Жаңалықтар

ШЫН-МАШЫННЫҢ ЕЛIНДЕ...

ашық дереккөзі

ШЫН-МАШЫННЫҢ ЕЛIНДЕ...

…Сонау бала кезiмiзде қызыға оқитын арабтың таңғажайып ертегiлер жинағы "Мың бiр түнде" Шын-Машын елiнен келген айдай сұлу арулар туралы айтылатын-ды. Тiптi қараңғы бөлмеге кiрсе, солардың нұр дидарынан үйдiң жарқырап кететiнi жөнiнде жазылған тұстар да бар. Бәрiне сенгiш бала көңiл сол әсiрелей айтылған суреттердi ақиқатқа балаппыз. Тек бiр таңданатынымыз — "Жағырапиялық картада жоқ, ол қандай ел екен?" деп…

Дұрысында, ол — жағырапиялық картада бар, тап қасымыздағы ұлы Қытай елi — бүгiне бүкiл әлемнiң назары ауып отырған, көне өркениет елi және қазақтың мәңгiлiк көршiсi, Бейжиң Олимпиадасы өтiп жатқан мемлекеттiң орта ғасырлардағы арабша атауы екен.

ТАРИХИ ШЕГIНIС

Бiздiң дәуiрiмiздiң 751 жылы қазақтың қасиеттi жерi, бүгiнгi Тараз қаласына таяу Талас өзенi бойында болып өткен, үш күнге созылған арабтар мен қытайлардың арасындағы қиян-кескi ұрыс түркi даласының алдағы мың жылдағы, тағдырын үзiлдi-кесiлдi шештi. Арабтар жеңiп, бiздiң бабаларымыз Қытайға бодан болудан аман қалды, Түркiстан өңiрiне қасиеттi ислам дiнi келдi.

Алайда Талас өзенiнiң бойындағы екi ұлттың арасындағы шайқас мәңгiлiк өшпендiлiкке емес, қайта олардың бiрiн-бiрi танып бiлуге, ынтымаққа ұмтылған құлшынысына негiз болды. Араб халифаты мен Таң империясы көп ұзмай бiр-бiрiмен елшiлiктер алмасып, Қытайдың оңтүстiк портты қалаларында (мысалы Ханчжоу) алғашында жүз-жүздеп, кейiн мың-мыңдап араб және иран көпестерi қоныс тебе бастады…

Осындай тығыз қарым-қатынастың нәтижесiнде кемiнде бесмыңжылық тарихы бар қытай өркениетiнiң таңдаулы жетiстiктерi әлемге таралды. Арабтар қытайлардан қағаз жасауды үйрендi, осы елдiң шәйi мен жiбегi, балмұздақ пен оқ-дәрiсi (оны олар отшашар ретiнде шығарыпты), компасы мен форфорын өздерiне тасып, кейiн өзгелерге сатты. Түр-түстiң ұқсамауы да, дiннiң бөлектiгi де, тiлдiң алшақтығы да — нәсiлшiлдiк пен ұлттық өшпендiлiктi бiлмейтiн сол дәуiрдегi Шығыс халықтарының өзара тиiмдi қарым-қатынастарына тiптi селкеуiн тигiзген емес. Оған бiр дәлелiмiз — қазiр жұмыр жер бетiнде өмiр сүрiп жатқан, түрi де тiлi де қытай, ал дiнi мұсылман — дұнаған халқы. Көптеген демограф ғалымдардың пайымдауынша, осы халық араб азаматтары мен қытай қыздарының некесiнен тараған ұрпақ болып саналады.

Мiне, араб-иран азаматтарының есiн алған "Шын-Машынның қыздары" соған байланысты. Негiзгi ақсары болып келетiн қытай орамалдылары қараторы араб-иран азаматтарына хор қызындай көрiнсе керек. Тiптi бойлары бәкене, тым қылдырықтай нәзiк келсе де. Сонымен бiрге Қытайға көршiлес кәрiс, жапон әйелдерi де өзара ұқсас болғандықтан, "Шын-Машынның қыздарының" қатарына қосылған.

Соныдақтан болар, Қытай Шығыс елдерiнiң атауларының арабтардан еуропалықтарға ауысқаны. Кейiбр ғалымдардың жазуынша, "Шын-Машын" Қытайда Орта ғасырларда үстемдiк еткен Цин империясының бұрмаланған атауы. Мәселен, ағылшын тiлiндегi Қытайдың атауы — "Чайна". "Когуре", "Коре" сынды ел атаулары арабтар "Кория" деп, өз тiлiнiң заңдылығына бұрмалап айтқандықтан, қазiр ол ағылшын тiлiнде "Корие" деп айтылып жүр. Ал жапондар бұрын да, қазiр де өз елiн "Ниппон" деп атайды. Ол араб тiлiнде "Зипаугуге" айналып, ағылшын тiлiнде "Жапан" болып шыға келдi.

