СОНДА ТЕМIР ЖОЛДА «ҚАУIП» ЖОҚ ПА?

СОНДА ТЕМIР ЖОЛДА «ҚАУIП» ЖОҚ ПА?

СОНДА ТЕМIР ЖОЛДА «ҚАУIП» ЖОҚ ПА?
ашық дереккөзі

Су байлығы – бүкiл әлемнiң тiршiлiк көзi десек, болат жол жүйесi – Қазақстан экономикасының күретамыры екенiн де дау жоқ. 2008 жылдың алты айындағы кiрiс көлемi 208,6 млрд. теңгенi құрауы, темiр жол торабының ел экономикасына келтiрер пайдасының қаншалықты мол екендiгiн көрсетедi.

Сол себептi Қазақстандағы жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселесiн Президент Назарбаевтың тiкелей өз бақылауына алып отыруы тегiн емес. Мемлекет басшысы үстiмiздегi жылдың 5 шiлдесiнде "Жол қауiпсiздiгi туралы" Заңға енгiзiлген толықтыруылар мен өзгертулердi мақұлдап, құжатқа қол қойды. Қауiпсiздiк кеңесiнiң отырысында сөз алған IIМ Б. Мұхаметжанов: "Ендiгi жерде жол полициясының қызметкерлерi Сiз бен Бiздiң қауiпсiз жүруiмiз үшiн тәулiк бойы қызмет ететiн болады" деп ойын түйiндеген-дi. Министр мырзаның айтқан мақсатына жетуiне бiз де тiлектеспiз.

Десек те, осы мәртебелi бас қосулардың бiр де бiрiнде "Темiр Жол көлiгi туралы" Заң талаптарының тиiстi дәрежеде орындалмай отырғандығы жәйлi тартымды пiкiрлердiң айтылмауы, жалпы темiржол қозғалысының қауiпсiздiгi туралы сөз болмауы, бiздiң осы мәселелер төңiрегiнде болып жатқан кемшiлiктердi әңгiме арқауы етуге себепшi болып отыр.

Ұшы-қиыры көрiнбейтiн кең даламызда таспадай тартылып жатқан темiржол үстiмен жөңкiген жолаушы поездарының қараусыз жүрiп тұруы миллиондаған адамдардың өмiрi қауiпсiздiгiнiң бiрден-бiр кепiлi. Көлiк және коммуникация министрi Серiк Ахметов жақында берген бiр сұхбатында: "Таяу жылдары республика көлемiнде 1600 шақырымдай жаңа темiржол салынып, 2700 шақырым темiржол электрленбек", – деп мәлiмдедi. Бұл сөз жоқ, қуанышты хабар. Бiрақ, осы салынбақшы темiржолдың сапасы қандай болмақ, жаңадан қандай технология пайдаланатыны, поездар қозғалысының қауiпсiздiгi жайлы жұғымды ештеңе айтпады. Тек, Құрғақ статистикалық мәлiмметтер берумен қанағаттанды.

Бiздiң қайта-қайта поездар қозғалысының қауiпсiздiгiн тiлге тиек етiп отырғанымыз, жақында дүрiлдетiп тойлаған Астананың 10 жылдығына ұйымдастырылған қызықшылықты өз көзiмен көрсiн деп немеремдi ертiп Астанаға барған сапарымызда жол бойы бастан кешкен құқайларымызды айта отырып, осы салаға тiкелей жауапты басшылардың назарын аударту едi. Жолшыбай жазып-сызуға, оқуға қолайлы болсын деп, бағасы қымбат болса да Алматы-Астана поезының вагон-купесiне билет алғанбыз. Масқара болғанда, вагон-купеде жазып-сызу былай тұрсын кiтап оқуға мұршамыз болмады. Жол бойы шамадан тыс шайқатылу, тарсыл-гүрсiл, қиқу-шиқу мазамызды алып бiттi. Қысқасы поезда өзiмiздi "Беларусь" тракторында келе жатқандай сезiнгенiмiздi несiн жасырайық. Бiздiң есiмiзде қалғаны Кеңес өкiметi кезiнде рельстiң бүтiндiгiн, ара қашықтығын, астына төселген шпалдың салқылдақтың дәрежесiн тексеретiн арнайы сынақ-вагондары тұрақты түрде бақылауға алып отыратын. Бүгiнде солардың қатары сиреген сыңайлы. Рахаттанып жатып демалсаң да бiр сәрi ғой! 40 градус ыстықта купедегi салқындатқыш iстемейдi. Iшi қапырық ауа жетпейдi. Купенiң терезелерi қыстың суығында мықтап жабылған күйi тұр. "Ашсаң түгелiмен төмен түсiп кетедi", – дейдi жолсерiгiмiз. Вагонда ыдыс-аяқ жетiспейдi. Әжетханалары iштен жабылмайды. Сасық иiсi қолқаңды атып, жүрек айнытады. Көршi купедегi жолаушыларға iшетiн шай-суын бiзден келiп, алып жатты.

