ЕСТЕЛIКТЕР

ЕСТЕЛIКТЕР

ЕСТЕЛIКТЕР
ашық дереккөзі

Батыс Сiбiр және Алашорда үкiметтерiмен байланысымыз 2 шiлде күнi үкiметiмiздiң мүшесi әрi әскер басшыларының бiрi Абдулхақ Абидовты сол кездерi Омск қаласында құрылған "Батыс Сiбiр демократиялық үкiметтiң" басшысы полковник Гришин Алмазовқа аттандырдық. Бiз одан құрып жатқан әскери жасақтарымыз үшiн қару-жарақ, қаражат және басқа да көмекң сұраған едiк.

Кеңестер одағы менiң Гришин Алмазовқа жазған хатымды жариялады. Бұл хатта мен әкiмшiлiк басқару жайында: "Башқұртстанның басшылығы демократиялық сипатта болады, дегенмен ол комитетсiз демократия (безкомитетная демократия) ретiнде құрылады" деп жазған едiм. Менiң меңзеп отырғаным – көп талқыға салынбайтын, тез шешiм қабылдайтын, орталықтандырылған демократия болатын. Алайда кеңестiк тарихшылар "Қызыл архив" басылымында менiң хаттарымды жариялап отырып, мұны "кеңессiз демократия" деп берген екен. Араға бiрнеше күн салып мен жаныма үкiмет мүшелерiнен Сейiткерей Мағазовты алып, Омск қаласына келiп жеттiм. Жолда бiз мiнген поезда түн ортасында вагондарда тығулы жатқан бомбалар жарылды. Бiз тез поездан түсiп, аулаққа барып, отқа оранған вагондарға қарап тұрдық. Бiздi Омск қаласынан арнайы жiберiлген поез алып кеттi. Гришин Алмазовпен сол күнi жолықтық, ол бiздiң барлық талаптарымызды қабылдай отырып бiр ғана шарт қойды. Ол шарты да башқұрт жасақтарының стратегиялық маңыздылығына орай Сiбiр үкiметiнiң Басқолбасшылығына бағынышты болуы едi. Бiздiң бiр айдың көлемiнде жасаған iстерiмiзге көңiлi толған генерал пәрмен шығарып, маған полковник атағын бергiсi келдi. Мен де әскери мектепте оқымағандықтан, мұндай әскери шенге лайық емес екенiмдi алға тарттым. Генералдың ұсынысын қабыл алуға үгiттегендердiң бiрi досым Сейiткерей Мағаз болатын. Ол Омск қаласынан Семейдегi қазақ ұлттық үкiметi Алаш Ордағы барып, бiздiң ұсынысымыз бойынша 18-21 шiлде күндерi арасында жиналатын мәжiлiске қатысатын едi. Алашорда көсемдерiмен болатын келiссөздер мен қол қойылатын құжаттардың жобасын Омскiде дайындадық. Алаш қаласына келгенде, Әлихан Бөкейхан мен Қоқандағы Түркiстан автономиясының бұрынғы басшысы Мұхаметжан Тынышбаев бастаған топ жиналып қалған екен. Мiне, осы мәжiлiс Алаш Орда, Қоқан автономиясы және Башқұртстан арасындағы алғашқы құрылтай болды. Құрылтайда 12 бабтан тұратын шешiм қабылданды. Шешiмдер арасында сол кездерi Украинаны басып алған және Астрахандағы қазақтармен байланыс орнатуға әрекет жасап жүрген Алманиямен келiсiмге келмеу, Ресейдiң одақтасы сипатындағы Жапонияның Сiбiрдегi және Құлжадағы өкiлдерiмен байланыс орнату, ұлт-азаттық қозғалысымызды Ресейдiң iшiнде жүргiзу сияқты мәселелер болды. Бұл пiкiрлердi Алашордашылар да қабыл алды. Арада екi жыл өткеннен кейiн (1920 жылы) большевиктер Астраханның қазағы Мұхаметжан Тұнғашин деген зиялының құжаттары арасынан бiздiң Алаш Орда үкiметiмен бiрге қабылдаған 12 бабтан тұратын ортақ мәмiленiң мәтiнiн тауып алыпты. Бұл шешiмдердегi ұлт-азаттық күрестi Ресейдiң iшiнде жүргiзу туралы қарарымыз Кеңестiк басшыларға бiз туралы жылы түсiнiк қалыптастырыпты. Өйткенi, большевиктердiң де патшаның қызметкерлерi сияқты орыс ұлтшылдары екенiн кейiннен Чичерин арқылы бiлдiм. Қазақ тiлiнде жақсы өлең жаза алатын Сейiткерей Мағаз қазақтардың астанасында үлкен iлтипатқа ие болды. Ол "Алаш Орда" деген басылымға мен туралы және башқұрт қозғалысы жайында мақалалар мен бiр өлең жариялады. Түрiкше жазылып, қол қойылған құжатты ол Челябi қаласына алып келдi.
