ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА – ИРАНДЫҚ ГАЗ
ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА – ИРАНДЫҚ ГАЗ
Әлемдiк саясаттағы көмiрсутегiлер үшiн күрес күшейiп келедi. Өткен аптада Иран президентi Ахмаденижад Түркияға iссапармен келгенде, түрiктердiң стратегиялық серiктесi саналатын АҚШ пен Батыс Анкараға қаһарын төккен. Кездейсоқтық па, әлде саяси тұрғыда жасалған қысымға шыдамады ма, Түркия мен Иран басшылары жүздесу барысында энергетикалық серiктестiкке қатысты құжатқа қол қоймады. Баспасөз мәслихатындағы Гүлдiң айтқан уәжi "келiсiп, пiшкен тон келте болмас", әлi шешiлмеген бiрқатар мәселелер бар"-ға саяды.
Былтыр Анкара Тегеранға Парсы шығанағындағы "Оңтүстiк Парс" кен орнын игеруге қатысты ұсыныс айтқан. Үстiмiздегi жылдың мамыр айында әлемдегi ең iрi компаниялар – француздық Total, ағылшындар мен голландықтардың Shell мен испандық Repsol компаниялары табиғи газға өте бай "Оңтүстiк Парсты" игеруден өз ерiктерiмен бас тартқан. Мұнай нарығындағы жетекшi орынға ие компаниялардың ирандық жобадан қағыс қалуын кәсiпорын басшылары "қаржылық шығынға" телiгенмен, басты мәселе саяси қысымға қатысты. Ядролық бағдарламасы халықаралық саясатта дау тудырған Тегеранның экономикалық, техникалық және саяси тұрғыда күшейгенiн қаламайтын АҚШ пен Батыс "дүниежүзiлiк деңгейде лаңкестiкке мойын бұрған Иранға қаржылай көмек көрсетiп отырсыңдар" деп шетелдiк инвесторларға тiзе батырды. Тағылған айып пен қысымға шыдамаған қалталылар аса iрi де тиiмдi жобадан бас тартуға мәжбүр болды. Қаржылай қолдаудан қағылған Тегеран инвесторларға зәру боп отырғанда Анкара тарапынан ұсыныс түстi. Әрине, ирандықтар мұндай ұсынысты қуана қолдағаны анық. Есесiне, ирандық ядролық бағдарламаға тыйым салуға талпынған АҚШ пен Батыс "қас дұшпанды" бауырға тартқан Түркияға қатты шүйлiктi. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, өткен аптада Ахмаденижад пен Гүлдiң басты құжатқа қол қоймауын Ақ Үйдiң қысымынан болды деген пiкiрде. Алайда, бұл болжамды терiске шығарған Абдулла Гүл: "Сөз жоқ, Түркияның одақтастары жетерлiк. Көптеген мәселеде Иранмен пiкiр қайшылықтарымыз да бар. Бiрақ бiздi бiреудiң айтқанымен жүредi дегенге қарсымыз" дедi ("Yeni safak" газетi). "Ердоған Иранды жақсы таниды және iс-әрекетiне ешкiмдi аралстырмайды" ("Sabah" газетi) деп ағынан жарылған Ахмаденижад түрiктердiң өздерiмен серiктес болудан қашпайтындығына үмiт артты.
"Шешiлмеген мәселелердiң" астарында не жатқаны әзiрге жұмбақ. Екi тарап та ашық мәлiмдеме жасауға бейiл танытпады. Бiрақ сарапшылардың көпшiлiгi пiкiр қайшылығы инвестициялаудың шарттары мен баға саясатына қатысты туындағанын айтады.
Ертең Түркияның энергетика министрi Хильми Гүлер Иранға сапар шекпек. Үш күнге жоспарланған келiссөздерде түрiк шенеунiгi энергетикалық байланыстарды нығайту, ирандық газды түрiктердiң жерi арқылы еуропалық нарыққа шығаратын мұнай құбырының құрылысы мен "Оңтүстiк Парсты" инвестициялауға қатысты түйiндi шешуге күш салады. Табиғи газдың қорына бай Иран әлем бойынша екiншi орында — 28,13 трлн. текше метр газ. 2006 жылы Иран 105 млрд. текше метр "көгiлдiр отын" өндiрген. Түрiктер қызығып отырған "оңтүстiк Парс" кен орны Катар мен Иран арасында орналасқан. Мамыр айында шетелдiк компаниялар Ираннан үдере көшкенде әлемдiк көмiрсутегiлерге монополия орнатуға мүдделi ресейлiк Газпром, Үндiстанның ұлттық мұнай компаниясы мен қытайлардың Sinopeс кәсiпорындары Тегеранға басы саяси дауға қалған кен орнын игеруге қатысты өтiнiш бiлдiрген. Негiзi "Газпром" аталған жобаны игеруге ендiгi кiрiсiп кеткен. Ал 1997 жылдан берi табиғи газ өндiрумен айналысатын малайлардың Petronas компаниясы .Аспанасты елiндегi iшкi тұтынушылық сұраныстың өсуi, энергетикалық қорларды тасымалдаудың балама жолдарын көптеп табуға мәжбүрлейдi. Күнi кеше ғана қазақтармен мұнай және газ құбырын салуға келiскен қытайлар көмiрсутегiлерге деген тәуелдiлiктен құтылудың жолдарын өз бетiнше қарастыруда. Иранның газына түрiктермен бәсекелес болуы да сондықтан. Халқының саны жағынан жетекшi орындағы Үндiстан да экономикалық өсiмдi бәсеңдетпес үшiн иранның "көгiлдiр отынынан" дәмелi. Демек, Солтүстiкатлантикалық альянстағы ирандық ядролық бағдарламаға қатысты туындаған даудың ширығуы энергетикалық қауiпсiздiктен өзектi емес.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