Жаңалықтар

БАЙӨЛКЕДЕН КӨШ КЕЛЕДI

ашық дереккөзі

БАЙӨЛКЕДЕН КӨШ КЕЛЕДI

Кезектi демалысыма қол жеткiзгеннен кейiн, бiз отбасымызбен Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына сапар шегудi жөн көрдiк. Оның әрине өзiндiк себептерi жетiп артылады. Бiрiншiден, бiз осы аймақтың тумасымыз. Екiншiден, мұнда қаймағы бұзылмаған қазақы тiрлiк әлi сақталған. Үшiншiден, бiз туып өскен мекеннiң 70 жылдық мерейтойы.

ЖОЛДАР

Шiлденiң 12-сiнде Талдықорған қаласынан шығысты бетке алып, "Мицубиси-монтеро" джипiмен жолға шықтық. Жол алыс, жер шалғай. Моңғолия тарапы осы бiр тығырықтан шығудың оңтайлы жолын ұсынғалы бiраз болған. 1992 жылы Алматы қаласында Дүниежүзi қазақтарының алғашқы құрылтайы өткiзiлген күннен бастап, Баян-Өлгий мен Алматы немесе Астана арасын жақындатуға болатындығын сол кездегi Баян-Өлгий аймағының әкiмi болған Мизамхан Күнтуғанұлы жеткiзген едi. Содан берi де 16 жыл зымырап өте шықты. Дүниежүзi қазақтарының үш құрылтайы өткiзiлдi. Моңғолияның президенттерi Қазақстанға бiрнеше дүркiн ресми сапармен ат басын бұрды. 2005 жылғы Дүниежүзi қазақтарының III құрылтайынан кейiн Баян-Өлгий — Өскемен маршрутын қысқарту iсi қолға алынып, Қазақстан жағы жол салуға кiрiсiп те кеттi деген ақпарат жеткен болатын. Бiрақ, неге екенiн қайдам бұл жолдың құрылысы әзiрге тоқтап тұр. Бiзге жеткен ақпараттарға қарағанда, Ресей тарапы бұл iске құлшыныс танытпай отырған секiлдi. Бұл жолдың бағыты Өскемен — Лениногорск және Ресейдiң Алтай Республикасының Устькан ауданы мен Шүй жазығын басып өтпек. Егер, бұл жол салынатын болса, арақашықтық 400 шақырымға қысқарады екен.

Жақында Моңғолияның астанасы Ұланбатырда ресми сапармен болған Елбасы Назарбаев пен Моңғолия президентi Н. Энхбаяр арасындағы келiссөздерде осы жол мәселесi айтылмай қалған жоқ. Қазақ президентi қазақ диаспорасының шағын болса да, бiр шоғыры отырған Баян-Өлгий аймағымен арадағы алтын көпiрдi жалғауға уәдесiн бердi.

Сонымен Алматыдан тұп-тура 2000 шақырым қашықтықтағы жолды басып өтудi мақсат тұттық. Жол — сол елдiң экономикасынан хабар беретiндiгi мәлiм. Жолдың өзi саясат. Шетелдiк инвесторлар мемлекеттiң даму қуатын жолына қарап айқындайтын көрiнедi. Бүгiнде елiмiзде iрi магистральда жүргенi үшiн көлiктiң барлық түрiне салық салынатын болғаны мәлiм. Бiз осы сапарымызда үш мемлекеттiң жолын басып өттiк. Алматы-Өскемен күре жолы бiздi Ресеймен бөлiп тұратын шекараға алып барды. Алматыдан Үшаралға дейiнгi жол iркiлiссiз, жамап-жасқаса да, ойлы-шұңқырсыз. Яғни, республикалық маңызы бар күре жолдың Алматы облысына қарасты бөлiгiнiң сипаты жақсы. Ал, Шығыс Қазақстан облысының шекарасына өткеннен кейiн Өскеменге дейiн көлiгiң де, өзiң де қиналасың. Өйткенi, жол бойы ой-шұңқырдан қашумен әлектенiп, терiң шығады екен. Әсiресе, Аягөз бен Жарма ауданы арасындағы 200 шақырымның қияметтiң қыл көпiрiндей болғаны анық. Керiсiнше, Өскемен мен Шемонайха бөлiгi тақтайдай тегiс сүрлеу. Шығыс Қазақстанда жолдардың сапасы кетiп, сиқы қашқандығы туралы "Сәкеннiң Барқытбелi" атты мақаламызда да айтқан болатынбыз. Демек, жолдар сол мемлекеттiң ғана емес, сол мемлекеттiң iшiндегi жекелеген аймақтың да экономикасының көрiнiсi екендiгi осының айғағы.