ОРЫНБОРҒА КӨШУIМIЗ ЖӘНЕ ОҢТҮСТIК ОРАЛДЫҢ ҚЫЗЫЛДАРДАН АЗАТ ЕТIЛУI
 

Қызылдар 6 шiлде күнi Уфаны және 8 шiлде күнi Орынборды тастап шығуға мәжбүр болды. Соңғы аталған қала Орынбор казачилерiнiң атаманы Атаман Дутовтың билiгiне көштi. Башқұртстан үкiметi мен Челябiде жасақталған башқұрт әскери жасақтары көп кешiкпей Челябiден Орынборға көше бастады. Бiз башқұрттардың көнеден келе жатқан ұлттық мұрасы Керуенсарайға орналастық. Қазақстан үкiметiнiң батыс аймағының өкiлi Сейiтазым Қыдырбаев едi. Ол ескi Торғай уәлиiнiң үйiне орналасты. Осылайша, Орынборда үш үкiмет пайда болды: казачилердiң үкiметi, Башқұртстан үкiметi және Батыс Қазақстан өкiлдiгi. Қаланың басшылығы казачилердiң қолында болды. Бiз сол сәттен бастап Башқұртстанның барлық аймақтарында азаматтық билiк институттарын орнатуға кiрiстiк. Әскери мектеп аштық. Өзiмiз Орынборға көшiп жатқан кезде Челябiде қалатын зиялылар үшiн Фетхулқадир Сүлейман мен Тақи Исметидiң басшылығында оқу-ағарту және баспа iсiн ұйымдастыратын топты тастап кеттiк. Фетхулқадир – қазiр Анкарада өмiр сүрiп жатқан досым профессор Абдулқадир Инан. Ол осында шығып жатқан "Башқұрт" газетiнiң бас редакторы болатын. Бұл газет бiз Орынборға көшiп кеткеннен кейiн де тоқтаусыз шыға бердi. Бiз Самарада құрылған Ресей Құрушы Мәжiлiсi үкiметiмен (КомУч) байланыс орнаттық. Челябiден алып келген әскери жасақтарымызды үшке бөлiп, олардың бiр тобын Ташкент пен Орынбор арасында сол кезге дейiн қызылдардың қолында болған Ақтөбеге, ендi бiр тобын Орск майданына және үшiншi топты оңтүстiк Оралды азат етуге аттандырдық. Бұлар Кашариндердiң көзiн жойды. Белоретскiдегi бiрiншi жаяу әскер ротасы мен екiншi атты әскер полкы да Орынборға келiп жеттi. Олар да оңтүстiк Оралдағы орыс фабрикалары мен ауылдарына бекiнген большевиктердi ығыстыра бастады.

