РЕСЕЙ ЕУРООДАҚТЫҢ ҚАҺАРЫНА ҰШЫРАЙ МА?
РЕСЕЙ ЕУРООДАҚТЫҢ ҚАҺАРЫНА ҰШЫРАЙ МА?
26-тамыздан берi Абхазия мен Оңтүстiк Осетия төңiрегiндегi әңгiме тиылар емес. Әлемдiк сарапшылар Ресейдiң бұл мемлекеттердiң тәуелсiздiгiн мойындау жөнiндегi батыл қадамын сынап, Америка мен Батыстың ендiгi iс-қимылын бағуда.
ЕУРООДАҚ РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ САНКЦИЯ ҚАБЫЛДАҒАН ЖОҚ, БIРАҚ….
Ресейге қарсы коалиция құруға шақырған Еуропа елдерi осы аптаның басында, яғни 1-қыркүйекте Брюссельде өткен шұғыл саммитте күткендегiдей Ресейге қарсы қандай да бiр саяси немесе экономикалық санкция қабылдаған жоқ. Алайда, әрiптестiк қарым-қатынас жөнiндегi келiсiмдi әзiрге тоқтата тұруды жөн санап отыр. Еуропа елдерi Кавказдағы қазiргi жағдаятты қатаң сынға ала отырып, әлем елдерiн Оңтүстiк Осетия мен Абхазия тәуелсiздiгiн мойындамауға шақырды. Еуроодақ Ресей әскерилерi Грузия аумағынан кетпейiнше аталған келiссөздердiң жанданбайтынын мәлiм еттi. 14-қарашада Ницце қаласында Ресей-ЕО саммитi өтпек. Ресей ЕО-ның ультиматумдарын осы саммитке дейiн орындамаса, онда жаңа әрiптестiк қарым-қатынас жөнiндегi келiсiм құрдымға кеттi дей берiңiз. Дегенмен, Ресей тарапы Еуроодақтың ешқандай санкцияларға бармауын, дипломатияның жеңiсi деп қабылдап отыр.
"КоммерсантЪ" газетiндегi "Заморозки на грузинской почве, Евросоюз выдвинул России ультиматум" (№156, 02.09.2008) атты мақалада Еуроодақтың Ресейге қарсы санкция қабылдамауына түрткi болған бiр жайттың басы ашылады. "Кстати, за пару часов до начала саммита в Брюсселе Москва неожиданно пошла на уступки. Департамент информации и печати МИД РФ опубликовал заявление, смысл которого сводится к тому, что Россия согласна на "международное полицейское присутствие" в зоне безопасности вокруг Абхазии и Южной Осетии. "Такое присутствие могло бы быть развернуто по мандату ОБСЕ с опорой на возможности ЕС" делiнген онда. Демек, Ресей Еуроодақтың Абхазия мен Оңтүстiк Осетиядағы жағдайды реттеуге араласуына мүмкiндiк берiп отыр.
Дегенмен, Брюссель саммитi Еуроодақтың энерготасымал жағынан Ресейге тәуелдi екендiгiн де көрсетедi. Сол себептi де Ресейдi айналып өтетiн Набукко газ құбырын қаржыландыруды басты мақсат еткендiгi де байқалады. Демек, Ресейдiң Еуроодақ қаһарынан аман қалғандығының бiр ұшы осында жатыр. Посткеңестiк мемлекеттер де, Еуропа да Ресейдi айналып өтетiн газ құбырларын салуға көп күш салғаны белгiлi. Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры Грузиядағы қақтығысқа байланысты қазiр жұмысын уақытша тоқтатты. Басқа да энергожолдар жүзеге асырылған жоқ. Демек, Орта Азия газын тасымалдауда әлем Ресейге тәуелдi. Ресей саясаткерлерiнiң мығым сөйлеуiнiң бiр сыры осында. Кезiнде жарты әлемдi билеген метрополия әлi де империялық саясаттың уысынан шыға алмай отыр. Оған әлемдiк экономиканың өзiне тәуелдi болып отырғандығы да септiгiн тигiзуде.
СЕН КIМНIҢ ЖАҒЫНДАСЫҢ? АЙҚЫНДАЙТЫН КЕЗ ЖЕТТI
Әлем 1 апта бойы Тәжiкстан астанасы Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитiнiң қорытындысын талқылауда. Душанбе декларациясындағы Ресейдiң Кавказ аймағындағы "бiтiмгершiлiк" iс-қимылы жайындағы бiр сөйлем әркiмге әртүрлi ой қорытуға негiз болғандай. Онда "ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер 12-тамызда Мәскеуде Оңтүстiк Грузия және Ресей президенттерiнiң Франция президентi және ЕО төрағасы Николя Саркозидiң делдалдық етуiмен қол қойылған құжаттағы Осетиядағы шиеленiстi реттеудiң 6 принципiнiң жүзеге асқандығын қалайды және Ресейдiң аталған аймақта бейбiтшiлiк орнату мақсатындағы белсендi рөлiн қолдайды" делiнген.