Жолдың төресiн Ресей шекарасына енген соң көрдiк. Моңғолияға бiздi Ресейдiң Алтай Республикасының жолдары апарады екен. Әсiресе, шыңырау шыңға шығатын Чекатаман асуының әсемдiгi көз сүйiндiредi. Экономикалық деңгейi жағынан Ресейдiң кейбiр көрсеткiштерiнен асып кеттiк деп мақтанатын бiздер жол салуда Ресейдiң маң қарасын да көре алмайтындығымыз айқын болды.

Ресей мен Моңғолия шекарасын Алтай Республикасының Қошағаш ауданының Ташанта деген шағын ауылы мен Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының Қызыл үй ауылы бөлiп тұрады. Ресей территориясы аяқталғаннан кейiн, кәдiмгi қара жол басталады. Экономикалық дамуы жағынан да, халқының саны жағынан да төменгi көрсеткiштi көрсететiн Моңғолия 3 Франция сыйып кететiн алып территориясына жол сала алмай келе жатқан мемлекеттiң бiрi. Қызыл үйден кейiн алдымыздан көп ұзамай қазақтар Ақ көл атап кеткен Цагааннуур ауылы көрiнедi. Цагааннуур мен Өлгий арасы 100 шақырым. Осы екi аралықтың 30 шақырымына асфальт төселiптi. Жол жаңа, әрi сапалы жасалған. Қалған 70 шақырымын асфальтпен әрлеуге мүмкiндiктерi жетпей жатқан көрiнедi.

Бiз басып өткен үш елдiң экономикалық даму қарқынын жолына қарап айыратын болсақ, талай жыл үстемдiк еткен, әлi де империялық көзқарастан айыға алмай келе жатқан метрополия — Ресейдiң жолдарына аса мән беретiндiгi байқалады. Қазақстан да жол мәселесiн үнемi назарда ұстап келе жатқаны белгiлi. Дегенмен, Алматы-Өскемен бағытын қосатын iрi жолдың өзi қиқаңдатып қойса, ауылдарды қосатын шағын жолдар туралы ауыз ашпай-ақ қоюға болатын сынды. Ал, Моңғолия жол салуды ендi қолға алып жатыр. Бұнда оларға Жапония мен Ресей инвесторлары көмектеседi екен.

ШЕКАРА

2000 шақырымды жүрiп өткеннен гөрi Кеден бекетiнде көзiңiз көгерiп сабылғаныңыз жаныңызға қатты батады екен. Қазақстан мен Ресей арасындағы Кеден бекетi Шығыс Қазақстанның Шемонайха ауданымен iргелес орналасқан. Кеден деген аты болмаса, мұнда бiр-екi ғимараттан өзге ештеңе жоқ. Ал кеденнен өтуге кезек күтiп сабылған машиналардың санында есеп жоқ. Таңертеңгi сағат 10-30-дар шамасында келiп маңдайымызды тiреген кеденнен кешкi сағат 21-00-да өттiк.

Мұнда ешқандай қызмет көрсету орталықтары жоқ. Тек азық-түлiк сататын бiр кiшкентай "вагончик" тұр екен. Аты "Визит" деп аталады. Бiз мұндағы сатушы келiншектердi сөзге тарттық.

— Кеденде күн сайын осындай ұзын-сонар кезек бола ма? — деп едiм, сатушы:

— Сiздер демалыс күндерiне тап келдiңiздер. Шекаралас ауылдардағы Ресей азаматтары Өскеменнiң Глубокое көлiне демалуға барады. Бұлардың содан қайтып келе жатқан бетi. Былайынан басқа күндерi машина санаулы ғана болады, — деп жауап бердi.

Кешкi сағат 16-30 шамасында Қазақстан кеденiне ендiк-ау, әйтеуiр. Сондағы тексеретiнi бар болғаны машинаның iшi, адамдардың төлқұжаты. Төлқұжатыңа "шекара асты" деген мөр басылады екен. Тек осы үшiн бiр машинанға 1-1.30 сағаттай уақыт жұмсалады. Бұның себебiн кедендегiлерден сұрап бiлудiң мүмкiндiгi жоқ. Тек байқағанымыз, екi кеденнiң де өткiзгiш мүмкiндiгiнiң аздығы. Бұнда жұмыс iстейтiн адамдардың саны 4-5-тен аспайтын сынды көрiндi. Төлқұжатты тексеруге бiрi кiретiндердi, екiншiсi шығатындарды — екi-ақ адам отыр. Қазақстан кеденiне келгенде, көңiл құлазытқан мәселе — ешқандай адрестiң көзге көрiнбегенi. Қайдан кеп, қайдан тұрғаныңды бiлмейсiң. Бiрақ, мұнда Кеденге лайық жақсы ғимарат салыныпты. Ресей кеденiнде керiсiнше, ғимараты жұпыны, мұнда да төлқұжат тексеруге бiр-екi адам ғана отыр. Ал, шекарадан шыға бере "Российская Федерация" деген iрi тақтаға көзiңiз түседi. Яғни, Қазақстан кеден құрылысына ерекше мән берсе, Ресей мемлекетiнiң атын айғайлатып жазуды басты нысанаға алған екен. "Қазақстан" деген сөз кеден ғимаратының маңдайында ғана тұр.