ӘМIР ҚАРАМЫШТЫҢ ОПАТ БОЛУЫ
 

Қызылдарды шығыс Оралдан қуып шығаруда ерекше көзге түскен екiншi атты әскер полкының басшысы Әмiр Қарамыш осы кезде опат болды. Бұл – бiздiң армиямыз үшiн орны толмас өкiнiш едi. Сондықтан осы опаттан кейiн Башқұртстандағы көптеген ақындар марқұмға арнап жоқтау өлеңдер жазды. Солардың арасында Шейхзада Бабичтiң:

Бүгiн бiзге не болған? Көңiлiңiз неге тарылған? Тарылғанның мағынасы – Бiр аяулы ер өлген. Аяулы ер кiм едi? Әмiр деген ер едi! – деп басталатын қаралы жырдың қазiрге дейiн халықтың аузынан түспей айтылатынын 1943 жылы алмандарға тұтқынға түскен башқұрт әскерлерден естiп, бiлдiм. Әмiр менен бiрнеше жас кiшi болатын. Мен оны өте кiшкентай кезiнен берi бiлетiн едiм, өйткенi, оның әкесi мен менiң әкем дос болатын. Башқұртстан үкiметi марқұмға лайық мазар жасатып, басына құлпытас қойдыру iсiн iнiсi Герей Қарамышевке тапсырды.
САМАРА ЖӘНЕ УФАДАҒЫ МӘЖIЛIСТЕР
 

30 тамыз – 7 қыркүйек күндерi Башқұрстан, Қазақстан және күштеп таратылған Түркiстан автономиясы үкiметтерi арасында Орынбор және Самара қаласында маңызды келiссөздер болды. Бұл да Башқұртстан, Қазақстан және таратылған Қоқан үкiметi арасында жасалған екiншi құрылтай болды (алғашқы құрылтай шiлде айында Семей қаласында өткен едi). Бұл мәжiлiске Алаш Ордадан Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов және тағы басқа көптеген өкiлдер, Қоқан үкiметiнен үкiмет басшысы Мұхаметжан Тынышбаев пен Сыртқы iстер министрi Мұстафа Шоқай, Убайдулла Хожаев және тағы басқа кiсi қатысып отырды. Бұл жерде де үкiметтердiң "Оңтүстiк-шығыс мұсылман өлкелер федерациясын" құру, башқұрт және қазақ әскери жасақтарын бiр армияға бiрiктiру, Сiбiр, Самара үкiметтерiмен, Орал және Орынбор казачилерiмен бiрге "Шығыс Ресей Одағы" негiзiнде кең ауқымды федерация құру үшiн орыс ұйымдарына ұсыныстар беру сияқты көптеген мәселелер қаралып, шешiмдер қабылданды. Бiз бұл жердегi келiссөздерден кейiн Башқұртстан үкiметiнiң меншiгiндегi вагондарға мiнiп, Уфада 8 қыркүйек күнi басталатын "Ресей мемлекеттiк мәжiлiсiне" (Российское Государственное Совещание) қатысу үшiн жолға шықтық. Уфада бәрiмiз "Сiбiр" қонақ үйiнде тұрдық. Орыстардың эсер, социал-демократ, кадет және тағы басқа партияларының өкiлдерi, сол жылы Ресейдiң шығысында пайда болған үкiметтердiң ресми өкiлдерi мен генералдары қатысқан бұл құрылтай жиналысында бiз көбiне эсерлер мен Самара үкiметiнiң шешiмдерiмен бiрге қимылдадық. Ресейдiң төңкерiс тарихына қатысты еңбектерде маңызды орын алатын бұл құрылтайда генерал Болдыревтiң басшылығымен коалициялық үкiмет құрылды. Дегенмен, бұл үкiметтi адмирал Колчак құлатып тынды. Оның үстiне, оңшыл партиялар мен монархист генералдар құрылтайдың бас кезiнде-ақ өздерiнiң диктаторлық жүйенi қалайтынын жасырмай айтып, демократия туралы пiкiрлердi мазақ қыла бастаған едi. Бұл құрылтайда бiз өз мәселелерiмiзбен, яғни дәлiрек айтқанда, мұсылман түрiктердiң iстерiмен шұғылдандық. Сол "Сiбiр" қонақ үйiнде татарлардың зиялыларымен бас қостық. Олардың арасында жазушы Аяз Исхаки, ескi Думаның мүшесi Екрем Беглов пен әскери шендi Ескендiр Ишмұхаммедов автономия және жеке армия құру iсiне қатты қарсылық бiлдiрiп, Ресей мұсылмандарының дiнi мен оқу iсiн қолдайтын әкiмшiлiк жүйенiң жалғасуын, сондай-ақ, Сiбiр әскери басқармасында мұсылман әскерлердiң дiни iстерiн қадағалайтын жаңа бөлiмшенiң құрылуын және татар, башқұрт, қазақ және бүкiл Орта Азия халықтарының осы "Азия бөлiмшесiне" кiруiн қолдайтындықтарын ашып айтты. Олар осындай пiкiрмен шектелетiн едi.

