ШЫМКЕНТТIКТЕР ҚОШҚАРАТА ЖОБАСЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСАТЫНЫНА СЕНIМДI

ШЫМКЕНТТIКТЕР ҚОШҚАРАТА ЖОБАСЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСАТЫНЫНА СЕНIМДI

ШЫМКЕНТТIКТЕР ҚОШҚАРАТА ЖОБАСЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСАТЫНЫНА СЕНIМДI
ашық дереккөзі

Қошқарата бұлағы — тарихы өте тереңде жатқан киелi, қасиеттi жер. Бұлағының суы да шипалы, емдiк қасиетi бар. Шымкент шаһарының дәл ортасынан ағып өтетiн бұлақ суының айналасын қорғау кез келген перзенттiң азаматтық парызына айналған.

Бүгiнгi Шымкент қаласының билiк тұтқасын ұстаған азаматтар осы Қошқаратаны абаттандыру мен көгалдандыру мәселесiне қатты көңiл бөлiп, игiлiктi жобалар жасап, оны халықтың талқысына салып отыр.

Қошқарата өзенiнiң айналасы бүгiнгi күнде ажарсыз кейiпте. Өзен айналасы күл-қоқысқа толып, бұлақ суы айналасында орналасқан үйлердiң моншаларынан шыққан шайынды сулармен ластануда. Сонда ағып жатқан бұлақ өзенiне бала-шаға, шал-кемпiр де шомылып жатады. Олар әр түрлi жұқпалы ауруларды жұқтырып алуы ғажап емес. Жасыратыны жоқ, осы Қошқарата маңайында орналасқан моншаларда жезөкшелердiң де қаптап жүретiнiн ақпарат құралдары талай жазды. Бiрақ одан нәтиже шыққаны шамалы.

Қазiргi күнде қала әкiмiнiң орынбасары Ерғали Бiлiсбеков Қошқарата өзенiн абаттандыру мен көгалдандыру мәселесiн шешудiң нақты жоспары жасалғанын елге түсiндiрдi. Қошқарата өзенiнiң басты жобасын италияндық "Озсой контракшн енд архитекстс" компаниясы жасағаны мәлiм болды. Жоба төрт кезеңнен тұрады. Мұнда зәулiм қонақ үйлер, спорт алаңшалары, демалыс аймақтары тағы да басқа тұрғындарға қажеттi инфрақұрылымдар жүзеге асады. Ал, жобаны инвесторлар жүзеге асырады, өйткенi қала бюджетi мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыра алмайды. Сондай-ақ, Қошқаратаға ұлттық саябақ статусы берiлуi мүмкiн деген болжам бар.

Бұл жобаға қазақтың ұлттық нақыштары мен әдет-ғұрып салттары кеңiнен орын алуы тиiс деген пiкiрлер бар. Қошқарата суының емдiк қасиетi өте жоғары болып есептелгендiктен бұл жерде сауықтыру кешенiн салу да күн тәртiбiнде тұрғаны абзал. Қошқарата маңында орналасқан орталық мешiттен жастарды имандылыққа тәрбиелейтiн дiни мектеп ашса, рухани дүниемiздiң тiрегi мықты болар едi. Қошқарата инфрақұрылымын жасауға мемлекет тарапынан көмек ауадай қажет. Бұл жердегi коммуникация мен канализация жүйелерiнiң барлық жауапкершiлiгi қала әкiмшiлiгiне өтер едi. Қошқарата маңайында орналасқан сауда орындарында ешқандай спирттiк iшiмдiктер сатылмауына мән берiледi. Бұл жерлерде қымыз-қымыран, айран-сүт адам ағзасына пайдалы басқа да дәстүрлi сусындар дүкен сөрелерiне шығарылады.

Қошқарата айналасында үлкен жоба қолға алынды. Елдiң жақсылары мен жайсаңдары және қала тұрғындары бұл жобаны қызу қолдап отыр.

«Мен Қошқарата жобасының жүзеге асатынына сенiмдiмiн» — дейдi қала әкiмi Арман Жетпiсбаев.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