Жаңалықтар

БЕРЕГЕН ҚОЛЫМ — АЛАҒАН...

ашық дереккөзі

БЕРЕГЕН ҚОЛЫМ — АЛАҒАН...

Алматыда осы жылдың басынан берi трамвай-троллейбустарда валидатор қондырғысы жұмыс iстеп келедi. Соның нәтижесiнде Үкiмет қорына күнiне 5 миллион теңге қаржы түсiп отыр. Бұрындары үкiмет қорына жол басқармасынан мұндай қаржы құйылмаған. Алайда, трамвай-троллейбуста жүретiн жолаушылар негiзiнен қарапайым халық екенi анық. Олардың пiкiрiнше, валидатор үкiметке тиiмдi болғанымен, қара халыққа тиiмсiз көрiнедi. Бiз мұны жолаушылар арасында жүргiзген сауалнамадан аңғардық.

Қуаныш Қалыбайұлы, жүргiзушi: Валидатор орнатылғаннан берi троллейбуста әртүрлi қызықты жағдайлар болып тұрады. Жолаушылардың көбiсi наразылықтарын бiлдiредi. Техника болғандықтан, оған сенiм жоқ. Мысалы, 100 теңге салып, билет те, қалған қалдығын да ала алмай жатса, бiзге келiп айқайлап, "сендер бiздiң ақшамызды жеу үшiн әдейi құрылғыны бұзып қойғансыңдар" дейдi. Оған бiздiң кiнәмiз жоқ, валидатор — техника. Сондай-ақ, кейбiр жолаушылар тегiн жүргiсi келедi. "Жолақысын төлеңiздер" деген сөзiмiзге құлақ аспайды. Мұндайлардың сыбағасын жолдан тексеретiн тексерушiлер бередi. Студенттер де қу болып алған, жаңа оқу жылына әзiрге дейiн мөр бастырмағандары кездеседi. Негiзiнен оған 10 қыркүйекке дейiн ғана уақыт берiлген.

Елена Вольнова: Жеке басыма валидатор ұнамайды. Мен зейнеткермiн. Билет алу үшiн кезек күтiп тұрғаныммен қоймай, зейнеткерлiк жеңiлдiгiмдi де дұрыс пайдалана алмаймын. 25 теңгеден көп салсаң, қайтарымын бермейдi. 50 теңгеден көп салсаң, толық төлем деп тағы да қайтарым болмайды. Бұған жүргiзушiлерге наразылық танытсаң, "өркениеттiң дамуы" дейдi. Бұл даму емес, жұмыс орнын қысқарту. Қаншама кондукторлар жұмыссыз қалды. Онсыз да елiмiзде жұмыссыздық проблемасы бар болатын. Ал, валидатор адамдардың басты бәсекелесiне айналып, жұмыс орындарын тартып алуда.

Еркебұлан Айтөрин: Бiз студенттер жеңiлдiкпен жүремiз. 25 теңге ұсақ тиындарың болмаса, трамбай-троллейбусқа мiнудiң қажетi жоқ. Өйткенi, одан жоғары соманың қайтарымын "темiр кондуктор" бермейдi. Достарым әзiлдеп: "Темiр кондуктор апай, тиынымызды қайтарыңызшы" дейдi. Бiрде қызық болды, жаңа оқу жылында студенттiк билетiме мөр бастырып үлгермегенмiн. Жолдан тексеретiн тексерушiлерге "ұсталып қалдым". Олар маған "9 мың теңге айыппұл төлейсiң" дейдi. Мен оның осы сөзден кейiн-ақ, жалған тексерушi екенiн бiрден аңғардым. Ал, аңқаулау бiреу болса, олардың бұл айласына сенiп те қалар едi. Бiз жолдан тексеретiндердiң шын тексерушi екенiне қалай сенемiз? Қарапайым адамдардың қаржысы ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кете бере ме?!

Гауһар Исаева: Валидатор бiр жағынан тиiмдi болса, бiр жағынан тиiмсiз. Мәселен, ол қағаз ақшаны қабылдамайды. Сол кезде ақшаны қайда ұсақтатарыңды бiлмей, дал боласың. Жүргiзушiге ұсақтатайын десең, төбесiнде: "жүргiзушi ақша майдаламайды" деп жазылып тұрады. Ал, тиiмдiлiгi — үкiмет бұрынғыдай кондукторға жалақы төлемейдi. Қазақта "таяқтың екi ұшы бар" деген сөз бар емес пе?! Сол сөздiң осы жерде қолайы келiп тұр.

Қазан айынан бастап қаладағы 1200 автобуста валидатор құрылғысы iске қосылмақ. Әрине, үкiмет қорына мол қаржы түсiп жатса, бюджетiмiздiң еселенетiнi сөзсiз. Бiрақ, тиын санаған халықтың қалтасындағысын валидатор қайтармаса, оның есебiн тек үкiметтен сұрайды. Бұл — бiр. Екiншiден, онсыз да автобустарда таңертеңгiсiн, кешкiсiн адамдар нығыздалып мiнiп жатқанда, валидатордан билеттi қалай алады? Бұл жағын да ескеру керек сияқты. Үкiмет те, халық та бiр-бiрiне "береген қолым — алаған" деп тұрған жоқ па?!

Жадыра НАРМАХАНОВА