Мен шығыстағы түрiк халықтарының тағдырына қатысты ойларым мен пiкiрлерiмдi орыс төңкерiсiнiң алғашқы жылдарында, 8 қыркүйек күнi кешқұрым "Сiбiр" қонақ үйiнде болған мәжiлiсте және 9 қыркүйек күнi башқұрт әскер басшылары мен қонаққа келген татар әскерилерiнiң алдында "Ағаш қышла" деген жерде жерiне жеткiзiп айттым. Бұл жерде маған сол күндерi Түркiстан мен Едiл бойы мұсылман зиялыларының, аттарын жоғарыда атап өткен жақсы адамдардың ұлы күрестi жалғастыруға деген сенiмi үлкен ықпал еттi. 1917 жылы мамыр айында өткен Мәскеу құрылтайында және сол жылы жаз бен күз айларында Ташкент пен Орынборда, Уфа мен Қазанда өткен шығыс түрiк халықтары құрылтайларында күмәннен арыла қоймаған мұсылман зиялылары арасында көптеген түйткiл мәселелер мен шешiмiн таппаған жайттар бар едi. Қазiр болса Әлихан Бөкейханның маңайына топтасқан қазақ зиялылары мен татарлардың көпшiлiгi тастүйiн болып, автономия және ұлттық армия құру iсiне құлшынып тұрған едi, бұған күмән келтiрушiлердiң саны да азайып қалған болатын. Ең қызық кездесу патшайым Екатеринаның пәрменiмен салынған "Собрания", дәлiрек айтқанда "Мұсылман рухани мәжiлiсi – Муфтият үйiнде Юсуф Акчураның қатысуымен өттi. Юсуф Акчура тегi бойынша Симбирск қаласынан шыққан әйгiлi бай, бiрнеше фабриканың қожайыны Акчуриннiң баласы болатын. Ол Стамбулда және Парижде саясат бiлiмi бойынша жоғары оқу орнын бiтiрiп, 1905-1907 жылдары арасында Қазан мен Петерборда саяси iстермен шұғылданған, кейiннен Түркияға кетiп, Түркия университеттерiнде саясаттану профессоры болып қызмет атқарған, осылайша Ататүрiктiң сенiмiне кiрген ғалым әрi ойшыл болатын. Кейiнгi жылдары Түркия Тарих Құрылымының басшысы болды. Өзi Түркия Ұлы Ұлттық Мәжiлiстiң депутаты едi. Осы кiсi 1917 жылы төңкерiс кезiнде де саяси iстерге араласқысы келгенiмен, тек 1918 жылы ғана Түркия "Қызыл ай" қоғамының өкiлi ретiнде Мәскеу арқылы Уфаға жеткен едi. Ол Уфада ескi досы Алимжан Барудиннiң муфтияттағы үйiнде қонақ болып жатқан. Әлихан Бөкейхан, Мұхаметжан Тынышбай, Мұстафа Шоқай және мен Самарада "оңтүстiк-шығыс мұсылман өлкелерi федерациясын" құру мәселесi бойынша Юсуф Акчурамен сөйлестiк және француз тiлiн жетiк бiлетiнiн ескере отырып, оның құрылатын бiрiккен мұсылман ұлттық үкiметiнде Сыртқы iстер министрi болуын өтiндiк. 