ҚАЗЫНА ҚАРТЫҢ ҚАЙДА ЖҮР, БIЛЕСIҢ БЕ, СЕН ОНЫ...

ҚАЗЫНА ҚАРТЫҢ ҚАЙДА ЖҮР, БIЛЕСIҢ БЕ, СЕН ОНЫ...

ҚАЗЫНА ҚАРТЫҢ ҚАЙДА ЖҮР, БIЛЕСIҢ БЕ, СЕН ОНЫ...
ашық дереккөзі

«Неменеге жетiстiң бала батыр,

Қариялар азайып бара жатыр»… деген Мұқағали ақынның назы мұңлы сазға айналғанына бiршама уақыт болды. Қария көрген саналы жанның жадына осы әннiң әуезi келерi сөзсiз. Жоқтап жүрген қарияларымызды мемлекет қарауындағы үйлерден жиi кездестiретiн болдық. Әсiресе, қазақ қарияларының қарттар үйiн паналауы көңiлге кiрбiң салады. Қартайғанда бала-шағаның қызығын көрiп, немере бағып-қағып отырғанға не жетсiн?! Десек те, тағдыр жазуы әрқалай, әркiм кәрiлiктi әртүрлi қарсы алады. Мұны бiз Алматы қалалық "Ардагерлер үйiнiң" тұрғындарымен өткiзген бiр күнiмiзде айқын аңғардық. 350 орындық қарттар үйiнде бүгiнде 323 қария бар, оның iшiнде 55-i қазақ, 268-i өзге ұлт өкiлдерi. Бiздi негiзiнен ондағы қазақтардың тағдыры, хал-жағдайы қызықтырды. Сондықтан, қазыналы қарттармен болған әңгiмемiздi оқырманға ұсынуды жөн көрдiк. Алғашқы әңгiмемiз 89 жастағы Хамзина Ғарифа апамен өрбiдi. Ол өзiнiң ашық-жарқын мiнезiмен бiздi бiрден өзiне тартып, сөз тиегiн ағыта жөнелдi. — Тамақ-киiм үкiметтен, өлiм Құдайдан деп жүрiп жатырмыз. Сәл сырқаттансақ, дәрiгерлер мен медбикелер құрақ ұшып емдеу үшiн, барын салады. Менiң осында тұрғаныма бес жыл болды. Қазақтың бiр жақсы қасиетi — үлкендi сыйлау ғой. Бiздi қартайғанда далаға тастамай, жағдайымызды жасап жатқан мемлекетiмiзге ризамын. Кеңес үкiметi тұсында дiлiмiз де, тiлiмiз де орыстанып кеткенi жасырын емес. Қазiр тiл-көзiмiз тасқа, қазақ өз алдына жеке мемелекет болып, қазақы дәстүрiмiзге, тiлiмiзге, дiнiмiзге қайта оралуда. Осы күнiмiзге тәубешiлiк етемiн. — Апа, сiз мұнда қайдан келдiңiз? — Мен Алматы облысы, Еңбекшiқазақ ауданында туылғанмын. Әкемнiң әкесi жиырма төрт жыл болыс болған кiсi екен. Ол кiсi 1904 жылы дүниеден қайтқанда, әкем 12 жасар бала болған. 1930 жылдары Голощекин қазақтарды қырғынға ұшыратты ғой. Сол кездерi бiз де қуғын-сүргiндi бастан кешiрдiк. Әкемдi "итжеккенге" айдады. Бiз шешемiзбен төрт бала жылап-сықтап елде қалдық. Сосын әкемнiң Меркеде тұратын қарындасы бiздi Қырғызстанға көшiрiп алып барды. Мен Қырғызстаннан 1982 жылы ғана оралдым. Бауырларымның барлығы Қырғызстанда. — Туыстарыңыз мұнда келiп тұратын шығар… — Иә, келiп тұрады. Бұл жерде әкемнiң бауырларының ұрпақтары бар. Олар да менi iздеп келедi. Құдайға шүкiр, жағдайым жаман емес. Әйтеуiр, ертеңгi күнi қисайып қалып жатсақ, мұсылмандық шариғатпен жаназамыз шығарылса деймiз. Бiрақ, бұл жерде мұсылмандықтың амалдары атқарылмайды ғой, туыстарыма үмiт артам. — Мұндағы жағдайыңызға наразылық жоқ па? — Бәрi жақсы, тек бiр айдан берi ыстық судың болмай қалғаны болмаса. Айналайын, газеттен келсең, осы туралы жазшы. Өйткенi, бiз секiлдi аяғымен жүретiндер де, жүре алмайтындар да бар. 3-блокта тұратын қариялардың жүрiп-тұруы қиын. Ендi