САНАТКЕРЛIК САРДАРЫ
САНАТКЕРЛIК САРДАРЫ
Жазушы, зерттеушi Сауытбек Абдрахманов Пушкиннiң қазақ әдебиетiне тонның iшкi бауындай жақындығы, оның iшiнде Абай аудармалары туралы, Пушкин шығармаларындағы екi жүздей түркизм сөздерiнiң түбiн тексерiп, пушкинтануда бұрын-соңды тереңдеп қозғала қоймаған тiлдiк зерттеу – "Вер бана ат" (С.Абдрахманов, Вер бана ат, Астана, "Елорда" 2006 ж.) деп аталатын қомақты кiтап шығарды.
Негiзгi әңгiмемiз осы кiтап туралы. Пушкин тақырыбына жазылған кiтап теңiз. Ұлы ақынның "Евгений Онегин" романын жер бетiнде өз тiлiнде оқымайтын ұлт өкiлдерi некен-саяқ. Орыс оқырманының 8-9 ұрпағының жан азығы, жаттандысы болып келе жатқан романның сөз сиқыры алабөтен. Ақын қай күнi, қай сағатта кiммен кездестi, не iстедi деген iждағатты iзденiс нәтижесiнде тақау арада Пушкин ғұмырының шежiресi қалың-қалың төрт том болып жарық көрдi. Орыстың кемел қаламгерi В.В.Набоковтың "Коментарий к роману А.С.Пушкина "Евгений Онегин" атты мың беттiк кiтабынан кейiн ендi айналып жазарға не сөз қалды деп ойлайсыз. Сол сиқырлы әлемге жүрегi дауалап қалам тербеген Сауытбек Абдрахмановты қазiргi таңда Пушкин тақырыбының бiрi болмаса да – бiрегей сөз ұстасы деп қабылдаған ләзiм. Көрнектi орыс философы Владимир Соловьевтiң елу беттiк мақаласына пiкiрталас, шындықты ашу ысабында жазылған "Құран және Пушкин" мақаласын ертеректе Қалтай Мұхамеджанов ағамыз өз қолымен алғысөз жазып "Егемен Қазақстан" газетiнен "Түркiстан" газетiне көшiрiп бастырғанын бiлетiн едiк. Содан берi талай уақыт өтiптi, талай ғұмыр бақилық болыпты. "Евгений Онегин" романының қазақша аудармасын ауқымды талдауға арналған "Бiздiң Пушкин" дейтiн бiрiншi бөлiмi бұрындары жеке кiтап болып шыққаны мәлiм. Дүниелiк өркениет биiгiнде Пушкин жырлары алыстан шалынатын маяк секiлдi. Әлгiде ақиық ақын туралы жазылған кiтап теңiз дедiк. Көкала толқыны өкiрген, өмiрдiң өзiндей қым-қуыт арпалысып жатқан "сол теңiзге" қазақ зерттеушiсi қайық салған екен: күндердiң-күнi жаңқауықша шағылып, жағаға шығып қалмай, желкенiн жел кернеп, өзiндiк бетi, өзiндiк бағытымен жүзе отырып, бүгiнгi оқырманның көкейiне қонар, ойын қозғар көрiктi сөз кестелептi. Зерттеушiнiң бiрiншi тапқан шындығы: Пушкин поэзиясының, соның iшiнде "Евгений Онегин" романының ерекшелiгiн тап басып тауып айтуында дер едiк. Пушкин текстiнiң құдiретi – орысша айтсақ "в оттенках", яғни сөз сиқырында. Өлеңнiң iшкi әуенi, нәшi, сазы, түп мағынасы – төртеуi қосылып барып әлгi айтқан құдiреттi қасиетке келетiнi кәмiл. Қыл қаламның құдiретi – жарық пен кеңiстiктi сезiнуде. Музыканың құдiретi – табиғатпен үндесе бiлуiнде. Сәулетшiнiң құдiретi – құрылыс геометриясын көкiрекпен сезiнуде. Сөз өнерiнiң құдiретi – сөздiң суретiнде. Түсiнiктi ғып айтар болсақ: тiлдiң бояуы, құнары, нәрi, дыбысы, сазы, ырғағы үндесiп барып әлгi айтқан суреттi құрайды. Ақыннан бiр шумақ келтiрейiк. "Еще предвижу затруденья, Земли родной спасая честь, Я должен буду, без сомненья, Письмо Татьяны перевесть". Дұрысы – перевести ғой. Әйтсе де осындағы ақын қолданысындағы "перевесть" сөзiнiң баламасын табу қиын-ақ, "сиынамын", "күбiрлей айтамын", не болмаса "жүрегiмнiң төрiнде ұстаймын", "көңiлiмнiң қаймағына айналдырамын" деп жуықтатуға болар едi; ал бiр сөзбен мағынасын дәл беру мүмкiн емес. Роман контекстiнiң күрделiлiгi осында дейдi зерттеушi. Әуел баста Пушкин өнердегi қайта өрлеу дәуiрiнiң алыптарын, антикалық кемел ойшылдарды санасына мол-мол сiңiрiп, өзiнiң бас кейiпкерiн биiктетiп барып жазуға отырған. Онегиннiң алдына биiк мақсат пен тарихи сiлкiнiстi қойғысы келген. Ұлы мақсат иелерi ғана ұлтына адал қызмет етедi деп ойлаған. Онегин басындағы жұмбақ сыр, тылсым романтика сарыны осы ойдан туындап жатады. Содан келiп өз-өзiн мiсе тұтпаушылық, өзiнен-өзi қарадай жерiну пәлсапасы келiп шығады. "Кейде паң, кейде көнгiш орныменен, Кейде елеусiз, кейде ынтық формыменен… Жеңуге, қор қылуға тағы да ұста, Өзiне күндес шықса жол таласқан". Сол заманда Еуропаның эстетикалық талғамы әрi көркем мәдениетiне тәнтi тұра тағзым еткен Петербург зиялылары Онегиндi әбден мезi етiп жалықтырып жерiткен едi. Жоғарыдағы үкiметке танау шүйiре қарайтын, бәрiн бiлiп, бәрiн тұшынып "болдым-толдым" дейтiн, тәкаппар топ кейiпкерiмiздi елең еткiзбейдi. Сырты бүтiн, iшi түтiн, мiнезi бүркеулi, жалына қол апартпайтын асаудай мардымсыған мырзалардан жарқ еткен сәулелi қылық табу қиынның қиыны. Осыны өткiр сезiмi арқылы терең сезiнген ақын романның негiзгi жүгiн қанша дараласа-дағы жалғыз ғана асау мiнездi Онегиннiң иығына салмақ қып сала алмас едi. Онегин осы жүрiсiнде, бейне, ескексiз қайық. Өзiн-өзi мiсе тұтпау, кең дүниеге сыймау, басын тауға да, тасқа да ұру, ұрынып жүрiп өзiн де құрту, өзгенi де опат ету – Онегиннен қалған. Романның негiзгi серпiнi – "ұлт үшiн не iстеймiн?..", "заманға қаншалық керекпiн?.." деген сауалдарға жауап таппай сансыраған кейiпкерiмiз ақыр соңында ескексiз қайықтай байтақ Ресейден тиянақ таппай қаңғып кетедi. Ауыз жаласқан достарымен, қоғаммен, ортамен сыйыспауы – уақыт өте келе кейiпкерiмiздi жартасқа соғылған кемеге ұқсатады. Бас кейiпкер әрдайым қапылыс титығына жетiп жүр. Жақын досы Ленскийдi қапылыс жекпе-жекте опат етедi. "Ием – сенсiң өлгенше" деп үзiлiп сүйген Татьянаны қапылыста қолынан шығарып алады. "Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда, көбiнiң сырты бүтiн, iшi түтiн". Онегиннiң астанаға екiншi мәрте ат iзiн салғандағы көз жеткiзген шындығы – Ресей мұны керек қылмайды! Тап мына мiнез, осынау сенделiспен Ресейге сыймай жүрiп қоғамнан тыс, ортасына қораш, топтан қағажу қалды деген осы! Романның ХIХ ғасырдағы орыс оқығандарының тiршiлiк, ой-өрiс айнасы аталуы содан болса керек. Екi ғасыр бойына орыс оқырманының жан азығы болып келген шығарманың бұлақ көзiн аршыған автор өлең сөздiң бүлкiлдеп соққан күретамырын кiтаптың "…Оралға келдiм" бөлiмiнде тамыршы тәуiптей тап басып тани бiледi. Оны зерттеушiнiң төменгi ой түюiнен анық аңғарамыз. Пушкин өзiнiң "Евгений Онегиндi", "Капитан қызын" жазған кезде бүлiкшiлдiктi, бунтты, самодержавиеге қарсы күш көрсету жолын ойға алып па едi? Жоқ, әрине. Сол кезеңдегi ақын көзқарасын зерттеушi аса байқампаздықпен қамырдан қыл суырғандай ғып баяндап, алақанға салғандай ғып әдiбiн сөгiп, астарын ашады. "Пушкиннiң