«ИМАНЫМ» ХАҚЫНДА
«ИМАНЫМ» ХАҚЫНДА
Қазақ халқының ғана емес, жалпы адамзат баласының рухани қазынасы үшiн өлмес өсиет қалдырған Шәкәрiм бабамыздың асыл мағыналы сыр сөздерiнiң жылдар өткен сайын жаңғыратыны шындыққа айналып отыр. Тiлге тәуба, дiлге дiн орнығып, "Алланың өзiнiң де, сөзiнiң де растығын" мойындаған шақ ширек ғасыр тәнi — құлдықта, тәбәрiк сөзi тұтқында қалған данышпан бабамыздың шығармашылығын кеңiнен насихаттайтын күн туды. Сондықтан да "иманына қазақтың талапты жастарын таныс қылмақ үшiн" (Шәкәрiм) "Иманым" атты бұл жинағында:
"Қырықтан соңғы қырымды,
Сынамақ болсаң түрiмдi,
Көрейiн десең нұрымды,
Жи-дағы оқы жырымды",
әйтпесе:
Қырықтан соңғы иманым,
Отыз жылдай жиғаным,
Көп ғалымның сөзiнiң
Ақылға алдым сыйғанын", —
деген сөзiне орай ақынның берiк байлам жасап, имандылық жолына бiржолата бет бұрған кезiндегi рухани толғамдарын топтастырдық.
Шәкәрiм туындыларын қайта жариялау барысында белгiлi әдебиетшi, тарихшы марқұм Бейсенбай Байғалиевтiң Орталық мемлекеттiк архивтен тапқан, ақынның бұрын жарияланбаған жаңа жырлары, соны деректер мен материалдар басшылыққа алынды. Шәкәрiмнiң аталмыш қолжазбасы жайлы Б.Байғалиевтiң шолу мақаласын ("Лениншiл жас". 1988 жыл, 27 декабрь) кiтап соңында берiлген "Түсiнiктеме" бөлiмiнен оқи аласыздар.
"Бұл ән — бұрынғы әннен өзгерек" деп айтқан шайыр һәм ойшылдың мұрасы — сыры тұңғиық, терең әлем. Оны толық түсiнiп, сөзiнiң астарын ұғыну үшiн арнайы дiни бiлiм мен Шығыс руханиятына Еуропа дүрбiсiнсiз үңiле алар көкiрек көзiнiң болмағы ләзiм. Ғұлама тұтқан iлiмнiң, айтқан өзгеше өлең өрнегiнiң қыр-сырына талдау жасар толымды зерттеудiң әлi жоқ екендiгiн еске ала отырып, кiтап соңында шығыстанушы А.Маралбектiң шағын түсiнiктемесiн берудi жөн көрдiк.
Шәкәрiмнiң мақсаты "Серт бергем еңбек етем деп, Алдағы атар таң үшiн " болғандықтан, ал бiздiң мақсатымыз сыр сөздерiн киелi көрiп жаттар ұрпақтарына ақын мұрасын оңтайлы жеткiзу болғандықтан өлеңдердi бүгiнгi әлiпби ретiмен бердiк. Iсiмiз оқырмандар көңiлiнен шықса, мақсатымыздың орындалғаны деп бiлемiз.
Ғарифолла Әнес, "Арыс" қорының президентi