ҚАЗАҚТЫҢ ҚОНАЕВЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚОНАЕВЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚОНАЕВЫ
ашық дереккөзі

Қазақ өзiнiң бұрынғы ұлы перзенттерiн тәспiдегi тастай тiзiп, тайлы-таяғымен жүрегiнде жаттап, мәңгi есте қалдырған. Тарих сахнасында ащы мен тұщыны аз көрмеген қыран тағдырлы, тарлан даланың саяқ жұрты өзiнiң жадында өзектi өткелдерi мен өжет өрендерiн қапысыз сақтай бiлген. Арғысын айтпағанда берiдегi Жәнiбек, Керей, Тәуке, Абылай, Сырым, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Бұқар, Исатай, Махамбет, Абай, Шоқан, Ыбырай, Жамбыл, Ахмет, Мiржақып, Мағжан, Әлихан, Сәкен, Тұрар, Сұлтанбек, Нәзiр, Халел, Шәкәрiм, Мұстафа, Мұхамеджан, Мұқтар, Әлкей, Қаныш — қазақ тарихының жарқын беттерi боп ұлттығымыз бен елдiгiмiздi әлемге әйгiлеп тұратын тұлымды тұлғалар.

Осы сұңғыла сәйгүлiктердiң қатарында Қонаевтың орны өзгеше шырайлы. Ол – қиын-қыстау заманда тектi шаңырақта дүниеге келiп, өз заманында құнарлы бiлiм алған, ақиық азамат. Қайшылығы мол дәуiрде өмiр сүрiп, құйтырқылы саясаттың қолбаласы бола жүрiп, ұлттық сындарлы тұрпаты мен көңiл марқайтар кiсiлiгiн жоғалтпаған жаны жомарт, ойы ұшқыр, талабы асқақ, арманы — әртарапты; ары – мөлдiр бұлақтай, жүрегi – жауһар жүзiктей, жеке басының мүддесiн көздемеген, өзiн ойлауға уақыты ғана емес, пейiлi де болмаған, елi үшiн саналы өмiрiн сарп еткен кебенек iшiндегi есiл ер едi.

Қас қағымдай сәтке айнала салатын қайран, Уақыт-ай! Димекеңнiң бақилық болғанына да көздi ашып-жұмғанша 15 жыл өте шығыпты-ау! Кеше ғана сияқты едi ғой — Алатаудай апайтөс пейiлiмен арқамызды кеңге салдырып, көл-дария ақыл-парасатымен кеудемiздi көкте құлшындырып, ақжарқын өмiрiмiзге мызғымас тұғыр болып, ортамызда алшаңдай басып жүргенi… — кеше ғана едi ғой?

«Тау алыстаған сайын биiктей бередi» деушi едi дана даламыздың данышпан дауалпаздары. Димекең де уақыт өткен сайын iрiленiп, оның асыл қасиеттерi айшықтана түскендей. Қасымызда жүргенде кейбiрiмiз қадiрiн ұғып үлгiрмеген. Толағай тұлғамыздың ерiксiз баурап алатын болмыс-бiтiмi барған сайын санамызды сәулелендiрiп, өзiмiздi құрақ ұштыра алға тартып, көкжиекте құшақ жайып жайсаң жағаға жетелеп тұрғандай.

Бiтiмi бөлек едi ғой Димекеңнiң! Өз дәуiрiнiң сүйектi серкесi едi. Бүгiн бұралқы деп танылған Кеңес үкiметiнiң тұсында, мәдениеттi ортада, еуропалық жан-жақты терең бiлiм алды. Туған топырағы аса мұқтаж болған марқа мамандықты меңгерiп, өркендi өндiрiстi ұйымдастырды.

Табиғатынан саңлаулы туған дара тұлға көп ұзамай өзiн жан-жақты жетiлген қарымды қайраткер ретiнде таныта бiлдi. Кешiкпей қоғамның назарына iлiгiп, өкiмет үйiне жауапты жұмысқа келдi. Елiмiздiң ғылым ордасын басқарды. Отыз жылдай мемлекет басында болды.

