ЕЛIМ ДЕП ӨТКЕН ЕЛДЕС ЕДI
ЕЛIМ ДЕП ӨТКЕН ЕЛДЕС ЕДI
Қазақ елiнiң тәуелсiздiк жолындағы азапты сапарында «қазағым» деп тәнi өртке шарпылған, «алашым» деп жаны дерттен алқынған перзенттердiң бiрi көрнектi ғалым, бiлiктi аудармашы, ұлағатты ұстаз, белгiлi қоғам қайраткерi Елдес Омарұлы — әдiлетсiздiкпен арыстандай алысқан, жолбарыстай жұлысқан бiртуар тұлға.
Елдес Омарұлы Қостанай өңiрiнiң Тобыл болысында, қазiргi Таран ауданына қарасты Қожай ауылында 1892 жылы дүниеге келген. Әкесi Омар ерте хат таныған, ауылдағы сауатты кiсiлердiң бiрi болған. Елдес әуелi Ыбырай Алтынсарин ашқан Қостанайдағы екi жылдық қазақ-орыс мектебiнде бiлiм алып, кейiн Орынбордағы мұғалiмдер институтын үздiк бiтiрiп шығады. Қарт мұғалiм Қапаш Шуақаевтың айтуына қарағанда, Елдестiң арғы аталары Орта жүздiң Қыпшақ руының iшiндегi Қарабалықтың белгiлi билерi болған. Қоржынкөл ауылының маңайында ертеректе Қаракөз деген елдi мекен болыпты. Кейiнгi жылдарға дейiн сол жерде диқандар бригадасы тұрған. Қаракөз Омардың туған шешесi екен. Жаугершiлiк жылдары қалмақтан тұтқынға келген қыз екен деген де әңгiме бар. Елдес аға өзi қызмет атқарған жылдары елдегi балаларды да оқуға алдырып, адам қылуды көздеген, талаптанған жастарға қолдау жасап, қолқабыс берiп отырған. Осы кiсiнiң жәрдемiмен оқып шыққан, кейiн оқуларын Орынборда жалғастырған қостанайлық жастардың өзi бiр төбе. Олардың iшiнде Ахмет Ташбаев, Жүсiпбек Жақаев, Қайдар Ибрашев секiлдi кезiнде ел басқарған азаматтармен бiрге Рақатқызы Күләй, Күлқадиша, Күләйiм, Қатира есiмдi қостанайлық қыздар да болған. Елдестiң туған шешесi Шолпан жастай қайтыс болады. Ал Омар атайдың екiншi әйелi Ғалия бертiнде, 1953 ж. қайтқан. Қаратомарға жерленген. Омардың үш ұл, бiр қызы болған. Елдестiң iнiсi Ескендiр сұм заманның құрбаны болып кетсе, Ғалиядан туған Әбдеш аурудан 1948 жылы көз жұмған. Бүгiнде жасы тоқсанға келген Биғанша Райысқызы – Елдестi көзi көрген кiсi. Омарқызы Мәруаш болса Қайындыкөл ауылында (қазiргi Белинский атындағы АҚ) тұрып, тоқсаныншы жылдары қайтыс болды. Ұлы Отан соғысы басталған жылдары Омар ақсақал жетпiстен асқан екен. Сол жылдардың өзiнде көнекөз қария ауыл адамдарына майданнан келген хаттарды, газеттердi оқып берiп отырған. Кiшi баласы Әбдештi ағаларының ауыр жолын қумасын деп әдейi оқытпайды. Өмiрiнiң соңғы күнi жайнамаз үстiнде өтiп, намаз кезiнде бұл дүниемен қоштасады. Аңдаған адамға ағаның өмiр жолы да тар жол, тайғақ кешуден құралғанын байқау қиын емес. Елдестiң сүйiп алған жары Эльза Адамовна Берте Ташкенттегi немiс елшiсiнiң қызы екен. Олар тұңғыш ұлдарының атын Кенехан қояды. Сол тұстағы достары оны еркелетiп Генрих десе, орыс жолдастары Андрей деп атаған, сүйтiп батыр атасының атын еншiлеген жiгiттiң үш бiрдей есiмi болыпты. Кенехан Ұлы Отан соғысы жылдарында әскери ұшқыш болып, фашистерге қарсы шайқасады. Ал әкесi тағдыр азабы балаға тимесiн деп сақтық жасады ма екен, кiм бiлсiн, әйтеуiр, оның туу туралы куәлiгiнде баланың аты-жөнiн Генрих Берте деп жаздырады. Асыл