ОЛИМПИАДАДАН ТҮЙГЕН ОЙ

ОЛИМПИАДАДАН ТҮЙГЕН ОЙ

ОЛИМПИАДАДАН ТҮЙГЕН ОЙ
ашық дереккөзі

Жалын шарпыған, арпалысқа, айқасқа толы күндер де өте шықты. Олимпиада жеңiмпаздары мен жүлдегерлерi туған елдiң ыстық құшағында. Омырауларына ордендер тақты, барынша сый-сыяпат жасалып жатыр. Олимпиада дуы тек қуаныштан ғана тұрмайтыны белгiлi. Тұтас елдiң сенiмiн арқалаған небiр мықтылар да сүрiнiп жатты. Бабы келсе де бағы кем болып бармақ тiстеген, төрешiлердiң қиянатынан, әдiлетсiздiгiнен жүрегiне мұң шөккен спортшылар да аз емес. Өткендi таразыға тартып, барымыз бен жоғымызды түгендейтiн де кез келдi. Сол кезде ой сiлемi әр қияға жетелейтiнi сөзсiз.

Өте мықты спортшыны сырттан шақыру әлемдiк тәжiрибеде бар нәрсе. Өз елiңнiң спортшысы соған қарап елiктеп, шеберлiгiн шыңдайды. Өз қателiгi мен кемшiлiгiн байқайды. Бұл да бiр мектеп. Ал шетелдiк спортшыларды тобымен шақыратын болсақ, бұл — сорымыз. Осыны әдетке айналдырмау керек, медаль керек болған кезде мықтыны сырттан iздесек өз елiмiздiң перзенттерi өспейдi де. Науқаншылдық дегенiңiз де осы. Өз елiнде өгей баладай күй кешедi. Буырқанған шағында өз қолымызбен тұсаулап, бағын байлап, жаутаңдатып қоямыз. Күйiнген сәтте ол: "Алдымда мынау тұрғанда маған күн жоқ" деп, қолын бiр сiлтеуi де мүмкiн. Өз елiмiздiң перзентiн тәрбиелеу — басты парыз, негiзгi мiндет. Шекара асып келген спортшы бүгiн бар, ертең жоқ. Бiзде бiлiктi бапкерлер жетiспейдi. Бiздiң ойымызша, ең негiзгiсi, спорттың ақсап тұрған салалары бойынша әлемдiк деңгейдегi бiлiктi бапкерлер шақыру. Ол бапкер ондаған мықты спортшы дайындайды, мектеп қалыптастырады. Жаңағы он спортшы кейiн елiмiздiң жүздеген найзағай жiгiттерiн шығарады. Бапкерлер тобы да қалыптасады.

Қазақ елiнiң талай бапкерi Қытайда, Моңғолияда тер төгiп, келiсiмшартпен еңбек етiп келдi. "Арқада жаз жайлы болса, арқар ауып несi бар?" Өз елiмiзде жақсы жалақы алатын болса жат елде неге жүр?! Қазiр сыртта жүрген сондай бапкердiң бiрi — шымкенттiк Нұрғали Сафиуллин. Сафиуллин баптаған қазақ бауырымыз Қанат Сләм Олимпиада жүлдегерi! Талантты бапкер де, талантты боксшы да ұлттың байлығы.

Бiз мақтауды жақсы көретiн, тойшыл халықпыз. Үлкен тойларда мақтаудан жарыс өткiзiп тұрғанымызды өзiмiз де байқамай қаламыз. "Сен кереметсiң", "Жер бетiнде сенен асқан мықты жоқ", "Сен данышпансың". Бiр айтамыз, он айтамыз, мың айтамыз. Содан кейiн сенбей көр. Адам да пенде. Мақтау жас таланттың буынына түседi. Асырып айтқан, бөсiп айтқан, өсiрiп айтқан, жағынып айтқан мақтауды шын екен деп қабылдайды. Еңбегiне сай мақтайық, құрметтейiк, қадiрлейiк. Елi үшiн сiңiрi созылып, ұлтының абыройын асқақтатып жүрген спортшыларды мақтаумен бiрге жағдай да жасау қажет, қорған да болу керек. Демалдырайық, тойдан-тойға сүйрелеп шаршатпайық. Демалсын, бiрақ сол демалыс айларға, жылдарға созылып кетпесiн деңiз. Дарынды спортшыларды бiз әлi де жеңiс тұғырларынан көргiмiз келедi. Ал шамадан тыс демалыстан кейiн спортшының қалпына келуi өте қиын.

Олимпиада кезiнде бiз көңiлмен де көзбен де бiраз спортшылардың жеке бапкерлерiн iздедiк. Бармай қалған, апармаған. Неге? Жеке бапкер спортшының көңiл-күйiн, күш-қуатын тамыршыдай тап баспай ма?! Әлде ақша жетпедi ме оларға? "Бiз бай елмiз" деп күнде дабыл қағып жүр емеспiз бе?! Қиын сәтте спортшыға өз бапкерiнiң ұтымды ақыл-кеңесi ауадай қажет.

Қазақ деген елдiң намысын қорғап барған талантты гандболшы қыз Гүлзира Ысқақованы тек үшiншi елдiң командасымен ойнағанда ғана ойын алаңынан көрдiк. Бұл Қазақстан мен Норвегия кездесуi едi. Норвегиялық қыздар 34:18 есебiмен ойсырата ұтып жатты. Тегеурiндi, шеберлiгi көш iлгерi найзағай команда екен. Гүлзира ұзын орындықта жанкүйер болып қана отыр. Сағатыма қарадым. Екiншi кезеңнiң бiтуiне тура екi минөт қалғанда Ысқақованы алаңға шығарды. Бiр-ақ рет қолына доп тидi-ау. Әйтеуiр ойсырай ұтылады екенбiз, Олимпиадаға апарады екенбiз, неге ойнатпасқа?! Гандболшылар iшiндегi Олимпиадаға барған жалғыз қандас қарындасымыз. Талай қаракөз талантты гандболшы қыздарымыз жанарларына мұң тұнып тiзiмге iлiкпей қалды. Олимпиадада ойнаудың, небiр мықты шеберлерге қарсы шығудың өзi үлкен бақыт, шеберлiк мектебi емес пе?!

Үлкен мақсатты елдiң спорты мектепте қалыптасады. Спорт мектептерiнде шыңдалады, үлкен спорттың жалына жармасады. Үзiлмей, толқын-толқын болып ұлтының абыройын байрақты бәсекелерде атой салып қорғайды.

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары талай спорт мектептерi жабылып қалды. Ал әупiрiмдеп қалған мектептер тозды, ондағы спорт түрлерi азайды. Бiз болсақ ел естiмеген казиноны, ойын автоматтарын қаптаттық. Ұлтты аздыра бастағанына көзiмiз жеткенде барып өкiндiк. Осындай желге ұшып жатқан қаржыға спорт мектептерiн салуға болар едi ғой. Есiңiзге түсiрiп көрiңiзшi, Тәуелсiздiк алған 17 жылдың iшiнде қанша спорт мектебi, қандай спорт ғимараттары салынды? Дәл қазiр жаппай спорт мектептерiн көбейту керек, жаңа ғимараттар салған жөн. Бұл үшiн Үкiмет арнайы ауқымды бағдарлама қабылдауы керек. Егер ұлттың денiнiң саулығы, өлмес рухы керек болса!

Зейнел Жекейұлы