Жаңалықтар

ТМД ӨЛI ҚҰРЫЛЫМҒА АЙНАЛДЫ МА?

ашық дереккөзі

ТМД ӨЛI ҚҰРЫЛЫМҒА АЙНАЛДЫ МА?

Өткен аптада Ыстық көлде "Шолпан Ата" резиденциясында бас қосқан Қырғыз бен қазақ президенттерi әртүрлi мәселелер жайында ой қозғасты.

Соның бiрi және бiрегейi — Оңтүстiк Осетиядағы шиеленiс әрi ТМД-ының болашағы жайлы әңгiмелер болды. Қазiргi жағдайға баға берген қазақ президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы: "ТМД аморфты құрылымға айналды. Тәуелсiз мемлекеттер достастығының Оңтүстiк Осетиядағы секiлдi шиеленiстердi реттеуде, оның алдын алуға ешқандай механизмi де, заңдық тетiгi де болмай отыр", — деген мәлiмдеме жасады. Нұрсұлтан Назарбаев ТМД мемлекеттерiнiң Сыртқы iстер министрлерi жағдайды талдап, талқылап, оның бағасын беруi тиiс. Сондай-ақ, бұл құрылым әрi қарай қалай жұмыс iстейтiндiгi жайында ұсыныс енгiзуi керек деген пiкiрде. Бұндай шиеленiстi аймақтар ТМД-да тек Оңтүстiк Осетия ғана емес. Таулы Қарабах, Приднестровье, Абхазия, Қырым, санай берсеңiз жетiп артылады. Оның әрқайсысының соңы осындай қанды қақтығыстарға алып келсе, посткеңестiк кеңiстiкте бейбiтшiлiк салтанат құруы екiталай дүниеге айналып жүрмек.

ТМД құрылымының формальды ұйымға айналғандығын сарапшылардың бiразы айтып дабыл қаға бастады. Ал, 12-тамызда Грузия президентi Михаил Саакашвили ТМД-дан шығатынын мәлiмдеп үлгерсе, 14-тамызда Грузия Парламентi бұл мәлiмдеменi қолдайтындықтарын бiлдiрдi. Қазiргi жағдайда ТМД-ға 12 мемлекет мүше. Кеңес Одағы мемлекеттерiнiң өзара одағын сақтап қалу мақсатында құрылған ұйым әзiрге аймаққа ықпал ететiнi iрi одаққа айнала алмай отыр. ТМД-ыны қайта құру идеясын қазақ Президентi бiрнеше рет ұсынғанымен, одан шыққан қорытынды байқалмады. ТМД мемлекеттерiнiң басшылары жылына бiрнеше рет бас қосып, Батыс пен Америкаға қарсы тұрар iрi күшке бiрiгу қажеттiгiн сөз етiседi. Бiрақ, әр мемлекеттiң өзiндiк амбициясы ТМД-ның бiрiккен бiр жұдырыққа жұмылуына мүмкiндiк бере алмай келедi. Бұл ретте сарапшылар Ресейдi империялық көзқарасы үшiн айыптаса, Грузия, Украина, Әзiрбайжан елдерiн батыстық саясат ұстанатындығы үшiн кiнәлайды. ТМД мемлекеттерiнiң бұл құрылымды сақтауға ниеттi еместiгi де дәл осы Ресейдiң бұрынғы метрополия болғандығында жатса керек. Әлемдiк отарлық тарихқа көз жүгiртсек, тәуелсiздiкке жаңа қол жеткiзген мемлекеттер үнемi бұрынғы метрополиядан бойын аулақ салуға тырысады екен. Соның салқыны ТМД-ының жанды құрылым болуына мүмкiндiк бермей отыр.