ағаның артта қалған жалғыз ұрпағының одан кейiнгi тағдыры белгiсiз. Елдес ағаның қазақ тарихында алтын әрiптермен жазылып қалуға тиiстi үлкен еңбегi оның Ахмет Байтұрсыновпен бiрге 1926 жылы Әзiрбайжанның астанасы Бакуда өткен тюркологтардың, яғни, түркiтанушылардың бiрiншi құрылтайына (съезiне) қатысуы. Мұнда ол қызықты баяндама жасайды, баяндамасы мамандар тарапынан жақсы бағаға ие болады. Елдес аға Оқу комиссиясының мүшесi болған жылдарда да өнiмдi еңбек етедi, қазақ мектептерi үшiн арнаулы оқулықтар жазып, бiрқатар кiтаптарды орыс тiлiнен қазақ тiлiне аударады. Ғалымның көптеген кiтаптары Орынбор, Ташкент, Қызылорда қалаларында жарық көредi. Бұл кiтаптардың бiразы тiлтануға, қазақ тiлiнiң грамматикасына арналса, ендi бiразы хрестоматиялық негiзде құрастырылған. Қалай болған күнде де ғалым қазақ мектебi үшiн ауадай қажет оқулықпен қамтамасыз етуге өзi де жан аямай кiрiсiп, өзге кiсiлердi де осы мақсатқа жұмылдыра бiлген. Қазiргi уақытта көптеген тiлшi-ғалымдарымыз бен аудармашылар орыс тiлiндегi көптеген сөздердiң баламалары мен қазақша атауын дәл таба алмай, бас қатырып жүрсе, әрi ұстазы, әрi досы болған Ахаң секiлдi Елдес аға да көптеген қазақ сөздерiн ұтымды әрi шебер қолданады. Мәселен, Ахаң публицистиканы — көсем сөз, афоризмдi — дiлмар сөз деп атаса, Елдес аға ана тiлiнде жарық көрген геометрия оқулығын — пiшiндеме, тригонометрияны кескендеме деп аударған. Ал математиканы — есеп-қисап деп атаған. Евней Букетов атындағы Қарағанды Мемлекеттiк Университетiнiң профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Сәрсенғали Әбдiманапов: "Ана тiлi" газетiнде (доңыз жылы, шiлденiң 20-ы) жарық көрген "Математика қазақшалауға көне ме?" деген мақаласында, кезiнде математикадан алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарын жасаған Елдес Омарұлы еңбегiне үлкен баға берiп, оның "Пiшiндеме" оқулығында теорема — түйiн, биссектриса — жарма, радиус — өре, хорда — керме, параллелограмм — қиықша, пропорционал — құрылымдас, фигура — пiшiн, трапеция қостабан деп аталып, қазаққа өте түсiнiктi тiлде жазылғанын атап көрсетедi. Елдес ағаның тағы бiр iнiсi, бұл күндерi Қазақ Техникалық Университетiнде қызмет атқаратын Марат Қапашұлы Шуақаев өзiнiң монографиялық еңбегiн атақты атасына арнады. Марат Мәскеудегi Орталық кiтапханадан Елдес ағаның бiрнеше кiтабының көшiрмесiн де алып келдi. Сол тұста Қазақ Мемлекеттiк баспасының заказы бойынша басылған бұл кiтаптар таңдай қақтырмай қоймайды. Мәселен, 1923 жылы Орынборда жарық көрген "Физика" кiтабы (бiрiншi басылым) 400 беттен тұрады. Ал 1928 жылы Қызылордада шыққан "Пiшiндеме" (геометрия) кiтабының бiрiншi және екiншi бөлiмдерi (екi кiтап) 6000 дана таралыммен жарияланған. Кiтаптағы гравюраларды А.Иванов деген орыс суретшiсi орындапты. Елдес ағаның өз қолымен жасаған "Әлiппесi" баспадан кiтап болып шығып үлгiрмеген. Оны кезiнде ауыл ақсақалы Асылбек Ташбаев оқып көрiп: "Бұл кiтапта қазақтың бiрiңғай байлары мен билерiнiң сөздерi мысалға келтiрiлген екен, мына күйiнде кiтап болып шығуы екiталай ғой!" дегенiнде, ғалым: "Болашақта бiзге осындай кiтаптар қажет болады, жата берсiн, керек тастың ауырлығы жоқ!"