Осы орайда мен өркениеттi мемлекеттердiң шекарасындағы жағдай қалай екен деп ойладым. Әсiресе, бiр минутты алтындай көретiн Еуропа елдерi бiр-бiрiне қалай қатынайды екен. Әрине, "Шенген визасы" мемлекеттерiнiң өзара белгiлi бiр келiсiмi барын бiлемiн. Бұл елдердiң азаматтары бiр-бiрiне өзара визасыз қатынайды. Алайда, шекараны бақылаусыз қалдыруға тағы болмайды. Кiм болса, соны өткiзу де қиын. Ендеше кеден iсiн оңтайландырудың өзге амалдары қарастырылмай ма екен? Жалпы, Ресей мен Қазақстан шекаралық қарым-қатынастар, кеденнен өткiзудiң ортақ тәртiбi жайында талай рет жиын өткiзгенi белгiлi. Тiптi, былтыр шекара аймақтардың өзара ынтымақтастығы жайында өткен сондай жиындардың бiрiне екi ел президенттерi Путин мен Назарбаев та қатысқан болатын. Украина, Ресей, Белоруссия, Қазақстан — төрт мемлекет бiрыңғай экономикалық кеңiстiк (БЭК) құруды жоспарлағанда да, осы кеденнен өткiзудегi қиындықтарды бiр жақты етудi мақсат еткен. Бiр-бiрiмен қоян-қолтық араласып отырған Ресей мен Қазақстан кеденiндегi жағдай осылай болса, Ресеймен алакөздiк танытып отырған өзге мемлекеттердiң кедендiк мүмкiндiгi қандай екен? Оны бiз бажайлай алмадық.

Iлдалдалап,бiр күнiмiздi берiп, Ресей территориясына аяқ бастық. Ресей отаршыларының басып алған Алтай Республикасының аумағы, Сiбiр. Алтайский крайдiң орталығы Барнаул, Бийск қалаларын басып өткеннен кейiн, Таулы Алтай аумағына өтемiз. Төрт мемлекет тел емген, осы үшiн жан алып жан берiскен — аса көркем Алтай аймағы. Қазақстан Алтайы аяқталысымен Ресей Алтайының қойнына енесiз. Табиғаты малынып тұр. Қарағай, емен, шырша — ағаштың түрi өседi. Ресей осы Сiбiр ормандарының арқасында дүниежүзiнде ағаш қоры жағынан бiрiншi орынды алады. 6000 iрi өзеннiң денi Сiбiрде. Тасты қашап, тауды бөлiп салынған жолдар, жолдағы сансыз өзен мен бұлақтар, табиғаттың аса бiр шырынын, сөлiн сығып алып Сiбiрге бере салғандай әсерде боласыз.

Бiр қызығы — Ресей алтайлықтардың ұлттық рухын аяусыз жаншып, бас көтеруiне мүмкiндiк бермегенiне қарамастан, жер атауларының барлығы алтай тiлiнде сақталыпты. Әйгiлi Қатын өзенiнен бастап, бұндағы iрiлi-уақты өзендердiң бар¬лығы алтай тiлiнде. Түркi-моңғол тiлдерi алтай тiлдер тобына жатқызылатындығы белгiлi. Демек, алтай тiлiндегi атаулардың барлығын қазақ атауындай қабылдадық. Өйткенi, жанымызға жақын, тiлiмiзге түсiнiктi.