Дәл осы сөйлем Ресей басшысы Д. Медведевтiң көңiлiнен шыққандай көрiндi. Қалай дегенмен де, Д. Медведев "ШЫҰ-ның бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаруы — халықаралық резонанс тудыруы қажет және грузин басшылығының қанды авантюрасын ақтап, ақты қара деп көрсетуге тырысқандарға сабақ болды" деген мәлiмдеме жасады. Алайда, сарабдал сарапшылар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң Ресейдi я қолдағаны, я қолдамағаны тым күңгiрт қалғандығын айтуда. Ресей басылымдарының өздерi бұл мәлiмдеменi неге жорырын бiлмей дал. Мәселен, "Труд" газетi ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң "өгiздi де өлтiрмей, арбаны да сындырмауға" көшкендiгiн айтса, "Новые Известия" мен "Гудок" газеттерi Ресейдiң ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердi өз жақтасы болуға мәжбүрлей алмағандығын сөз еткен. Дәл осы идеяны "КоммерсантЪ" газетi де қолдайды.
"КоммерсантЪ" ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының әрбiреуi Ресейдi ашық қолдағандығы жайында арнайы ақпарат көзiнен бiлгендiгiн айта отырып, декларация қабылдарда ешқайсысы пiкiрiн ашық бiлдiрмеуге тырысқандығы жайында жазады. "Eurasianet" сайтындағы "Россия: Кремль получил дипломатическую выволочку за свои действия в Грузии, но пытается бравировать" атты мақалада Ресейдiң жақын көршiлерiнен қолдау таппағандығы жайында айтылады. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Ресейдi қолдағанның орнына Грузия аумағының тұтастығын қолдайтындығын Душанбе декларациясындағы "Участники Душанбинской встречи подчеркивают необходимость уважения исторических и культурных традиций каждой страны и каждого народа и усилий, направленных на сохранение в соответствии с международным правом единства государства и его территориальной целостности" деген сөйлем арқылы паш еттi делiнген онда.
Қалай дегенмен де, Ресей басылымдары ТМД мемлекеттерiнiң үнсiздiгiн басым сынап, оларды Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның тәуелсiздiгiн ашық қолдамағандығы үшiн айыптап, досың мен жауыңды айыратын кез жеттi деп сес көрсетуiне қарамастан, бiр кездерi оның қоластында болған, бүгiнде стратегиялық әрiптестерi жеке даму жолына түскендiгiн осылай таныта алды. Бәлкiм, олардың бұл батылдықтарына ШЫҰ-ға мүше елдердiң арасында Қытайдың отырғандығы да әсер еткен болар. Ал, Ресей бұрынғы отар елдерiнiң бұл iсiне түсiнiстiкпен қарағандай әсер қалдырды.
P.S. Бүгiн, яғни 4-қыркүйекте МәскеудеҰжымдық қауiпсiздiк жөнiндегi келiсiм ұйымының Сыртқы iстер министрлерi кеңесiнiң отырысы өтiп жатыр. Бұл жиында да "Оңтүстiк Осетиядағы жағдай терең талқыланады" делiнген алдын-ала таратылған мәлiмдемеде. Ресей Сыртқы iстер министрлiгiндегi лауазымды тұлғаның бiрi: "Ұжымдық қауiпсiздiк жөнiнде келiсiм ұйымы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттермен салыстырғанда, өз ойларын бiршама анық бiлдiредi" деген сенiмдемiз" деген ой айтыпты. Алдын-ала жүргiзiлген болжамдарға көз жүгiртсек, Ұжымдық қауiпсiздiк жөнiндегi келiсiм ұйымы бұл жолы да бiрауыздан белгiлi бiр саяси шешiм қабылдай алмайтын сынды. Ал, 5-шi қыркүйекте осы ұйым басшыларының кездесуi өтпек. 6-шы қыркүйекте ТМД елдерiнiң бейресми саммитi жоспарланған. Осы жиындардың бiрi әйтеуiр Ресейдiң жоспарын жүзеге асыруына мұрындық болатын шығар. Әзiрге бал ашудың мүмкiндiгi шектеулi.
Есенгүл Кәпқызы