ҚАЗIРГI ҚЫТАЙ

Бүгiнгi Қытай Халық Республикасы — әлемдегi ең мықты мемлекеттiң бiрi болса да, бiрегейi. Мәселен, әскери қуаты жөнiнен Қытай орыс көршiсiн басып озып, АҚШ пен Франциядан кейiнгi үшiншi орында тұр. Ал оынң экономикалық-қаржылық қуатына келсек, ол бiр "жыр мен жұмбақ". "Жыр" болатыны — ол қаржылық-валюталық қоры жөнiнен АҚШ пен Жапонияны өкшелеп келедi. Әлемдегi шетел инвестициялары жөнiнен де Шығыстағы көршiмiз алдыңғы орндарға ие. Өзiне инвестициялар тартумен шектелiп қалмай, қытайлықтар өзге елдерге де мол қаржы құюмен барған сайын танылып келедi. Кәрi құрылық — Азияда олар бұл орайда үндi және жапон бәсекелестерiмен барған сайын қақтығысып қалуда. Қытай сыртқа ет шығарудан дүние жүзiнде бiрiншi орынды иеленсе, күрiш саудасында қатардан қалып отырған жоқ. Бұдан бар болғаны 20 жыл бұрын, елiн асырай алмай, сырттан күрiш тасыған осы елдiң бүгiнде экспортқа азықтың бұл түрiн шығаруы — айтарлықтай нәтиже. Әйтеуiр, Ресейдiң "Азия и Африка сегодня" атты ғылыми журналының кез келген нөмiрiнiң Қытайға арналған мақаласыз шықпауы көп нәрс,енi аңғартады…

"Жұмбағы" сол — Олимпиада өтiп жатқан осы елдегi адамдардың дәл санын ешкiм бiлмейдi. Кейбiр қытайтанушы ғалымдардың айтуынша, халық санағы қашанда кемiтiлiп көрсетiледi. Әсiресе, экономикалық көрсеткiштердiң дәл көлемiн бiлу өте қиын. Азияның алып елiнiң сыртқы саясаттағы кейбiр мақсаттары да бүркемеленген. Ағылшындардан Гонконгтi, португалдардан Аомынь (бұрынғы Макао) қалаларын өздерiне қайтарған Қытай, ендi Тайвань аралын қосып алмақ. Оны қашан және қалай жүзеге асырары белгiсiз. Алайда ұлы көршiмiздiң қазақ жерi мен Ресейдiң Қиыр Шығысын басып алу мүмкiндiгi жөнiндегi пiкiрлер негiзсiз. Естi де ептi қытайлар американдықтар секiлдi ашық басқыншылыққа бармайды. Тек экономикалық-қаржылық жағынан "жаулап алып", дiңкенi құртпаса…

КӨРШIҢМЕН ҚАЛАЙСЫҢ?

Қазақстан мен Қытайды тек екi елге ортақ тарихи тағдырларымыз ғана емес, халықаралық ұйымдарға мүше болу мен өзара тиiмдi келiсiмшарттар да байланыстырып отыр. Екi ел де ортақ шекараны заңдастырып, бекiтiп алды. Қазiр қай базарға барсаң да, сөрелерге сыймай, сықасып тұрған — Қытайдың тауарлары. Қытай үшiн қазақ жерi Еуропа мен Мұсылман Шығысына қарай ашылған сауда-экономикалық кең дәлiз болып табылады. Бiздiң экономикамызға құйылып жатқан қытай инвестицияларының да мәнi зор. Олай болса, ұлы көршiмiзбен татулық — бiз үшiн тиiмдi де пайдалы болмақ. Тiптi, олар Бейжиң Олимпиадасында қазақстандық спортшылардың неғұрлым мол марапат жинауына мүдделi екендерiн де айтып үлгiрiптi. Бiр қызығы сол, жазғы Олимпиада бұл жолы үшiншi рет "Шын-Машын елiнде" өтуде. Бұған дейiн Токио (Жапония) мен Сеул (Оңтүстiк Корея) жазғы Олимпиада ойындарының өткенi көпке мәлiм. АҚШ пен Батыстың жылдар бойғы қасарысқан қарсылығын жеңiп, өзiнде жазғы Олимпиада өткiзу құқығын жеңiп алған қытайлардың өлермендiгi тек құрметке лайық. Сондықтан олардың бiзге жылы ықыласы тегiннен тегiн емес. "Көршiңмен қалайсың?" деген қазақтың астарлы сөзiнiң маңызы осында жатқан болар…

ҰЛТЖАНДЫЛЫҒЫН-АЙ…

Айтпақшы, "Шын-Машынның қыздары" әлi де арабтар үшiн "тартымдылығын" жоймапты. Тапалтақтау келген, қиық көз, қиғаш қас қалыңдықтарға туған елiнен алыс сапарға аттанар сәтiнде ресми нұсқау берiлетiн көрiнедi: қашанда Қытайдың мүдделерi бәрiнен де жоғары тұруы тиiс! Ол аз десеңiз, шетелде және Қытайдың өзiнде әрекет жасайтын қылмыстық топтар (триадалар) да iс-әрекетiнде қашанда ұлттық мүдделердi басшылыққа алатын көрiнедi. Ұлтжандылығын-ай, шiркiндердiң…

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