Алтай Республикасы аумағымен бiр күн жүрiп, Ресейдiң Таулы Алтай өңiрiндегi қазақтардың мекенi — Қошағаш өңiрiне кешкi сағат 5-6-ларда жақындадық. Қошағаш өлкесiмен сыңғырлаған бұлақтар да, сыңсыған ну орман да сап тиылады. Алда Моңғол Алтай жоталары. Мәңгiлiк мұз басқан, табиғаты аса қатал, жартылай шөлейт өлке. Ташанта ауылына кешкi сағат 7-лерде ат басын тiредiк. Қазақстан мен Ресей кеденi демалыссыз — 24 сағат қызмет көрсетсе, Моңғолия мен Ресей арасындағы кеден таңғы сағат 9-да ашылып, кешкi сағат 18-де жабылады. Түскi үзiлiс 12-ден14-ке дейiн. Демек, мұндағы жағдай iс тiптi қиын деуге болады.

Ташантада шамамен 15-20 үй бар секiлдi. Көз жүгiртiп қарағанда сондай әсер қалдырды. Қошағаш ауданының қазақтары тiрлiк етедi. Тұрмыстары жұпыны секiлдi.

Таңғы сағат 9-да кеден ашылғанымен, түскi 12-ге дейiн 3-4 машина ғана жiберiлдi. Ресей шекарасынан өткеннен кейiн, Моңғолия шекарасына дейiн бейтарап зона бар. Оның өзi 20-30 шақырымға созылады екен. Бiз жеткенше, Моңғолия кеденi Қызыл үй де түскi үзiлiске тарс жабылыпты. Сағат 14-тен кете есiгiн ашқан мұндағылар да бiздiң төлқұжатымызға мөр басып бергеннен арыға барған жоқ. Бiр қызығы — екi мемлекеттiң шекарасы, екi мемлекеттiң кеденi дегенi болмаса, әр кеденде қазақтар отыр. Ташантадағы кеден қызметкерлерiнiң шамамен 70-80%-ы қазақтар көрiндi. Қызыл үйде де солай. Алайда, барлығы өз мемлекеттерiнiң ресми тiлiнде сөйлейдi. Бiзбен бiрге жүрген бiр келiншекке Ташантадағы қазақ қызметкер бiрдеңелердi орысша айтып едi, түсiнбей, қайыра қазақша сұрады. Алайда, түсiн суытқан бойы ол бiзге бұрылып "Орысша жөн бiлетiн адам бар ма?" дедi. Амал жоқ араласуға тура келдi. Баян-Өлгийдiң Қызыл үй кеденiнде де сондай. Қазақтар бiзбен өздерiнiң ресми тiлiнде қатынаспақ ниет танытты. Бiрақ, бiз қазақша сөйлегенiмiзден танбадық. Олар амалсыз қазақ тiлiне көштi.

Сөйтiп, Талдықорғаннан шыққалы 4 күнiмiздi жолға берiп (оның екеуi шекара күзетумен өттi) Баян-Өлгий аумағына ендiк.

Қайтарда да шекарада осылай бөгелдiк. Тағы да алтын уақытымыз кеден бекетiнде күтумен жоғалды.

ӨЛГИЙ

"Туған жердiң қар-мұзы,

Аязыңмен жуындыр" деп көрнектi ақын Жәркен Бөдешұлы айтқандай туған жердiң салқын самалымен тыныстап келемiз. Маған мына адыр, мына қырдың бәрi таныс. Алтайдың солтүстiк-шығысы. Жерi қуаң, табиғаты құбылмалы, қоңыржай белдеуде орналасқан аймақ. Қыста мұнда аяз 40 градусқа дейiн жетсе, жазда күн 20-25 градусқа дейiн ысиды. Жауын-шашын аз болады. Халқының негiзгi күн көрiс көзi – мал. Егiншiлiкпен айналысатын ауылдар аз. Бұл өлке алқызыл тауларымен ерекшеленедi. Жерiнiң түсi де тарғыл, өсетiн өсiмдiктерi де шөлейт аймақтарға тән – бұта-бүрген. Жергiлiктi тұрғындардың айтуына қарағанда, шөлейт аймақтың шөбi шүйгiн, топырағы құнарлы болады екен. Сол себептi де мұнда мал бағуға қолайлы. 2 миллион халқы бар Моңғолияның 50 миллион мал басы барлығы мәлiм. Соңғы жылдардағы әлемдiк азық-түлiк дағдарысы Баян-Өлгийге де жетiптi. Зат бағасы күрт қымбаттаған. Бұрын бiздiң ақшамен 3 мың теңге тұратын қойдың бағасы бүгiнде 10 мыңға дейiн өскен.

Моңғолияның ұлттық валютасы — төгрөг. 10 төгрөг 1 теңгеге тең келедi. Баян-Өлгий Моңғолияның Батыс қақпасы болғандықтан да шығар, жергiлiктi халық Қытайдың юанымен, орыстың рублi және қазақтың теңгесiмен сауда жасай бередi екен.

