The Financial Times: НЕГЕ МЕН ГРУЗИЯДАҒЫ ӨҢIРЛЕРДIҢ ТӘУЕЛСIЗДIГIН МОЙЫНДАУҒА МӘЖБҮР БОЛДЫМ

The Financial Times: НЕГЕ МЕН ГРУЗИЯДАҒЫ ӨҢIРЛЕРДIҢ ТӘУЕЛСIЗДIГIН МОЙЫНДАУҒА МӘЖБҮР БОЛДЫМ

The Financial Times:  НЕГЕ МЕН ГРУЗИЯДАҒЫ ӨҢIРЛЕРДIҢ ТӘУЕЛСIЗДIГIН МОЙЫНДАУҒА МӘЖБҮР БОЛДЫМ
ашық дереккөзі

(Медведевтiң "The Financial Times" газетiне берген сұхбаты, Ұлыбритания)

РЕСЕЙДIҢ ӨЗГЕ АМАЛЫ БОЛҒАН ЖОҚ

Ресей Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның тәуелсiздiгiн мойындады. Бұл оның кейiнгi салдарын ескере отырып қабылданған ауыр шешiм болды.

Бiрақ бiз-абхаз бен осетин халықтарының тарихын, олардың тәуелсiздiкке ұмтылған талпынысы мен соңғы апталардағы қайғылы жағдайларды сараптай отырып осындай қадамға бардық. Әлемдегi кейбiр халықтың осы күнге дейiн өз мемлекетi жоқ. Көбiсi өзге ұлыстармен бiр шекара бойында ғұмыр кешуде. Ресей федерациясын көптеген ұлттар мен ұлыстар бейбiт өмiр сүрiп отырған ел ретiнде мысалға алуға болады. Алайда бiреудiң қамқорлығында болуды қаламайтын халықтар да бар. Сондықтан бiр шаңырақ астында өмiр сүрiп жатқандардың мәселесiне барынша байыппен қарауымыз қажет. Коммунизм құлағаннан кейiн одақ құрамында болған 14 республика тәуелсiз мемлекет атанды. Ресей бұған көндi. Бiрақ 25 млн-ға жуық ресейлiк өз отанынан тысқары өлкелерде қалып қойды. Бұл елдердiң кейбiрi өзiндегi ұлттық азшылыққа тиесiлi құрметтi көрсете алған жоқ. Грузия шұғыл түрде автономды өңiрлерi болып табылатын Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның автономиясын алып тастады. Тбилиси билiгi сендердiң өз тiлдерiң, тарихтарың мен мәдениеттерiң жоқ, сендерге оқу керек емес деп Сухумидегi университеттi жауып тастағанда абхаздардың қандай күйде болғанын көзiңiзге елестетiңiзшi..Тәуелсiздiк алысымен Грузия өзiндегi аз ұлттарға соғыс жариялап, мыңдаған адамды жұмысынан қуып, олардың арасында уақыт өте асқына түсетiн үлкен жiк түсiрдi. Бұл Ресейдiң иегiнiң астындағы жарылуға шақ тұрған оқ-дәрi салынған бөшке сияқты едi, ресейлiк бiтiмгерлер осы бөшкенiң жарылып кетуiне жол бермедi. Алайда жағдайдың күрделiлiгiн түсiнбеген Батыс, бiлместiкпен (я болмаса әдейi) Оңтүстiк Осетия мен Абхазия халықтарын еркiндiкке ұмтылуға үмiттендiрiп қойды. Аджариядағы қос өңiрдi автономиядан айырып, осетиндер мен абхаздарды басып тастағысы келген Михаил Саакашвилидi олар бауырына басты. Ал батыс елдерi Ресейдiң сақтандырған сөзiн құлаққа iлмей Сербиядан бөлiнген Косовоның тәуелсiздiгiн заңсыз түрде мойындауға асықты. Бiз дәл осы жағдайдан кейiн абхаздар мен осетиндердiң де косовалық албандардай дербестiктi талап етпесiне кепiлдiк бере алмайтынымызды сан мәрте қайталап айттық. Халықаралық қатынаста екi жаққа екi түрлi ереже қолдануға болмайды. Текетiрестiң белгiлерi байқалысымен-ақ бiз грузиндердi осетин және абхаздармен күш қолданбау туралы келiсiм жасауға шақырдық. Саакашвили мырза бұдан бас тартты. Ал тамыздың жетiсiнен сегiзiне қараған түнi мұның мәнiсiн түсiндiк. Мұндай авантюраға ақылынан адасқан адам ғана барады. Ол сонда грузин әскерлерi ұйқыда жатқан Цхинвалиге күштi шабуыл жасап, көбiсi Ресей азаматтары болып табылатын тұрғындарды қанға бөктiре бастаса, Ресей бұны сырттай үнсiз бақылайды деп ойлады ма? Ресейдiң адамдардың өмiрiн құтқарып қалу үшiн бұл шабуылды болдырмай тастаудан басқа амалы қалған жоқ. Бұл соғысты бiз таңдаған жоқпыз. Бiз грузин территориясына көз алартып отырған жоқпыз. Бiздiң әскерлер грузияға ондағы соққы берiлiп жатқан базаларды жою үшiн кiрдi де керi қайтты. Бiз бейбiт өмiрдi қайта қалпына келтiргенiмiзбен, ондағы үрейлi халықтың тәуелсiздiкке ұмтылысына бөгет бола алмадық. Себебi, Саакашвили (АҚШ пен НАТО-ның өзге мүшелерiнiң қолдауы арқасында) өз әскерiн қайта қаруландырып, грузин территориясын қайтарып алатыны туралы әңгiменi өрбiте бердi. Осы кезде қос республиканың президенттерi Ресейден өз тәуелсiздiктерiн мойындауды өтiндi. Маған ауыр жүктi көтеруге тура келдi. Осетин мен абхаз халықтарының еркi мен БҰҰ жарғысының принциптерiн ескере отырып және халықаралық құқықтағы өзге құжаттарды негiзге алып, Мен Ресей Федерациясының Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның тәуелсiздiгiн мойындайтыны туралы жарлыққа қол қойдым. Бiз әрқашан достық қатынаста болуды қалайтын Грузин халқынан алдағы болашақта беделiн бүкiл ел мойындайтын үлкен жетекшi шығатынына кәмiл сенемiн. Ол елiнiң болашағын ойлайтын әрi Кавказдағы барлық халықтармен достық қатынаста болуды мақсат ететiн тұлға болады деп үмiттенемiн. Мұндай мақсатқа қол жеткiзу үшiн Ресей қол ұшын беруге әркез дайын.

Орыс тiлiнен аударған: Жолымбет МӘКIШЕВ