олар қалай жуынады? Ал, мен өзiм өткен сенбiде Қырғызстанға барып жуынып қайттым (күлiп алды). Алла Тағала жастарды аман-сау етсiн, бiздерге иман берсiн. — Рахмет, апа! Ғарифа апа "кiмнiң шаңырағына бас сұқсаң да, дәм ауыз тимей кетпе" деп нан мен қарбызды дастарханға қойып, қазаққа тән әдеппен қонағының жайын жасап бәйек болды. Мұнан кейiн бiз өзi әншi, әрi бишi Жаңабеков Ерiк Құрмашұлы атайдың бөлмесiн бетке алдық. — Сәлеметсiз бе, ата, қалыңыз қалай? — Кел, қарағым. Бiздiң жағдайымызды сұрап келдiң бе? Бiзде тамақ та, киiм де бар, одан басқа не керек дейсiң? — Ата, мұнда тұрып жатқаныңызға көп болды ма, қайдан келдiңiз? — Мен мұнда 2002 жылдан берi тұрамын, биыл алтыншы жылға аяқ басты. Астана қаласынан келгенмiн. Қазiр осында зейнет демалысымды жақсы өткiзудемiн. — Зейнетке дейiн қандай қызмет атқарып едiңiз? — Тарих пәнiнiң мұғалiмi болдым. — Туыстарыңыз бар ма? — Туыстарым Астанада, Павлодарда, Екiбастұзда тұрады. Бiлесiз бе, мен мұнда тәртiптi, үлгiлi тұрғындардың бiрiмiн. Темекi тартпаймын, iшiмдiк iшпеймiн. Тек соңғы жылдары қан қысымым көтерiлiп, басым ауыратын болып жүр. Адам денсаулығына күннiң ыстығы да әсер етедi екен. — Отбасыңыз туралы не айтасыз? — Екi ұлым бар. Қазiр олар да отбасын құрып, түтiн түтетiп отыр. — Балаларыңыз не жұмыс iстейдi? Ерiк ақсақал бұл сауалға жауап бергiсi келмедi. "Түсiнесiз бе, басым қазiр тағы ауырды… қиын екен" — деп кiбiртiктедi. Мұнан кейiн әңгiмемiздi ақсақалдың көңiлiнде қаяу қалмасын деген ниетпен басқа арнаға ауыстырдық. — Ата, сiздi осында ең өнерлi, көңiлдi тұрғындардың бiрi дейдi… — Айналайын, би өнерiмен он жетi жасымнан берi айналысып келем. Қазiр жасым жетпiстен асса да, билеп жүрмiн. Чечетканы, мұз үстiнде мәнерлеп билеудi жақсы көрем. Бұл билердi кiтаптардан, кинолардан үйрендiм. Жақында өткен өмiрiм жайлы 110 беттiк естелiк жазып бiтiрдiм. Оның iшiнде би өнерi, менiң бимен айналысуым туралы бiраз мағлұмат бар. Соңғы кездерi танго билегiм келедi, бiрақ, танго билейтiн серiктес жоқ. Әндi де үзбей айтып тұрам. Қазақтың халық әндерi, орысша, италянша классикалық әндер жаныма жақын. — Қазiр сiзге ән салып берiңiзшi деп қолқаласақ, қандай ән орындап берер едiңiз? Ерiк атай аз-кем кiдiрiп, қоңыр дауыспен мұңды бiр әуендi бастады. Халық әнi "Жан сәулем"… Ақсақалдың бүкiл арманы, ғұмыры осы бiр әнге сыйып кеткендей көрiндi маған. — Сiз менiң бiр ғана әнiмдi тыңдадыңыз, әзiрге. Егер, менiң опералық әндердi, классикалық билердi орындағанымды көргiңiз келсе, 1-қазан қарттар күнiнде келiңiз. Шақырамын, қызық болады, — деп бiзбен қоштасты. Бiз мұнда Қазақстанның еңбек сiңiрген өнер қайраткерi, Шығыс Қазақстандағы "Айнакөл" ансамблiнiң алғашқы ұйымдастырушысы Қанағат Мұхановпен жолығыстық. Ол кiсiнiң есiгiн ашқанда, сом тұлғалы, қапсағай денелi ақсақалдың қолына қасиеттi Құран кiтаптың арабша нұсқасын ұстап, оқып отырғанын көрдiк. — Ата, қалыңыз қалай? Шамасы араб тiлiн жақсы меңгерген болдыңыз ғой… — Жағдайымыз жаман емес. Мен араб, қытай тiлдерiнде еркiн сөйлеп, оқимын. Шыққан тегiмiз Зайсан өңiрiнен болғанымен, 30-жылдардағы қуғын-сүргiнде әке-шешелерiмiз Қытай шекарасынан өтiп кеткен. Сонда арабша оқу бiтiргем. 