ЕЛБАСЫ АЛДАҒЫ МIНДЕТТЕРДI АЙҚЫНДАДЫ

ЕЛБАСЫ АЛДАҒЫ МIНДЕТТЕРДI АЙҚЫНДАДЫ

ЕЛБАСЫ АЛДАҒЫ МIНДЕТТЕРДI АЙҚЫНДАДЫ
ашық дереккөзі

Мәжiлiс сайлауы 2012 жылы өтедi

Қыркүйектiң 2-сiнде Парламенттiң II сессиясы жұмысын бастады. Парламент палаталарының бiрлескен отырысында сөйлеген Елбасы алдағы мiндеттердiң бiразын айқындап бердi. Бұған дейiн қоғамдық пiкiрдiң өзегi болған — "Мәжiлiстiң мерзiмiнен бұрын таратылуы" туралы әңгiмеге осы жиында нүкте қойылды.

Нұрсұлтан Әбiшұлы Парламенттiң төменгi палатасы 2 партиядан жасақталуы тиiс екендiгiн айта отырып, оны қамтамасыз ететiн заңдық нормалар дайындау қажеттiгiне тоқталды. "Тiптi, екiншi партия жетi пайыздық кедергiнi жеңе алмаса да Парламенттi екi партиядан кем емес етiп жасақтайтын құқықтық механизм керек" дедi ол. Дегенмен, Елбасы елдегi билiк партиясынан ғана жасақталған бүгiнгi Парламенттiң заңды түрде халық қалауы бойынша сайланғандығын айтып, сайлау мерзiмiнен бұрын өтпейтiндiгiн жеткiздi. "Парламентте "Нұр Отан" партиясының өкiлдерiнiң басым болуы — заңды. Бiрақ, парламентте кемiнде екi партияның қажеттiгi елде демократиялық мәдениеттi қалыптастыру үшiн қажет. Ал, жаңа ереже бойынша сайлау Конституция бекiткендей — 2012 жылы өтетiн болады" дедi ол.

Парламент палаталарының бiрлескен отырысындағы әңгiменiң маңыздысы да, өзектiсi де осы болды. Өйткенi, бұған дейiн талай бал ашып, Мәжiлiс сайлауын 2009 жылы өтедi деп мәлiмдеп жiберген саясаткерлер де болып едi. Себебi, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететiн бiздiң елге қойылған басты талап ЕҚЫҰ стандарттарын қамтамасыз ету, демократиялық үрдiстердi дамытуға ат салысу, Мәжiлiстiң кемiнде екi партиядан жасақталуына мүмкiндiк жасау болғандығы белгiлi. Мадридте Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселесi қаралып жатқан кезде елiмiздiң Сыртқы iстер министрi Марат Тәжин бiраз iстi мойнына алған болатын. Алайда, бұдан кейiн өткiзiлген Мәжiлiс сайлауы ЕҚЫҰ бақылаушыларының көңiлiн қалдырды. Сол кездегi ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы өкiлдiгiнiң төрағасы Любомир Копай "Парламентi бiр ғана партиядан жасақталған демократиялық бiрде-бiр мемлекеттi бiлмеймiн" деп өз ойын ашық айтқан едi.

"Мәжiлiс сайлауы мерзiмiнен бұрын өтедi екен" деген сыбысқа Астанада өткен ЕҚЫҰ парламент ассамблеясының ХҮII сессиясында Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзi жол берген болатын. Онда Мәжiлiстi екi партиядан жасақтауға мүмкiндiк беретiн құқықтық негiздердi дайындау iсi жайлы айтылған едi. Орталық сайлау комиссиясы Сайлау туралы заңның жаңа нұсқасын дайындауға кiрiсiп кеткен-дi. Алайда, көп уақыт өтпей бұл абыр-сабырдың бәрi басыла қалды. Сарапшылар бұған ЕҚЫҰ Парламент ассамблеясының бас хатшысы Оливер Спенсердiң "Қазақстан мойнына алған демократиялық реформаларды орындамаса да, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететiн болады" деген сөзi әсер еттi деген пiкiрде.

Сонымен, Нұрсұлтан Әбiшұлының жиында сөйлеген сөзiне қарағанда, Парламент алдында "Саяси партиялар туралы", "Сайлау туралы" және "БАҚ туралы" маңызды заң жобаларымен жұмыс iстеу iсi тұр. Әрине, бұл заң жобаларының алдыңғы шақырым депутаттары арасында аз дау тудырмағанын ескерсек, бұл депутаттардың да аз тер төкпейтiнi анық. Бiрақ, бiр партиядан сайланып, бiр пiкiрдi ғана мақұлдайтын Парламент мүшелерiнiң бұл заңдарды ел көңiлiнен шығатындай деңгейде қабылдай алуы күмән тудырады.

Есенгүл Кәпқызы