12 қыркүйек күнi Мүфтият үйiнде болған бұл кездесуде Акчура өзiнiң Түркия азаматы болғандықтан, бiздiң саяси әрекетiмiзге ресми сипатпен қызметтi ала алмайтынын алға тартты. Құрылуы жоспарланған аталмыш мемлекеттiң аты туралы сөз болғанда бұл кiсi "шығыс түрiктерi федерациясы" деген атауды ұсынды. Әлихан болса орыстардың бiздiң ұлттық қозғалысымызға құлақтары үйренгенге дейiн "пантүрiкшiл" атаулардан мейлiнше сақтану қажеттiгiн, уақыты келгенде ондай атты да қабылдайтынын, қазiрше "шығыс Ресей мұсылмандарының федерациясы" деген атаудың жеткiлiктi болатынын айтты. Юсуф Акчура кейiнiрек Стамбулда бiр кездескенiмiзде Уфадағы осы кездесу туралы жақсы естелiгiн айтты. Бiз Түркiстаннан, Қазақстаннан және Қазаннан келген қонақтарымызға қымыз берiп, күтiп, шығарып салдық. Бұл қымызды Дым өзенiнiң жағасындағы Қандыракөлден алдырған едiк. Ол жер башқұрттардың ең жақсы жылқылары шығатын жер болатын. Аңыз бойынша Заятүлек атты бiр жiгiт Сусұлуы деген су перiсiне ғашық болып, осы жылқылар сонда қыздың артынан жасау ретiнде көлден шығып келген екен. Бұл жылқылардың қымызы бал татитын. Уфада қоштасқан кiсiлердiң көбiмен, соның iшiнде Әлихан Бөкейханмен де бұдан кейiн кездесе алмадық. Мен мемлекеттiк мәжiлiстiң аяқталуын күтпей жатып Уфадан кетiп қалдым. Дутовпен бiр поезда болғанымызбен, Уфадағы мәжiлiстерде арамыз суып қалғандықтан, жол бойы ләм деп тiл қатысқан жоқпыз. Бiз Ресей iшiнде социалистермен ынтымақтасып жұмыс iстейтiнiмiздi барлық iс-әрекеттерiмiз арқылы байқатып жүрдiк. Сол кездерi ұлт пен социализм негiздерiн үйлестiрiп "Ерiк социалист партиясын" құру iсiмен айналысуда едiк. Жоспарымыз бойынша бұл партия шығыс түрiктерiнiң басын қосатын ұйым болуға тиiс едi. Қазақ зиялыларынан Әлиханның сол жағында жүргендер, өзбектерден Низамхожаев, ақын Шолпан, Бұхаралық Абдулхамит Арифов осы партияның негiзiн қалаушылар арасында болды. Осы топтың өкiлдерiнiң араласуымен Башқұртстан үкiметi жер мәселелерiн реттейтiн бiр заң шығарды. Бұл – ауылшаруашылық министрi Халил Емировпен бiрге жасаған iсiмiздiң нәтижесi болатын. Үкiметтiң төменгi мәжiлiсiнде жан-жақты талдаудан өткеннен кейiн жарлық шығып, ол 20 қыркүйек күнi күшiне ендi. Бұл заң туралы қазiргi Башқұртстан тарихында да аталып жүр.
