Жаңалықтар

ТҮРКСОЙДЫҢ МАҚСАТЫ - ТҮРКI МӘДЕНИЕТIН ҚОЛДАУ

ашық дереккөзі

ТҮРКСОЙДЫҢ МАҚСАТЫ - ТҮРКI МӘДЕНИЕТIН ҚОЛДАУ

"Түрксой-Қазақстан" қоры осыдан он бес жыл бұрын дүниеге келген екен. Аталмыш қордың басты мақсаты — әлемдегi түркi тiлдес халықтардың мәдениетi мен өнерiн, салт-дәстүрiн, кәсiбi мен қолөнерiн дамыту болатын. Бiрақ, құрылғанына он бес жыл өтсе де, бұл ұйым өзiнiң танымалдылығын арттыруға ендi ғана мүмкiндiк алыпты.

Өткен аптаның жұма күнi Орталық мұражайға жиналған қауым аталмыш қордың тұсауын кестi. "Бiз әр елдiң мәдениетiн, ғылымымен басқа да салаларын ұрпақ алдында дәрiптеудi көздеп отырмыз" дедi, тұсаукесер рәсiмiнде сөз алған "Түрксой-Қазақстан" ұйымының директоры Дүйсен Қасейiнов мырза.

1993 жылдың 12 шiлдесiнде Әзiрбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркменстан, Өзбекстан, Түркия Республикалары бiрлесе отырып, Түрксой ұйымын құрған екен. Кейiнiрек бұл ұйымға Алтай, Башқұртстан, Ғағауыз, Сақа, Татарстан, Тува, Хакас, Солтүстiк Кипр, Түрiк Республикалары ұйымға бақылаушы елдер болып қосылыпты.

Ал, аталмыш қордың директоры Дүйсен Қасейiновтың айтуына қарағанда, "Түрксойды" құру идеясы 1992 жылдың көктемiнде Стамбул қаласында түркiтiлдi елдердiң мәдениет министрлерiнiң алғашқы кездесуi кезiнде дүниеге келiптi. Бұл идеяны ары қарай жалғастырып, келiсiмшартқа қол қоюдың сәтi бiр жылдан кейiн, яғни 1993 жылдың 12 шiлдесiнде түседi.

Осы уақыт аралығында Түрксой бiрқатар мерейтойлардың өтуiне мұрындық та болды. Атап айтар болсақ, Манас, Физули, Абай, Жамбыл, Ұлы Темiр, Әуезов, Құрманғазы, Бұхар, Ферғана, Бекташы, Шыңғыс Айтматов мерейтойларының өткiзiлуiне де өз көмектерiн аяған жоқ. Келешекте де түркi әлемiне, түркi мәдениетiне қатысты игi шаралардың өтуiне де ұйытқы болуды көздейдi. Оның iшiнде түркi тiлдес елдердiң ақындарының бас қосуын өткiзудi де жоспарлап отыр.

Айта кетерлiк бiр жайт, аталмыш қор бюджеттiк ұйым емес. Сол себептi қордың қаржысыз қадам баса алмайтыны тағы бар. Түрксойдың көздеген мақсаттарына жетуiне, оларды жүзеге асыруына меценаттардың қолдауы аса қажет-ақ. Осы ұйымның негiзiн қалаушылар: "Бар үмiтiмiз меценаттарда, солар қолдаса бiз мiндетiмiздi ойдағыдай атқарар едiк" дейдi.

Күллi түркi жұртының тiлi мен дiлiн, мәдени мұрасын жаңғыртар кез келдi. Ал, оны қолдау үшiн түркi мәдениетiне, өнерiне бейқам қарай алмайтын меценаттардың құлағына алтын сырға дегiмiз келедi.

Тұсаукесер рәсiмi отандық танымал фотосуретшi Олег Беляловтың "Тәңiрi топырағы" атты көрмесiне ұласты.

Гүлзина Бектасова