Жаңалықтар

"ЖЕТIМДЕР" – ҰЛТ ТАҒДЫРЫ

ашық дереккөзі

"ЖЕТIМДЕР" – ҰЛТ ТАҒДЫРЫ

"Қазақстан" ұлттық телеарнасы, "Жас Ұлан" балалар мен жасөспiрiмдер киностудиясы "Жетiмдер" көркем фильмiнiң тұсауын кестi.

Алдыңы күнi бұл фильмнiң Кино үйiнде премьерасы болып, көрерменнiң ыстық ықыласына бөлендi. Фильм қазақ тiлiнде түсiрiлiп, 1 сағат 35 минутты құраған.

Қоюшы-режиссер Еркiн Рақышев "Қазақфильм" киностудиясының бүгiнгi әмбебап режиссерлары мен басшылары атқара алмай отырған үлкен жұмысты өзi-ақ тындырып отыр деуге негiз бар. "Жетiмдер" фильмi ұлт тағдырын тап басып көрсеткен екен. Сценарийiнiң нашарлығына қарамастан кино сәттi шыққан.

Идея авторы – парламент депутаты Бекболат Тiлеухан.

Сценарийiн жазғандар – Еркiн Рақышев, Құралай Раисова, Әсел Керiмбаева, Индира Чайзидина. Қоюшы оператор – Қазбек Әмiржанов, монтажын жасаған – Руслан Шынтасов.

Түсiру техникасымен жабыдықтауға "Қазақстан" телерадиокорпорациясының президентi Дәурен Әбдiхамитов қол ұшын созған. Фильмде жетiмiн жылатпаған, жесiрiн қаңғытпаған қазақтың бүгiнгi таңдағы жетiмдерге көзқарасы – басты тақырып. Әке-шешеден қапыда көз жазып қалған Арман мен Аружанның тағдырына куә болу көрерменге ауырлық еткенмен, шындығында бұл – өмiрдегi ең нәзiк мәселе.

Фильм имандылыққа шақырып, ислам дiнiн қарапайым жеткiзуге тырысқан. "Шетелдерде жетiмдер болмайды, оларды асырап алады екен" деу арқылы фильм жетiмдердi асырау мәселесiн орынды қозғаған.

Мұнда сәлемдесу, мешiтке бару, дұға тiлеу, амантақа қиянат жасамау сияқты ислам дiнiнiң әдептерi әдемi астасқан. Оқиғасында маскүнемдiктiң қоғам санасына, адамға тигiзетiн зияны меңзелген.

Тiрiлерден опа көрмеген жетiмдердiң жертөледе бiр үзiм нанға зарығып күн көруi,бiр-бiрiне қамқор бола бiлуi адамға үлкен ой салады.

Қос жетiм Арман рөлiн – Алматыдағы №63 мектеп-гимназиясының оқушысы Нұржан Рүстенов, Аружан рөлiн – Ынтымақ ауылындағы №30 мектептiң 4-сынып оқушысы Меруерт Қасымбек сомдайды. Нұржан – "Көксерек" көркем фильмiнiң бас кейiпкерi Құрмашты ойнаған Қамбар Уәлидiң баласы, Меруерт – "Жаралы сезiм", "Менiң де атым Қожа" филмьдерiнде "Айтоша" есiмiмен танылған қыз. Аталмыш рөлдi Меруерттiң "тұңғыш үлкен рөлi" деп бағалауға болады. Табиғи талант кейiпкерiнiң образын шеберлiкпен аша бiлдi. Меруерт мәскеулiк киногерлердiң де назарына iлiгiп, фильмге түсу жайлы ұсыныс алған.

Сондай-ақ, фильмдегi тағы бiр басты кейiпкер Сандуғашты – М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының актрисасы Гүлшат Ахметова бедерлептi.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген әртiсi, бишi Шұғыла Сапарғалиқызы, әншi Естай Аликеев, актриса Күнсұлу Тұрғынбекқызы, "Батыр Баян" фильмiндегi Ноян рөлiн сомдаған Кеңес Нұрланов, "Жiгер" тобының мүшелерi, т.б. әртiстер кинокартинадағы рөлдердi алып шықан.

"Жетiмдер" фильмi 5 ай iшiнде дайындалып түсiрiлгендiктен бе, техникалық және сценарийi жағынан кемшiлiктерi бар. Алайда бұны бiткен iске тағылар мiн емес, жанашырлық сөз деп қабылдаған жөн.

Шағын фильмдегi шаңырақ мәселесi – шартарап мәселесi. Ол – иманды болу. Иманды қоғам мен иманды адамда фильмдегi келеңсiздiктер кездеспейтiнi айтпасақ та түсiнiктi. "Жетiмдер" көркем фильмi жетiм ақысын жеткiзе айтқан ислам дiнiмен үндесiп, соны айшықтай алғандығымен құнды.