Өлгий — Баян-Өлгий аймағының әкiмшiлiк орталығы. Мұнда шамамен 30 мыңнан астам халық тұрады. 95-97%-ы қазақтар. Моңғолиядағы соңғы әкiмшiлiк өзгертулер нәтижесiнде Өлгийдiң қала статусы жойылып, ауылдық деңгейге жеткен. Дегенмен, Баян-Өлгийдегi қазақтардың әкiмшiлiк орталығы болып табылатын бұл қалада Қазақ музыкалы-драма театры, байланыс орталығы, Өскемен мемлекеттiк университетiнiң Баян-Өлгий аймақтық филиалы, Қазақ-түрiк колледжi және он шақты орта мектеп бар.

1965 жылдан Баян-Өлгий қазақтарының үнi болып келе жатқан қазақ радиосы күнiне бiр сағат хабар таратады. Радио қызметкерлерiнiң айтуына қарағанда, Баян-Өлгийде халықпен тұрақты қауышып тұрған жалғыз ақпарат құралы осы екен. Өйткенi, бүкiл мемлекет көлемiнде республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ақпарат құралы да осы – қазақ радиосы. Оның өзi тарату жиiлiгiнiң қысқарғаны себептi алыс ауылдарға жетпейдi.

Нарық заманында барлық ақпарат құралдары бәсекелестiкке төтеп беру мақсатында, өз күндерiн өздерi көре бастаған. Бұл сынаққа төзе алмағандары Баян-Өлгийдегi қазақ ақпарат құралдары. 1940 жылдан шығып келген "Жаңа өмiр" газетi соңғы жылдары "Жаңа дәуiр" болып өзгергенiмен, оқырманымен тұрақты қауыша алмайды екен. 1957 жылдан берi ғылыми-әдеби альманах ретiнде жарық көретiн "Шұғыла" журналының биылғы жылы екi саны жарық көрiптi.

Бiз Баян-Өлгийде болған кезiмiзде бiрiншi болып осы ақпарат орталығына бас сұқтық. Мұнда көрерменiмен күнiне 1 сағат қауышатын теледидар да белгiлi бiр себеппен жұмысын тоқтатқан екен. "Жаңа дәуiр" газетi мен "Шұғыла" журналының редакциясы бекiтулi тұрды. Бiздi тек радио қызметкерлерi ғана қарсы алды.

Баян-Өлгийге қазақ газеттерi мен журналдары келмейдi. Олардың көз қуанышы болып отырғаны тек қазақстандық телеарналар. Эфирiнiң 50%-дан астамын орыстiлдi бағдарламалар иеленетiн қазақ телеарналарының барлығы дерлiк мұнда спутник арқылы көрсетiледi екен. Сондай-ақ, 24 сағат қазақша сөйлейтiн Үрiмжi телеарнасын да тамашалай алады. Алайда, Үрiмжi телеарнасының төл туындылары тым аз, көбi қытай тiлiндегi хабарлардың аудармасы екен. Мұнда қытай идеологиясы жүрiлiп жатқандығының куәсi болдық. Бұл телеарналар Өлгий қаласының тұрғындары мен Баян-Өлгиймен жапсарлас бiрнеше ауылдың көзайымына айналып отырғандығы мәлiм. Ал, алыс ауылдарда мұның бiрi де жоқ, яғни халық ақпараттық вакуумде тiрлiк етедi десек те болады. Баян-Өлгийдегi қазақтардың тең жарымы сол алыс ауылдарда тұрады.

Баян-Өлгийдiң қол жеткiзген ең iрi табысы — телекоммуникациялардың дамуы. Бiрiншiден, мұнда интернет арзан әрi оңай қосылады екен. Егер, сiз бiздегi мегалайн-хит секiлдi тарифке қосылсаңыз, айына 2000 теңге абоненттiк төлем төлеп тұрады екенсiз. Әрi қосылғаныңыз үшiн модем тегiн сыйға тартылады. Екiншiден, ұялы телефон байланысы, қалааралық телефонмен сөйлесу тым арзанға түседi. Өлгийден байқағанымыз — мұнда заттың бағасы тым жоғары. Тiптi, кейбiр тауарлардың құны Алматының бағасынан да асып түседi екен. Бiрақ, соған қарамастан, сервис, қызмет көрсету арзан.

Өлгий көшелерiндегi негiзгi қатынас тiлi — қазақ тiлi. Өзге тiлде, әсiресе, жергiлiктi моңғолдардың тiлiнде сөйлесу үрдiсi тым көзге түсе қоймайды. Тiптi, өзге ұлт өкiлдерiнiң өзi қазақшаға судай. Бұрынғыдай емес қалада қызмет көрсету орталықтары, демалыс орындары көбейiптi. Бәрiнiң аты қазақша. Дәл осындай үрдiстi бiз Қошағаш көшелерiнен байқаған едiк.