биiк болмысы, бүлiк табиғаты туралы концепсияларын барынша байыптай түсу әлi де қажет. Кешегi кеңестiк кезеңде "Пугачевтiң тарихына" көзқарас бiржақтылау болған деген ойды да iркiп қалғымыз келмей тұр. Ол тұстағы зерттеулердiң бәрiнде де Пушкин Пугачевтi халық көсемi, самодержавиеге қарсы көтерiлiстi бастаушы ретiнде суреттеген деп сипатталатын. Шынтуайтында, Пушкин ақиқаттың қашанда бел ортада жататынын анық бiлген кемеңгер. Нағыз Ресей патриоты ретiнде ол ат айдап кетудi кәсiп еткен баукеспе ұрының, үйсiз-күйсiз жүрген қаңғыбастың, әлiптi таяқ деп бiлмейтiн сауатсыз адамның аяқ астынан өзiн-өзi кезiнде ғайыптан тайып жерленбей, аман қалған император Петр III-мiн деп жариялап, дворяндар, помещиктер езгiсiнен ашынған қараңғы халықтың басын айналдырып, мемлекеттiң iргесiн шайқалтуға шапқанын еш уақытта қолдаған емес… "Пугачевщинаға" бар бағасын бере келiп, шығармасын түйiндер тұста данышпан қаламгер: "Не приведи Бог видеть русский бунт, бессмысленный и беспощадный!" (сонда, 194-195 беттер) деп түйедi өз ойын. Құп алатын күрделi күрмеу осы. Бұл тұжырымға жету үшiн зерттеушi қаншама кiтаптар ақтарып, дәйектемелер iздедi десеңшi! Бiлiмi терең зерттеушi бұрыннан белгiлi жәйiттi қайталап, жұрт жүрiп өткен сүрлеумен құлағы салбырап жортақтай бермей, көп нәрсеге көкiрек көзiмен қарап, тыңнан ой айтуға, өзгеше байлам жасауға ұмтылады. Абай мен Пушкинге айтары бар адам ғана үңiлмегi жөн. Уағында осы жолдар авторымен қоян-қолтық араласып, дастарқандас болып, көп-көрiм сыр бөлiскен – "Портреты заговорили" кiтабының авторы Николай Алексеевич Раевский марқұм Д.Ф.Фикельмондар отбасының ұлы ақынмен аралас-құраластығы туралы дәл осындай көзқарақтылық, iзденiмпаздық танытқан пайым-парасат иесi болатын. "Вер бана ат" авторын да дәп осындай әдемi әсерде қабылдап отырмыз. Ақын шығармалары туралы тың тұжырым, парықты пайымдауы арқылы кiтап авторы жаһандық әдеби ойға өрмекшiдей өзiнше өрнек қосады. Соныдан пiкiр сабақтайды. Бұл зерттеушiнiң табан тiреп биiктеген бiрiншi шындығы. Кiтаптың екiншi шындығы: Пушкиннiң "Пайғамбар" атты өлеңiнiң бас кейiпкерi Мұхаммед ғ.с. пайғамбарымыз дегендi көлденең тартады. "Құранға елiктеу" жырының орталық образы Алла бейнесi мүмкiн болғанынша жан-жақты ашылған деген толымды пiкiр сабақтайды. "Әрине, мүмкiн болғанынша. Адам деген Алла бейнесiн ешқашан толық аша алмайды" (сонда, 201-бет) деп сары алтындай салмақты ой таразылаған. Көрнектi дiни философ В.Соловьев "Значение поэзии в стихотворениях Пушкина" деген елу беттiк мақаласында ақын өлеңiнде Мұхаммед пайғамбарға орын жоқ, болуы да мүмкiн емес деп, тура тұрған шегенi қисық балғамен ұрғандай "қыңыр оймен" шегелеп шаршағанын бiлемiз. "Значит, даже в том предложении, что пушкинский "Пророк" должен быть принят в собственном смысле, еще нужно решить вопрос, на кого он больше похож: на библейского пророка или на Мухаммеда. Но быть более похожим на последнего он не может уже потому, что между ним и Мухаммедом вовсе нет никакого сходетсва" деп пышақпен кескендей қылып тұжырады. Зады классиктермен "iстес болып", олардың еңбектерiне сiлтеме жасаған кезде әсiре абай болған ләзiм. Бiр мәселе жөнiнде тұжырып, төндiрiп айту – бiлiмсiздiктi байқатады, аруақтарға тiл тигiзгендей саналады. Бiздiң бiлуiмiзде: ақынның замандасы белгiлi сыншы С.