деп жауап берiптi. Қолжазба күйiнде қалған тағы бiр оқулық әдебиет танытуға арналған. Онда ғалым Өтебайдың "Ақ алтын", Қалқаманның "Сырдария", Iлиястың "Құлагер", Сәбит Мұқановтың "Өмiр ертегiсi" және "Темiртас", Бейiмбеттiң "Бекберген мектебi" секiлдi шығармаларынан үзiндiлер келтiредi. Ғалымның шешендiк үрдiсi де оның сөйлеген сөздерi мен жазған мақалаларында анық байқалады. Мәселен, "Араб таңбасы" туралы еңбегiнде "ескiшiлдiк деген не?" деген сауал қойып алып, iле-шала: "Ескiшiлдiк деген — бұрыннан үйреншiктi болып, бойына сiңiп қалған әдет. Үйренген әдеттен бұрылып шығуға болмайды. Бұрын орысша оқып, үйренiп қалған қазақ жiгiттерi қазақша жаза алмайды. Пiшiндеме кездесетiн түрлi атауларды қазақ әрпiмен белгiлесек, олар бұрын түйе көрмеген жылқының түйеден үрiккенiндей осқырынып қарайды… Мiне, ескiшiлдiк деген осы. Өзiнiң үйренiп қалғанынан басқаға осқыра қарайтындық", — дейдi. Осынау сөздер күнi бүгiн де мағынасын жоймаған, бiздiң қазақ қауымына арнап айтылған сөз секiлдi әсер етедi. Кезiнде қазақ зиялылары осындай сөздерге құлақ қоймағаны өкiнiштi, әрине! Елдес Омарұлының Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң мұрағатындағы (3626 iс, 61-шi бума) 1935 жылдың 10 маусымында өз қолымен толтырған жеке парақшада (личный листок по учету кадров) 1892 жылы 29 ақпанда шаруа отбасында туғанын, Орынбордағы Қырғыз мұғалiмдер мектебiне 1907 жылы түсiп, оны 1911 жылы бiтiрiп шыққанын, ал 1918-19 жылдары Алашордада қызмет атқарғанын атап жазған. Осы құжаттағы арнаулы сауалдарға Елдес аға орыс тiлiнде: "работал председателем Кустанайского отделения Алаш-Орды и комиссаром Алаш-Орды по Кустанайскому уезду в 1918-19 г.г. Постановлением коллегии ОГПУ осужден по ст.58, пар 10 и 11, заключением в концлагере 10 лет. Находился в заключении с 1929 г. по 1933 г. В июле 1933 г. освобожден досрочно", — деп жауап берген. Ал еңбек тiзiмiнде негiзгi мамандығын оқытушы және әдеби қызметкер деп қосарлап көрсеткен. Осыдан-ақ Елдес Омарұлының Қазақстанның оқу-ағарту iсiне қыруар еңбек сiңiргенiн көремiз. Қазақша жазу туралы жаңа ережелердi де Елдес аға дайындап, оған Қазақстан Республикасының сол тұстағы оқу комиссары Нұғыман Балаұлы, қазақ комиссиясының бастығы Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ комиссиясының жаршысы (секретарь) Елдес Омарұлы қолдарын қойған. Ғалымның орыс тiлiнде жазған "О сочетании звуков казахского языка" деп аталатын еңбегiнде қазақ тiлiндегi 43 дыбысқа, соның iшiндегi 9 дауысты және 43 дауыссыз дыбысқа терең талдау жасалған. Жиырмасыншы жылдардың аяғында Елдес Омарұлы, «Қазақтар араб жазуын қолданғаны дұрыс па, әлде латын әрпiне көшуi қажет пе?» деген пiкiрталаста сөйлеген сөзiнде араб таңбасының артықшылығын ғылыми деңгейде дәлелдейдi. "Тағы да жазуға келгенде, бiздiң оңнан солға жазуымыз әбден дұрыс, — деп жазады ғалым, — өйткенi, адамның