Осы уақыттың iшiнде халқының тоғын шайқамай, әл-ауқаты мен мәдениетiн көтеруге, қоян-қолтық еңбек үстiнде қалыптасып; тереңге тамыр жайған ұлт өкiлдерiнiң ынтымағын нығайтуға, елiнiң iргесiне көз салғандардан шекарасын қарлығаштың ұясындай қорғап, туған жерiнiң құлпыра түсуiне барынша мол күш-жiгерiн сарп еттi.

Олақ билiктiң оқыс қимылынан Оңтүстiк Қазақстандағы Өзбекстанға өтiп кеткен шұрайлы үш ауданымызды қам¬шысынан қан сорғалап тұрған аждаһа билiктiң қаһарына қаймықпай қарсы тұрып қыбын тауып қайтарып алу — ердiң ерiнiң ғана қолынан келетiн шаруа едi. Димекең Орталықтың оспадарсыз оғына өз кеудесiн ойланбай тосып, сол биiк мұратқа көп ұзатпай қол жеткiздi.

Шовинистiк алаудың қызуына бөленген орыс қоғамының Ұлттық намысы Олжастың "Аз и Я"-сы жарық көргенде шарықтау шегiне жетiп, жойқын күшпен бас көтергенде осы өрттен дарынды ақынды шашаусыз алып шығу да оңай болған жоқ.

Арқаның аялы алақаны жанын жадыратып, өздерi үшiн қой арқасына бозторғай жұмыртқалаған заман туды деп елгезек елiмiзге мол енiп, сiңiп кеткен немiс қауымы кеңқолтық елдiң қонақжайлығын пайдаланып, Ерейментаудан автономия сұрағанда да бар жауапкершiлiктi өз мойнына алып Орталықтың кезектi обыр шешiмiн дер сәтiнде орайлы тоқтатқан да Димекең болатын.

Бұл қимылдарға Дархан дарынмен қатар биiк парасат, қажымас қайрат, шектен тыс батылдық керек едi. Осы алқалы қасиет Димекеңнiң бойынан жарқырай көрiндi. Бiздiң құшырлана қуанатын жерiмiз де, мамырлай мақтанатын жерiмiз де осы.

Қазақстан экономикасы мен мәдениетiнiң шарықтай шырқау кезеңi де сол кiсiнiң басшылығымен жүзеге асты. Бай тәжiрибесi мен терең бiлiмiн, бүкiл қажыр-қайраты мен биiк парасатын туған елiнiң гүлденiп, өсiп-өркендеуiне қалытқысыз жұмсады. Ақылы дариядай, жүрегi жалынға толы азамат ел мүддесiнiң ауыр жүгiн өгiзше сүйредi.

Елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде тұнып жатқан, ғасырлар бойы бұғып жатқан қазыналы кен көздерi ашылып, жан-жақты өндiрiс орындары қанат жайды. Кеудесiнде киiк ойнаған, төрт құбыласын төрт түлiк түгел жайлаған, аңызағы ындыныңның ығыршығын айналдырған сайын далада Риддер мен Рудный, Темiртау мен Кентау, Хромтау мен Сарыбай секiлдi сандаған өнеркәсiп алыптары бой көтерiп, әлем назарын Қазақ даласына елеңдеттi.

Қазақтың Бетпақдаласы Мырзашөлге айналып, өзiнiң экономикалық ахуалы жөнiнен Республика Одақ көлемiнде абыройсыз он үшiншi орыннан көңiл сергiтер үшiншi деңгейге көтерiлдi. Бұл еңбекшi елдiң еңсесiн ширатып, санасына жаңа екпiн бердi. Елiмiзде жаңа қалалар салынып, мәдениет ошақтары бой көтердi. Елдi мекендер арасына асфальт жол өрiлiп, қоғамдық көлiк қатынасы арнасын тапты.

