БАЗАРДАҒЫ КӨШIРМЕ ОҚУЛЫҚТЫ КIМ ШЫҒАРАДЫ?

БАЗАРДАҒЫ КӨШIРМЕ ОҚУЛЫҚТЫ КIМ ШЫҒАРАДЫ?

БАЗАРДАҒЫ КӨШIРМЕ ОҚУЛЫҚТЫ КIМ ШЫҒАРАДЫ?
ашық дереккөзі

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Дәл қазiр ата-аналар мен оқушылар мектепке дайындық барысына қызу кiрiсiп кеткен. Рас, қара базарда бiр оқушы жанына қажеттiнiң бәрi бар. Алайда, қаржылық дағдарысқа ұшыраған халықтың қалтасы базар бағасын да көтере алмай жатқан сияқты. Неге десеңiз, биылғы қымбатшылықтың шарықтағаны соншалық, бiр баланы бар керек-жарағымен жабдықтау үшiн орта есеппен 20 мыңдай ақшаңыз шығындалады екен. Егер балаңызға мектеп формасын арнайы дүкеннен сатып алғыңыз келсе, басқа да керек заттардың тек сапалысына қол жеткiзгiңiз келсе, қалтаңыз екi, үш есе қағылады дей берiңiз.

Биыл Алматы қаласы бюджетiнен оқу құралдарын шығару үшiн 627 миллион 330 мың теңге бөлiнiптi. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 100 миллион теңгеге артық деген сөз. Дегенмен, әдеттегiдей оқу жылының қарсаңында оқулық iздеп шарқ ұрған ата-ана мен оқушыдан көз сүрiнедi. Тiптi, оқулық шығаратын кiтап дүкендерi алдында ұзын-сонар кезек оқу жылының бiрiншi, екiншi тоқсаны аяқталғанша түгесiлмейтiнiне көз үйренген. Әрине, сол оқулық базарда да самсап тұр. Бiрақ ата-ана базардан қымбат бағаға сатып алғанша, тiкелей баспаның өзiнен арзанға сатып алғысы келетiнi анық. Бiр айта кетерлiгi, бүгiнде қара базарда сатылып жатқан оқулықтың денi — көшiрме оқулықтар. Оны кiм басып шығарып жатыр? Ешкiм бiлмейдi. Тiптi, шығарушысы — "Мектеп" баспасы деп тұрған баспаның өзi де бейхабар. Сонда, бiлдей бiр баспаның атын жамылып саудасын қыздырып жүрген қандай баспа немесе баспагер?! Көшiрме оқулықпен пайдаға кенелiп жатқандар бiр ғана "Мектеп" баспасының ғана емес, "Атамұра", "Алматыкiтап" секiлдi баспалардың да түпнұсқа оқулығын көшiрiп басумен айналысады екен. Көшiрме оқулықты қарапайым сiз бен бiз ә дегеннен ажырата алмаймыз. Бұл кәсiптiң түп-төркiнiн бiр бiлсе, оқулық сататын сатушы ғана бiлер. Ал кiтап сатушылардың өзi: "Бiз баспадан көтерме саудамен сатып алған кiтаптың үстiнен ары кетсе 50-100 теңге табамыз. Ал негiзгi тауып отырған нанымыз да сол — көшiрме оқулықтар. Қарап тұрсаңыз, көшiрме оқулықтың түпнұсқа оқулықтан еш айырмашылығы жоқ. Қағазы да сол, бояуы да сол. Бар болғаны мұқабасының жұқалтаңдығы ғана ерекшеленедi" дегендi айтады.

Шынында да, қазiргi қара базарда оқулық сатып, нәпақасын айырып жүргендер де сол көшiрме оқулықты сататындар екен. Түпнұсқадан айнытпай шығарған оқулықтың астына сол оқулықты шығарған баспаның атын жазып қойғанына не дейсiз?! Ал мектеп оқулықтарын шығарумен айналысатын "Мектеп" баспасы бас редакторының орынбасары Әуелей Оспанова: "Базардағы оқулықтар бiздiң баспаның өнiмi емес. Кезiнде осындай қауесет шыққан соң, бiз арнайы топ құрып, әдейiлеп тексерiп те көрдiк. Нәтижесiнде "Мектеп" баспасының оқулығы емес екендiгiне көзiмiз жеттi" дейдi.

