Жаңалықтар

ҮЛЕСКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ЗАҢ

ашық дереккөзі

ҮЛЕСКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ЗАҢ

ҮЛЕСКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ЗАҢ 

Парламентте тұрғын үй құрылысына үлескерлiк қатысу туралы заңға енгiзiлуi тиiс толықтырулар мен өзгерiстер талқыланды. Заң жобасын депутаттар алдына жайып салған вице-министр Мамытбеков аталған құжаттың үлескерлер құқығын қорғауға бағытталғанын айтты.

Ресми деректерге сенсек, қазiргi таңда 56 мың үлескердi үлеске алған 348 құрылыс нысаны бар. Соның сүбелi бөлiгi Елорданың еншiсiнде – 36,4 мың үлескер (210 нысан). Алматыда 12,3 мың (110 нысан) болса, Ақмола облысы бойынша – 3 мың 592 үлескер (6 нысан). Мамытбековтiң айтуынша, Астана мен Алматыдағы құрылысы тоқтап қалған нысандарға "Қазына" даму қоры арқылы қаражат бөлiнген. Ал мәжiлiсмендер талқысына ұсынылған "ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне тұрғын үй құрылысына үлескерлiк қатысу мәселелерi бойынша толықтырулар мен өзгертулер енгiзу туралы" Заң жобасы тұрғын үй құрылысына қаражат салған үлескерлердiң құқығын қорғайды: үлескерлiк құрылыс мәселесi бойынша өкiлеттi орган құрылады, органның құзiретi айқындалады, лицензия беру тәртiбi белгiленедi. ЕСIРТКIНIҢ ЖОЛЫ КЕСIЛЕДI 

Посткеңестiк елдердi есiрткi тасудың дәлiзiне айналдырғандарды заң жүзiнде құрықтау үшiн арнайы заң қажет. Апта басында Парламентте Орталық Азия елдерi арасында есiрткi тасумен күрестi күшейтетiн заң жобасы сарапқа салынды.

Отырыста бiрнеше халықаралық құжаттарды қабылдау, Салық және үш жылға арналған Бюджеттiк кодекстердiң жобалары, "Әлеуметтiк қызметтер туралы" Заң жобаларын талқылаған депутаттар Қазақстан, Әзiрбайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжiкстан, Түркiменстан мен Өзбекстан арасындағы есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөнiндегi Орталық Азия аймақтық ақпараттық үйлестiру орталығын құру туралы келiсiмдi бекiтуге қатысты заң жобасын бiрауыздан қолдады. Үйлестiру орталығының есiрткiге қарсы күресте атқаратын қызметi жайлы баяндама жасаған ҚР Iшкi iстер министрiнiң орынбасары Қалмұханбет Қасымов халықаралық деңгейдегi мекеменiң маңызына тоқталды. 6 МЛН. ТОННА АСТЫҚ – ЭКСПОРТҚА 

Әлемге төнген ашаршылық қаупi астық өндiрушi елдердiң экспорттық үлесiн арттыруға түрткi болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлiгiндегiлер биыл қазақтардың 5-6 млн. тонна астықты экспорттауға қауқарлы екендiгiн айтады.

Үстiмiздегi жылдың шiлдесi мен 2009 жылдың маусымына дейiнгi кезеңде Қазақстан 6 млн. тоннаға дейiнгi дәндi-дақылды әлемдiк нарыққа шығара алады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаевтың айтуынша, бұл көрсеткiш – елiмiздiң орташа экспорттық потенциалы. Бүгiнде 12,5 млн. тонна егiн жиналған. Бұл 16,2 гектар жерге егiлген дәннiң 75 пайыз бөлiгi. Мамандар жасаған болжамдарға сүйенсек, қамбаға толатын астық 16,5-17 млн. тоннаның көлемiнде болмақ. 2007 жылы елiмiзде 19,5 млн. тонна астық жиналып, оның 9 млн. тоннасы экспортталған. Республика бойынша, Ақмола, Солтүстiк Қазақстан және Қостанай облыстарында егiн орағы қызу жүруде. "ҚАЗЫНА" АУҚЫМДЫ КЕЛIСIМГЕ ҚОСЫЛДЫ 

"Қазына" тұрақты даму қоры" АҚ халықаралық деңгейдегi маңызды құжаттардың бiрi – БҰҰ Ауқымды келiсiмiне қосылды. Құжат корпоративтi әлеуметтiк жауапкершiлiк (КӘЖ) қағидаларын ұстануды мiндеттейдi.

"Қазына" тұрақты даму қоры" АҚ баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, КӘЖ халықаралық стандарттарын енгiзу Президент Н.Назарбаевтың "Қазақстанның бәсекеге төзiмдi 50 елдiң қатарына қосылу стратегиясы" атты халыққа Жолдауында қамтылған нұсқауларға сәйкес жүзеге асырылып отыр. Ауқымды келiсiмнiң 10 қағидасы жалпыға ортақ адам құқығы декларациясы, "Халықаралық еңбектi ұйымдастырудың негiзгi қағидалары мен құқықтары", Рио-де-Жанейро қоршаған орта және оны дамыту жөнiндегi деклорациясы негiзiнде қалыптасқан. Бүгiнде "Қазына" қорында КӘЖ қағидаларын жүзеге асыру мақсатында корпоративтiк этика Кодексiнiң жобасы әзiрленiп, еңбек қатынастарын реттейтiн құжаттарды iшкi талаптарға сәйкестендiру бағытындағы шаралар атқарылуда. Осы орайда, "Қазына" қоры БҰҰ Ауқымды келiсiм шеңберiндегi есеп беру талаптарына сай келетiн әзiрленген Әлеуметтiк есептi жариялауды жоспарлап отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