Әр үйге электр энергиясы кiрiп, радио нүктелерi өмiр серiгiне айналды, қазақтың төрiне көгiлдiр кебеже жайғасып, ақпарат құралдары есiк қағып тұратын болды. Жастар ауылға тұрақтап, азық-түлiк мәселесiн шешу жаңа белеске көтерiлдi. Қала мен дала арасындағы ежелгi алшақтық жойылып, өмiр сүру қалпы бiр арнаға түсе бастады.

Бiлiм ордаларының өрiсi кеңейдi. Әр бала оқуға тартылып, кәмелетке жеткен жастар қоғамдық жұмыспен қамтамасыз етiлдi. Жер-жерде арнайы мектептер ашылып өскелең ұрпақтың кәсiби мамандық игеруiне жол ашылды.

Қазақтың рухы көтерiлдi. Әдебиет пен өнерге қамқорлық күшейдi. Көбiмiз орысша сөйлегенмен ұлттық өнерiмiз бен әдебиетiмiз қарыштап алға басты. Қазақ көгiнде осы саладағы жарқын жұлдыздар шоғы қатпарлы қатар түзедi. Олжастан Есенғалиға дейiнгi қазақ поэзиясының, Шәмшiден Кеңес Дүйсекеевке дейiнгi қазақ музыкасының маңдайы осы тұста айрықша жарқырап көрiндi.

Идеологиялық аренаға жаңа жайсаңдар шықты. Қоғамдық пiкiр мен салтынан орнықты тұғыр тауып, жүйелi сөз еңбек тиiмдiлiгiн жетiлдiрудiң тегеурiндi тетiгiне айналды. Өндiрiстi ұйымдастырып, адам тәрбиесiн әдiптеуде ақпарат құралдарының ролi күшейдi. Жас ұрпақ кiтап оқуға жаппай бет бұрды. Жарыққа сусаған әр кеудеге өркениет сусындары тау төсiнен құлаған бұлақтай мерейлене мейiр тұшытып, құлықтана құйылып жатты.

Баспасөз экономиканың қай саласында болмасын кемшiлiк көзiн ашудың, iс тетiгiн табудың, қиын түйiндердi шешудiң қайратты құралына айналды. Газет бетiнде көрсетiлген ағаттықтар заматында талқыға түсiп, оның орнына келу шаралары қаралатын және бұл әрекет айға жетпей баспасөз органына хабарланып, тиянақты есеп берiлетiн, және мұның бәрi жауапты кадрлар арқылы жүзеге асатын. Халық пен билiк арасындағы алтын көпiр осылай беки түскен едi.

Қазiр Республиканың қай түкпiрiне барсаң да Димекеңнiң өшпес iзiн көресiң. Кiммен сөйлессең де со кiсiнiң жылуын сезесiң. Мен оны жазбай танимын. Өйткенi он жылдай осынау алып тұлғаның аясында жүрдiм. Ол кiсi басқарған отырыстар мен жиындарға қатысып, көсемдiгi мен шешендiгiнiң куәсi болдым. Қол алысып сөйлесу шарапатына ие болдым.

Сөзiнен де, көзiнен де мейiрiмдiлiк нұры төгiлiп тұрушы едi. Кабинетiне кiрген кiсiнiң алдынан шығып, үлкен демей, кiшi демей оған қол берiп амандасар едi де, қонағын жайғастырып алып өз орнына отырар едi. Әуелi келушiнiң жай-жапсарын бiлiп алып, iс барысына көшер едi. Кiсiнiң сөзiн бөлмей мұқият тыңдайтын.

Бас қосылған әрбiр жиында қаншалықты жауапты мәселелер қаралып жатса да сызданып дауыс көтерiп, ешкiмге зеки бермейтiн. Керiсiнше шешiлмеген түйiннiң күрмеуiне тура жол сiлтеп, жыилған жұрттың еңсесiн көтерiп, жiгерiн желпiндiрiп шығарып салар едi. Сондықтан да Димекеңнiң алдынан өткен жауапты қызметкер "аман-есен өткенiм рас па, есеп берiп құтылдым ба?" деп "жеңiлдiк" таппайтын, керiсiнше, өз кемшiлiгiнiң көзiн ашқанына қуанып, жаңа қайратқа мiнiп, жаңа ынтамен шиыршық атып, қанаттанып шығатын.

