Жаңалықтар

ӘЙЕЛ КIНДIГIНДЕ ӘЛЕМ АЙНАЛАДЫ

ашық дереккөзі

ӘЙЕЛ КIНДIГIНДЕ ӘЛЕМ АЙНАЛАДЫ

Әйгiлi Наполеон "Бұл дүниенi алға жылжытатын соғыс та, қолбасшы да емес, әйелдер мен сауда" деп айтқан-ды. Олай болса, "2015 жылы республика халқының саны 20 миллионға жетуi керек", "Қазақстан әлемдегi бәсекеге қабiлеттi елу мемлекеттiң санатына енуi тиiс" деген құзырлы орындардың бағдарламасы тектен-тек айтылмаса керек. Дүниенi алға жылжытатын әйел затының бүгiнгi қоғамдағы рөлiне зер салсақ, ұлттық проблемамыздың тиегi ағытылары сөзсiз. 15 миллион 565,5 халқы бар елiмiзде, әйелдердiң саны 7751341 құраса, оның iшiнде 4037561-i қазақ ұлтынан екен. Сол қыздардың 15 жастан жоғары, ешқашан тұрмысқа шықпағандары 70423 болса, тұрмыс құрғаны — 153711, жесiр қалғандары — 310524, ал ажырасқандары — 149195 көрсеткiштi құрайды екен.

Елiмiздiң демографиялық дағдарыстан шығуына әйел-аналарымыздың барлығы бiрдей үлесiн қосқаны жөн деймiз. Алайда, әрбiр отбасының әлеуметтiк ахуалының жайын ескермей, бұл мәселенiң шешiмiн табамыз деу де астамшылық болар.

Әлқисса, статистиканың самсыған сандарына емес, өмiрдiң өзiнен алынған мысалдармен сөзiмiздi нақтыласақ. Демалыста Қазалы қаласындағы құрбымның үйiне қонаққа баратын болдық. "Алматы-Ақтөбе" пойызынан орын алып, жайғасқан соң, көршiлерiмiзбен де танысудың ретi келе бастады. Жастары қырықтардан асқан ақтөбелiк ерлi-зайыпты кiсiлермен әңгiмемiз жарасып-ақ кеттi. Әлiмсақтан ру, тек сұрайтын қазақпыз ғой, бiр-бiрiмiзге алма-кезек сұрақ қойып, арқа-жарқа күйге бөлендiк. Менiң отбасында оныншы болып дүниеге келгенiмдi естiп, таңданысын жасыра алмады. Әлгi апай iле-шала күлдi де: "Бiзде үш баладан көп тусаң, көп балалы отбасы болып саналасың. Биыл үлкен қызым мектеп бiтiрiп, Алматыға оқуға түстi. Бiрде үйге қоңырау шалып: "Сен-ақ адамды ұятқа қалдыратын да жүретiн болдың. Шет тiлiнен "Менiң отбасым" деген тақырыпта шығарманы шынайы жазам деп, бүкiл топқа күлкiге айналдым. Төрт бала туып нең бар едi, бәрi маған: "Көпсiңдер ғой, мамаң мысық сияқты шүпiрлете берiптi" дейдi", — деп ренiшiн бiлдiрдi. Өзiм ыңғайсызданып қалдым. Ал, сендердiң көп балалы отбасыдан шыққандарыңды мақтанышпен айтқанын көрiп, iшiң жылып, көңiлiң тасиды екен. Қанша дегенмен оңтүстiк қазақылығы сақталған аймақ қой", — деп әлгiндегi оқыс таңданысын жуып-шайып алды. Асылында, қалалық аналар көп дегенде үш баланы өмiрге әкелумен шектеледi. Оның себебiн қарастырсақ, бiрiншiден, Еуропаға елiктеп, әйел-аналар сырт сымбатын сақтауға баса назар аударады. Екiншiден, қалада бала тәрбиелеу мен асырау қиын, тiптi мектепке дейiнгi балалар бақшасының жетiмсiздiгi демографиялық өсiмiмiзге керi әсерiн тигiзуде. Үшiншiден, әйел-аналардың денсаулығындағы кiнәраттар бала көтеруге мүмкiншiлiк бермейдi.