Фомичев 1824 жылы қазанда Пушкиннiң қолында Құранның М.Савари аударған французша нұсқасы болған едi деп жазады. Мұнымен қоса әдебиет зерттеушiсi К.С.Кашталова ақын қасиеттi кiтапты М.И.Веревкиннiң қара сөзбен аударған тәпсiрiмен егжей-тегжейлi таныс болған деп дәлелдейдi. Жоғарыда аталған "Пайғамбар" өлеңiнiң мазмұны бәрiмiзге таныс. "Қу медиен құла дүзде жан аңсарына сусап келе жатқан адамға Жаратқан Ие жiберген әлгi перiште жолығады", – деп келедi де зерттеушi ендiгi жерде ақынды ақын сөйлетсiн дегендей, кезектi Қалижан Бекхожин аудармасына бередi. Жалпы осы аудармалардың iшiндегi орыс ақынының стихиясына, таным, талайына бiр табан жақындап, iштей шүйiркелесе бiлген Бекхожин ғана. "Содан кейiн көкiрегiмдi, қылышпенен жарып алды. Салды қызыл шоқты жанған, Бос кеудеме қуыс қалған…" деп төгiлдiредi. "…Пушкин сынды ұлы таланттардың жырына әрдәйiм бiр ғана қырынан қарап, туындыдан ап-айқын, түпкiлiктi, түбiрлi ой түюге болмайтындығы ақиқат. Шын классика әрқилы дәуiрде, әртүрлi қоғамдық ортада алуан қырлы ақ алмастай құлпырып, жаңаша жайнап жатса керек. Бұл пiкiрiмiзге дәл осы "Пайғамбар" өлеңi дәлел", – дейдi зерттеушi. Ұзын сөзiн иiп келтiрiп Мұхаммед әл-Бұқари құрастырған хадистер жинағы "Әл-Жәми әс-Сахих" ("Ақиқат жауһары") кiтабының iшiнен В.Панова мен Ю.Вахтиннiң сөзбе-сөз аудармасын келтiредi. Қызық үшiн оқып көрелiк. "… Аспанда күн күлiм қаққан, ашық-жарық, нағыз сиыр сәске тал түс кезi. Мұхаммед пен оның емшектес ағасы қозыларды қарап, үй iргесiнен сәл-пәл аулақта ойнап отырған. Бiр кезде олардың жанына малынып ақ киген екi адам келедi. Бiреуiнiң қолында iшi ақ шекердей аппақ қарға толы алтын шылапшын бар. Олар Мұхаммедтi шалқасынан жатқызып, кеуде сүйегiн iреп ашып, жүрегiн шығарып алған. Жүрегiнде қара дақ бар екен, соны алып, былай тастап, баланың жүрегi мен iшкi сарайын аппақ қармен жуып тазартып, жүректi орнына салған да, бұрылып кете берiптi… Мұхаммед аппақ болған бетiнде қан-сөл жоқ демесең, қалған денесi дiн аман, анадай жерде состиып тұр…" (сонда, 204-бет). Бұл Мұхаммедтiң төртке қараған кезi едi дейдi. Ал пайғамбардың серiктестерiнiң бiрi – Әбу Хұрайра осы оқиға Мұхаммедтiң қырыққа толған шағында өткен едi деп есептейдi (сонда, 204-бет). Мейлi ғой! Зерттеушi, ең ғанибетi, Пушкин контекстiнiң арғы астарына, iшкi иiрiмiне, сөз нәшiне, сезiм тереңiне сүңгiп, бойлап бара алған. Бiр сөзбен айтқанда, өз жүрегiнiң бүлкiлiн ақын жүрегiнiң бүлкiлiмен үндестiре бiлген. Содан да көп тұжырымы көңiлден шығып, құп үйлесiп, оқырманды iштей риясыз сенiмге жетелеп отырады. Мұны зерттеушiлiк тiлмен айтқанда: екi шығарымпаздың шабыт шындығының бiр нүктеде түйiсуi деп танимыз. Жоғарыда аты аталған хадистердi исламды көркейтуге қосылған құқықтық құжаттар деп танитын болсақ, әлгi перiштелердiң келiп пайғамбардың жүрегiн қармен жуып тазалайтын мезетi Iнжiлде де, Тәуратта да ұшыраспайды. Яғни пенденiң жүрегiн пендешiлiк зiлзала ойдан, әртүрлi кесапат күнәдан