ГОНКОНГТА — ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ
ГОНКОНГТА — ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ
Өткен жексенбiде Гонконгта Заң шығарушы кеңес сайлауы өттi. Бақылаушылар қауымы саяси додаға тәуелсiздiк алғалы берi Гонконгта 4 рет өткiзiлген сайлаудың ең әдiлi әрi ашық өткiзiлгенi деп баға беруде. Сайлау басталмай тұрып болжам айтқандардың көпшiлiгi ахуалдың күрт шиеленiскенiн, демократтардың ұтылатынын айтқан. Бiрақ жағдай басқаша болды.
Жергiлiктi парламент саналатын Кеңес 60 депутаттан тұрады. 4 жылда бiр рет өткiзiлетiн дауыс беру процесi 535 сайлау учаскесiнде жүргiзiлдi. 3,37 млн. сайлаушы тiркелген саяси науқанда осыдан 4 жыл бұрын үстемдiкке ие болған үкiметтiк блок тағы да жеңiске жеттi. Заң бойынша, 60 орынның 30-ы түрлi ықпалды топтардың өкiлдерiне тиесiлi. Қалған 30 орын аймақтық сайлау учаскелерiнде тiкелей дауыс беру арқылы сайланады. Бұл жолы 37 дауыспен "Үлкен Қытайға" иек артатын "патироттар" тобы басым түстi. Ал 23 депутатын Кеңеске өткiзген демократиялық оппозиция өкiлдерi парламентке түсетiн заң жобаларын қабылдауға немесе керi қайтару құқығына қайта қол жеткiздi. 2004 жылғы сайлауда демократтар 25 орынды иеленген болатын.
Әлемдiк бұқаралық ақпарат құралдарының мәлiмдеуiнше, Гонконгтағы үкiметтiк бағыттағы үмiткерлердiң басым түсуiне соңғы кездегi оқиғалар – Сычуаньдағы iрi жер сiлкiнiсi, дүние жүзiн шарлаған Олимпиада алауының қиындықтар мен кедергiлерге тап болуы, олимпиадада алтын медаль алған спортшылардың сая¬си науқан кезiнде Гонконгке келiп, үкiметтiк блок үмiткерлерiне дауыс беруге үгiттеуi себеп болған көрiнедi. Британдық басқарудан Қытайдың құрамына тәуелсiз аймақ ретiнде 1997 жылы қайтарылған Гонконг кең ауқымдағы автономияға ие. Орталық үкiмет мойнына қорғаныс пен сыртқы саясаттың мiндеттерiн ғана алған. Заң шығару, полиция, қаржы жүйесi, салық және миграция мәселесi алдағы 50 жылда Гонконгтың құзырында болмақ. Бұған дейiн қытайлық билiк жалпы сайлаудың 2017 жылға жоспарланғанын айтқан. Бiрақ Пекинге қарсы шыққан гонконгтық оппозиционерлер автономиядағы толық демократияның орнауына мүмкiндiк берудi талап етуде.
Тарихқа шегiнiс жасасақ, Гонконг аралы, Коулун және жаңа аумақтар деп үшке бөлiнетiн Гонконг оңтүстiк және шығыс бөлiгi Оңтүстiк Қытай теңiзiмен жалғасып жатқан Коулун аралында орналасқан. Солтүстiгiнде Қытайдың Гуандун провинциямының құрамындағы арнайы экономикалық аймақ – Шэньчженьмен жалғасады. 1842 жылы Гонконгты Ұлыбритания басып алғандықтан, арал британдық колония ретiнде тiршiлiк еттi. 1997 жылы Британдық-қытайлық екiжақты деклорацияға сәйкес, Гонконг ҚХР құрамына кең ауқымда әрекет ететiн автономиялық аймақ ретiнде қайтарылды. Цинь династиясының кезiнде Қытайдың құрамына болған Гонконг Тан мен Сун династияларының кезiнде сауда порты мен әскери-теңiз базасы ретiнде қабылданған. 1513 жылы алғаш рет ресми құжатқа тiркелген Гонконгта ағылшындардың саны артып, кейiннен британдық колонияға айналып шыға келген. ХIХ ғасырдың алғашқы кезеңiнде басталып, ұзаққа созылған ағылшын мен қытай арасындағы опиум соғысынан Гонконг көп зардап шектi. Арада екi ғасырдан астам уақыт өткенде жартылай болса да, тәуелсiздiкке қол жеткiздi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