Жаңалықтар

"ҚАЗМҰНАЙГАЗҒА" ЖАҢА БАСШЫ КЕЛДI

ашық дереккөзі

"ҚАЗМҰНАЙГАЗҒА" ЖАҢА БАСШЫ КЕЛДI

Кеше Премьер-Министр Кәрiм Мәсiмов "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы" АҚ-ның жаңа басшысы Қайыргелдi Мақсұтұлы Қабылдиндi еңбек ұжымына таныстырды. Ол бұған дейiн "Самұрық" мемлекеттiк активтердi басқару қазақстандық холдингi" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметiн атқарған.

Қайыргелдi Мақсұтұлы Қабылдин 1953 жылы туған. Қазақ политехникалық институтын бiтiрген. Мұнайгаз саласында 30 жылдан аса уақыттан берi жұмыс iстеп келедi. "Құрмет" орденiнiң иегерi, "Ресей Федерациясының құрметтi мұнайшысы".

Қайыргелдi Қабылдин еңбек жолын "Транссиб" ӨБ Павлодар мұнай құбыры басқармасының қатардағы инженерi болып бастаған. "Қазақстан мен Орта Азияның арналы мұнай құбыры" ӨБ-нде, "ҚазТрансОйл" ЖАҚ мұнай тасымалдау жөнiндегi ұлттық компаниясында, "Мұнай және газ көлiгi" ҰК" ЖАҚ-нда басшылық қызметтер атқарды. Бiрнеше жылдар бойы КСРО Мұнай өнеркәсiбi министрлiгiнде, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгiнде жауапты қызметтер атқарды. 2003-2007 жыл аралығында "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-ның көлiк инфрақұрылымы және сервистiк жобалар жөнiндегi басқарушы директоры, ал 2007 жылдан "Самұрық" мемлекеттiк активтердi басқару қазақстандық холдингi" АҚ басқарма төрағасының орынбасары болды.

Премьер-Министр Кәрiм Мәсiмов "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы" АҚ-ның жаңа басшысы Қайыргелдi Қабылдинге Қашаған кенiшi бойынша келiссөздi үстiмiздегi жылдың 25 қазанына дейiн тәмамдауды тапсырды. Бұдан басқа, Үкiмет басшысы "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясының президентiне "МаңғыстауМұнайГаз" АҚ-нiң 51% акциясын сатып алу процесiн аяқтауды, сондай-ақ, Жаңа Салық кодексi қабылданар алдында компанияның әрi қарайғы даму принциптерi мен стратегиясын қайта қарауды және iшкi нарықтағы жанар-жағармай бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етудi аманаттады.

"Бiз нарықтық экономика ыңғайындағы елмiз, елiмiздiң бүкiл аумағын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелерiн шешу де нарықтық принциптерге сәйкес нарықтағы өз үлесiн алуы тиiс. Бұл өз кезегiнде жанар-жағармаймен жеткiлiктi мөлшерде қамтамасыз етiп қана қоймай, сонымен бiрге баға саясатының қолжетiмдiлiгiне мүмкiндiк бередi", – деп атап көрсеттi Кәрiм Мәсiмов.