ада-күде арылтып, анадан жаңа туғандай ғып адамзат арасына қайыра жiберу, былайғы жұртқа жүрек нұрыңды шаша жүр деу – тек қана Мұхаммед пайғамбарға қатысты оқиға. Бұл қисынды да ақын француз мәтiнiнен оқып алғанға ұқсайды. Жаратқан Ие жүрегi аппақ қармен жуылған пайғамбарға қаратып ақын тiлiмен төмендегiше тебiренедi. "Тұр, пайғамбар, баста, тыңда, Әмiрiме ер де менiң; Жердi, суды кезiп, зырла, Жандыр сөзбен ел жүрегiн!.." Ақынның ғасырлар белесiнен бермен қарай жұрт аузында жүрген "Глаголом жги сердца людей!" деген қанатты сөзi осы. Зерттеушi өз ойын осылайша кiр тасындай таразыға тарта келе "Пайғамбар" өлеңiнiң сарыны, желiсi қасиеттi Құраннан, хадис баянынан алынған дегендi дәлелдей келiп, ол жырда Мұхаммед ғ.с-ға құдiрет күшiнiң қонғаны, оның Алла Тағаладан жер әлемдi шарлап адамзат жүрегiне iзгiлiк, ғадiлет, иман ұрығын себуге аманат алғаны аса жоғарғы регистр – шабыт қанатында қарастырылады. Тарау, бейне, бiр деммен жыр төгiлдiргендей, дестелегендей оқылады. Зерттеушiнiң классик мәтiнiн түсiну iждаһаты сабан iшiнен ине iздегендей аса құнтты. "Пушкинтану парақтарын" оқып отырып көз жеткiзген үшiншi шындығымыз: Пушкин жырының, әсiресе "Евгений Онегин" романынының оригинал мәтiнiне байланысты сәттi тұжырымдары құм iшiнен табылған жауһар тасындай жарқ етiп жанарға сәуле үйiредi. Адам ең әуелi құштарлықтың құлы. "Нәпсiнiң құлы" деп кемсiткiмiз келмейдi, әрине. Дүние дүние болып жаралғалы адам болмысын жетiлдiруге жүректегi қан қызуы – құштарлықтың баспалдақ болғаны, кешегi жер табандаған құлдық дәуiрден осы күнгi бас айналғандай жаһандық өркениет биiгiне бiрте-бiрте жоғарылатып, қолтығынан көтерген осынау жан мен тәндi еркiне қоймаған – қан құштарлығы көрiнедi. Әуелде құштарлық адамға бағынышты, тәуелдi болып келген. Уақыт өте әлгi құштарлық өртше лаулап, сананы билеп, бойды алып, шайтан секiлдi адамның жолын кесушi шайтанға айналады. "Нет, никогда порыв страстей, Так не терзал души моей!" деп кейiпкерi арқылы Пушкиннiң бiрде от, бiрде мұз болып күйiп-жануы бекер емес! Бұл жөнiнде Абай ақын да кем түспейдi. "Бой шымырлап, тән ерiп; Iшiм оттай күйгенде…", "Жүректiң көзi ашылса; Хақтың түсер сәулесi, Iштегi кiрдi қашырса, Адамның хикмет кеудесi…" Мына жүрген пенденiң жүрегiн тiршiлiктiң түгесiлiп бiтпейтiн алыс-жұлысы, қайғысы, мұңы, уайымы, қиындығы жүре-бара кiр боп шалады, сол кiрдi шариғат тiлiнде "күнә" деп атайтын болсақ; күнәдан, тiршiлiк салған зiлзала салмақтан құлан таза арылу үшiн де жүрекке хақтың сәулесi, яғни Алла Тағаланың нұры түскенi ләзiм. Ақын жырындағы нұрлы ақыл, нұрлы жүрек деген ұғым сол хақтың жолына бас қойған, iлгергi болсын деген тiлеумен жүрiп – маңайына жақсылықтан шам жаққан адамдарға айтылады. Зерттеушiнiң тапқан төртiншi шындығы – Пушкин өлеңiнiң, әрi Абай аудармасының құдiреттей құпиясын ашуға кiлт тапқаны. Ол кiлт сөз сиқырында дейдi автор. Бәз бiрде сөздiң бояуын, ырғағын, ұйқасын, үндестiгiн кемпiрқосақтай құбылысын танимыз деп отырып – ғайыптан әлгi сөздiң суретiн көредi екенбiз. Орыс сыншыларының сан мәрте шырқ айналып, қазықбау шалып маңайынан шықпай қойған Пушкин "өлеңiнiң кереметi