Темiр жол бойындағы жасыл желегiмен жайнап тұратын бекеттердiң ағаштары қурап, үйлерiнiң көптен берi жөндеу көрмегенi көрiнiп тұр. Бұрындары бүкiл халық болып отырғызған қалың тоғайлар қараусыз қалған. Қырқылған, өртенген ағаштар орнына жас шыбықтар отырғызу жұмыстары да ешкiмнiң жанын ауыртпайтын сыңайлы.

Темiржол өткелдерiнiң жай-күйi де мәз емес. Сонымен бiрге ҚТЖ АҚ құрамында болған көптеген мектептер, ауруханалар жабылып, жол бойындағы тұтас ауылдар тағдырдың тәлкегiне тасталған. Әбден тозған Шлагбауымдар жұмыс iстемейдi. Жол өткелдерiнде жарық сигнализация жоқ. Өткелдердi жөндеу жұмысы да сапасыз. Алайда ауыр салмақты көлiктер осы салқылдақ өткелдерден күндiз-түнi тынбай өтiп жатыр. Бұған да бас ауыртып жүрген басшыларды көрмейсiң. Әйтеуiр, жанымызды шүберекке түйiп жүйткiп келемiз…

Тағы бiр бiздi қорқыныш сезiмiне жетелеген жәйт – Балқаш көлi суының шетi темiр жол торабының кей жерлерiнде екi елi жетпей тұрғаны.

Мұның бәрiне кiнәлiлер, сөз жоқ, осы салада нанын тауып жүргендердiң өз жұмыстарына салдыр-салақ қарап, жауапкершiлiктi сезiнбегендiктiң салдары. Екiншiден, соңғы 10-15 жылда бұл саланың тiзгiнiн темiр жолға қатысы жоқ, болат жолдың иiсi мұрнына бармайтын кездейсоқ адамдардың қолына ұстатып қойғандықтың кесiрi. Олар шынында жақсы менеджер (өз пайдасына мықты) болуы мүмкiн, бiрақ iс маманы болмағандықтан ондай кадрсымақтар көбiне жиi қателiкке iлiнiп, қылмыстық iске барып жатады. Бiз, жалпы кадр резервiн қалыптастыруда, оларды таңдауда ешқандай ымырашылдыққа жол бермеуiмiз керек. Өйткенi, қай салада да күрделi мәселелердi кадр шешетiнi анық.

Соңғы кезде бiздiң бар құндылығымыз – тек пайда табу, бiреудi алдап сан соқтырып кету, ол үшiн ешқандай жаза алмау үрдiсi кемшiлiктi қатты мазалайтыны рас. ҚР транспорт және коммуникация бұрынғы министрi Абылай Мырзахметовтың кезiнде қызмет бабын пайдаланып 3 млрд 344 млн 817 мың теңгенi бас пайдасына жаратып жiбергенiн қалың жұртышылық әлi ұмыта қойған жоқ. Бiрақ оның қандай жазалғаны әзiрге жұмбақ. Одан кейiн болған министр мырзалардың да жетiсiп тұрғанын көргенiмiз жоқ.

Соңғы ақпарат деректерiне сүйенсек "Қазақстан темiр жолы" АҚ ұлттық компаниясына қарасты вокзалдардың иесi бiр бөлек билет кассалары қызметi де, жеке вокзалдардың иесi де бiр бөлек, билет кассалары қызметi де жеке-жеке компаниялардың иелiгiне берiлiп кеткен. Тағы бiр қызығы бүгiндерi жолаушылар тасымалдайтын бүтiн бiр состав немесе бiрнеше вагондар жекеменшiктердiң қолына өтiп кеткен. Нәтижесiнде ҚТЖ АҚ ұлттық компаниясында орын алған осындай былықтар күннен күнге көбейiп барады. Темiр жол жүйесiндегi сыбайласқан жемқорлықты жөнге салуға уәде еткен ҚТЖ ұлттық компаниясының бұрынғы президентi Жақсыбек Күлекеев өткен сәуiр айының 2 күнi 100 мың доллар көлемiнде пара алған деген күдiкпен қамауда жатқанына 5 айдан асты, әлi iсi сотта қаралмаған. Құқық қорғау орындары қылмыстың анық-қанығына ажырата алмай әлекке түсуде.

Сөз соңында айтайық дегенiмiз, темiр жол саласы бiлiктi мамандарының пiкiрi – бұл саланы қисынсыз бөлiп-жарып өз үлестерiн алып отырған жекеменшiк компаниялардың көзiн жойып, бәрiн бiр орталыққа бағындырып, жауапкершiлiктi тек сала басшыларынан қатаң талап ету керек дегенге саяды. Осы ұсыныс мемлекет дәрежесiнде қаралып қолдау тауып жатса құба-құп. Екiншiден, ҚТЖ АҚ-дағы тамыр жайған сыбайлас жемқорлықты ауыздықтап, алдын алуға "НұрОтан" партиясының халықтың шұғыл бел шешiп араласуы, сөйтiп бүкiл халықтың атынан батыл жанашырлық танытуы қажет деген ойдамыз.

Кәрiм Жұмабайұлы еңбек ардагерi, журналист