1955 жылы елге оралып, Шығыс Қазақстан облысында өнердiң ағарту саласында қызмет жасадым. Зейнеткерлiкке шыққасын Алматыны бетке алып, туыстарыма келгенмiн. Дiн саласында жақсы сауатымның болғанының шапағаты тиiп, Әбсаттар қажы Дербiсәлi менiң осы "Ардагерлер үйiне" орнығуыма көмектестi. Бесiншi жыл осында тұрып жатырмын. Сөз арасында Қанағат атайды отбасысы туралы әңгiмеге тартқанымызда, отбасысының барлығының бақилық болғанын айтты. Ескi жараның аузын тырнағанымызға өкiндiк. Бiрақ, тағдырдың жазғанына не амал?! Атайдың төсегiнiң жоғарғы тұсында iлулi тұрған мандолина аспабына қарап, сөзiмiздi Қанағат атаның өнердегi жетiстiгiне қарай бұрғымыз келдi. — Ата, неше аспапта ойнайсыз? — Ой, қарағым, мен қазақта қандай музыкалық аспап бар, соның бәрiнде ойнаймын. Қазiр ән жазып жүрмiн, патриотизм тақырыбында. — Әншiлер әндерiңiздi орындап жүр ме? — Бұл жерде бiздiң ән жазатынымызды кiм бiледi дейсiң? — Ендi бiз арқылы бiлетiн болар… қандай әндерiңiз бар? — Бұл тек сөз жүзiнде қалатын дүние. Мен туралы, менiң әндерiм туралы бiраз газеттер жазды. Алайда, онымен өзгерiп жатқан ештеңе жоқ. Қай газеттi ашсаң да, қай телеарнаны қоссаң да патриотизм тақырыбында ән жоқ деп жатады. Ал, бiз жазып жатырмыз. Бiрақ, жазғанымызды iздеушi, жарыққа шығарушы өнер жанашырлары қайда? Қазақтың қара шалының шимайлаған дүниелерi бар екен деп iздеп жатса, көңiлiмiз марқайып қалар едi. Мен өзiм үшiн емес, келешек ұрпақ үшiн ән жазам. Осы әндердi сауап үшiн жарыққа шығаратын азаматтар әзiрге жоқ қой бiзде. Музыкалық бiлiмi бар адамдар келiп, менiң әндерiмдi қағазға түсiрiп алып кетсе болады. Жұма күнi мешiтке намаз оқуға барам, қалған күндерi осындамыз ғой. "Әу демейтiн қазақ жоқ" десек те, әннiң, сөздiң қадiрiн бiлетiн халықпыз. Менiңше, Қанағат атаның бiзге орындап берген әнi қазақ даласының дархандығын сезiндiрiп, рухыңды асқақтататын керемет дүние. Оның әндерiн жарыққа шығару керек. Тек "қолда бар алтынның қадiрi жоқ" деген сөзбұйдалыққа салынбасақ жарар едi… Қарттар үйiнiң тұрғындарының көпшiлiгi оқу-ағарту саласында еңбектерi сiңген педагог-мамандар. Кезiнде бiрнеше жоғарғы оқу орындарында оқытушылық қызмет атқарған Әлкен Смағұлұлы Рахимов атаға сәлемдесiп шығуды да жөн көрдiк. Өйткенi, қарт ұстаздың айтары көп екенiне сендiк. Ол кiсi өз бөлмесiнде емес, көршiсi Раифа Садыққызының бөлмесiнен табылды. — Сәлеметсiздер ме? Ата, бiз сiздi бөлмеңiзден iздеп едiк… — Кел, қалқам. Сiздер келедi дегесiн Раифа Садыққызының бөлмесiнде отыр едiм. Кеше аздап сырқаттанып… өз бөлмем қонақ қарсы алатын жағдайда болмай тұрғаны. — Ештеңе етпейдi, қазiр жағдайыңыз қалай? — Шүкiр жақсы. — Жасыңыз нешеде? — Ұмытпасам жаспын