в оттенках" деп тұрғаны дәп осы сөздiң суретi болар. Ұғысқан кiсi – жақындасады; жақындасқан кiсi – тiлдеседi, тiлдесуден – сыр бөлiседi, арғы жағы әлгi құпия құдiреттiң iшiне ену, бұрындары оқырман сезбеген, сыншылар тiлге тиек етпеген жан азығының жай-жапсарын ашып магнит өрiсiне тартылып арбалғандай кейiпке енесiз. Бұл не деген құдiрет! Ендi осы жоғарыда аталған бөлiмдерге түркизмдер туралы үлкен зерттеу бөлiмiн қосып, бұрынғы бөлiмдердi қайтадан қарап, оларға ғылыми аппарат, сiлтеме, аннотация, түсiнiктеме жазып, толықтырып, қайтадан жарыққа шығаруы – зерттеушiнiң табанды iждаһаттылығын танытады. Ойды ой оятады, қиялды қиял байытады. Әуелi Пушкин өлеңiнiң сиқырын контекстен сезген, өлең құдiретiнiң кiлтiн әлгiдей әдiспен дөп басқан зерттеушi Құранның түпнұсқа мәтiнi туралы тұшымды ой сабақтайды. Әлгiдегi жан пернесi – эмоциялық-интуитивтiк, үндiк үйлесiмдi қасиеттi кiтапқа арнап термелейдi. "Құранның түпнұсқа мәтiнi бастан-аяқ, тұп-тұтас iшкi ырғаққа құрылғаны мәлiм… ақ өлеңмен жаралған поэзия туындысы екенi ешқандай талас тудырмайды. Мұсылман әлемiнде дiн ғұламаларының қай заманда да Құранның тек арабша нұсқасы ғана дауыстап оқылуын қатты құнттайтынында, тiптi қадағалайтынында да үлкен мән бар. Түпнұсқаның құдiретi оның эмоциялық-интуитивтiк бастауы басым болып келетiндiгiнде; киелi кiтаптың адамның жанын баурап алып кететiн керемет қасиетi ғажайып сөз сазында жатыр… Пушкин мұны бiлген, бiлмесе – сезген", (сонда, 201-бет). Осылайша сөз сырын, сөз сиқырын, сөз суретiн сезгенiмiз мына бiздерге үлкен олжа! Шығарманың кiлтi дегеннен шығады. "Евгений Онегин" романын әр заманда, дарын деңгейi әрқилы үш бiрдей қазақ ақыны аударғаны мәлiм. Ақынның қайтыс болғанына жүз жыл толуына орай 1937 жылы Iлияс Жансүгiров аударып шығарды. Аудармасы жайлы "…ұлы ақынның үлкен еңбегiн аударуға кешеуiлдеп кiрiскендiктен – асығып аудардық. Сондықтан асығыс ретте аударып басылған бұл аударманың кемшiлiгi болуы мүмкiн. Аударма ұдайы қайта-қайта қарауды, мiнеп, сырлауды керек қылады" (I.Жансүгiров, Шығармалар, 2 том, А., 1960, 392-бет) деп өзi де кемшiлiгiн мойындап жазып үлгерген едi. Ақынның туғанына жүз елу жыл толуына орай 1949 жылы романды Қуандық Шаңғытбаев аударып шықты. Жиырма бес жасқа толар-толмаста аударылған жойқын шығарманың кемшiлiктерiн кезiнде сыншылар бiраз тiлге тиек еткенi мәлiм. Араға отыз алты жыл салып, романды түбегейлi қайта аударып, 1985 жылы жеке кiтап етiп шығарды. Шын ақындық шабыттан туған осынау жауһар тәржiмада Пушкин сөзiнiң суретi – нәшiмен сызылған, сазы сақталған, ырғағы бұзылмаған. Екi ақынның екi түрлi аудармасын салыстыра қарастырып, таразыға салғандай хал кешiп шұқына үңiлiп – кемшiлiктi бетке ұрмай, жақсылықты айқайламай – үкiлеп алдымызға қайыра тартуы зерттеушiнiң бiрқыдыру табанды табысы. Кiтаптың бесiншi шындығы: Пушкин шығармаларындағы түркизмдердi, яғни түрiк тiлдес халықтан ауысқан, орыс тiлiне емiн-еркiн енгенi былай тұрсын, сүт бетiне қаймақ тұрғандай сол сөздердiң мәнi мен маңызы орыс тiлiне мидай араласып, сiңiп үлгерген асыл жауһарларды ерiнбей терiп шығуында. Сол жауһарлардың түп төркiнiн