Iс-қағаздарының барлығы моңғол тiлiнде жүргiзiлетiнiне қарамастан, жалпы аймақ бойынша – 36, Өлгийдiң өзiнде 5 қазақ мектебi бар. Қазақ-түрiк және педколледж қазақ тiлiнде мамандар даярлайды. Өскемен мемлекеттiк университетiнiң Баян-Өлгийдегi филиалында да сабақ қазақ тiлiнде жүрiледi.

Рухани тұрғыдан алғанда, Баян-Өлгийдегi 150 мың қазақтың iстеп отырған iсiн, әрине, Ресейдегi 1 миллион қазақ тындырған жоқ. Бұған бiрiншiден, Баян-Өлгийдiң қазақ ұлттық аймағы деген статусы себеп болса; екiншiден — қараорман халықтың қаймағы бұзылмаған қазақы тiрлiктi сақтап отырғандығы да әсер ете алды. Сол себептi де бүгiнде Баян-Өлгий қазақтарының қаламынан туған шығармалар, өнер туындылары, өнер мен ғылымға қосқан үлесi шексiз. Бiрақ, қазiр мұнда сәл де болса рухани даму тоқырап тұрғанға ұқсайды.

БҰЛҒЫН

Баян-Өлгий 12 әкiмшiлiк бөлiкке бөлiнедi. Соның бiрi әрi аймақ орталығынан жырақта орналасқаны — Бұлғын ауылы. Осы ауылдың тумасы, белгiлi ақын Кәкей Жаңжұңұлы:

"Барам, апа, көктемде,

Жаңбыр жауып өткенде,

Бұлғын сыңғыр қаққанда,

Ағаш алқа таққанда" деп жырлаған екен. Ақын айтса айтқандай, сыңғырлай аққан Бұлғын өзеннiң бойында орналасқан Бұлғын ауылы табиғаты жағынан өте әсем, Моңғол Алтайының биiк шыңдарының бiрi — Мөнххайрхан тауының бөктерiнде екен.

Бұлғын сұмынының ресми құрылғанына 70 жылдың жүзi болыпты. Жергiлiктi халық осы тойдың қамымен жүр. Бiз барған күнi стадионда урианхайлардың садақ тарту сайысы жүрiп жатты. Ертеңiнде балуан күрестi, жұрт аламан бәйгеге ат қосты. Шағын ауылдың тойына 130 ат қосылып, 60-ына бәйге берiлдi. Алғашқы атқа 1000 доллар көлемiнде сый ұсынылды. 60-тай балуан бiлек сынасып, маңдайы жарқырағанына да 1000 доллар көлемiнде сыйақы берiлдi.

Қазақтар үшiн Бұлғын ауылының тарихи маңызы зор. Қытайдың Алтай өлкесiне жақын орналасқандықтан Баян-Өлгийге қоныс аударған қазақтардың алдыңғы легi осы өлке арқылы өтiптi. Сталиндiк репрессия кезiнде жиi толқулар орын алып, Қызыл империяның қан тамған қылышынан қорыққан бiраз үйлер Алтай аймағына қарай қайта үркiп қашқан екен. Алайда, жазықсыз қазақтар тура көзделген ажал оғына iлiгiп кете барған. Соның iшiнде баласын емiзiп отырған бiр ананың оққа ұшқаны жайлы аңыз әлi күнге дейiн айтылады. "Құжырты құрбандары" деп үкiленген бұл оқиғаның құрбандарына бүгiнде арнайы ескерткiш орнатылып, құрбан болғандардың аты тасқа қашалып жазылыпты. Шекараның жақындығы кезiнде қызыл көз саясаттың салқынын тигiзiп, халықтың бас көтерер игi жақсыларына қырғидай тигiзсе, бүгiнде бұл ауылдың аузын аққа жарытыпты.

Жалпы, Баян-Өлгий аймағының Қытайға тура шығатын 4 кеден бекетi бар екен. Соның бiрi — осы Бұлғын ауылы арқылы өтетiн Тайкешкен бекетi. Ауылдан 150 шақырым қашықтықта. Бұлғын өзi Өлгийден 300 шақырым. Алайда, жолсыздың салдарынан мұнда 10 сағатта әзер жетедi екенсiң. Тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан болар, елдiң жалпы тiршiлiк жағдайы жақсы. Ауылда 1200 отбасы, 6000 адам бар. Ауыл басшысы Шынарбек Қабиұлының айтуынша, "Баян-Өлгийдегi 12 сұмынның iшiнде халқының саны мен экономикалық әл-ауқаты және мал басы жағынан алғашқы 5 сұмынның бiрiнен саналады" екен.

