ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТЫ ҚЫЗЫҚТЫРҒАН - ЭНЕРГОҚОР

ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТЫ ҚЫЗЫҚТЫРҒАН - ЭНЕРГОҚОР

ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТЫ ҚЫЗЫҚТЫРҒАН - ЭНЕРГОҚОР
ашық дереккөзі

Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы ресми қарым-қатынастың орнағанына биыл — 15 жыл. Келесi аптада Брюссельде өтетiн кездесу негiзiнен ЕО мен Қазақстан арасындағы энергетикалық серiктестiкке негiзделген. Көмiрсутегiлерге деген сұраныс қос өкпеден қысқан кәрi құрлық энергоқорды тасымалдайтын жолдардың баламасын көптеп табуға мүдделi.

Үстiмiздегi жылдың 16 қыркүйегiнде ЕО астанасы — Брюссель қаласында Еуропалық Одақ пен Қазақстанның серiктестiгi жөнiндегi кеңес өтедi. Бұл туралы сейсенбi күнi Еуропалық комиссияның Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжiкстандағы өкiлдiгi хабарлады. ҚР Индустрия және сауда министрi Владимир Школьник бастап баратын қазақстандық комиссия ЕО бiртұтас iшкi саясат пен қауiпсiздiк мәселелерi жөнiндегi жоғарғы өкiл Хавьер Солана, ЕО-ға төрағалық етушi Францияның сыртқы iстер министрi Бернар Кушнер, ЕО iшкi байланыс жөнiндегi комиссары Бенита Ферреро-Валднер секiлдi басқа да еуропалық шенеунiктермен бiрге Қазақстанның Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүшелiкке өтуi, еуропалық елдер мен Қазақстан арасындағы энергетикалық серiктестiк, екiжақты қарым-қатынасты кеңiнен талқыға салады.

Қорында 2 трлн. текше метр табиғи газы, 4 млрд. тонна мұнайы бар Қазақстанды Батыс стратегиялық серiктесi ретiнде iштартады. Бүгiнде Қазақстан Еуроодаққа мүше елдерге 10 млрд. доллардан астам қаржыға энергоқор экспорттайды. 2010 жылға қарай Қазақ елi газ өндiру деңгейiн жылына 60 млрд. текше метр, ал мұнайды 2015 ж. 150 млн. тоннаға (жылына) дейiн көтерудi көздейдi. Орталық Азиядағы көмiрсутегiлерге үстемдiк етуге тырысқан Кремльдiң ықпалынан арылуға және энергетикалық тәуелдiлiктен құтылуға мүдделi Еуроодақ орталықазиялық аймақтағы ықпалды мемлекет — Қазақстанмен тығыз қатынас орнатуға талпынуда. Жыл сайын еуропалық нарыққа тасымалданатын энергоқордың 20 пайызы — Қазақстанның еншiсiнде. Тәуелсiздiк алған бастапқы кезеңде қазақ жерiне ағылған миллиондаған инвестицияда әлемге танымал Total, Acip, Eni, Shell, BG, BP секiлдi компаниялардың үлесi басым болатын. Энергетикалық салаға құйылған қаражат көлемi 24 млрд. доллар болды. Кәрi құрлықтың басты ойыншылары — Ұлыбритания (13,7 пайыз), Италия (7,1 пайыз), Нидерландтар (5,5 пайыз), Франция (1,7 пайыз) бен Германия (1,5 пайыз) тарапынан салынған инвестиция ел экономикасының қарыштап дамуына ықпал еттi. Екiжақты сауда айналымы 20 млрд. еуроның көлемiнде. Елдiң сауда айналымындағы 35 пайыздық бөлiгi Еуроодақтың үлесiнде болғандықтан, ЕО Қазақстанның ең iрi сауда серiктестерiнiң бiрi ретiнде саналады.

Былтыр жазда Германияның сыртқы iстер министрi Ф. Штайнмайер Еуропаны көмiрсутегiлермен қамтамасыз етуде Орталық Азияның маңызы артып келе жатқанын, әсiресе, Қазақстанның орны ерекше екендiгiн мәлiмдеген. Екi жылдан берi Босфор мен Дарданелла шығанағын жалғастыратын Пан-еуропалық мұнай құбырын (PanEuropean Oil Pipeline — PEOP) iске қосудың жолдарын қарастыруда. Түркия мен Болгария, Венгрия, Австрия арқылы еуропалық нарыққа шығатын Nabucco жобасына қазақтардың да қатысуын қалайтын ЕО энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiн шешуге қабiлеттi елдермен тығыз қатынас орнатуда белсендiлiк танытуға мүдделi. Ал Астана Қара теңiздi айналып өтетiн Бургас-Александруполис мұнай құбыры жобасындағы Болгария мен Грекияға тиесiлi үлестi сатып алуға ұсыныс бiлдiрдi. Сонымен қатар Констанца (Румыния) — Триест (Италия) мұнай құбырының құрылысына қатысу туралы мәселе де жиi көтерiлiп жүр. Польша Қазақстаннан бастау алатын Одесса-Броды құбырына ат салысуды көздейдi. Осыдан екi жыл бұрынғы кездесулердiң бiрiнде Еуропалық комиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозу мен ҚР Президентi Н.Назарбаев ЕО мен Қазақстан арасындағы энергетикалық саладағы серiктестiкке стратегиялық тұрғыда мән берiлетiнiн айтқан. Демек, Брюссельдегi отырыс та басты мәселе энергоқорларды тасымалдауға арналмақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