Қазiргi кезде ауылдарда да көп балалы отбасылардың саны сиреп барады. Оған негiзгi себеп — отбасының көп бала асырауға мүмкiншiлiгi жоқтығы. Ауылға барсаңыз, үшiншi, төртiншi баласына аяғы ауыр келiншектi көрсе, замандастарының: "Топырлатып не iстейсiң, екеуiнiң өзiн бағып-қағып, жетiлдiру оңай емес?!" деп көсемсiп ақыл айтып тұрғандарын жиi кезiктiресiң. Дегенмен, бұл сөздiң де жаны бар. Мемлекеттiң беретiн азын-аулақ жөргек пұлы перзентханадағы дәрiгерлердiң "көрiмдiгiнен", бала жасына толғанға дейiн берiлетiн жәрдемақы нәрестенiң тамағынан артылмайды. Сонда бала тауып, үйде отырған ана нәрлi тамақ жемей ме, денсаулығын қалпына келтiрмей ме, оған бас қатырып жатқан ешкiм жоқ. Әлсiз анадан әлсiз үрпақ туады. Мәселен, елiмiзде жыл сайын 3000-нан астам сәби жүрек ақауымен дүниеге келедi. Ондай сәбилердi емдеуге отандық медицинаның қауқары бала бес жастан асқасын барып жетедi екен. Ал, көршi Ресей дәрiгерлерiнiң 6-айдан бастап жүрек ақауы бар сәбилердi емдеуге мүмкiншiлiгi бар. Егер, елiмiздегi жүрек ақауы бар нәрестелердiң бiреуiн Ресейге жiберiп емдететiн болсақ, онда 5-6 мың АҚШ доллары кететiн көрiнедi. Мұндай соманы барлық ата-аналардың қалтасы көтере бермейтiнiн ескерсек, қаншама жарық дүние есiгiн ашқан бейкүнә нәрестелер ажал құшағын қайта құшып жатыр.

Бiреу тойып, бiреу тоңып секiретiн заманда, ұлт үшiн жаны ауырып жүрген жамағат "Ұрпақ тәрбиесi босаңсып барады" деп әр тұстан күбiрлейдi. Шындығында, гендерлiк саясаттың салқыны тиiп, ұрпақ тәрбиесi "тұмауратып" тұр. Шарананы құрсаққа бiткеннен бастап тәрбиелейтiн қазақ бүгiнде қыздың үлкеннен именбейтiнiне, ұлдың беттен алатынына күйiнiп, iшқұса болып жүр. Қазақ қыздарының көбiсi оқып-тоқып, әжептеуiр қызметте iстегiсi келедi. Ал, жiгiттерiмiз сол қыздардың көлеңкесiнде қалып қоямыз-ау деп қаймықпайды. Себебi, бiз ұлттық келбетiмiзден айнып барамыз. Бұрындары қазақ қызына "Сен ертең бiреудiң сүйiктi жары, ибалы келiнi, ақылды анасы, кемеңгер әжесi болатын жансың" дейтiн болса, бүгiнде "Бәленшенiң қызы бәленбай қызметте iстеп, үйiн алтынмен аптап, күмiспен қаптап қойыпты" деп тәрбиелейтiн болды. Мұнан кейiн қазақ қыздарына қандай кiнә артуға болады?! Өзiмiзбен түбi бiр түркi тектес ағайындарымыз әлi де болса, ұлттық үрдiсiнен айни қойған жоқ. Олардың бәрi қыздарын жастайынан қызмет қууға емес, ана болуға дайындайды. Әйел затына қарап ұлттың келешегiн көруге болады. Сондықтан, ұлттық iрiлiктi сақтау қаракөз қыздардың қолында екенiн ұғынуымыз керек. "Алып анадан туады" дейдi халық даналығы. Алыптардың өмiрге келетiнiне шынайы ықыласпен ниеттенсек, жаратушы әркiмнiң өз ырзығын өзiне бередi.

Бiр атадан туған екi ағайынды өмiр сүрiптi. Бiрi — бақуатты, екiншiсi — шаруақор қарапайым адам екен. Дәулеттi тұратын ағасының тоғыз әйелi болғанмен, бiр балаға зар болыпты. Iнiсi үбiрлi-шүбiрлi, өсiп-өнген отбасыға айналады. Бiрде екеуi тойда жолығысып қалады. Iнiсiнiң жұпыны киiмiне менсiнбей қараған ағасы: "Дұрыстау киiм кимейсiң бе?!" деп ескерту жасайды. Бұған iнiсi әжептеуiр ренжидi. Сөйтiп тойда сөз кезегi тигенде дүйiм жұрттың алдында былай дейдi:

— Уа, халайық! Менiң бауырым үстiме киген шапанымды менсiнбей, менi кемсiттi. Мен ескi киiм кисем, бала-шағама жетсiн дегенiм. Ол ұрпағы жоқ болғасын бар жақсысын үстiне iлiп әуре. Мен дүнием балама қалсын деймiн, сен малыңды кiмiңе қалсын дейсiң?! — деп күстаналайды. Тойдан кейiн iнiсiнiң сөзiне қатты күйiнген ағасы: "Е, Алла, соншама туған бауырыма табалатпай, ұрпақ қалдыруға мүмкiншiлiк берсейшi!" деп шын ниетiмен жылап, тiлек тiлейдi. Оның тiлегi қабыл болып, тоғыз айдан соң тоғыз әйелi бiрдей құдiреттiң күшiмен босанады. Сонда елдегi данышпан қария: "Ей, байеке! Мен сенiң iнiңе әдейi сенi табала деп айтып едiм. Жақыныңның сөзi жаныңа қатты батады. Сен оның сөзiнен кейiн құдайдан шын жылап, шын тiледiң. Жаратушы тек шынайылықты жақсы көредi" деген екен.

Ал, бiз жаратушыдан ұлтымыздың ертеңi үшiн аналарымызға сабыр мен ақыл сұрасақ жарасар.

Жадыра НАРМАХАНОВА