ЛЕНИННIҢ АХЛАҚ (МОРАЛЬ) ТУРАЛЫ ТҮСIНIГI
 

Башқұртстан мәселесiн қараған комиссияның жұмысына кеңесу үшiн менi де шақырып тұратын. Мамыр айында комиссия бес бабтан тұратын қарар алды. Бұл да Ленин мен Калининнiң қолдары қойылғаннан кейiн Кеңес үкiметiнiң ресми қаулысы ретiнде күшiне ендi. Қаулыда өлкемiз заң, халық ағарту iсi, ауыл шаруашылығы сияқты мәселелерде тәуелсiз, алайда сыртқы саясат, экономика, қаржы, байланыс торабы және жол iстерi бойынша РСФР-ге тәуелдi болып, автономиялық статус алды. Әскерiмiздi басқару мәселесiнде оны "Түркiстан әскери округына" емес, "Волга әскери округына" қарасты бөлiмше ретiнде шешiм шықты. Комиссия мүшелерiнен Каменев маған автономияны осыншалықты шектеудi қаламағандығын, өлкеге Уфа қаласымен бiрге бiрнеше орыс қаласын да қосып берудi ойлағанын, дегенмен, ол пiкiрдi әзiрге жүзеге асырудың қиын екенiн жеткiздi. Қаулы шыққаннан кейiн Ленинге бардым. Оған: "1919 жылы наурыз айында келiсiлген уағдаластық бар едi. Оған бәрiмiз де қол қойғанбыз. Ол жерде шығыстың езiлген бiр ұлтының құқықтары толық болмаса да танылған едi. Арада 14 ай өттi, олар да әуеге ұшып кеттi" дедiм. Ленин: "Сiз неге мұндай моральдық мәселелердi айтып тұрсыз? Қандай төңкерiсшiсiз? Мұндай бос уәделерге неге сенесiз? Сiзбен бiздiң арамызда қол қойылған уағдаластық ешкiмдi ешнәрсеге тәуелдi етпейтiн жай ғана қағаз қиындысы болатын" – деп, қарсы сұрақпен жауап бердi. Мен де: "Бiз адами қатынастардың осындай қағаздарға құрмет көрсетуден басталатынына сенiп жүрген едiк" дедiм. Ленин былай дедi: "Онда жаңылып жүр екенсiз. Сiз бiздiң арамызда әлi көп нәрсе үйренесiз. Мен шын жүректен сiздiң бiзбен бiрге бүкiл Ресей мен жер жүзiнде үлкен шарулар атқаратыныңызға сенгiм келедi. Бiр кездерi қажеттiлiкке орай қол қойылған бiр жапырақ қағаз үшiн салғыласып, тәжiкелесiп тұру сiзге жараспайды. Әлi көресiз, алдымызда бұдан да маңызды iстер күтiп тұр". Оның бұл сөздерiнен менi өзiмен бiрге жұмыс iстейтiн жолдасы ретiнде көргiсi келетiнiне және тұтас Ресей аймағы бойынша жұмыстар жүктегiсi келген ойының шынайы болуы мүмкiн екенiне сендiм. Қоштасып тұрып ол маған бiрнеше қағаз бердi. "Бұларды оқып шығыңыз. Осындағы жайттар туралы әңгiмелесемiз. Алайда ойларыңызды жазбаша түрде берiңiз" дедi нығыздап.

"Метрополь" қонақ үйiнде Кеңес үкiметiнiң тұтқасын ұстап жүрген көптеген белгiлi саясаткерлермен әңгiмелесетiн едiк. Ол кезде партия мүшелерi мен жеке тұлғаларды аңду iсi әлi басталмаған болатын. Көптеген жайттарды ашық айтып, еркiн сөйлесе беретiнбiз. Бiр күнi Кеңестiк Украина үкiметiнiң басшысы Петровскийге ұлттық республикалардың конституциялары және Ленинмен арамызда болған әңгiме туралы айтып отырып, әзiл-шыны аралас: "Ленин түпкi мақсатқа жету үшiн барлық жолдарды қолдануға болады деп есептейдi екен, онда "егер бүгiн түнде анаңмен некелесер болсаң – ертең бүкiл әлемде пролетар билiгi орнайды екен" десең, бұған да барар ма едi?" деп сұрадым. Петровский ойланбастан: "Әлбетте, дәл солай жасайтын