табиғаты жаратылысында солай. Мәселен, жiп иiргенде қазақтың әйелдерi оңнан солға қарай iиредi. Солдан оңға қарай иiруге олардың табиғаттары көнбейдi, ыңғайлары келмейдi. Жазу да осы сияқты. Тек бiздiң орысша жазып үйренiп қалғандарымыз ғана оңнан жаза алмайды. Сонан соң солдан жазуды мақтап, жорта жылдам жазылады деп, тәжiрибесiз демагогтiкке салынады". Елдес Омарұлы: "Мәскеуге барған қазақтың жiгiттерi мен әйелдерiнен "қай ұлттан боласың?" деп сұрасаң, "қазақпын" деуге арланып, "жапонмын" дейдi", — дей келiп: "Бұл не?! Қазақтан жиренгендiк. Ақылы соған өлшенгендiк. Латын әрпiн аламыз деушiлер де қазақтың қазiргi әрпiнен жиренедi. Ол олардың орысша үйренiп қалған әдеттерiнен шыға алмай, сырты сұлуға елiктегенiнен шыққан әдет" деген қорытынды жасайды. "Еңбекшi қазақ" газетiнiң 1931 ж. 24 шiлдедегi санында Бахтияр деген ақын "Жаңа әлiп жолында" деген өлеңiнде: "Арапшы, жаңа әлiпшi Екi жақ боп тартысты. Ахмет, Елдес, Мұхтарлар Арапқа жұмсап бар күштi" — деп жазғанында да сол кездегi саясат пен уақыттың табы бар. Асыл ағаның бiрбеткейлiгi, ел үшiн коң етiн кесiп беруге дайын мiнезi, әрине, сол тұстағы жығымпаздар мен "шолақ белсендiлерге" ұнай қоймағаны анық. Журналист Шәрбану Бегiмқұлова "Қазақстан әйелдерi" журналында жарық көрген арыстарымыздың бiрi Телжан Шонановқа арналған мақаласында Елдес ағаның Телжанмен достығын баяндап, оның осы достығы үшiн күйгенiн де ашып жазады: "ҚазМУ-нiң сол кездегi директоры Ошков Елдес Омарұлын да әшкерелеуге асығады. Оны университеттiң тiлдер кафедрасы 1937 жылғы 13 қазанында өткен мәжiлiске салады. Кафедра мәжiлiсiнде әрi директор, әрi тiлдер кафедрасының меңгерушiсi Ф.Т.Ошков, биология факультетiнiң деканы Митрофанов, оқытушылар И.О.Байков, М.Б.Байкова, И.О.Папоротная, Рат және Омаров қатысады. Мәжiлiсте биология факультетiнiң екiншi курс студенттерiнiң оқытушысы Омаров "халық жауы" Шонановты ерекше қорғаштағаны жайлы арыз тыңдалыпты. Осы арыздың негiзiнде кафедра мәжiлiсi болған күнгi бұйрықпен Омаров "контрреволюционер Шонановтың ашық қорғаушысы" деп қызметiнен босатылған. Мұнымен де тынбай, Е.Омаровтың отбасын ҚазМУ-дың ғылыми қызметкерлерi тұратын жатақханадан да "Шонановтың ашық қорғаушысы" болғаны үшiн қуып шығады". Шынында да Елдес аға қазақ тiлiнiң, қазақ әрпiнiң ғана емес, жүрегi қазақ деп соққан, елiм деп еңiреген талай ердiң қорғаушысы болған, ажал алдында да қаймықпай, тура сөзiн айта бiлген. Ел басына қара бұлт үйiрiлген ауыр жылдарды Елдес Омарұлы өзiнiң жан аямас достары Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Жүсiпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтармен бiрге өткiзедi. Осы бесеуiне ашылған №6 iс бойынша 1929 жылғы 16 тамызда Бiрiккен саяси басқарманың Шығыс бөлiмi бастығының көмекшiсi Саенко Қылмыстық кодекстiң 207 статьясын басшылыққа алып, қаулы шығарады. Мәскеудiң атышулы Бутыр түрмесiне де Елдес аға өз әрiптестерiмен бiрге түседi. Ал 1929 жылы 24 қарашада Бiрiккен саяси басқарманың Шығыс бөлiмiнiң бастығы Мiржақыпты 