Жаңалықтар

НАМЫСТАН ЖАРАЛҒАН!

ашық дереккөзі

НАМЫСТАН ЖАРАЛҒАН!

ПЕКИН ОЛИМПИАДАСЫНДА ҚАЗАҚСТАН СПОРТШЫЛАРЫ 29-ОРЫНҒА ТАБАН ТIРЕДI

Кеше ғана дүниенi дуылдатқан Пекин Олимпиадасы шежiре болып жазылып қалды. Жеңiмпаздар мен жүлдегерлер елiнiң ыстық құшағында. Арпалысты күндер артта қалды. Қазақ елiнiң намысын қорғауға аттанған 131 спортшы 13 медальмен оралды. Бiр уыс медаль ауыр атлетика спортшыларының еншiсiнде. Илья Ильиннiң алтынынан кейiн қалың ел боксшыларға үмiт артқан едi. Алапат айқастың соңғы күнi Бақыт Сәрсекбаев ел үмiтiн ақтады. Бақыт — Олимпиада чемпионы!

Сәрсекбаевтың ақтық айқасы бүгiнгiдей көз алдымызда. Кубалық қарсыласын екi раунд тықсырып, 7:2 есебiмен iлгерi кеткен едi. Үшiншi раундта кубалық жанталаса ұмтылды. Екеуi де қайтпай, тiресiп-ақ ұрысты. Бақыттың солақай ауыр соққылары айнымай тиiп жатты. Жанталаса айқасқан үшiншi раунд 14:7 есебiмен аяқталды. Кубалықтың өлермен, өжет қимылын тегеурiндi соққылармен күтiп алып отырды. Бақыт қайсар, қайтпас мiнезiмен жанкүйер жүрегiн жаулап алды. Айқын басымдылықпен ұтып жатып та қашпады, қулыққа көшiп құшақтаспады. Ер екен! Өзiнiң мықты екенiн дәлелдедi. Қалың елдiң жанарына жас үйiрiп алтын тұғырға шықты. Ақтық айқасты 18:9 есебiмен аяқтады. Осы салмақтағы Қытайдағы қандасымыз Қанат Сләм қола медальға қол жеткiздi. Жеңiс тұғырында тұрған қос қазаққа қарап сүйсiндiк. Алып Қытай елiнiң iшiнен жарып шығып Олимпиада жүлдесiне қол жеткiзудiң өзi бiр ерлiк.

19 спортшымен аттанған жеңiл атлетика жалғыз медальсiз оралды. Соңғы үмiт Марина Аитовада едi. 1,96 метр биiктiк асу бермей-ақ қойды. Тобымен аттанған волейболшылар да, гандболшылар да қуанта алмады. Қалың қазақтың бiр үмiтi Әлия Жүсiпова болатын. Көркем гимнастикадағы жарық шоқ жұлдыздың iшiнде жүрген Әлияның қарқынынан Ресей мықтыларының өзi сескенетiндей де едi. Бiр кем дүние… Әлия жүлделi орынға жете алмады. Ресейлiк Евгения Канаева алтын медаль iлiп түстi. Беларуссиялық Инна Жукова күмiске қол жеткiздi. Украиналық талантты гимнастшы Анна Бессонованың еншiсiнде қола медаль. Жүлденiң алдын бермейтiн Ольга Капранова да сүрiндi.

Қазақ елiнiң мергендерi де мүлт кеттi. 13 медаль бiр қарағанда аз олжа емес, көп те емес. Абыройды асырған қос алтын медаль. Олимпиадаға қатысқан екi жүзден астам елдiң iшiнен 29-орынға табан тiредiк. Алып Қытай елi 100 медальмен көш бастады. 51 алтын медаль! Қытайды өкшелеген Америка спортшыларының еншiсiнде – 36 медаль. Ресей 23 алтынмен үшiншi орынға шықты. Iргедегi Өзбекстан қырқыншы орында. Алты медальдiң бiреуi алтын. Ал бiзде қуаныш та, өкiнiш те бар. Ол келесi әңгiменiң тақырыбы.

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