Халықтың негiзгi күнкөрiс көзi — мал. Жоғары кернеудiң жарығы жоқтығы себептi, жұрт күн энергиясын пайдаланады. Яғни, көк сандықты тау басында отырған малшылар да тамашалай алады. Ауылдағы 1000 отбасында 100-ге жуық дүкен бар. Жүзге жуық асхана жұмыс iстейдi. Ауылдың той-томалақтарын өткiзуге арналған бiрнеше ойын-сауық кешенi бар көрiнедi. Бiз барған әрбiр үйде Ресейдiң "Газ-69" автокөлiгi мен мотоцикл болды. Бұрынғыдай атты мiнiске мiнбейтiн болыпты. Бiр қызығы, Бұлғында малдан ешкi мен Гималайдың биiк жоталарында өмiр сүретiн суыққа төзiмдi сарлық көбiрек кездестi. Бұның сырын сұрағанымызда, ешкi малының түбiтi Қытайда қазiр жоғары сұранысқа ие көрiнедi. Ал, сарлық қыстың қысымшылығында қолға қарамайды, жем аз жейдi, өз аяғымен жайылып, күнiн көредi екен. Оның сүтi сондай қою, кез-келген ауруға ем, жергiлiктi халық сол үшiн де малдың осы түлiгiн малдануға пейiлдi.

Мұнда екi ұлт өкiлi — урианхайлар мен қазақтар тiрлiк етедi. Халықтың 80%-ы қазақтар. Сол себептi де 11 жылдық орта мектеп те аралас. 1020 оқушысы бар мектептегi балалардың 70%-ы қазақ сыныптарында бiлiм алады екен.

Бұлғын 11 жылдық орта мектебiнiң директоры Жәкежанұлы Зияхан мектеп оқушыларының бiтiргеннен кейiн, Қазақстаннан бiлiм алып, сонда қалып қоюды мақсат ететiндiгiн айтады.

— Жалпы бiлiм беретiн мектептерде бекiтiлген стандарт бiреу. Соның iшiнде қазақ аймағының ұлттық ерекшелiгi ескерiлiп, қазақ стандарты ұсынылған. Онда қазақ тiлi мен әдебиетiн үйрету қарастырылған. Моңғол тiлiндегi кейбiр оқулықтарды қазақ тiлiне аударып бастыру үрдiсi қалыптасып келедi. Кейбiр оқулықтарды Қазақстаннан аламыз, Алайда Қазақстаннан келетiн оқулықтар, жалпы қазақ тiлiндегi оқулықтар оқушылардың сұранысын қамтамасыз ете алмайды, — дейдi ол.

АЛЫС ТА, ЖАҚЫН ҚАЗАҚСТАН

Қазақстанға Баян-Өлгийдегi қазақтардың тең жарымы қопарыла көштi. 1991 жылдан күнi бүгiнге дейiн Моңғолиядан оралған қазақтардың нақты саны 100 мыңға таяйды. Бiрақ, Баян-Өлгийде әлi де 120 мыңдай қазақ бар. Екiге жарылған қазақтардың көңiлiн күптi ететiнi де осы. "Әлдеқалай күн туса, шекараның екi жағында қаламыз ба?" деп уайымдайды. Алайда, жылы орнын суытуға тағы құлықсыз. Дегенмен, осындағы бала-шағасы, туыс-туғанының соңынан келiп жатқандар да жеткiлiктi көрiнедi. Демек, көштiң толастайтын түрi жоқ.

Бұлғын өзенiн өрлеп биiк қысаңға жол тартып, бiздiң жол бастаушымыздың танысы Сайлаухан отағасының үйiне ат басын бұрдық. Отағасының айтуына қарағанда, көш басталған 1991 жылы бұл кiсiлер де Қазақстанға қоныс аударыпты. 3-4 жыл бойы Қарағанды облысында тiрлiк еткеннен кейiн, керi қайтқан. "Көштiң басын неге керi бұрдыңыздар?" деген сауалыма, "денсаулығымда күрт өзгерiс болғандығынан қайттық?" деген жауап алдым. Сайлаухан отағасы 5 баланың әкесi. Үлкенi Моңғолияның астанасы Ұланбатырда қызмет iстейдi екен. Қалған балаларын да Ұланбатырдан оқытпақ ниетте. Әзiрге жылы орнын суытып көше қоймайтын сынды. Қора толы малы бар. Белдеуiнде "Уаз-69" машинасын қаңтарып қойыпты. "Орталыққа бару қажет болса, көлiк дайын" дейдi. Күн энергиясын пайдалану арқылы теледидар тамашалайды екен. Бiрақ, мұнда қазақ телеарналары жете бермептi. Әлемдегi болып жатқан оқиғаларды жергiлiктi телеарна арқылы көрiп бiледi.