14-шi камераға алып кеткеннен кейiн бұған дейiн бiр камерада отырып келген Ахмет, Мағжан, Жүсiпбек, Елдес және тағы бiрнеше адамды бiр-бiрiнен бөлектеп, жеке камераға отырғызуды сұраған құжат та архив деректерiнде сақталған. Елдес Омарұлы қызық күндердi де достарымен бiрге көрiп, қысылтаяң заман қияметiн туған даланың аяулы перзенттерiмен, алаштың ардақты ұлдарымен бiрге тартады. Елдестiң Мағжанмен, Ахаңмен және басқа қазақтың бiртуар ұлдарымен түскен суреттерi де табылды. Жазушы Дүкенбай Досжановтың 1992 жылы Қазақстан баспасынан жарық көрген "Абақты" деп аталған кiтабында ғалым туралы нақты деректер келтiрiлген. Жазушы архивтен тапқан деректерге қарағанда, 1930 жылы 4 көкекте Бiрiккен саяси Бас басқарманың алқасы Ахмет, Мiржақып, Жүсiпбекке қоса барлығы он үш кiсiге ату жазасын қолдану туралы қаулы қабылдайды. Кейiнiрек Мағжан, Елдес және Дамулла Битiлеуовке ұйғарылған ату жазасы концлагерьде он жыл отыруға алмастырылады. Елдес бұл мерзiмдi Мағжан және Мiржақыппен бiрге Қиыр солтүстiкте, Карелия орманының iшiнде өткiзедi. Тағдыр тәлкегi, мақсат бiрлiгi ме, әйтеуiр, Алаш асылдары қайда да бiрге жүргенге, өмiр тауқыметiн бiрдей көргенге ұқсайды. Орынборда бас қосқан қазақ зиялылары ұлтты аман сақтау үшiн жалпы қазақ съезiн шақырайық деген пәтуаға келгенде, Алашорда мүддесi үшiн құрылған ұйымдастыру алқасындағы бес адамның бiрi — Елдес Омарұлы. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Сағындық Досжановтардың жанынан табылған Елдес 1918-19 жылдары Алашорданың Қостанай уезiндегi комиссары болғанын жоғарыда айтқанбыз. Қазақтың Ломоносов атанған ағаның "Ломоносов" деген бүркеншiк аты да болған. Ал "Тайбағар" деген атпен "Жас қазақ" журналына (1924 жыл №5-7) "Қазақ салты" және "Дағдылы жол мен айлалы жол" деген мақалаларын бастырған. Бiрқатар шығармаларын "Әдiл" деген бүркеншiк атпен жариялаған. Керекуде шығып тұратын "Дауа" газетiнiң 1994 ж. №1 (наурыз) санында жазушы Рамазан Тоқтаровтың "Күнi бардың күншiлдiгi жоқ" деп аталған мақаласы басылды. Онда оқу-ағарту жұмысында жүрген iрi мемлекет қайраткерлерi мен қазақ зиялыларының iргелерi ажырамай, үнемi бiрге бас қосқаны айтылады. Жазушы осы мақаласында арыстарымыз өздерiнiң оңаша отырыс-мәжiлiстерiнде бiрiн-бiрi қосалқы аттарымен атағанын жазады. Мысалы: Мiржақып — Қоңқақ, Мендешев — Шұбар, Сәкен — Долан, Елдес — Жорғақ. "Жұлдыз" журналының 1996 жылғы маусым айындағы санында Мiржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апайдың "Ардақтап өтем әкемдi" деп ыстық сезiммен еске алады: "…Бұл кiсiнi Елдес аға дейтiн едiм. Папам екеуi қатты қалжыңдасатын, қуақы сөйлейтiн, өзi күлмей, жұртты күлдiретiн қасиетi болатын. Кейiн дәрiгерлiк институтта оқып жүргенiмде Елдес аға мен Iсмет Кеңесбаев сонда орыстарға қазақ тiлiнен сабақ бердi. 