Жаңалықтар

ПАРИЖ МИНИСТРЛЕРДIҢ БАСЫН ҚОСТЫ

ашық дереккөзі

ПАРИЖ МИНИСТРЛЕРДIҢ БАСЫН ҚОСТЫ

Әлемдегi ахуалдың температурасы бiрде ысып, бiрде суып тепе-теңдiктен ауытқып отырғандай. Жер-жаһанды есiрткi тасымалы, лаңкестiк әрекеттер, экологиялық мәселелер торлап, шырмауығына шылап алды дерсiз.

Ол — бiр немесе екi мемлекеттiң шешетiн мәселесi емес. Оны бiрнеше мемлекет, Халықаралық ұйымдар тiзе қоса отырып шешкен ләзiм. Дәл осы тұрғыда Парижде кеше, бүгiн Орталық Азиядағы қауiпсiздiк мәселелерi жөнiндегi ЕО-ның бiрiншi форумы және "ЕО үштiгi — Орталық Азия" министрлiк кеңестерi өтуде. Бұған ҚР Сыртқы iстер министрi Марат Тәжин қатысуда.

Министрлiктiң ресми өкiлi Ержан Ашықбаевтың айтуына қарағанда, форумға ЕО мен Орталық Азия елдерiнiң сыртқы iстер министрлерi, ЮНЕСКО, НАТО, сондай-ақ ЕҚЫҰ басшылығы қатысады. Ал форумның негiзгi мақсаты дегенге келсек, биылғы жылдың желтоқсан айына дейiн Орталық Азиядағы қауiпсiздiк бойынша ынтымақтастық бағдарламасының жобасын әзiрлеу керек екен. Бұл ретте қауiпсiздiктiң саяси-әскери жақтарына және энергетика мен экология салаларындағы серiктестiкке жiтi көңiл бөлiнiп, форум барысында есiрткi тасымалына тосқауыл жасау, лаңкестiкпен күрес, энергетика және қауiпсiздiк мәселелерi талқыланады.

Сондай-ақ, Марат Тәжиннiң бiрқатар екiжақты кездесулерi де жоспарланып отыр.

Ғалымжан Мелдеш