты мамандар көп емес. Бiз ерiккеннен шетелден маман шақырмаймыз. Жоқ, болғаннан кейiн шақырамыз. Шетелде кiмнiң жүргенiн, қандай маман жүргенiн бiз бiлмеймiз. Жақында Елбасымен бiрге Моңғолияға барғанымда, ондағы қандастарымыз "балаларымыз Еуропада, Америкада, т.б. шетелдерде бiлiм алып жатыр. Олардың арманы Атажұртқа барып, еңбек ету" дейдi. Бiз солармен жұмыс жасауымыз керек, — дедi ол.

Жиынға Алматы қалалық Көшi-қон басқармасының қызметкерлерi және Алматы облыстық Көшi-қон басқармасының басшылары қатысып отырған едi. Сондай-ақ, түйiнi мол тағы бiр мәселе көшi-қон квотасын үлестiрудегi жемқорлыққа келiп тiреледi. Жиынға қатысушылардың бiрi алыс ауданға, ауылдарға қоныстанған туыстарының жағдайын айтып, олардың көшi-қон квотасын алу үшiн ауыл мен облыс орталығына сандалып жүргендiгiн әрi жең ұшынан жалғасқан делдалдарға жем болғандығын айтты. Министр мұндай қаңқу әңгiменiң министрлiкке дейiн жетiп жататындығын айтады. Алайда, қолмен қойғандай ұстап берер дәлел жоқ. Мұндайға тосқауыл қою үшiн, оралмандар өкiлдерiнiң өзi көмек қолын созу керек. Кiмнiң пара сұрағанын, кiмге пара бергенiн немесе делдалдың кiм екенiн айтып берулерi тиiс. Онсыз қаңқу сөз, желеу әңгiме әңгiме күйiнше қалады. Сондай-ақ, министр Көшi-қон басқармасы қызметкерлерiнiң iсiндегi жайбасарлықты да, бюрократтықты да, күнде ертеңмен шығарып салатын созбұйдалығын да сынай отырып, жиынға қатысып отырған, өз қызметкерлерiне халықпен қоян-қолтық жұмыс iстеудi тапсырды.

Жұрт не дейдi?

Дос КӨШIМ, "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы:

— Әрине, мұндай бағдарламалардың өмiрге келгенi қуантады. Сондай-ақ, министрдiң өзi қоғам өкiлдерiмен бас қосып, бағдарламаның тұсауын кесiп, жұрттың пiкiрiн сұрауы да жақсы қадам. Бердiбек Сапарбаев: "Мемлекеттiк көшi-қон квотасы жыл өткен сайын көбейе бередi" – деп қуантты. Алайда, жақсы ниеттiң жүзеге асуына түрткi болатын қаржы мәселесi әлi шешiлмегенге ұқсайды. Өйткенi, Бердiбек ағамыз дәл осы сауалға дұрыс жауап бере алмады. Мемлекеттiк бағдарламаға ең әуелi қаржы бөлiнiп, қанша жылға арналатындығы нақты белгiленуi керек. Әрi бағдарламада этникалық қазақтармен қатар, өткен ғасырдың 90-шы жылдары Қазақстанды артқа тастаған "отандастарымыз" мәселесi де қамтылыпты. Бұларды осы бағдарламаға қосқанымыз дұрыс емес.

Сонымен қатар, бiр министрдiң бастаған iсiн екiншi бiр министрдiң аяқсыз қалдыратыны болады. Бердiбек Сапарбаев Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi болып қанша отырады? Яғни, жақсы iстiң аяғы созбұйдаға салынып кетпесiне кiм кепiл? Сондықтан да, бұл мәселеге қоғамдық ұйымдардың көптеп тартылғаны жөн. Бағдарлама жобасын талқылай келе, оралмандарға берiлуi тиiс нақты көмектi мен көре алмадым. Айталық, жер мәселесi. "Жер беру мәселесi жергiлiктi әкiмшiлiктермен бiрлесе отырып шешiледi" делiнген. Бұл дегенiңiз ұзын арқан, кең тұсау болып отыр. Бағдарламада мысалы "әрбiр оралманға 10 сотық жер берiлсiн!" деген нақты сөйлем жоқ. Бағдарлама оралмандарды еңбек эмигранттары деңгейiнде қарастырған секiлдi әсер қалдырады.