"Мектеп" баспасы жарты ғасырдан астам уақыт бойы оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк құралдар, анықтамалық әдебиеттер, сөздiктер және басқа да ғылыми-танымдық кiтаптар шығарып келедi. Баспадан қазақ, орыс, ұйғыр және өзбек тiлдерiнде оқытатын мектептер үшiн оқулықтар мен оқу құралдары шығарылады. Жыл сайын дәстүрлi мектеп бағдарламалары бойынша 250-ге жуық оқулық жарық көредi. Бiз де "Мектеп" баспасы бас редакторының орынбасары Әуелей Оспановамен оқулық мәселесi төңiрегiнде аз-кем әңгiме өрбiткен едiк.

Әуелай ОСПАНОВА, "Мектеп" баспасы бас редакторының орынбасары:

Жергiлiктi бiлiм департаменттерi оқулыққа қанша тапсырыс берсе, соншалықты орындауға мүмкiндiгiмiз бар

— Құрылғанына 60 жылдан астам уақыт болған "Мектеп" баспасы 8-11 сыныптарға арналған оқулықтар шығарады. 1999 және 2001 жылдары бiздiң баспа Бiлiм және ғылым министрлiгi өткiзген екi тендерге қатысты. Осы тендердiң нәтижесiнде бiрiншi, 8-11 сыныптарға арналған оқулықтар шығару құқын жеңiп алдық. Бiрiншi осы оқулықтардың байқау данасы шықты. Ол республикамыздағы 77 мектепте сынақтан өттi. Министрлiктiң тарапынан жыл сайын бұйрық шығады. Онда әрбiр баспаның қандай оқулық шығаратындығы жөнiнде бекiтiлген тiзiмi болады. Сол тiзiм министрлiк тарапынан елiмiздегi барлық бiлiм департаменттерiне таратылады. Олар тiзiмге қарай отырып, әр баспаға өздерiнiң керектi оқулығына тапсырыс бередi. 2004 жылдан бастап 8-сыныпқа арналған жаңа буын оқулықтарының бiрiншi басылымы жарық көре бастады. Жыл сайын бiр сынып оқу процесiне қосылып отырды. Өткен жылы бiз жаңа үлгiдегi 11-сынып оқулықтарының ең соңғысын оқушылар қолына тигiздiк. Оныншы, он бiрiншi сыныптардың оқулықтары екi бағытта жарық көрдi. Ал қазiр 8-сынып оқулықтарының екiншi басылымын әзiрлеу үстiндемiз.

— Оқу жылы басталса, "оқулық жетiспейдi" деген мәселенiң туындайтыны бар. Бұған не дейсiз?

— "Мектеп" баспасы республикадағы барлық 14 облыстың бiлiм департаменттерi мен Алматы, Астана қаласының бiлiм департаменттерiмен тығыз байланыс жасайды. Бiзде тапсырыс жинайтын арнайы бөлiм бар. Шыққан өнiмдi келiсiмшарт бойынша тапсырыс берген жерге жеткiзiп беруге тырысады. Жалпы көпшiлiк мұны түсiнбейдi. Ал негiзiнде бiзге қанша тапсырыс берсе, соншалықты оқулық шығарып беруге мүмкiншiлiгiмiз бар. Әр облыстың жергiлiктi бюджетiнен бөлiнетiн қаражатқа байланысты бiлiм департаменттерi де қай оқулыққа қанша таралымда тапсырыс беру керектiгiн шешедi. Әр оқулықтың бағасы әртүрлi ғой. Соған байланысты есептеп, тапсырыс бере алады. Ал олар оқулыққа деген тапсырысты жеткiлiктi мөлшерде бере ме, жоқ па, бiздiң хабарымыз жоқ. Бiзге мемлекет, министрлiк тарапынан ақша бөлiнбейдi, тек тапсырыспен ғана жұмыс iстеймiз.

— Қазiр кей мектеп бiр пән бойынша екi баспаның да оқулығын қатар алып жүредi. Сол себептен де ата-аналар баласына қайсы оқулықты аларын бiлмей уақытын өткiзiп алатын сияқты.

— "Мектеп" баспасы тендердi жеңiп алғаннан кейiн, бұл баспаның оқулықтары негiзгi оқулық болып табылады. "Атамұра", тағы басқа да баспалар балама оқулықтар шығарады. Қай баспаның оқулығын пайдаланатынын әрбiр мектеп өзi шешедi. Тағы да қайталап айтам, оқулықтың жетiспеушiлiгi мәселесi бiзге қатысты емес..