Димекеңнiң әр сөзi – жаныңды жабықтыратын құрғақ өсиет емес, iске жұмылдыратын шабыт көзi болатын.

Димекең кiсiге сене бiлетiн, сүйене бiлетiн; үмiт артып, қолдай бiлетiн; демеп жiберiп, әрбiр көңiлге қонар тiрлiгiңе баладай қуанар едi.

Маған ол өз әкемдi еске түсiретiн. Бiрақ ол бүкiл ұлттың әкесiндей едi.

Сондай дарынды басшы, сондай дана қамқоршысы бар ел еш уақытта қор болмайды деп ойлайтынмын. Iс жүзiнде солай болды да. Құрқылтайдың ұясындағыдай сұрқылтай заманда Ел көркейiп жатты. Халықтың сауаты жан-жақты өрiс алып, санасы әлемдiк алаулардың аясында жаңа жағалар тауып жаңғырып тұрды. Ең бастысы әркiм ертеңгi күнге деген тұрақты сенiмнiң аясында болды.

Димекең ел қадамына қуат болып келе жатқан кадр мәселесiне аса үлкен жауапкершiлiкпен қарап, осы бағытта өте мұқият таңдау жасап отырар едi. Оның зерделi кеудесi адам танығыш болатын. Әлдекiмнiң бойынан iзгi сәуле сезе қалса соны кiдiртпей қамқоршылыққа алып, бапкерлiктiң өрелi өнегесiн көрсете бiлетiн. Үмiт күткен адамына сенiм бiлдiрiп, жауапты iстерге тартып отыратын. Әркiмге өмiрден өз орнын тауып, бойындағы бар қабiлетiнiң барынша кең ашылып, жаңа өрiстер табуына көмектесе бiлетiн.

Димекеңмен үзеңгiлес жүрiп, елiмiздiң жаңа белестерге жетiп отыруына сүбелi үлес қосқан, сөйтiп халықтың ыстық ықыласына бөленген Бәйкен Әшiмов пен Асанбай Асқаров, Әрiпбай Алыбаев пен Мұстақым Ықсанов, Михайыл Есенәлиев пен Өзбекәлi Жәнiбеков, Iлияс Есенберлин мен Олжас Сүлейменов, Нұрғиса Тiлендиев пен Бибiгүл Төлегенова, Өмiрбек Жолдасбеков пен Шайсұлтан Шаяхметов тағы басқа қарымды қайраткерлер Димекеңнiң осындай шапағатын көрген арыстар болатын.

Димекең қолынан iс келетiн адамды ұсақ-түйек нәрселерге бола шаужайдан тартпай, оларды үлкен iстерге жұмылдыра бiлетiн, сөйтiп жаңа арналарға салатын бағыттарға байыппен қамшылап отыратын.

Жаңа дәуiр орнап, жаңа жүйенiң жас жетекшiлерi Димекеңе тосын мiнез көрсетiп, тосырқай қарағанда қабырғамыз қайысып қынжылғанымыз бар. Бiрақ Уақыт емшi емес пе? Екпiн басылады, ес жиылады. Елергендер сабасына түсiп алды-артына көз тоқтатады. Сонда қайырымды халық жүрегi өз таңдаулысын бәрiбiр танып алатынына көзi жетедi. Шүкiр, көп ұзамай Қонаевқа көзқарас лайықты арнасына түстi.

Әр жүректе жапырағын жайып, бұл күнде алып бәйтерекке айналған бүкiлхалықтық ақаусыз ықылас Димекеңнiң әруағын ыстық құшағына алып аялай беретiнiне мен кәмiл сенемiн. Сөйтiп, ұлтыңның ұлағатты ұрпағы бауырына тартып даңқың арта берсiн, айналайын ағатай!

Садықбек ХАНГЕЛДИН