КӨШI-ҚОН ТҮБЕГЕЙЛI ШЕШIМIН ТАБА АЛА МА?

КӨШI-ҚОН ТҮБЕГЕЙЛI ШЕШIМIН ТАБА АЛА МА?

КӨШI-ҚОН ТҮБЕГЕЙЛI ШЕШIМIН ТАБА АЛА МА?
ашық дереккөзі
Бұған "Нұрлы көш" бағдарламасының қаншалықты септiгi тиедi
 

Мемлекеттiң ең маңызды стратегиялық саласы — көшi-қон мәселесi екендiгi белгiлi. Iшкi-сыртқы көшi-қонның стихиялық сипат алғанының салдарынан елiмiзде күрмеуi мол, шешiмiн таппаған проблемалар көбейдi. Ең әуелi еңбек ресурстарында адам күшi жетiспей жатса, көптеген жандар жұмыс таба алмай сандалды. Қала маңындағы елдiмекендерде заңсыз тұрғызылған үйлер саны еселеп өстi. Сөйтiп, санын соққан Үкiмет iшкi көшi-қонды да, сыртқы көшi-қонды да жүйелi түрде жүргiзу қажеттiгiн түсiндi.

ЖҰМЫС КҮШIНЕ ҚАЗАҚТАР ДА ТАРТЫЛМАҚ  

2004 жылғы Елбасының халыққа дәстүрлi Жолдауында 2015 жылы халықтың санын 20 миллионға жеткiзу жайы айтылады. Алайда, одан бергi 4,5 жылдың iшiндегi оқиғалар мен ситуациялар бұл арманның жүзеге асуы мүмкiн еместiгiн көрсеттi. Керiсiнше, елге сапалы әрi сауатты жұмыс күшi қажет болатындығы дәлелдендi. Ол анау-мынау емес бiр миллионға жетiп жығылатын көрiнедi.

Сейсенбi күнi Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев жария еткен, Елбасының тiкелей тапсырмасымен өмiрге келген "Нұрлы көш" бағдарламасында осы жағдай баса ескерiлген. Және елiмiзге қажеттi мамандарды өзге ұлт өкiлдерi арасынан емес, шеттегi және алыс ауылдардағы қазақтар арасынан iздеу мәселесi қарастырылған. Қазiр елiмiзге, әсiресе, кәсiби техникалық мамандар жетпейдi екен. Дәл осы бiр қажеттiлiктi өтеу мақсатында кәсiби-техникалық колледждердiң iсiн жандандыру қолға алына бастағаны белгiлi. Сондай-ақ, бес-алты дипломын қалтасына салып қойып, базар сағалап күн көрiп жүргендердiң арасынан да сапалы еңбек күшiн iздестiру көзделiп отыр. Бiрақ, оларды мамандығын жетiлдiру курстарында қайта оқыту iсi күтiп тұр. Бұның өзi бiршама қаржыны қажет етсе керек. "Нұрлы көш" бағдарламасында көрсетiлген тағы бiр мәселе — шеттегi отандастарымыздың арасынан сапалы, сауатты мамандарды iздестiру. Оларды еңбек квотасы арқылы мемлекетке тарту, әрi қарай атамекенiнде мекендеп қалудың мүмкiндiктерiн қарастыру болып отыр. Естерiңiзде болса, 1991 жылы Моңғолиядан атамекенге шеру тартқан көш дәл осы "Еңбек күшi" деген желеумен басталған болатын. Еңбек мигранттары есебiнде 1991–1993 жылдар аралығында 60 мың қазақ атамекенге оралғаны белгiлi. Соңғы жылдары қазақ баспасөзiнде еңбек мигранттарын шеттегi қазақтармен алмастыру мәселесi жиi көтерiлдi. Бiрақ, Парламент те, Үкiмет те бұл мәселеге селқостық танытып келдi. Тек Елбасының арнайы тапсырмасымен дүниеге келген "Нұрлы көш" бағдарламасында еңбек мигранттарын iшкi-сыртқы көшi-қон есебiнен тартуды қолға алу көзделiптi. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев "Нұрлы көш" жобасы бойынша, iшкi-сыртқы көшi-қон есебiнен тартылған еңбек күшi қала маңында, әлеуетi жоғары, болашағы зор ауылдарда, шекара аймақтарда қалыптасады" дейдi. Сөйтiп, егер бұл бағдарлама жүзеге асатын болса, қаптаған заңсыз мигранттарға да тосқауыл қойылып, еңбек күшiне деген сұраныс та азаятын шығар. Оны алдағы күндердiң еншiсiне қалдырдық.
РЕСЕЙ ТӘЖIРИБЕСI ҚАЙТАЛАНА МА?  