"Zonakz.net" сайтында ТМД-ының болашағы жайындағы сауалнамаға жауап берген Коммунистер партиясының серкесi Серiкболсын Әбдiлдин ТМД-дан тек Грузия ғана емес, сондай-ақ, Әзiрбайжан, Молдова, Украина да шығуға ниеттi екенiн айтады. Егер, бұл құрылым сақталатын болса оның құрамында Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан қалуы мүмкiн дейдi.

Әрине, Елбасының дабыл қағатын жөнi бар. Аймақтағы қақтығыстың алдын алуға ТМД құрылымы пейiл танытпады. Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымы Оңтүстiк Осетиядағы соғыс басталғаннан кейiн 5 күн өткенде ғана мәселеге байланысты өз ұстанымдарын мәлiм еттi. Демек, оқиғаның қалай өрбитiнiн, кiм жеңiп, кiм жеңiлетiнiн сырттай бақылап отырған сықылды. Әрине, ТМД-ының бұдан кейiнгi тағдыры оның күштi құрылымға айнала бiлуiнде. Егер, жағдай осылай жалғаса беретiн болса, өзге емес Қазақстан мен Қырғызстанның өзi ТМД-ны тастап шығуы ғажап емес. Ресейдiң одақтасы Белоруссия да Оңтүстiк Осетиядағы қақтығыс жөнiнде жұмған аузын ашпады. Белоруссиядағы Ресей елшiсi Александр Суриков Белоруссияның бұл iсiн айыптайтын мәлiмдеме де жасағаны мәлiм. Молдавия, Түркiменстан, Тәжiкстан, Өзбекстан — барлығы да үнсiз. Барлығы аяқтарын аңдып басуды жөн санап отыр.

19 тамыздағы мәлiмдемеге көз жүгiртсеңiз, 10 қазанда ТМД мемлекеттер басшыларының бас қосатындығы айтылған. Яғни, ТМД бұндай шиеленiстерге бiрден ықпал етуге, өз көзқарастарын танытуға мүдделi емес. Тек Елбасының Шолпан Атадағы мәлiмдемесiнен кейiн ғана ТМД сәл ойлана бастаған сынды.

Құрманбек Бакиев пен Нұрсұлтан Әбiшұлының галстуксыз кездесуiнен кейiн, сарапшылар Н. Назарбаев ұсынған Орталық Азия мемлекеттерi одағы идеясының болашағы жайында ой қозғай бастады. «Егер, ТМД жансыз құрылымға айналса, оның орнын не басады? Қазақстан Президентi не үшiн бұндай мәлiмдеменi Шолпан Атада жасады?» дейтiн сансыз сауалдармен бас қатыра бастаған сарапшылар қазақ президентiнiң бұл идеясын қолдаудан бас тартқан Өзбекстан президентi ендi ойланатын шығар деген байлам жасауда.

Орталық Азия мемлекеттерiн бiрiктiретiн факторлар көп. Оның бiрi — бұл мемлекеттердiң барлығы кезiнде Кеңес одағының қол астында болғандығы, екiншiсi — дiнi мен тiлiнiң туысқандығы, үшiншiсi — мәдениеттерiнiң жақындығы, төртiншiсi — геосаяси мүдделерiнiң бiр екендiгi. Дегенмен, оларды ажыратып тұрған факторлар да аз емес. Олар — экономикалық дамудың әркелкiлiгi, ұстанып отырған саясаттың өзгешелiгi, Ресей саясатын қолдаудағы ұстанатын бағытының әртүрлiлiгi.

Әзiрге қазақ президентiнiң ұсынысын толығымен Қырғызстан қолдап отыр. Алайда, бұл мемлекеттiң экономикасы құлдырап, тығырыққа тiрелуде. Тәжiкстан мен Өзбекстан алыстан сыйласпақ ниетте. Әуелi бұл мемлекеттер түркi тiлдес мемлекеттер одағынан гөрi парсы тiлдес мемлекеттер одағын құруға пейiлдi. Ал, Түркiменстан әлi де бейтарап саясат ұстануда.

Есенгүл Кәпқызы