әлi, сексеннiң бесеуiндемiн. — Жас көрiнесiз… — Мұның бәрi қоғамдық күтiнудiң арқасында, екiншiден, Раифа Садыққызындай көршiмнiң қамқорлығының, достық пейiлiнiң арқасында (күлiп алды). Елiмiзде, дүнижүзiнде не өзгерiс болып жатыр деп екеумiз бiр-бiрiмiзбен пiкiр алмасып тұрамыз. Күнделiктi күйбең тiршiлiктiң ығынан шыға алмай жүре берсең, ерте қартаясың. — Әлi де кiтап, газет-журналдарды үзбей оқып тұратын болдыңыздар ғой… — Кiтап оқуға көз нашар, әлiмiз газет-журналға жетедi. Қолыма түссе, Алдан Айымбеттiң "Казахская правдасын" үзбей оқуға тырысам. Қазақ мүддесiн жақсы қаузайды. Кезiнде марқұм Алданмен бiрге қызметтес болғанмын. — Газет-журналдардағы, теледидардағы жазылып, айтылып жүрген мәселелерге көңiлiңiз тола ма? — Бәрiмiздiң өмiрiмiз саясатқа байланысты. Сондықтан, мен саясатқа көп қызығам. Салмақты саяси сараптамалар там-тұмдап қана жазылып жатыр. — Қазiргi қоғамға, жастар тәрбиесiне көңiлiңiз тола ма? — Мен жастармен қоян-қолтық жұмыс iстеген адаммын. Қоғамның бейнесi өзгергелi берi, Кеңестiк кезеңнiң заңы, тәртiбi түгелiмен керексiз болып қалды. Менiңше, бұрынғы социализм дәуiрiндегi бала тәрбиесiн солайымен қалдырса, ұтылмас едi. Бүгiнде бәрi Батысқа елiктеп, "үлкенге құрмет, кiшiге iзет" деген қағидадан жырақтап, ұлттық өңiнен айнып барады. Балалар бақшасы, балалардың жазғы демалыс орындарының жай-күйi, жастардың жұмыссыздық мәселесi шешiмсiз күрмеуге айналды. Дегенмен, "Жас Отан" жастар қанатының болашағына үмiтпен қараймын, соңғы уақытта белсендiлiктерi артып келедi. — Ал, өз балаларыңыз туралы не айтасыз? — Екi ұлым бар. Бiреуi — Германияда, екiншiсi — Арқалықта қызмет iстейтiн, таяуда осында келдi. — Ұлдарыңыз оқыған азаматтар ма? — Қолымнан келгенiнше оқуға зейiн салғанын қадағаладым. Үлкен ұлым 27 жасында физика-математика ғылымдарының кандидаты болды. Кенже ұлым бакалавр, магистратураны бiтiрген, соңғы үлгiдегi технологиялармен жұмыс iстеудiң үздiк маманы. Бұл кiсi де балалары туралы ашылып әңгiме айтудан бас тартты, қысқа қайырған дұрыс дейдi. — Ата, қоғам туралы толғаған пiкiрiңiзге рахмет, — деп Әлкен атамен қоштасып жатқанда, Раифа апай "қуыс үйден құр шықпа" деп, сөмкеме өзiнiң сақтап жүрген тәттiлерiн салып, бетiмнен сүйiп, алғысын жаудырды. Осы сәтте алыста қалған ата-анам есiме түсiп, бәрiн тастап ауылға қайтқым келдi… Артында ұрпағы бар адамның қартайғанда қарттар үйiнен табылуы өкiнiштi. Болашақта мұндай жағдайлар қайталанбасын десек, бiздiң Парламент күнтiзбенiң арнайы бiр күнiн "Ата-аналар күнi" деп белгiлеуi керек шығар. Өйткенi, жастайынан ата-ананың қадiрi артық екенiн түсiнген бала, қартайғанда оларды қаңғыртпас едi. Мұндай күндi әлемнiң өркениеттi елдерiнiң күнтiзбелерiнен кезiктiруге болады. Мысалы, немiстер 2-мамыр ата-аналар күнiн халықтық мереке ретiнде тойлайды. Бiз де ондай күндi халық болып тойласақ, несi айып?! Атаңа не iстесең, алдыңа сол келедi емес пе?!  
Жадыра НАРМАХАНОВА