Отағасы өзiнiң бұл тiрлiгiне риза. Көңiлi тоқ.

Бұлғын ауылының қақ ортасынан азық-түлiк дүкенiн ашқан Үмiтхан апай осыдан бiрнеше жыл бұрын жарынан айрылып қалғандығын айтады.

— Өрiмдей жас, шиеттей 4 баланы жеткiзудiң қамымен Қытай асып, Ресейге жол тартып жүрiп, тауарлар әкелемiн. Дүкенде табыс жақсы. Оның сыртында азын-аулақ малым бар. Күн көрiсiмiз ептеп оңалып келедi, — дейдi ол.

Үмiтхан апай балаларын Алматыдан оқытуды көздейдi. Үлкенi – қазiр Бiшкекте бiлiм алып жатыр. Әрi қарай Қазақстанды мекендеп қалса деген ниетте. Екiншi ұлы биыл мектеп тәмамдаған екен, Қазақстанда дайындық курсын оқуға дайындалып жатыр. Демек, түпкi ниеттерi – Қазақстанға қоныс аудару. Өйткенi, Үмiтхан апайдың туған-туысқандарының барлығы атажұртқа қоныс аударған.

— Балаларды туыстарынан жырақтатпай үйiрiне қоссам деймiн, — дедi ол бiзге.

Мiне, әртүрлi ой, әртүрлi көңiлдер. Қазақстанға көшуге бiреу құлықты, бiреу құлықсыз. Бiрақ, мұндағы халық көшiп келу үшiн алдымен өмiр сүрер мекенiн сайлап, баспананы қамдап алу қажеттiгiн жақсы түсiнген. Көшi-қон квотасына қол жеткiздi деген күннiң өзiнде, оның ешқандай қажеттiлiктi өтей алмайтындығын бiледi. Сол себептi де, алдымен көш-көлiгiн сайлап алуды мақсат тұтады екен.

Түйiн: Баян-Өлгийдегi қазақ музыкалы-драма театры – мұндағы жұрттың рухани сұранысына жауап беретiн бiрден-бiр мекеме. Жақында мұнда Шығыс Қазақстан облыстық драма театры гастрольдiк сапарда болып қайтыпты. Театрдың көркемдiк жетекшiсi Мұрат Қапезұлының айтуынша, Шығыс Қазақстан облыстық драма театры мен Баян-Өлгий театры үнемi шығармашылық бiрлестiкте жұмыс iстейдi екен. Екi театр ұжымы бiрлесiп спектакльдер қойып, концерт ұйымдастырып келген. Жергiлiктi режиссерлер де өз туындыларын сахналап, көпшiлiк көңiлiнен шығуға тырысады екен. Осы театрда ұлт-аспаптар оркестрi жұмыс iстейдi. Театрда ұлттық аспаптар тапшы.

Қалай дегенмен де, Баян-Өлгий аймағында қазақ халқының бiр бөлшегi өмiр сүрiп жатыр. Жүректерi қазақ деп соғады, Мақсаты, мүддесi қазақ халқымен үндес. Сондықтан да болар, 1991 жылы Атамекенге көш басталғанда 60 мың қазақ бiрден жылы орнын суытқан болатын. Қазiр содан берi халық тағы да 70-80 мыңға өскен. Демографиялық көрсеткiштерi жағынан аса қарқынды дамып келедi. Өз болашақтарын Қазақстанмен байланыстырады. Елбасының Моңғолияға ресми сапары кезiнде Моңғолиядағы қазақ диаспорасы өкiлдерiмен кездесiп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Олар Ұланбатыр қаласында "Қазақ рухани орталығын" ашатындықтарын айтты. Ұланбатырдың өзiнде 20-30 мыңдай қазақ тiрлiк етедi. Ал, екi ел президенттерiнiң екiжақты келiссөздерiнiң бiр бабында осы қазақ диаспорасының рухани құндылықтарын сақтауға, ұлттық менталитетiнен ажыратпауға күш салу мәселесi ендi. Демек, 150 мың қазақтың тағдыры – Қазақстанның үнемi назарында, үнемi қолдауында деген сөз.

Есенгүл Кәпқызы