Жаңалықтар

ШАХМАТ ТУРНИРI МӘРЕГЕ ЖЕТТI

ашық дереккөзі

ШАХМАТ ТУРНИРI МӘРЕГЕ ЖЕТТI

Seimar Chess Tournament шахмат фестивальiнiң алауы қайта жанды. ҚР Шахмат Федерациясы, Коммерциялық емес Seimar Social Fund қайырымдылық қоры және ҚР Қаржыгерлер Ассоциациясы мен Альянс банкi ұйымдастырған VIII Дәстүрлi Seimar Chess Tournament жасөспiрiмдер арасындағы шахмат турнирi 22 тамызда "Маралсай" лагерiнде болып өттi.

Мақсаты – елiмiзде шахматтық спортты қарқынды дамыту және халықаралық жарыстар мен олимпиадаларда жүлделi жетiстiктерге жетуге шамасы келетiн күштi шахматистер тобын құру. Seimar Chess Tournament – Қазақстандағы шахмат бойынша халықаралық ауқымдағы жасөспiрiмдер арасында өтетiн жалғыз турнир. Жыл сайын "Маралсай" лагерiне жасөспiрiм шахматистер, белгiлi гроссмейстерлер, ТМД-дан және алыс-жақын шетелден халықаралық арбитрлар басын қосады. Ал бұл жолғы турнирге Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжiкстан және Қытайдан 5 жастан 18 жасқа дейiнгi 85 жасөспiрiм шахматистер қатысты. Сондай-ақ, турнир аясында Қазақстан Республикасының Қаржыгерлер Ассоциациясы Кубогiнiң Турнирi, "Seimar Alliance Financial Corporation" басқарма төрағасының орынбасары, ФИДЕ-нiң халықаралық арбитрi Сәкен Сейфуллин БАҚ өкiлдерi арасында бiруақыттық ойын сеансын өткiздi.

Сонымен, VIII Дәстүрлi Seimar Chess Tournament жасөспiрiмдерiнiң шахмат турнирiнiң жеңiмпаздары кiмдер? Жасөспiрiмдер арасында "А" санаты бойынша өткен турнирде бiрiншi орынды Аслан Айтбаев, екiншi орынды Максим Иванилов, үшiншi орынды Бибек Жүнiсов иеленсе, "В" санаты бойынша бiрiншi жүлденi Ермек Ахмеров, екiншi орын – Әдiлет Зәуренбеков, үшiншi орын – Екатерина Айнутдинованың қанжығасына байланды. Ал АФК кубогы бойынша ерлер арасында өткен турнирде "Альянс Банк" АҚ қызметкерi Асқаров Бақтияр оқ бойы озық шықса, екiншi орынды "Альтернативные финансы" АҚ маманы Ли Валерий, үшiншi орынды "Эко-Полис" СК қызметкерi Берiк Бейсебаев жеңiп алды. Әйелдер арасындағы жарыс бойынша, бiрiншi орынға – Нүргүл Сабирова (БТА Банк), екiншi орынға – Шолпан Инебекова (БТА Банк), үшiншi орынға – Юлия Сақалбаева қол жеткiздi. Бiр қуаныштысы, барлық жүлделi орынға ие болғандар Қазақстан атынан қатысушылар болып шықты.

Ал бiрмезгiлде өткiзген сеанс ойынында ФИДЕ-нiң халықаралық арбитрi Сәкен Сейфуллин 8 ерiктi ойыншыны жеңiп, екеуiмен тепе-тең дәрежеде түстi. Жиналған қонақтар мен журналистерге Қазақстанның чемпионы, халықаралық гроссмейстер Нұрлан Ибраевтың мастер-класы да шахматтың сәнiн келтiрдi.