Менi таң қалдырған тағы бiр мәселе — бағдарламаның тұсаукесерiнiң Дүниежүзi қазақтары қауымдастығында өткендiгi. Ол — Алматы қалалық көшi-қон басқармасының ғимаратында өтуi керек едi. Мемлекеттiк бағдарламаның тұсауы мемлекеттiк мекемеде емес, қоғамдық ұйымның ғимаратында кесiлiп отыр.

Досан БАЙМОЛДА, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетiнiң оқытушысы, техника ғылымдарының докторы:

— Бағдарламаны қарап отырсақ, мұнда iшкi-сыртқы көшi-қон мәселесi бiрталай қамтылған екен. Бұл жобаның маңызды бiр бөлiгi, шетте жүрген 5 миллион қандасымызды Атажұртқа көшiру мәселесiне арналған екен. Ендiгi көшiп келетiн қандастарымызды солтүстiк облыстарға орналастыру, бейiмделу орталықтарын ашу мәселесi сөз болыпты. Әрине, жобаның өзi жақсы. Егер, ол жүзеге асатын болса, көшi-қон бiршама жүйеге түсетiн болады. Бiрақ…. Бұндайда күмiлжiп қаламыз. Өйткенi, бұған дейiн де дәл осындай жобалардың дүниеге келгенi, өмiрге жолдама алғаны белгiлi. Алайда, қағаз жүзiнде ғана қалды. Жүзеге аспады. Бiз бұл бағдарламаның да аяқасты болып қалмауын тiлер едiк.

Бiрiншiден, бұл жоба қанша мерзiмге арналған, қанша қаржы жұмсалуы тиiс. Ол әлi анық емес екен. Осыған байланысты, мен өз басым министр мырзаға сұрақ қойдым. Бердiбек Сапарбаев жобамен 10-15 жылдың iшiнде жүзеге асады дейдi. Қаржысы есептелiнiп жатыр дегендi айтты. Бұл бағдарламаның iске асатын нақты мехнаизмдерi жасалуы тиiс. Көшi-қон мәселесiне сол мемлекеттердегi Қазақстан елшiлiктерi белсендi атсалысуы керек. Олар көп жағдайда мәселеге араласа бермейдi.

Мен өзiм осы жазда Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында болып қайттым. Олар бұрынғыдай ошарылып көшiп келуге дайын емес. Себебi, олар Қазақстандағы қазiргi қымбатшылықты, экономикалық дағдарысты сезiнген. Баян-Өлгий қазақтары "Хабар", "КТК", "31 канал", "Қазақстан" телеарналарын үзбей көрiп отыр. Сол себептi де, олар мұнда келiп жан баға алмай қаламыз ба деп қорқады. Мiне, солармен тiкелей жұмыс iстелуi тиiс.

Министр мырза Көшi-қон комитетiнiң "Оралман" деген базасында көшi-қон квотасымен келген 630 мың қазақтың тiркелгенiн айтады. Ал, Қазақстанға қоныс аударған қазақтардың жалпы саны 1 миллионнан асып кеткен екен. Қалған 400 мыңдайы қайда жүр, сонда? Мiне, осы сияқты мәселелердiң барлығын есепке алғанымыз жөн секiлдi.

Қайрат БОДАУХАН, Оралмандардың республикалық "Асар" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы:

— Бұған дейiн қоғамдық ұйымдар жеке дара қызмет атқарып, көп кедергiлерге ұшырайтын. Бұл бағдарламаның басты жетiстiгi — осы, мемлекеттiк атқарушы мекеме, жергiлiктi әкiмшiлiк және қоғамдық ұйымдардың өзара бiрлесе қимылдауына жағдай жасалған. Яғни, бiр iсте бiр-бiрiне бақылау жасаса, екiншi жағынан жүйелi жүргiзуiне әрқайсысы атсалысатын болады. Демек, бұл iстiң нәтижелi болуына әсер ететiн болады.

Бiрақ, бағдарламада қаржы көзi көрсетiлмегендiктен, бұл оның жүзеге асуына кедергi келтiруi мүмкiн. Қазақтарды шекара аймақтарға орналастыру мәселесi жақсы көрiнiс тапқан. Халықты онда апару үшiн, жұмыс орындарын ашу, шекара өңiрлердi гүлдендiру мәселесi де есепке алынуы керек.

Есенгүл Кәпқызы