Жаңалықтар

КИКАБИДЗЕ "ДОСТЫҚТАН" БАС ТАРТТЫ...

ашық дереккөзі

КИКАБИДЗЕ "ДОСТЫҚТАН" БАС ТАРТТЫ...

Ақпарат көздерiнде атақты әншi, актер Вахтанг Кикабидзенiң Ресейдiң "Достық" орденiнен бас тартқандығы туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Әрине, бәрiне таныс ақпаратты неге қайтадан қаузалап отыр дейтiн де шығарсыз. Бiрақ, өзге елде жүрiп, атақ-даңқты иемденiп, құрметтiң түр-түрiне бөленiп жүрсе де, ұлтының басына келген қайғыны бiрiншi кезекке қойған, ұлтын атақ-даңқтан артық сүйген жанның ұлылығына тәнтi болдық.

Батуми қаласында демалып жатқан актер Вахтанг Кикабидзе "Эхо Москвы" радиосы арқылы: "Мен Ресей халқына құрметпен, ерекше ықыласпен қараймын. Бiрақ Ресей тарапынан Гүржiстанға жасалған қоқан-лоққыдан кейiн марапат белгiсiн ала алмаймын" дептi. Ал әншiнi "Достық" орденiмен марапаттау туралы жарлыққа, Ресей президентi Дмитрий Медведов осы жылдың 19 шiлдесiнде қол қойған екен.

Аталмыш орденнен бас тарта отырып, әншi бүгiнгi Грузия мен Ресейдiң арасындағы оқиғаға қатысты өзiнiң күйiнiшiн де жасырмайды. "Соңғы он жылда гүржiлер мен ресейлiктердi бiр-бiрiне "жау" қылып қойды. Ресейдiң зиялы қауымы үндемей отыр, ал арандатқыш ақпарат көздерi болса, халыққа Гүржiстанды агрессор етiп көрсетуден еш жаңылған емес. Кiшкентай ғана Гүржiстан Ресейге қалай соғыс жарияламақ? Оның үстiне, бiз бiтiмгерлер мен балаларды қырып салып отыр екенбiз. Бұл тақырыпта әңгiме айтудың өзi де күлкiлi", – дегендi айтыпты. Атақты әншiнiң бұл әңгiмесiнен кейiн оған ақыл-кеңес айтып, алғашқы пiкiрiнен бас тартуын өтiнген достары да көп болыпты. Бiрақ ұлтын сүйетiн жан өзiн сүйген жандардың оның ұлтын да сүюi қажеттiгiн айтады.

Атақты әншi "Достық" орденiнен бас тартып қана қоймай, күзде жоспарланып отырған концерттерiн де өткiзбейтiн болыпты. Мiне, ұлтына деген адалдық. Ұлтқа деген адалдық дегеннен шығады, Ресейдiң мықты продюсерлерiнiң бiрi, әйгiлi кино режиссер, актер Владимир Меньшовтың "Сволочи" фильмiне сый-сияпат беруден бас тартқандығы туралы да ақпарат көздерiнде жазылған болатын. Атақты актердiң бас тартуының себебi, аталмыш фильм орыс ұлтының намысына тиетiн кереғар дүниелердi насихаттаған екен. Дәл осындай оқиға Ресейдiң атақты әртiстерiнiң бiрi Алферовада да болған екен. Орыс ұлтына қарсы көзқарасты бейнелейтiндiктен, танымал әртiс фильмге түсуден өз еркiмен бас тартыпты. Бұл да ұлтын сүйгендiк емес пе?

Қазақтың талантты ұлдарының бiрi Асқар Сүлейменов: "Қазақтың өзi қандай жершiл болса, ойы да, сөз де сондай жершiл, ұлып жұртқа қайта бередi. Басқаға сiңбейдi, қысқасы өзгенiң бойын бойсынбайды" деген екен. Асқар Сүлейменовтың осылай ұлтын сүюi жоғарыда айтқан Кикабидзенiң, Меньшовтың сүйгенiндей-ақ шығар. Бiрақ, дәл бүгiнгiдей қиын қыстау сәтте ұлтын сүйетiн қазақтың арасынан Кикабидзелер шыға қояр ма екен? Әлде шықпай ма? Әлде сыйлықты, атақ-даңқты алдыңғы орынға қойып, ақын Өтежан Нұрғалиев айтқандай "Бiз қазiр өзiмiздiң жаманшылығымызға ғана ғашықпыз. Ақшаны жақсы көремiз, атаққұмар, даңғой, жақынымызды мұқатқыш елге" айналып кеттiк пе?! Қалай деген күнде, қазаққа, қазақ ұлтына ұлтын сүйетiн, ұлтын бәрiнен де жоғары қоятын адамдар керек. Құдай жамандықтың бетiн ары қылсын, тек бiзге өзiмiздi өзiмiз сүйетiн, ұлтымызды сүйетiн халық болу қажет. Ол үшiн бiзге ұлтын сүйетiн Кикабидзелерден үлгi алудың өзi артықтық етпейдi.

Гүлзина Бектасова