тексеруiнде. Осынау iждаһатты iзденiстi ғажайып ақынның: "… напрасно думает, чта владычество татар оставило ржавчину на русском языке. Чуждый язык распространяется не саблею и пожарами, но собственным обилием и превосходством" деген сөзiн әрдайым эпиграф етiп ұстанғанымыз жөн. Расында ғой, бiр тiлдегi сөз, сөйлем келесi тiлге енiп, оның ажарын ашып, көкжиегiн кеңейтер болса – тек қана өз мағынасының құнары мен ұланғайыр байлығы асқан соң ғана өзге көршiлес тiлге сiңедi. Сiңiп қана қоймай, бояуы араласып, жүрек бүлкiлiне үндесiп, сол халықтың рухани қазынасына айналып үлгередi. Көркемдiк қасиетiмен құп үйлеседi. Халыққа етене жақын рухын қайта тiрiлтедi. Пушкиннiң қаламынан туған ғажайып өлеңдерiмен қоса – мақала, хат, арнау, қолтаңба дегендердi шып-шырғасын шығармай түгел терiп, түзiп, жүйелеп шығарған академиялық 10 томдық жинағын тексерiп шыққанда зерттеушi – 217 сөз бен атау сөз – түркизмдi тауыпты. Тауып қана қоймай лингвистикадағы айрықша беделдi басылым М.Фасмердiң 4 томдық этимологиялық сөздiгiмен және Е.Н.Шипованың бас-аяғы екi мыңға жуық түркизмдi терiп шыққан "Орыс тiлiндегi түркизмдер сөздiгi" секiлдi беделдi еңбектерiмен салыстыра салмақтай келiп, өз ойын, өз тұжырымын әптиектей ғып, алдымызға асылдай етiп ұсынады. Ең қызығы – әлгi түркизмдер ең әуелi әлiпби ретiмен берiледi де, ол сөздер Фасмерде қалай аталған, Шиповада нендей кептi көтерген… алақанға салғандай анықтап алып… содан кейiн ол сөздердiң Пушкиннiң қай шығармасында кездесетiнi, нендей мағынада қолданылғаны, ол сөздiң нелiктен түркизм болып саналатыны тәптiштеледi. Бейне, сөз терiп, сөздiк оқығандай секiрмелi әсерде емес, ұлы ақынның шығармаларын қайта бiр оқып, шөл басып, мейiр қандырып алып – өзiңiзге рухани туыс тауып қанаттанып, қолтықтасып тауға шыққандай әсерге бөленесiз. Зерттеушi үңiле шұқынып құм арасынан түйiр жақұт тапқандай – таңғажайып ("Таңғажайып бұл қалай хат", Абай) түркизмнен енген бiрер сөздi салмақтап көрелiк. Пушкин өлеңдерiнiң екi жерiнде "қаймақ" сөзi кездеседi екен. "Мой друг, мне хочется ужасно каймаку. Теряю память я, рассу<док>, Во мне так и горит желудок;" (Cтихотворения). "Любезный, миленькой, красвец, мой дружочек, Достань мне каймаку хоть крохотный кусочек;" (Стихотворения). "Из тур., азерб., казах. Каймак "густая вареная сметана; сливки (сниятие с вареного молока)" ( В.В.Радлов, Опыт словаря тюркских наречий. Т. 1-4, спб., т 2, стр. 48). Әйтсе де ақын емiн-еркiн төл сөзiндей төгiлдiрiп қолданған осынау сөздi зерттеушi тереңiрек түсiндiруi керек едi. Әрине "қаймақ" – қазақ сөзi, әйтсе де Пушкин қолданысында сұйық нәрсе емес, балшекер, ежiгей, жұмсақ құрт мағынасында алынғаны күмәнсiз. Әйтеуiр кәдуiлгi "густая сметана", қою да болса – сұйық нәрсе емес; ақын бұл жерде қатты, я болмаса қолға ұстауға келетiн тағамның түрiн айтып отыр. Қолға ұстауға келетiн, қатты нәрсе болмаса – Пушкин өз өлеңiнде "достань" деп те, "крохотный кусочек" деп те айтпас едi. Ақын бұл тұста, өлеңдегi қолданысында кәдуiлгi бiз түсiнгендей, әрдайым дәмiн татып жүргендей сұйық қаймақты емес; құрт, ежегей, я болмаса сықпа күйiнде көзге елестетiп отыр. Зерттеушi бұл жәйiтке,өкiнiшке орай, тереңiрек үңiле алмаған. С.