1935 жылдары жиi көрiп тұрдым. Папамның ең жақын жолдасымен ұшырасқанымда көз алдымнан бұлдырлап, алыстағы сағымдай, тiлесең де оралмайтын бақытты бала кезiм елестеп өтетiн. Әкемдi бiр көруге зар болған сағынышым одан сайын күшейiп жүрегiмдi сыздататын. Елдес аға өзiнiң досы Мiржақып қайтыс болғанын естiгенде Кеңесбаевқа: "Iсмет, бүгiн мен үшiн қаралы күн, аза тұтамын, аяулы Мiржақып Дулатов, жан жолдасым дүние салғанын естiдiм, менiң сабағымды өзiң жүргiзе сал", — дептi. Мұны маған алпысыншы жылы Iсмет ағаның өзi айтты. Елдес аға, папам және басқа он төрт кiсiмен бiрге 1988 жылы ноябрьде, алпыс жылдан соң ақталып шықты", — деп жазады Гүлнар апай. Гүлнар апай Елдес ағаның зайыбы Эльзаны және Мiржақыптың үзеңгiлес серiктерiнiң бiрi, қазiргi Қостанай облысының Қарабалық өңiрiнде туып-өскен Ғаббас Нұрымовтың үйiнде болғанын да тебiрене жазады. Ғаббас – тұңғыш рет Алаш маршын орындаған. Кейiн Совнаркомда жауапты қызмет атқарған, бiлiктi аудармашы болған ардагер ағаларымыздың бiрi. Елдес ағаның iнiлерi Қазақстанның еңбек сiңiрген мұғалiмдерiнiң бiрi Қапаш Шуақаев пен Қостанай облысының тұрғыны Абай Қошаловтың айтуына қарағанда, алғаш сотталған жылдары Елдес аға тозақта болғандай күй кешкенiн кейiн елге оралғанда айтқан көрiнедi. "Адам ит жанды деген өтiрiк екен, адам иттен де төзiмдi болады екен. Iш ауруынан адамдар шыбындай қырылғанда да аман қалғандар болды. Егер жүз тал кендiр талдасаң, бiр күрешке быламық бередi, жұтқан жұтамайды дегендей, жүруге шамам келмесе де, жатып, кендiр талдап, быламық iшiп, ес жидым", — дейдi екен. Ел адамдарының сөзiне қарағанда, жиырма бiрiншi жылғы аштықта Елдес сол тұстағы қазақ зиялыларымен тiзе қосып, Торғай облысы қазақтарын аштықтан аман алып қалу үшiн көп күш-жiгер жұмсаған. Семей байларынан үйiр-үйiр жылқы алғызып, көп адамды аштықтың аранынан арашалап қалған. Елдес Әлихан мен Ахаңды қазақ ұлтының көсемдерi деп таныса, олар да Елдес десе iшкен асын жерге қоятын. Елдес "Пiшiндеме" мен "Кескiндеме" жарық көргеннен кейiн ең алғашқы бағаны да солардың аузынан естiген. "Геометрия мен тригенометрияны тәржiмалауға болады деген үш ұйықтасақ ойымызға келмептi, сен қазақ ұғымына сай балама тапқан екенсiң" — деп екеуi бiрдей балаша мәз болған. Сондықтан да Елдес математиканы қазақшалау барысында тағы да арқа тұтар екi ағасын алға салып, солармен ақылдасып алуды жөн көрген. Бiреуiне арнайы хат жазып, ақыл қосуын сұраса, екiншiсiмен көзбе-көз кездесiп, пiкiрлескен. Ахаң Елдестiң аудармаларын және жаңа баламаларын қуана құптаған болатын. Сол жолы Ахаң Елдеске Әлиханның өзiне жазған ғылымның түрлi саласында жаңа сөздер жасауда өзiңнен асқан ешкiм жоқ болып тұр, Елдес! — деп арқасынан қаққан. Әлихан Ахмет Байтұрсыновқа жазған хатында: "Елдесiм жақсы жiгiт. Бұрын да жақсы едi. Ендi онан да сүйiктi болып кеттi. Бiр күнi Шәңгерей маған: "Мен сенi жақсы көрем. Бiлесiң бе? — дедi. Мен: "Жоқ!" — дедiм. Шәңгерей маған: "Сен шын қазақсың ба? Сенi қазақ деп жақсы көрем!" — дедi. Физиканы оқып қарасам, Елдесiм де қазақ екен", — деп жазыпты. Мұхтар Әуезовтiң жан достарының бiрi болған Елдес Омарұлы Мұхтардың алғашқы әйелi Райханнан туған қызы Мұғамила апайды жас кезiнде Мұхаңның өтiнiшi бойынша Семейден ертiп әкелiп, жазушының отбасына тапсырған екен. Ұлы жазушы Валентина Николаевнадан туған тұңғыш ұлдарының есiмiн Елдес Омарұлының құрметiне Елдес деп қойған. Өкiнiшке орай, нәресте бiр жасқа толмай шетiнеп кеткен. Көлемi үш жүз беттен құралған қазақ әдебиетi туралы жазушы еңбегiне ең алғаш орыс тiлiнде пiкiр жазған да Елдес Омарұлы. Онда Елдес аға жазушының еңбектерiне жақсы баға бередi. Сол пiкiрге назар аударайық: "ОТЗЫВ о научных работах М.