едi. Ленин мұндай мәселелерге тек тактикалық тұрғыдан ғана қарайды. Айталық, ол мұндай жағдайда "халық арасында сөз шығып кетiп, бiзден бұрылып кетпес пе екен?" деп қана ойлайды. Әйтпесе, оның бұл сияқты мәселелерге көзқарасы дiнмен ғана емес, ахлақ және дәстүр бойынша да шектелмеген. Оның ахлақ туралы түсiнiгi пролетарияның тап күресiндегi қажеттiлiктерiмен өлшенедi. Бiздiң көптеген одақтастарымыз уақытша ғана. Бұлардың кейбiреулерi Лениннiң жалған қжаттарға қол қойғанын көрiп, айнып кеттi. Уағдаластық пен келiсiмдердiң тек қажеттiлiк жағдайында ғана үкiмi бар. Десе де, мен бұл мәселеде Ленин сияқты шектен шығып кете алмаймын" – дедi. Менiң: "Ленин интернационализм туралы пiкiрiнде шынайы ма? Немесе оның көкейiнде де великорустық пиғыл жатыр ма?" деген сұрағыма Петровский: "Коммунизм идеясының бүкiл жер жүзiне үстемдiк орнатуы жолында Ленин расында да ұлттан тысқары тұрады. Алайда, тарихи, жағрафиялық және экономикалық тұрғыдан ұлы Ресейдi мекендейтiн халықтарға келгенде оның интернационализм туралы айтқандары алдамшы сөздер ғана. Ол бұл мәселеде великорустың дәп өзi. Ол коммунизмдi ұсақ ұлттармен емес, орыс, ағылшын, қытай сияқты ұлы халықтар арқылы және олардың империалистiк дәстүрiне сай жүзеге асырғанды жөн көредi. Мұны анағұрлым қысқа жол деп бiледi" – деп жауап бердi. Бiр күнi, екеумiзден басқа ешкiм жоқ кезде Петровскиймен әңгiмелесiп отырып, одан былай деп сұрадым: "Григорий Андреевич, сiз 25 жылдан берi партияға мүшесiз. Ленинмен жолдас болдыңыз. Лениннiң великорустық шовинизмi бар ма? Әйтпесе, оның шығыс елдерiндегi кейбiр шовинист орыстарды қолдап отыруының себебiн қалай түсiнуге болады? Ол неге аймақтардағы ұлттық коммунистердi ұсақ буржуазия өкiлдерi деп атайды?". Менiң сұрағыма Петровский былай деп жауап бердi: "Ленин великорустық мәселеде Бiрiншi Петрден де асып кетедi, әйтсе де, ол великорус ұлтын капитализмнен азат ету шартымен үлкен социалистiк шеңберде және басқа ұлттарға үлгi етiп көрсету үшiн ұлықтайды. Сондықтан оның мүддесiн өзге ұсақ ұлттардың мүддесiнен жоғары қояды. Демек ол великорустық пиғыл болмаса да, великорустық саясат жасап отыр. Сол сияқты бiз де Украина мәселесiнде Украина ұлтшылдарынан өзгеше ұстанымымыз болғанына қарамастан, Ленинмен үнемi келiспей қаламыз. Ленин орыстың қоластына қараған ұсақ ұлттар туралы басқаша ойлай алмайды. Бұл жайттың кең етек жайғаны соншалық, бiз кейде мұны оның өзiне айтуға бата алмаймыз. Ленин "Ағысқа қарсы" деп аталатын еңбегiнде ұсақ ұлттардың қорғаушысы сияқты болып көрiнген едi. Десе де, теорияның дәуiрi әлдеқашан өтiп кеттi. Қазiр ол да көптеген великорус достары сияқты ұсақ ұлттардың сiз секiлдi төңкерiсшiл өкiлдерi мен партия мүшелерiне "ұсақ буржуазия" деп қарайды. Великорустық идеяны басыбүтiн толық қабылдағанға дейiн оларға дұрыс яки бұрыс болсын, алайда "ұсақ буржуазия өкiлi" деген таңба тағыла бередi. Бiздiң ортақ дұшпанымыз капитализм мен капиталистiк империализм болған жағдайда, великорустық большевиктер