Жобадағы назар аударуға тұрарлық мәселе — қазақтың болашағы жоқ 72 ауыл, 32 ауданында тұрып жатқан халықтың мұң-мұқтажының ескерiлгендiгi. Дәл осы аймақтарда қазақтың тең жарымы өмiр сүредi. "Жас Алаш" газетiнiң келтiрген мәлiметтерiне қарағанда, 2002 жылға дейiн 300 елдiмекен iз-тұзсыз жоғалып кеткен көрiнедi (Руслан Ерболұлы, "Нұрлы көш" әлаулайдың жалғасы болмасын. "Жас Алаш", 5-қыркүйек, 2008 ж.).

Шөл және шөлейт аймақтағы халықты болашағы зор елдiмекендерге көшiру мәселесi 2002 жылы Елбасының дәстүрлi халыққа Жолдауында да, Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған бағдарламасында да қамтылыпты. Алайда, бұған дейiн сөзбұйдаға салынып келген бұл iс Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi ұсынған "Нұрлы көш" жобасында орын алып отыр. Дәл осы идеяны жазушы, Жазушылар одағы жанынан құрылған "Жер және қазақ тағдыры" комиссиясының төрағасы Сапабек Әсiп мырзаның ұсынғанына да бiршама жылдың жүзi өткен. Жазушы өз ойымен бiздiң газет арқылы да бiрнеше рет бөлiскен болатын. Сапабек Әсiп осыдан 100 жыл бұрынғы Ресейдiң Қазақстанға қарашекпендiлердi қоныстандыру тәжiрибесiн жиi көлденең тартып жүр. Бiр ғасырдан астам уақыт бұрын Ресейде қарашекпендiлердi Қазақстанға орналастыру iсiмен айналысатын арнайы министрлiк жұмыс iстедi. Мемлекет тарапынан 180 рубль бөлiндi, 15 жыл бойы салықтан азат еттi. Әр отбасына 15 дестеден жер берiлдi (1 десте — 10 сотыққа тең). Сол кездегi қойдың бағасы — 1 рубльге тең болыпты. Демек, олардың алаңсыз тiрлiк етуiне жағдай жасалды. Әрине, қазiр мемлекет iшкi көшi-қонды реттеуде Ресейдiң сол кездегi тәжiрибесiнiң оннан бiрiн жүзеге асырса да, шөл және шөлейт аймақтағы қандастарымыздың болашағы бар елдiмекендерге келiп тiрлiк етуiне мүмкiндiк жасай алар ма едi? Әсiресе, бүгiнде күйiп тұрған басты мәселе — баспана салуға жер бөлiп беру мәселесiн тыңғылықты әрi жүйелi жүзеге асырса құп болар едi.
ОЛАРДЫҢ БӘРI ОРАЛМАН  

Құжаттағы ең маңыздысы әрi мемлекеттiң стратегиялық басым бағыттарының бiрi болып саналатын — сыртқы көшi-қон мәселесi. Кейбiр дерек көздерi келесi жылы дәл осы салаға 29 миллиард теңге бөлiнетiндiгi жайында мәлiмет таратады.

"Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша, "этникалық қазақ" терминiне қоса, "шетелде тұратын отандастар" терминi де қолданылатын болды. Демек, қиын-қыстау кезеңде Қазақстанды артқа тастаған, алайда, атамекендерiнен жайлы қоныс таба алмай елге қайта оралуды көздейтiн өзге ұлт өкiлдерi де бұл бағдарламадан тыс қалмайтын болады. Бағдарлама бойынша, Қазақ елi қоныстандырудың үш макроаймағына бөлiнбек. Олар: "Солтүстiк, Оңтүстiк және Орталық аумақтық даму кiндiгi" деп аталады. Солтүстiк аумақтық даму кiндiгiнде — 342,2 мың; Оңтүстiк кiндiкте — 898,6 мың; Орталық кiндiкке — 77,7 мың адамды қоныстандыру мүмкiндiгi барлығы айқындалған. Әлеуетi жоғары, болашағы зор елдiмекендер мен шекара аймақтарға да қазақтарды қоныстандыру iсi осы бағдарламада орын алған. Әрине, шеттен келген оралмандардың қоныстануына қазiргi мемлекеттiк көшi-қон квотасынан бөлiнетiн қаржының аздық ететiнi белгiлi. Ол (жәрдемақы ретiнде әр адамға 1000 АҚШ доллары берiледi) оралмандардың ең шетiн мәселесi — баспана проблемасын түбегейлi шешiп бере алмайды. Сондықтан да, қазақтарды шоғырландыра орналастыру iсiн жүзеге асырған Алматы маңындағы оралмандардың "Байбесiк" ауылы, Шымкенттегi "Асар" жобалары үлгi бола алады. "Байбесiк" ауылына 9-қыркүйекте арнайы сапармен келген Бердiбек Сапарбаев дәл осындай ауылдардың өзге де өңiрлерде көптеп бой көтеруiне атсалысатындығын айта отырып, бұл мәселенi жергiлiктi билiкпен ымыраласа шешетiндiгiн жеткiздi. Сондай-ақ, оралмандардың баспана тұрғызуына өтемақысы төмен (5%) несие әперудi де ойластырып жатқандықтарын айтады. "Бұл үшiн "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкiмен" келiссөз жүргiзiлiп жатыр" — дейдi министр. Сондай-ақ, бiздiң көкейiмiздегi көп сауалдың бiрi "Шетелде тұратын отандастарымыз" Қазақстанға оралған жағдайда оларға қандай жеңiлдiктер көрсетiледi?" дегенге сайған едi. Бұл туралы "Айқын" газетiнде "Министрдiң мәлiметiнше, соңғы үш жылда тек үй алуы үшiн шеттен келген қазақтарға 26 млрд. теңге қаражат бағытталған. Ендi олардың несiбесiне кезiнде қиындыққа төзбей, үдере көшкен, бiрақ ендi жағдай түзелгенiн көрiп, керi бұрылған "отандастарымыз" да ортақтасқалы отыр. Атамекенiнiң жұпарын жұтуды аңсаған қандастарымыз келесi жылы 20 мың отбасылық квотаны солармен бөлiсетiн болады" (Айхан Шәрiп, "Нұрлы көш" елдi бетке алмақ", "Айқын", №169, 10.09.08) деп жазылыпты. Бiрақ, министр "отандастарымыздың" мемлекеттiк көшi-қон квотасына иек артпайтындығын жеткiздi. Оларға тек құжаттарын рәсiмдеуде және өсiмақысы төмен несие беруде жәрдем көрсетiледi" дегендi айтты "Байбесiк" ауылындағы кездесу барысында. P.S. Сөйтiп Қазақстан тәуелсiздiгi тарихында iшкi-сыртқы көшi-қонды реттейтiн стратегиялық маңызы бар құжат дүниеге келдi. Ендiгi мәселе оның жүзеге асуын қадағалау. Елбасының тапсырмасы жол ортада қалып қоймауына атсалысу.

Есенгүл Кәпқызы