ТАҒЫ ДА ӘДЕТКЕ БАСЫП...

ТАҒЫ ДА ӘДЕТКЕ БАСЫП...

ТАҒЫ ДА ӘДЕТКЕ БАСЫП...
ашық дереккөзі

Жаңа оқу жылы басталмай жатып ақша жинау науқаны қызып жатыр

Жаңа оқу жылы басталып, алғашқы қоңырау мерекесi де дүбiрлi түрде аталып өттi. Бiлiм күнiн асыға күткен мұғалiмдер мен оқушылар жаңа оқу жылына жаңа леппен кiрiстi. Құдайға шүкiр, елiмiзде бiлiм ұяларының жетiспейтiндiгi болмаса, жастардың толыққанды бiлiм алуына бiршама жағдайдың жасалынып жатқандығы анық.

Мәселен, жыл сайын күрделi жөндеудi талап ететiн мектептерге арнайы бюджеттен ақша бөлiнедi. Ескiрген құрал-жабдықтары мен партасы жаңартылады. Мемлекеттiк бiлiм мекемесi болғандықтан, керек-жарақтың бәрi жергiлiктi бюджеттiң ақшасына жасалуы заңдылық. Бұл қаржыға мектептiң жөндеу жұмыстары, қажеттi оқулықтары, құрал-жабдықтары (парта, көрнекi құралдар, т.б.) тiптi, еден жуатын ұсақ-түйек заттарына дейiн алынады. Бұған дейiн, яғни, Бiлiм және ғылым министрлiгiне Жансейiт Түймебаев келгенге дейiн мектеп iшiнде ата-анадан ақша жинау дендеп кеткен едi. Министр тiзгiндi қолына алған бетте ата-аналардың бас ауруына айналған ақша жинау мәселесiне бiржола нүкте қойғысы кеп, арнайы бұйрық та шығарды. Керек десеңiз, қалалық департамент басшысы "Бекiтемiн" деп мөр басқан бұйрық мектеп кiреберiсiндегi тақташаға да iлiнiп қойылған. Алайда, Алматы қаласында Бiлiм департаментi тұрмақ, министрлiктiң қаулысына пысқырып қарамайтын мектептер бар көрiнедi. Мәселен, "Ауру қалса да, әдет қалмайды" дегендей, жаңа оқу жылының басталғанынан он күндей уақыт өте сала, Алмалы ауданындағы №58 орта мектептiң 2-сынып мұғалiмi әр ата-анадан 10 мың теңге ақша жинауға кiрiскен. 100 теңге емес, бақандай 10 мың теңге! "Сынып iшiне перде, т.б. қажеттi құралдарды аламыз" деген желеумен ата-ананың бермесiне қоймай жатқан мұғалiмдердiң мұнысына не жорық? Атын айтпауды өтiнген ата-ана: "Бұл мектепте жылда осы. Жазда оқу жылы аяқталғанда мектеп дәлiзiн жөндеуге әр оқушыдан 700 теңгеден "салық" жинады. Қайтемiз, баламыз үшiн бердiк. Ендi, мiне баяғы әлаулайдың жалғасы, тағы да 10 мың теңгеден сыпырып алып отыр. Егер де бұл ақшаны бермесең балаға күн жоқ. Айналып кеп балаңды түртпектей бередi. Ең сорақысы, ата-аналар жиналысында айтқан ақшасын ауыз жиып болмай жатып берген ата-ананың баласын "Сiздiң балаңыз бастапқы кезде нашар оқитын едi, қазiр үлгерiмi өте жақсы" деп жатып кеп мақтайды да, жаңағыдай сұраған ақшаны бере алмаған, әлеуметтiк жағдайы төмен отбасының баласын "Балаңыз бұзық, сабағы нашарлап кеттi. Көңiл бөлмейтiн сияқтысыз" деп бiраз жерге дейiн апарып тастайды. Мерекелiк концерт пен ашық сабақтарда әншейiнде жаттау берiп, ән айтқызатын баланы бәрiнен тыс қалдырады. Мiне, мұғалiмнiң осындай бассыздық әрекеттерiнiң салдарынан баланың ынтасы мен талпынысына қаяу түсiп, жiгерi құм болуы неғайбыл" деп жанын ауыртып жүрген жайтты жайып салды.

