Жаңалықтар

"АЛАМАН АЙТЫСТЫҢ" ЭФИРЛIК ҒҰFҰМЫРЫ БIТТI МЕ? НЕМЕСЕ "ҚАЗАҚСТАН" ҰЛТТЫҚ АРНАСЫНДАҒЫ "ТОСЫН СЫЙ"...

ашық дереккөзі

"АЛАМАН АЙТЫСТЫҢ" ЭФИРЛIК ҒҰFҰМЫРЫ БIТТI МЕ? НЕМЕСЕ "ҚАЗАҚСТАН" ҰЛТТЫҚ АРНАСЫНДАҒЫ "ТОСЫН СЫЙ"...

Айтыс – қазақ өнерiнiң теңдесi жоқ асыл мұрасы. Тәуелсiздiк алып, айтыс өнерi қайта түлеп, дамуда. "Қазақстан" ұлттық телеарнасы екi жылдан берi "Аламан айтыс" теле жобасын ұйымдастырып, айтыстың дүбiрлi додасын қыздырғаны сөзсiз. Әсiресе, жастардың айтысқа деген қызығушылығын арттыруда бұл бағдарлама қомақты үлес қосты десек қателеспеспiз. "Келесi маусымнан бастап "Аламан айтыс" болмайды екен. Өйткенi, Жүрсiн Ерман бұл жобаны телеарнадан алғызып тастапты" деген қауесет қарапайым көрермендер арасында айтылып жүр. Бiз осы орайда, "Аламан айтыс" тележобасының продюссерi, әрi жүргiзушiсi Ертай Нүсiпжановпен сұхбаттасқан едiк.

– Ертай, "Аламан айтыс" келесi маусымда өз жұмысын жалғастыра ма?

– Өздерiңiзге белгiлi айтыстың негiзi ертеректе қаланған. Оны қазiргi кезде дамытуда үлкен еңбегi сiңген азамат – Жүрсiн Ерманов. "Қазақстан" ұлттық телеарнасы биылмен екiншi жыл телевизиялық тiкелей эфирдегi айтысты алғаш бастады. Биыл екiншi рет өз мәресiне жеттi. Әрине, бiрден шыға салып жарқ етiп, елдiң көңiлiн таба бiлдi деп айта алмаймын. Бiздiң бағдарламамыз екi жастағы бала секiлдi, жылдан жылға ес кiредi, дамиды. Биыл былтырғыға қарағанда едәуiр мазмұнға ие болды деп айтуға болады, тұрақты көрермендерiн қалыптастырды. Телевизия деген нәрсе өзгерiп отыруы керек. Өйтпесе, халықты жалықтырып алады. Қайталаушылыққа ұрынса, тоқырауға ұшырайды. Сондықтан, биылғы "Аламан айтыс" былтырғы тiкелей эфирдегi алғашқы шығарылымына ұқсамады, жаңаша сипатқа ие болды. Ендi шығып жатса, ол тағы бiр жаңашылдықпен, көрермендердi таңқалдыратын дүниесiмен шығатын болады. Бiрақ, телевизия өзiнiң телевизиялық маусымын қыркүйек айында бастайды. Сондықтан, бiздiң тек қана айтыс емес, ұлттық арнадан шығатын әрбiр хабарымыз әзiрге жұмбақ. Яғни, жаңа бағдарламамызды ерекше сый ретiнде қыркүйектiң алғашқы күндерi ұсынатын боламыз. Егер, оны осы бастан айтып қойсақ, онда бiздiң хабарымыздың, жасап жатқан дүниемiздiң еш қызық болмағаны. Ал, айтысқа келсек, әзiрге ештеңе айта алмаймын. "Болады" деп те, "болмайды" деп те алдын-ала шешiм жасауға ертерек.

– "Аламан айтыс" болмай жатса, оған белгiлi бiр тараптан қысым болды деп айта аламыз ба?

– Айтысқа қысым болмайды ғой. Қазақтың сөз бостандығы қай жерде де өзiнше көрiнiс тауып жатады. Телевизиялық айтыстың қандай деңгейде өтетiнiн уақыт көрсетедi.

– Жүрсiн Ерманның айтысы мен телевизиялық айтысқа қатысып жүрген айтыскерлердiң деңгейiн салыстыруға келе ме?

