МӘСIМОВ «ҚОЛДАҒАНДАЙ» БОЛДЫ

МӘСIМОВ «ҚОЛДАҒАНДАЙ» БОЛДЫ

МӘСIМОВ «ҚОЛДАҒАНДАЙ» БОЛДЫ
ашық дереккөзі

Елiмiзде мемлекеттiк тiлдiң проблемасы күрмеулi мәселе екенi анық. Ол проблеманы шешу үшiн түрлi-түрлi нұсқалар ұсынылып та жүр. Соның бiрi — шендiлердiң қазақша ойлап, қазақша сөйлеу қажеттiгi. Мұның да жүзеге асар сәтi алыс емес көрiнедi.

Өткен аптада премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң төрағалық етуiмен өткен Үкiметтiң кезектi отырысында Бiлiм және ғылым министрлiгi елдегi қазақ тiлiн бiлудiң деңгейiн бағалауда мемлекеттiк тестiлеу стандарттарына сай келетiн отандық ҚАЗТЕСТ бiрегей жүйесiнiң тұжырымдамасы туралы хабарлап, онымен барша министрлердi таныстырған-ды. Яғни, бұл жүйе бойынша барлық мемлекеттiк қызметкерлер қазақ тiлiнен тест тапсыратын болады. Мемлекеттiк тiлдiң қолдану аясын кеңейтуге арналған аталмыш жүйенi бiрден қолдаған Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Еңбек және әлеуметтi қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев өздерiнiң пiкiрлерi мен ұсыныстарын да ашық бiлдiрдi.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, қазiргi күнi мемлекеттiк тiлдi дамыту үшiн барлық құқықтық жағдайлар жасалып отыр. Ендiгi кезек Үкiметтiң осындай тиiмдi жүйелердi қолдану арқылы қазақ тiлiнiң аясын кеңейту жұмысында жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар бұрынғы кезге қарағанда жақсы жүргiзiлуде. …Мемлекеттiк тiлдi дамыту үшiн барлық мемлекеттiк қызметкерлердiң қазақ тiлiнен емтихан, ал "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелге баратын үмiткерлердiң қанша жерден ағылшын тiлiн бiлсе де, мемлекеттiк тiлден арнайы тест немесе емтихан тапсырулары қажеттiгiн айтып, осы жұмыстардың бәрi негiзiнен алғанда мектеп табалдырығынан басталу керектiгiн атап көрсеттi. Бердiбек Сапарбаев та әрiптесiнiң сөзiн толық қостайтындығын жеткiздi. Ал, қалған министрлер бұл турасында жұмған ауыздарын ашпады. Керек десеңiз, Кәрiм Мәсiмов бұл отырыстың негiзгi жұмысы қазақ тiлiнiң тағдыры жөнiнде екенiн бiле тұра, ресми тiлде "қолдаушылық" пиғылын танытқанымен, оның арғы жағында не жатқанын бiр құдай бiлсiн. Мәсiмов мырза Үкiмет басшылығына келгелi қазақ тiлiн түбегейлi меңгерiп алатындығы туралы мәлiмдемелер жасаумен келедi. Ендеше, бұл қылығына не жорық?! Осыдан кейiн-ақ ҚАЗТЕСТ бiрегей жүйесiнiң тиiмдi екенiне күмән ұялайды. "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелге оқуға кететiндердiң де "шикiлiктерi" шығып, "көз қысты, бармақ бастылықтың" болғаны белгiлi. Ал, шендiлердiң арасында мұндай жағдайдың қайталанбайтынына кiм кепiл?!

Егер де, әрбiр қазақстандық мемлекеттiк тiлге кiрiптарлықты сезiнсе, бiз бүгiн бұл тақырыпқа қозғау салмас едiк. Мәселен, елiмiздiң оңтүстiк өңiрлерiнде өзге тiлдiң үстемдiгi жоққа тән. Бiр ғана Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетiн мысалға алар болсақ, онда 29 елден келген әртүрлi ұлт өкiлдерi оқиды. Бiрақ, бәрi де қазақша сөйлей алады. Өйткенi, онда қазақша бiлмесең, дүкеннен нан сатып ала алмайсың да. Мiне, қажеттiлiк деген осы. Алайда, дәл осындай қажеттiлiктi сезiндiру үшiн министрлердi оңтүстiкке оқуға жiберуiмiз керек пе? Жоғарыда қазақ тiлiне жанашырлық танытқан екi министр де оңтүстiк облыстарда әкiм болған, әрi қазақ тiлiнде бiлiм алғаны белгiлi. Демек, мемлекеттiк тiлге жанашыр шенеунiктерiмiз тек мемлекеттiк тiлде бiлiм алғандар болып отыр. Бұл ойлантар жайт.

Жадыра НАРМАХАНОВА