БАЗАРДА "СССР", ДYКЕНДЕ "СОВЕТСКИЙ"...

БАЗАРДА "СССР", ДYКЕНДЕ "СОВЕТСКИЙ"...

БАЗАРДА "СССР", ДYКЕНДЕ "СОВЕТСКИЙ"...
ашық дереккөзі

Жақында аты әйгiлi "Барахолка" базарына жолым түстi. Алматы халқын, тiптi, бүкiл Қазақстанды қырғыз бен қытайдың тауарымен асырап отырған бұл базардың саудасы қыз-қыз қайнауда. Әсiресе, жаңа оқу жылының басында оқушылар мен студенттерден аяқ алып жүре алмайсыз.

Ұзыннан шұбатылып жатқан жол жиегiндегi контейнерлердi жағалап келемiн. Тас лақтырым жердегi сауда нүктесi маңы әп-сәтте қара-құрым адамға тола қалды. Оған "Бұл жерде не сатып жатыр екен?" деген қызығушылықпен тоқтап жатқан жұртты қосыңыз. "Шынында, мұнда не болып жатыр? Бәлкiм, арзан бағаға сатып жатқан тауар бар шығар. Бәрi бiтiп кетпей тұрғанда үлгерейiн…" деп бiрдеңеден құр қалғандай адамдарды итере-митере арасына кiрiп кеттiм. Сөйтсем, қазақ жастары "СССР" деген бадырайған жазуы бар жейде мен спорт киiмiн жапа-тармағай, таласып-тармасып алма-кезек киiп көрiп жатыр екен. Бiрi екiншiсiнен "Мынау қалай? Жәй қарапайымын емес, осы "СССР" деген жазуы барын алайын ба?" деп ақыл-кеңес сұрап қояды. Құдды iздегенiн тапқан адамдай көңiлi тоқ. Тiптi, "СССР" арғы ата-бабасының ұраны iспеттi жалындап тұр. Жастар неге мұндай жазуы бар тауарға жүгiрдi? Олардың патриоттық сезiмi мен рухына қандай селкем түстi? Әлде, ауылдан оқуға келген қазақ жастары қалада тек үстiне осындай киiм жабыстырғандар ғана өздерi айтпақшы, "крутой" ретiнде көзге түседi дей ме? Бәлкiм, бұған әлi де болса жастарды ұлттық болмысқа сай тәрбиелеу жағына ыждаһаттылықпен қарамай жүргенiмiз, оларды отансүйгiштiкке баулуды бұрынғыдай сiңiре алмай жатқанымыз себеп болар, кiм бiлсiн?! Әйтеуiр не керек, сол сауда нүктесiне басын сұққан жастар мен жасөспiрiмнiң бәрi бiр-бiр "СССР" жазуы бар киiмге қарық болды. Су тегiнге алып жатқандай сатушыға: "Апай, рахмет! Бiз келешекте киiмдi осы жерден алып тұратын боламыз!" деп бәйек болып жатты.

… Әлгi киiмнiң бағасын сұрадым. Арзан емес. Сапасы да қатардағы тауардың о жақ бұ жағында. Бiр кезде сатушы жанындағы серiгiне: "Тауар бiтуге таяп қалды. Көрдiң бе, Алматының жастарына қандай киiм керек екенiн бiлiп алдық. Ендi үнемi "СССР" деген жазуы барларын ғана әкелiп тұрайық. Өтiмдi екен… " деп ағынан жарылды. Саудасы жүрiп, қалтасы қампая бастаған сатушы қулықтың бұл түрiн де жылдам iске асыруға белсендi. Өйткенi, қырғыздың базарынан аз-маз ақшаға сатып әкелген тауардан осыншама табыс түсiп жатқанда әккi алыпсатардың қол қусырып қарап жатпасы анық. Оның әңгiмелерiн елемегендей болып, "Мынау қай жердiң тауары" деп сұрап едiм, "Бiзде тек "турецкий" тауар, сосын қытайдың тек "фирменныйын" ғана сатамыз" деп тiлiмен жорғалай жөнелдi. Сенгiм келдi, бiрақ сатушыға да, тұтынушыға да тауардың сапасы емес, оның брендi сапалы етiп тұрғандай ой келдi.

… Базардан басым ауырып, мең-зең боп шықтым. Дәрi iшуге сусын алайын деп дүкенге кiргенмiн. "Сусын берiңiзшi…" десем, сатушы әйел: "Бәрi бiткен едi, тек қана "Советский СССР" деген дюшес сусыны ғана қалды" деп қиылып тұр. "Қандай "Советский СССР" сусын? Бiзде мұндай атпен сусын қашаннан берi шығатын едi?" деп аң-таң боп, өз көзiме өзiм сенбей қалшиып тұрып қалдым. Амал жоқ, сол қазақтың санасын кешегiге дейiн тұмшалаған, тiлiн өлтiруге шақ қалған, 70 жыл бойы бұғауда ұстаған "Советский СССР" сусынан iшуге лажсыз мәжбүр болдым. Бiр күнде тас төбемнен су құйғандай болған екi оқиғаға ұшырастым. Бұның астарында не жатыр? Сонда мұндай белгiдегi тауар не үшiн, дәлiрегiнде кiм үшiн өндiрiлiп жатыр? Бұған кiм мүдделi болып отыр?

"Бақсам бақа екен" демекшi, бұны басқа емес, елiмiзде сусын шығарудан танымал боп қалған "Либелла Ботллерс Алматы" ЖШС-i "Советский" сауда белгiсiмен өндiредi екен. Сусын сыртында жабыстырылған қағаздағы мекен-жайдың телефонына хабарласып едiк, тiрi жан көтермедi …

Көкейдегi көп сауал жауабын таппай әлек. "Либелла Боттлерс Алматы" ЖШС-iне "Советский" сауда белгiсiмен өнiм шығаруға кiм мұрындық жасады? Бұл сонда 70 жыл бойғы езгiден көз аштырмаған СССР-дi аңсау ма, әлде… Мемлекеттiк бақылау органдарының, заң мекемелерiнiң, тiл комитетiнiң оған ешқандай да ықпалы жоқ па?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