О.Ауэзова ("История казахской литературы", редактирование полного собрания сочинений Абая с критическим очерком и др.) История литературы М.О.Ауэзова (около 300 стр. Казгосиздат, 1927, Ташкент) представляет собой первый опыт систематизации и научного анализа образцов устного творчества казахского народа, не только на казахском языке. Автор в этой книге разбирает образцы народной поэзии, классифицируя их по жанрам, причем им охвачены также и периоды индивидуального творчества вплоть до Абая, т.е.до начала новой казахской литературы. Историко-литературный анализ материалов произведен на основе культурно-методического метода. Данный труд М.О.Ауэзова является весьма ценным не только в отношении тюркологии вообще. М.О.Ауэзовым же проредактрирована научно полное собрание сочинений Абая в размере около 600 стр, и снабжено биографическим и критическим очерками и соотвествующими примечаниями и комментариями. Этот труд М.О.Ауэзова одобрен научно-методическим Советом Казнаркомпроса. Оба эти труда М.О.Ауэзова, а также и ряд журнальных статей по вопросам литературы рекомендуют автора, как серьезного научного работника по казахской литературе и тюркологии вообще. Помимо научно-исследовательской работы М.О.Ауэзов известен как писатель-драматург и беллетрист. Все его драматические произведения включены в репертуар Казгостеатра и являются самыми популярными среди соответствующих произведений на казахском языке. Одна из его пьес "Қаракөз" удостоена первой премией на всеказахском конкурсе художественных пьес. О другой его пьесе "Энлик и Кебек" имеется критическая статья Т.И.Седельникова на русском языке, напечатанная в журнале "Жизнь национальностей" за 1923 г. ??№№3-4. М.О.Ауэзов кроме того имеет ряд художественных новелл, напечатанных в различных периодических изданиях Казагыстана (оригинал не изменили). Один из его ранних рассказов "Беззащитная" переведен и на русский язык и включен в сборник издательства "Огонька". Недавно вышла в свет историческая повесть "Кыйлы Заман". Преподаватель Востфака САГУ по казахскому языку Омаров". Жазушы Бейбiт Сапаралы "Егемен Қазақстан" газетiнде жарияланған "Арыстар өмiрiнiң асыл үзiгi" деген мақаласында (20 мамыр, 1997 жыл): "1934-1937 жылдар аралығында Алматыда Қазақтың Ұлт мәдениетi ғылыми-зерттеу институты (КНИИНК) жұмыс iстеп, әдебиет пен фольклор, тiл, тарих, сурет сызу мәселелерi бойынша қомақты-қомақты еңбектер тындырғаны белгiлi. Тап осы ғылыми-зерттеу ордасы аясында Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы ауқымды арнада келiсiм-шарт бойынша жұмыс iстегенiн институттың сақталып қалған (көрнектi ғалым, тiл маманы — түрколог Сәрсен Аманжоловтың жеке архивiнен табылған болатын — Б.