Шынында да, ойлаңызшы, қазiр адамдар 10 мың теңге тұрмақ, 100 немесе 1000 теңгенiң өзiн еңбек етiп әрең тауып жүр. Тiптi, арамызда, 10 мың теңге жалақы алып жұмыс iстейтiндер де баршылық. Сонда бiр сыныпта кемiнде 25 оқушы оқыса, 250 мың теңге жиналады екен. Аз ба, көп пе?

Айта кетерлiк тағы бiр жайт — екiншi сыныптың жетекшi мұғалiмi оқушыларға қосымша сабақ өткiзгенi үшiн әр баладан аптасына 3,500 теңге алып отыратын көрiнедi. "Ал ақшаңыз болмай балаңызды қосымша сабақта оқыта алмасаңыз, мұғалiм еш ашуланбай-ақ: "Қосымша сабақты бұл аптада ала алмасаңыз, келесi аптаға дайындай берiңiз" деп алдын ала ескертiп бағады. Бұдан кейiн қалай шыдап отыра бересiң. Бәрi де баласы үшiн аянып қалмауға тырысып жатады", дейдi бiзге шағымданған ата-ана. Оның айтуынша, бiр апталық қосымша сабақты кемiнде 9 оқушы алса, одан кемiнде 30 мың теңге пайда түседi. Ал келесi аптада бұрын ақшаның жоқтығынан қатыса алмай жүрген оқушының ата-анасы қарызданып болсын 3, 500 теңгенi тауып бередi. Өйткенi, бұдан қашып құтыла алмайтынын мұғалiм де, ата-ана да бiледi. Десек те, бiр отбасында екi-үш немесе төрт оқушыдан болса, өзi де әупiрiмдеп жүрген ата-ана әрқайсысына мұндай ақшаны қайдан тауып бередi? Баласына киiм-кешек пен оқу құралдарын әпере ме, әлде, мектептiң "салығын" төлей ме?

Қазiр "үш тұғырлы тiл" деген саясатты балабақша, мектептiң алғашқы баспалдағынан бастап жатырмыз. Ағылшын тiлiнде де оқулықтың түр-түрi жарық көре бастады. Бәлкiм, мектеп ұжымы осы оқулықты шығаратын баспамен келiсiп ала ма, әйтеуiр кiтап дүкендерi мен қара базарда шамамен 2, 500 мың теңге тұратын ағылшын тiлi оқулығын №58 мектептiң екiншi сынып мұғалiмi 3,500 теңгеден сата бастапты. Шырылдаған ата-ана: "Дәл сондай кiтап дүкен мен базарда арзан бағадан бар екен" десе, "Ол жарамайды, тек қана мектептен алуларың керек" деген қағида орнатып қойыпты. Бұл сонда қандай заңнамалық құжат? Әрбiрден соң, мектептен мейлiнше тегiн берiлуi тиiс оқулықты ата-ана өз ақшасына сатып алайын деп жатқанда, оны қайдан алатынында мектептiң, тiптi мұғалiмнiң де шаруасы жоқ болуы керек емес пе?

Ал, былтырғы оқу жылының соңында "Ақсай" ықшам ауданындағы бiр мектепте бастауыш сыныбын бiтiрген оқушылардан сынып жетекшiсi 8 мың теңгеден ақша жинаған. Бiр қызығы, 4-сыныпты тәмамдаған әр оқушыдан жиналған ақшаның арқасында бүкiл мектеп ұжымы мұғалiмдерi сый-сияпатқа қарық болып қалған екен. Әрине, бұған мектеп директорының өздерi жол ашып берiп отырғаны айтпаса да түсiнiктi. Не деген бассыздық? Бiлiм департаментi қызметкерлерi ақша жинауға қашан тосқауыл қояды? Баласына киiм-кешегi мен оқулығын әрең дегенде сатып берiп, оқытып жүрген жағдайы жоқ отбасының күнi не болмақ? Осы жағын ойладық па?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