— Мектеп алды дайындық науқаны басталды. Алайда, қандай баспаның болмасын оқулығы базарда екi есе бағамен сатылуда. Бәлкiм, базарда сiздердiң де арнайы нүктелерiңiз бар шығар…

— Базарда бiздiң оқулық сататын нүктелерiмiз жоқ. Кезiнде бұл iстiң соңына да түстiк. Базардағы оқулықтың сапасымен бiздiң баспаның оқулығының сапасы екi бөлек. Бұл оқулық қайдан шығып, қалай таралатынын бiлмеймiз. Ал "Мектеп" баспасының оқулықтары жеке дүкендерiнде, одан басқа "Алматыкiтап", "Атамұра" баспасының республика бойынша кiтап дүкендерiне келiсiмшарт бойынша сатуға бердiк. Олар үстiне қосып сата ма, өздерi бiледi. Ал бiздiң дүкенде оқулық өз бағасымен сатылады. Бiрақ оқулықты көтерме саудаға бермеймiз. Өйткенi, кейбiреулер көп мөлшерде сатып алып, басқа жаққа қымбат бағамен қайта сатуы мүмкiн. Сол себептен де оқулықты бөлшек саудаға саламыз.

— Оқулықтың безендiрiлуi, мұқабасы, жалпы сапасы нашарлап кеттi деген пiкiр де жоқ емес. Шындығында, оқулық әрi кетсе бiр оқу жылынан аспай қалатын жағдайға жеттi…

— "Мектеп" баспасы үлкен баспа болғандықтан, мұнда түрлi бөлiм бар. Мұқабасы, қағазы оқулықтың сапасына келiп тiреледi. Бiз көбiнесе бұрыннан келе жатқан стандартқа сүйенемiз. Мысалы, әр сыныптың оқулықтарының өзiндiк ерекшелiгiне байланысты шығарылу стандарты да басқаша. Төменгi сынып оқулығының мұқабасы целлофондалған қатты және бояуы түрлi-түстi келсе, жоғары сынып оқулықтарының мұқабасы жұқалтаң болады. Әрине мұқабаның қалың не жұқа болуы оқулықтың баспа табағына да байланысты. Айталық, 10 баспа табақтан төмен оқулықты стандартта бекiтiлгендей қалың етiп шығара алмаймыз. Ал одан жоғары баспа табақтағы оқулықтар әжептәуiр қалың.

— Негiзi "Мектеп" баспасының авторлар құрамы жеткiлiктi ме?

— 1-9 сыныпқа дейiн оқулықтар Ы.Алтынсарин атындағы Бiлiм академиясында жасақталды. Ал шығаруды тендерден бiз жеңiп алдық. Ендi 10-11 сыныптардың жаңа буын оқулықтары өзiмiзде әзiрленуде. Бiр айта кетерлiгi, 2002 жылы ТМД елдерiнде алғаш рет бiздiң баспада авторлар мектебi ашылды. Қазiр онда жиырмаға жуық маман әдiскерлер жұмыс iстейдi. Олардың басты мақсаты — авторларға ғылыми әдiстемелiк көмек көрсету. Әлбетте, бiр оқулықты бiрнеше автор жазатын болғандықтан оған сол саланың маман ғалымы, әдiскер, тәжiрибелi педагог тартылуы мiндеттi түрде қадағаланады. Тек қана маман ғалым жазатын болса, ол ғылыми еңбек болып кетедi. Мүмкiндiгiнше оқулық жатық, жеңiл, сондай-ақ оқушының жас мөлшерi ескерiлуi тиiс. Тiптi, кейде өз мiндетiн атқара алмаған жағдайда, дер кезiнде оқулықты жаза алмаған авторлардың құрамын өзгерткен жағдайлар да болды. Демек, оқулық авторы үш категорияның адамы болуы керек. Бiрiншi — саланың маманы, екiншi — баланың қабылдау ерекшелiгiн жiтi бiлетiн мектеп мұғалiмi, үшiншi — әдiскер болуы абзал. Талап қатаң болғанмен, авторлардың тарапынан қаламақыға шағым айтып жүргендердi көрген жоқпыз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