С.) ресми кiрiс-шығыс қағазы арқылы анықталған болса, жаңадан табылған Әлихан ақсақал хатының мазмұны сол деректердi үстi-үстiне айғақтап, бекiтiп берiп тұр", — дейдi. Алаш арысы туралы мұрағатта сақталған құжаттар сыр шертедi: Қазақ ССР-iнiң Жоғарғы соты 1989 жылы 22 тамызда берген анықтамада: "Дело по обвинению Омарова Елдеса, 1892 года рождения, уроженца Кустанайского округа Тобольской волости, казаха, беспартийного, до ареста работавшего преподавателем Казпедвуза, пересмотрено. Определением судебной коллегии по делам Верховного суда КазССР №11 от 4 ноября 1988 года Постановлением коллегии ОГПУ при СНК СССР от 41 апреля 1930 года и 13 января 1931 года в отношении Омарова Елдеса отменены и дело производством прекращено за отсутствием в его действиях состава преступления. Омаров Елдес реабилитирован", — деп жазылған. Асыл ағаға "жаптым жала, жақтым күйеден" құтылу үшiн алпыс жыл, бiр адамның тұтас ғұмыры қажет болған. Азаттық аңсаған есiл ер абақтыға сан қамалып, азап тартып жүрiп, соңғы рет 1937 жылдың 22 қарашасында тұтқынға алынады. Ол кезде Елдес аға өзiнiң отбасымен Алматы қаласындағы Виноградов көшесiндегi 95-шi үйде тұрған. Отыз жетiншi жылдың 1 желтоқсанында Алматы облыстық НКВД бөлiмiнiң үштiгi тергеп-тексермей-ақ, оны ату жазасына кеседi. Елдес ағаның «Ел!» деп соққан жүрегi тоқтаған жоқ, 1992 жылы Елдес Омарұлының туғанына 100 жыл толуын туып-өскен жерi — Таран ауданының жұртшылығы атап өттi. Оның атымен мектеп аталып, есiмi көшелерге берiлдi. Ия, қатарластары «қазақтың Ломоносовы» деп атаған Елдес ағаның екiншi ғұмыры ендi басталды. Оны соңғы тұтқындағанда жендеттер Елдес ағаның үйiнен 72 кiтап пен қолжазба алған. Алматыда "Арыс" қорын ұйымдастырып, ғалым еңбектерiн iздестiрiп жүрген жас ғалымдар Аманқос Мектептегi мен Бейсенбай Байғалиев келешекте ғалым шығармаларын бастырып шығаруды мақсат етiп отыр. Сәкен Сейфуллин көзi тiрiсiнде Елдес Омарұлына үлкен баға берген. Ол өзiнiң естелiгiнде: "Бұл туралы маған қысты күнi Ахмет Байтұрсыновтан қай жағынан болса да кем емес деп жүрген Елдес Омарұлы келiп, бiраз сөз айтты. Оған да мен мәселенi газет бетiне, көптiң талқысына сал деген едiм. Ол ауырып қалды…" — деп жазған. Елдес Омарұлының орыс тiлiнде жазған негiзгi мақалаларының бiрi. Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерiн талдауға арналған. Мұнда ол Ахаңның қазақ әлiппесiн жасаудағы, қазақ жазуын жаңғыртудағы төл еңбегiне жан-жақты тоқтала келiп, Ахаңның ақын, аудармашы, көркем сөз бен көсем сөз шеберi, педагог және қоғам қайраткерi есебiндегi талантына шынайы баға бередi. "Ахаңды барлық қазақ даласы бiледi, оны сыйлайды, сүйедi, бiрақ, ол әлi өз бағасын алып бiткен жоқ", — деп жазады Елдес аға… Осы сөздердi Елдес ағаның өзiне байланысты айтуға да болар едi. Қас талант жылдар өткен сайын саф алтындай жарқырай бермек. Ақылбек ШАЯХМЕТ