Жаңалықтар

ЕКI АЛАЯҚ ҚҰРЫҚТАЛДЫ

ашық дереккөзі

ЕКI АЛАЯҚ ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Алматы қалалық Алмалы аудандық соты үлкен қылмысты әшкереледi. Жақында полиция қызметкерлерi Алматы қаласында «Казкоммерцбанктiң» халықаралық төлем карточкаларын алаяқтық түрде пайдаланған шетелдiк екi азаматты құрықтады. Бiр-екi күндiкте Алмалы аудандық соты екi қылмыскерге қатысты сот процесiн бастады. Ұсталғандар өздерiн уақытша босатуды талап етуде. Алайда, олардың бұл әрекетi Қазақстан заңнамаларын сақтай отырып, жаза қолдануды шектеуi мүмкiн. Десек те, қылмыстылардың iсi немен шешiлетiнiн сот процесi көрсететiн болады.

Бұл шетелдiк алаяқтар қолдан жасалған халықаралық Visa және Mastercard төлем жүйелерiнiң карточкаларын пайдаланып, Алматының iрi дүкендерiнен қымбат әшекей бұйымдар, алтын, тұрмысқа қажеттi басқа да техникалық құнды заттарды сатып алып, қолма-қол ақшаға әрi арзан бағаға қайта сатумен айналысқан. Бiр қызығы, қылмыскерлер ұсталғанға дейiн бiрнеше күн бұрын Батыс мемлекеттерiнiң сенiмдi тұрғындарының карточкаларын қолдан жасап, 7 миллион теңге көлемiнде (58 мың АҚШ доллары) шығын әкелген.

Жалған карточка жасаумен шұғылданған алаяқтарды дер кезiнде ұстап, соттауға Алматы қаласының полиция қызметкерлерiне Казкомның қауiпсiздiк бөлiмiнiң мамандары мен карточкалық бөлiмi көмектестi.

"Казкоммерцбанктiң" экономикалық қауiпсiздiк бөлiмiнiң бастығы Марат Дандыбаевтың айтуынша, шетелдiк қылмыскер азаматтар заң бойынша 5 немесе 2 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкiн. Қазiргi кезде күдiктiлер 110-бапты пайдаланып, кепiлге шықпақ болды. Мұндай жағдайда Қазақстан заңымен қылмыстық қудалау екiталай сондықтан оларды уақытша босатсақ, бармақ тiстеп қалуымыз мүмкiн дедi Марат Тұрарұлы журналистерге берген түсiнiктемесiнде.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