– Бiздiң республикамыз бiрнеше аймақтар мен облыстарға бөлiнедi. Мына жақтың халқы мынадай, мына жақтiкi анадай деуге болмайды. Бәрi бiр қазақ. Сол сияқты ақындар да бәрiбiр айтыскер. Олардың деңгейi әртүрлi, бес саусақ бiрдей емес. Бұрынғы шығып жатқан айтыскерлерiмiздiң тәжiрибесi мол. Жүрсiннiң айтысы, "Аламан айтыс" деп бөлмей, тұтас айтыс ретiнде қарасаңыз, онда олардың iшiнен озықтары да, қалыс қалатындары да деңгейлес болып байқалып тұрады.

– "Аламан айтыста" қаншалықты шындық айтылады?

– Айтыс деген халық атынан сөйлеп, халықтың мұң-мұқтажын жырлау. Халықты ертеңге деген сенiмге жетелеу, тек қана "жоқ-жоқ" деп жоғымызды алға тарту емес, елдiң жетiстiгiн де айту керек. "Аламан айтыста" қаншалықты шындық айтылып, өз көрермендерiн қуантты деген сауалға жауап бере алмаймын. Ең бастысы – айтылған сөз атылған оқ. Оқты қағып алуға болмайды, ақынның көздеген жерiне дөп тиуi тиiс. Мәселе – ақынның сөзiн кесу емес, өрелi ақындарды таңдап сайысқа қосу.

– "Аламан айтысқа" қатысу қандай тәртiппен жүзеге асырылады? Кейде бiр аймақтың ақындары ғана басымдық танытып жататын сияқты…

– Бiзге қатысушылардың қай аймақтың өкiлi болуы маңызды емес, ақынның қаншалықты суырып салма айтыскер екендiгi маңызды. Бiз барлық облысқа "Аламан айтыс" теле жобасы өтетiндiгi туралы хабарладық. Олар өздерiнiң шама-шарқынша айтыскерлерiн жiбередi. Ел басқарып отырған азаматтардың көпшiлiгi бiр сағат тiкелей эфирде дұрыс сөйлей алмайды. Ал, сол бiр сағатта өз уақытысын тиiмдi пайдаланып, халық көкейiндегiсiн әдемi ұйқаспен, мақаммен кесiп айта бiлген ақын нағыз шебер айтыскер.

– Жүрсiн ағаның айтысына қатысып жүрген азулы ақындар неге телевизиялық айтысқа қатыспайды? Мәселен, Б.Шойбеков, С.Тоқтамысова, Р.Зайытов секiлдi ақындарға шақырту болды ма?

– Мен сiзге тағы да қайталап айтайын, "Қазақстан" ұлттық телеарнасы ұйымдастырған айтыс жершiлдiкке, рушылдыққа немесе бiреудiң тәуелдiлiгiне ақындарды бөлiп қарастырмайды. Бiз осы жобаны жасағанда әр облыс ақындарына шақырту жiбердiк. Шақыртуды қабыл алғандары "Аламан айтысқа" атсалысты. Ал, кiмнiң неге, не үшiн келмегенiн өздерiнен сұрап аларсыз.

– Көрермендерiңiз қаншалықты көп?

– Негiзi бiз көрермендер санын анықтауда зерттеу жүргiзбеймiз. Бiрақ, шамалап көрермендерiмiздiң көп екенiн бiлемiз. Бұған дейiн жастардың айтысқа деген қызығушылығы төмен болды. Бұл телевизиялық айтыстың, жарқ-жұрқ еткен жарықтың мазмұны да осы – халықты, жастарды өзiне тарту. Осы тұрғыда "Қазақстан" ұлттық телеарнасы өзiнiң дiттеген мақсатына қол жеткiзуде деп ойлаймын. Бүгiнде айтысты көретiн, оны өнер деп бағалайтын жастардың, көрермендердiң қатары көбейiп келедi.

– Әңгiмеңiзге рахмет.

P.S. "Аламан айтыстың" алдағы тағдыры жөнiнде аталмыш бағдарламаның продюссерi, әрi жүргiзушiсi Ертай Нүсiпжановтан екi ұшты жауап алдық. Бәлкiм, бұл Жүрсiн Ерманның "Қазақстан" ұлттық телеарнасының басшысының кеңесшiлiгiн басқарудан бас тартуынан болар. "Қазақстан" телеарнасы бағдарлама шығаруда емес, басшылық пен журналистер құрамын көйлекше ауыстыруда көрермендер "көзайымына" айналды. Алда әлi қандай "тосын сыйлардың" болатындығын уақыт көрсетер…

Жадыра НАРМАХАНОВА