ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ РЕКТОРДЫҢ ДӘРIСIМЕН АШЫЛДЫ

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ РЕКТОРДЫҢ ДӘРIСIМЕН АШЫЛДЫ

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ РЕКТОРДЫҢ ДӘРIСIМЕН АШЫЛДЫ
ашық дереккөзі

Жаңа оқу жылын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң ректоры, академик Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов елiмiздiң бас жоғары оқу орнының табалдырығын жаңа аттаған студенттерге арналған "Университеттiк бiлiмнiң елiмiздiң дамуындағы ролi" атты дәрiсiмен бастады. — Бiз өте қызықты әрi жауапкершiлiгi мол кезеңдi бастан кешiрудемiз. Қазақстан әлемдiк қауымдастықпен бiлiмге негiзделген ынтымақтастық орнатып отыр. Бұл жоғары оқу орны мен ғылыми қауымдастықты шабыттандыратын жағдай – дедi, академик Бақытжан Жұмағұлов мырза сөз басында.

Осыған дейiн Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы аясындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң 2009-2011 жылдарға арналған даму стратегиясы бекiтiлiп, оны жүзеге асыру бойынша нақты iс-шаралар қолға алынған болатын. Бiлiм беру бағдарламаларының халықаралық аккредитациясы бiлiм беру мен ғылым менеджментiнiң жаңа сатысы, әлемнiң ең үздiк университеттерiнiң рейтiнгiсiне ену — елiмiздiң бас оқу орнының алға қойған табанды мақсаттары осылай жалғаса бередi. ҚазҰУ-нiң ректоры Бақытжан Жұмағұловтың пiкiрiнше, бұған қол жеткiзуге университеттiң толықтай мүмкiндiгi жетерлiк. Өйткенi, болашағы айқындалып, жоғары кәсiби және ғылыми бiлiктiлiк пен зор ынта-жiгер дәл осы бiлiм шаңырағында шоғырланғаны белгiлi.

— Бiз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң оқытушысы мен студентi деген мәртебе көптеген марапаттар мен сыйлықтарда биiк тұратын дәрежеге жетуiмiз керек, – деп жiгерлендiрдi университет ұжымы мен студент қауымды.

Сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы университеттiң оқытушыларының мемлекеттiк марапаттарды иеленуi мерекелiк көңiл-күйдi одан әрi көтере түстi. Ректор университеттiң 11 профессорына "Астананың 10 жылдығы" мерейтойлық медалiн және 6 профессорға "Қазақстан Республикасының бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi" төс белгiсiн салтанатты түрде табыстады.

Бiлiм күнi Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың факультеттерiнде де кеңiнен атап өтiлдi. Биылғы жылы мемлекеттiк бiлiм беру гранттары бойынша талапкерлердi қабылдауда университет алғашқы орынды иеленген. 14 факультетке 4 мың студент қабылданған, оның iшiнде ақылы бөлiмдегiлер де бар.

Бiрiншi курс студенттерi дәстүрге айналған факультет декандары мен кафедра меңгерушiлерiмен, профессор-оқытушылар құрамымен танысумен қатар, өз мамандығы бойынша зор табыстарға жеткен, университет мақтанышына айналған түлектермен де кездестi. Заң факультетiнде Алматы қаласының IIД бастығы Ерлан Тұрғанбаев, филология факультетiнде Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, биология факультетiнде "Экомед" клиникасының басшысы Салтанат Байқошқарова, журналистика факультетiнде Журналистер Одағының төрағасы Сейiтқазы Матаев, халықаралық қатынастар факультетiнде ҚР Президентi жанындағы ҚСЗИ директоры Болат Сұлтанов, шығыстану факультетiнде "Еуразия қыпшақтары" қорының президентi Болат Көмеков қонақта болып, өздерiнiң сүйiктi мамандықтарының қыр-сырымен бөлiстi.

Сол сияқты бұл күнi факультеттердiң жаңа оқу жылына кешендi дайындығына арналған байқау мәреге жетiп, бiрiншi орынды философия және саясаттану факультетi, екiншi орынды химия факультетi, үшiншi орынды экономика және бизнес факультетi мен биология факультетi өзара бөлiстi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