мен ұсақ ұлттардан шыққан партия мүшелерiнiң арасында бiрiн-бiрi алдау осылайша жалғаса бередi. Мұны осылай деп түсiнген жөн және осылай деп қабылдау қажет". Лениннiң ең жақын әрi ең жанашыр достарының бiрi болған Петровскийдiң өз аузынан естiген бұл сөздердi түркiстандық достарымның бiрiне айтқан едiм. Қателеспесем, бұл досым – Тұрар Рысқұлов болатын. Ол да мұны Бөкей Ордасындағы коммунист достарының бiрiне хат арқылы жазып жiберiптi. Петровский маған бұл сөздердi Ленинмен арасында бiр түсiнiспеушiлiк болғандықтан айтқан шығар деп топшыладым. Сол кездерi Түркиядан доктор Фуат Сабит деген бiр кiсi келген едi. Бұл кiсi бұрын түрiкшiлердiң сапында болғанымен, соңғы кездерi коммунизм идеясына бүйрегi бұрып жүр екен. Тiптi, оның қызығушылығы шынайы сенiмнен туғандай едi. Түркияда оқыған татар зиялысы Астрахандық Нежiп Асри мырза да оны көрiп, мен жазды екен деп ойлаған хатты қазақшадан түрiкшеге аударып доктор Фуатқа берiп жiберiптi. Ол да Анкараға оралғаннан кейiн бұл хатты Мұстафа Кемал патшаға берiптi. Ол кездерi Ресей түрiктерi мен Түркия арасындағы байланыстар өте тығыз болатын. Кейiн Мәскеудiң Метрополь қонақ үйiндегi әңгiмелерге қатысты достарыма айтқан жайттардың қағаз бетiне түсiп Түркияға дейiн келгенiн және пайдалы болғанын естiп таң қалдым. Маған Лениннiң ахлақ туралы түсiнiгi мен ұстанымдарын және орыс ұлтшылдығына қатысты ойларын түсiндiрiп берген осы Григорий Петровский едi. Әрине, ол өзi сияқты менiң де туған халқым великорустардан қандай қорлық көрсе де, бәрiбiр Ленинге адал болып қалатыныма сенгендiктен осындай ашылып әңгiме айтқан едi. Десе де, Мәскеуден кетiп, Кеңес үкiметiне қарсы әрекетке көшкенiмнен кейiн де оның мен туралы жақсы пiкiрде қалғанын сол кiсi сияқты жолдасым болған Рудзутак, досым Тұрар Рысқұловқа айтқан екен. Лениннiң ахлақ туралы түсiнiгi мен келiсiм-шарттарға қандай көзқараспен қарайтыны туралы 1924 жылы Берлинде жиналған "Солшыл социалистердiң құрылтайында" (бұл мәжiлiске қазiргi Италия солшыл социалистерiнiң көсемi Ненни де қатысқан едi) жасаған баяндамамда айтқан едiм. Ол немiс және орыс солшыл социалистерiнiң басылымдарында ("Klassenkampf", 14.01.1925; Знамия борьбы", №9-10. 1925) жарық көрдi. Осы құрылтайда және жарияланған мақаламда мен: "Бiз, Азиялықтар Лениннiң құнсыз деп қарайтын осындай қағаздарға сенiп үйренгенбiз. Бiз бұрын Лениндi Ташкенттегi Колесовтан, Орынбордағы Звиллингтен, орталықтағы Артемнен мүлдем басқа тұлға ретiнде елестететiн едiк. Ендi қазiр Лениннiң бұлардан ешқандай айырмасы жоқ екенiне толық көзiмiз жеттi" деп айттым. Башқұртстан коммунистiк париясына мүшелiкке жазылған кейбiр зиялылар жоғарыдағы 19 мамыр оқиғасын естiп, партия мүшелiгiнен бас тартыпты. Самойлов олардан бұл әрекеттiң себебiн сұрағанда: "келiсiм-шарт пен уағдаластықты танымай, 19 мамыр қаулысын қабылдаған партияға мүше болмаймыз" деген жауап естiген екен. Самойлов бұл оқиғаны өзiнiң еңбегiнде жазды да.  
Түрiк тiлiнен аударған – Дархан ҚЫДЫРӘЛI