Абдрахмановтың бұрыннан көпке белгiлi кiрме сөздердi тәспiнiң тасындай тiзбелей бермей, өзiнше пайым жасап, лингвистикалық ғылыми жаңалық ашқан тұстары да жетерлiк. Жалғыз-ақ мысал. "Они ворчат: уймется ль негодяй, что за навеса! Экой разгилдяй?.." (Коломнадағы үйшiк). Осы қолданыстағы "небрежный в делах, несобранный, неряшливый человек" деп түсiндiредi де – зерттеушi бұл сөздiң түп тамырына тереңдеп сүңги түседi. Орыс лингвистикасының саңлақтары әуелi М.Фасмер сөздiгi, содан сырғып 14 кiтаптан бас құраған А.Преображенский сөздiгi, А.И.Попов сөздiгiн түгелiмен сүзе келiп, әуел баста татар ағайындардың арасынан шыққан Оразгелдi есiмдi берекесiз, жалқау бiреудiң атынан бастау алып, зат есiмнен сын есiмге ауысып, орыс тiлiне сiңiп кеткен деген қисынды ұсынады. Мiне қызық! Тiлдегi туыстық, рухани тамырластық деп осыны айтамыз! Әрине, зерттеушiнiң көз майын тауысып, кiтаптан кiтапқа сырғып, теңеумен айтсақ – сөздiң баласынан әкесiн, әкесiнен атасын, атасынан бабасын iздеп – ақын шығармаларын былай қойып, сол замандағы зиялы қауымның небiр заңғар өкiлдерiмен iштей сырласа жүрiп, сыр тарқатар ғажайып кейiпке енгенiмiздi жасыра алмаймыз. Сөз өнерiнiң құдiретiне бiр табан жақындай түскенiмiз анық. Мұнымен қоса "слон", "стакан", "таз", "ұлан", "ұлыс", "фарфор", "халат", "чемодан", "шашлык", "шаль", "янычар", "каблук", "казна", "влага", "вол", "вор" сөздерiнiң түпкi этимологиясын тарқатып көрсек – сол сөздердiң арғы астарынан өз ұлтымыздың ұғынықты төл сөзi жауһардай жарқырап шыға келетiнiне көз жеткiземiз. Айта кететiн бiр жәйiт: Пушкин ретi келiп, мағыналы ұғым тiлеген кезде – өзге ұлт өкiлдерiнiң аузына сол ұлттың сөз, сөйлемiн қаз-қалпынша сала бiледi. Мұндай тәсiл контекстiң бояуын күшейтедi, әрi шығарманың көркемдiк кестесiн бүтiндейдi, көкжиегiн кеңейтедi, табиғи құлпыртады. Зерттеу кiтабының атына шығарылған "Вер бана ат" сөз тiркесi де дәп осындай құйқылжыған шабыт ырғағы кезiнде қағазға түсiптi. Пушкин өзiнiң "Путешествие в Арзрум" атты очеркiнде жолай алдын тосқан түрiктерге қаратып, сол халықтың өз тiлiмен: "На все его непонятные речи отвечал я одно. Вер бана ат…" деп жауап бергенiн ризашылықпен төгiлдiрiп жазып қалдырған. Мұндай тәсiл әлемдiк әдебиетте толып жатыр. Л.Толстойдың "Қажымұрат" хикаятында түрiк тұқымдас кейiпкердiң аузымен айтылған сөйлем, сөз оралымдары қандай табиғи жарасымды шыққан. Шын классиканы қапысыз танисыз! Шындығын айтар болсақ – зайырлы зерттеушi Сауытбек Абдрахмановты – Жаратқан Иенiң назары түскен ақындық құдiреттi елден бұрын түкпiрлеп түсiндiрушi, ақындық мiнездi құп алушы деп таныдық. Бұл сөзiмiздiң дәлелi: осынау iждаһатшыл, iзденiмпаз сөз зергерiне Ресей сөз өнерi Академиясының "Санаткерлiк сардары" ("Ревнитель просвещения") атты Пушкин медалiн бұйыртуы – толымды еңбектiң қарымтасы. Бiздiң бiлуiмiзше – Сауытбек Абдрахманов медальсiз де, орденсiз де емес. Мәртебелi марапаты бiр шоғыр. Әйтсе де Пушкин медалi – солардың бәрiнен де жоғары, жүрегiнiң төрiнде тұруға лайық деп бiлемiз. Классиканың шапағаты шексiз! Дүкенбай ДОСЖАН